Білген Шайыр айтады

Жаһаннамның хикаясы

ҚЫРЫҚ АЛТЫНШЫ ФАСЫЛ

Ол күні жаһаннамды алып келер,

Махшардың бір жанынан орын берер.

Аузынан дауыс шығып жалыны бар дүр,

Тозақтың махшар халқы формын көрер.

 

Қорыққаны барлығының хәдтен өтіп,

Қалтырар денелері есі кетіп.

Ия, Алла, жаһаннамнан сақтағын деп,

Тұрғайлар мінәжат қып зарлық етіп.

 

Тұрмаққа базысының болмай халы,

Тізінен отырғайлар шығып бәрі.

Атрапқа қарамаққа сөйлемекке,

Олардың болмағайлар еш мажалы.

 

Ибраһим Мұса кәлим пайғамбарлар,

Хақ жолда дәрежелі барша жандар.

Тозақтың қорқынышынан зәресі ұшып,

Алладан өзін тілеп тұрғай олар.

 

Мұхаммед «уай үмбетім, үмбетім» деп,

Тұрғайлар үмбет үшін уайым жеп.

Өз нәпсі, әһлы әйел, әуладының,

Тіленбес бір де бірі көңліне кеп.

 

Ол күннің айбатына жоқ дүр шама,

Еш адам айта білмес жауап әңә.

Махшардың қорқынышынан қаттысынан,

Білдіріп бір зәрресін айтай жәна.

 

Ибраһим калимулла пайғамбарға,

Құдіретпен нида қылып айтқай әнда:

«Өзіңе неше түрлі бала бердім,

Аттарын ызһар еткін үшбу дәмда».

 

Ибраһым бір Алладан мұны естіп,

Ойланғай өз баласын пікір етіп,

Аттарын перзентінің айта білмес,

Сол күннің қорқынышынан есі кетіп.

 

Бұл түрлі пайғамбардың болса халі,

Пенделер не іс қылар біз мысалы,

«Мүзәккір риус» атты бір кітапта

Зікір етіп айтылады мұның бәрі.

 

Дүниеде неше түрлі бар мақлұқат,

Душар құс төрт аяқты әр нешік зат.

Қысасын[1] бір-бірінен алмақ үшін,

Баршасын әзір қылар осы пұрсат.

 

Мәселен, мүйізі жоқ болса айуан,

Қысасын алып берер мүйіздіден.

Ол күні қысас ақын алып берер,

Күнәсіз ұрып-соққан болса әр жан.

 

Олардың алып беріп қысастарын,

Біткен соң тамамдалып үкімі оның.

Онан соң Қадір құда пәрмен етіп,

Жібергей топырақ қылып оның бәрін.

 

Кәпірлер бәрһам болған мұны көріп,

Біздер де кетсекші дер топырақ болып.

Ол күні он хайуанат өлмей қалар,

Олар да сәйір етеді жәннатқа еніп.

 

Салихтың түйесі дүр оның бірі,

Ибраһим бұзауы дер екіншісі.

Ысмайыл пайғамбардың қошқары дүр,

Мұсаның кәламулла һәм сиыры.

 

Онан соң әзірет Жүніс балығы біл,

Ғұзайр мен өлген ешек бірнеше жыл.

Бәлқистан хабар берген һұт-һұт бірлән,

Құмырсқа Сүлейменге сөйлейді тіл.

 

Расулдың түйесі дүр өзіне қас,

Һәм және асхаб Кәһәп итідүр бәс.

Жәннатқа кіргенінде ит суретін,

Қалдырып қыладүрлер қойға ұқсас.

 

Перғауын ия, һәрмүндер атын оның,

Базылар қоядүрлер Қытмиыр намын.

Ілгергі әрне түрін бөлек қылып,

Реңкінің сары қылып қояр бәрін.

 

Сол күні ғалымдарды Қадір құда,

Әзір ғып келтірерлер дәргаһына.

Деп айтар: «Ей, Жәбірейіл, қолын ұстап,

Бұларды алып барғын хабибіме[2]».

 

ҚЫРЫҚ ЖЕТІНШІ ФАСЫЛ

 

Ғалымдарды махшарға келтіргені

 

Жәбірейіл бір Алладан мұны естіп,

Олардың қолын ұстап ізет етіп.

Кәусардың жағасында отырғанда,

Алдына Пайғамбардың барғай ертіп.

 

Кәусарға Hасул құда қолын салып,

Толтырып кесеменен суын алып.

Бір құда нәсіп еткен пендесіне,

Береді ішкенінше мейірі қанып.

 

Ғалымды Расул көріп оcы демде,

Ішіргей өз қолымен суды әнда.

Адамдар Расулға айтар: «Кесеменен

Су беріп тұрардыңыз басқаларға.

 

Бұларға қолыңызбен су бердіңіз,

Бұл іске таң қалысып тұрамыз біз».

Пайғамбар оларға айтар: «Тірлігіңде

Дүниеге айналысып жүрдіңіз сіз.

 

Іліміне ғұламалар көңіл қойды,

Үйретті үмбетіме тура жолды.

Сол үшін өз қолымнан шарап ішіп,

Сіздерден дәрежесі бәләнд[3] болды.

 

Жәнеде бір пазылы бұл ғұламаның,

Шариғат үкімін жазған сияларын.

Өлшеудің бір басына қоядүрлер,

Қояды бір басына шаһит қанын.

 

Қайсысы абзалдығын өлшеп көрер,

Сиясы ғұламаның ауыр келер.

«Пәтуайи саратына» кітабында,

Расулдың хадисінен хабар берер.

 

Ғалым сол шариғатты айтып тұрса,

Әуелі айтқан әмірін өзі қылса.

Дүние іздеп бір адамнан дәме қылмай,

Нәпсінің қалағанын бәрһам ұрса.

 

Муафық шариғатқа болса ісі,

Дос тұтса ол ғалымды қайсы кісі.

Бәрінен ғибадаттың артық болар,

Алланың дәргейінде ол жұмысы.

 

Бұл жерде Әбуләйістен хикая бар,

Білдірмек мәлім етіп болды дәркар.

Досқа дос дұшпанына дұшпан болмақ,

Амалдың жақсысы деп қылды ызһар.

 

Мұсаға нида қылды һайу дана:

«Құлшылық қандай адал қылдың мәңә?»

Мұса айтты: «Ораза тұтып, намаз оқып,

Хамду айтып, садақаны бердім жәна.

 

Тасбихты жүрер едім айтып дауам,

Һәм қылып өз жолыңа қойдым қадам.

Күндіз-түн кітабыңды тынбай оқып,

Әміріңнің пендеге айттым бәрін тамам».

 

Алла айтты: «Ая, Мұса, бұл жұмысың,

Баршасы өз пайдаңа қылған ісің.

Бұл намаз иманыңа дәлел болғай,

Оқыдың ықылас етіп соның үшін.

 

Ораза һәм боладүрлер отқа пана,

Садақа сая болып тұрғай жәна.

Жәннатта бұл айтылған тасбихтерің,

Миуадар дарақ болар білсең сәңә.

 

Кітабың көшек хайуан боладүр хұр,

Һәм болар хамду зікірің өзіңе нұр.

Мен үшін ешбір амал қылғаның жоқ,

Барлығы өз пайдаңның қызметі дүр».

 

Мұса айтты мінәжат қып: «Ия, раббана,

Ол амал қайсы болар білдір мәңә?»

Алла айтты: «Дұшпанымды дұшпан біліп,

Досымды досың бақдүр ғайыбана».

 

Бұл сөзді білгенге бар бір ишарат,

Мұсаға құдіретімен әйлады жад.

Досқа дос, дұшпанына дұшпан болма,

Амалдың жақсысы дүр бұл ғибадат.

 

Махшардағы сауал формасы

 

Махшардың сауалынан бұл формысы,

Паһым етіп білсе керек ақыл кісі.

Шарх еткен амалына әділ қары,

Зікір етіп бұл мазмұндүр қылған ісі.

 

Алланың рәуәсі болса қандай,

Жазылып лаухул махфұзға мәлімланғай.

Ысрапыл лаухул махфұзға назар салып,

Алланың пәрменімен хабар алғай.

 

Халқына жеті аспанның болса бұл кәр,

Ысрапыл Мекайылға айтадүрлер.

Айтатын жер әһліне әмір болса,

Жәбірейіл періштеге әйләй ызһар.

 

Жәбірейіл пайғамбары расулдарға,

Айтадүр бір Құданың әмірін әрне.

Пайғамбар хабар беріп айтқанымен,

Дүниеде амал етіп қылар пенде.

 

Махшарға жиылғанда інс илә жын,

Бір құда сауал етер ол махфұздан.

«Құдіретпен саған жазған пәрменімді,

Бұл күні жауабын бер не қылдың сен?»

 

Қалтырап лаухул махфұз реңі кетіп,

Айтады дәргейіне арыз етіп:

«Жазылған құдіретіңмен пәрменіңді,

Ысрапыл періштеге бердім елтіп».

 

Алла айтар: «Бергеніңе куә бар ма,

Білдіргін мәлім етіп үшбу дәмда».

Махфуз дер: «Ысрапылдың өзі айтады,

Жоқ еді онан басқа куә менде».

 

Айтады Ысрапылға һайиу дана:

«Әмірімді тапсырды ма махфуз сәңә?»

Ысрапыл сілкініп боп Аллаға айтар:

«Әміріңнің тапсырдылар бәрін мәңә».

 

Алла айтар: «Ол әмірімді не қылдың сен,

Бұл күні жауабын бер қылып раушан».

Ысрапыл Аллаға айтар: «Пәрменіңді

Жәбірейіл періштеге тапсырдым мен».

 

Алла айтар нида қылып: «Ия, Жәбірейіл,

Өзіңе тапсырдым дер әмірімді бұл.

Сен оны қай орынға ызһар қылдың?

Жауабын бүгін беріп хабардар қыл».

 

Денесі Жәбірейілдің ләрзеге еніп,

Аллаға арыз етеді тілге келіп:

«Ысрапыл маған айтқан пәрменіңді

Білдірдім расулдарға хабар беріп».

 

Алла айтар расулдарға пәйкіл әмин:

«Әмірімді білдірдім дер сізге менің.

Мен айтқан пәрменімді не қылдыңдар,

Жауабын осы күні айтқын әнің».

 

Алладан пайғамбарлар мұны естіп,

Қауіп етіп қалтырарлар ләрза жетіп:

«Әміріңді пенделерге білдірдік дер,

Шамамыз келгенінше ызһар етіп».

 

Алла айтар: «Қауымың қандай жауап берді,

Қаншасы калима айтып дінге енді?»

Нұх нәби пайғамбардың сол сауалға

Жауабы махшар күнгі бұл түрлі еді.

 

Мүжмәғи тайпада осы сөз бар,

Арапша лебіз бірлән қылған ызһар.

Нұх нәби пайғамбарды махшар күні

Сұрайтын сауал жайға келтірділер.

 

Өзінің құдіретімен Қадір құда,

Нұх нәби пайғамбарға қылар нида:

«Сен менің бірлігім мен барлығымды,

Мәлім ғып айттың ба, – дер, – үмбетіңе?»

 

Нұх нәби Аллаға айтар: «Һайу дана,

Білдірдім пәрменіңмен бәрін һәммә.

Үмбетім бірлігіңе еш сенбестен,

Қаншама жәбір жапа қылды мәңә».

 

Айтады кәпірлерге әкімі құл:

«Әмірімді білдіргенде расулым бұл.

Не үшін пәрменімді істемедің,

Жіберген расулымды қылмай қабыл».

 

Кәпірлер арыз қылып айтады сөз:

«Расулың білдірген жоқ бізге әркез.

Айтқанда дінге кірген момын сыпат,

Әміріңді қабыл алып тұрардық біз».

 

Айтады Нұх нәбиге Алла жәна:

«Бұлардың айтпады дер бәрі һәммә.

Дағуат қып айтқаныңды білетұғын,

Бұл күні табыла ма куә сәңә?»

 

Нұх айтар: «Мұхаммедтің үмбеттері

Дағуат қып айтқанымды білер бәрі».

Алла айтар: «Куәлігін ызһар етсін,

Бұл жерге әзір етіп келтір әні».

 

Нұх нәби махшардағы халыққа барып,

Үмбеттің ғалымдарын келгей алып.

Куәлік шаһадатын айтпақ үшін,

Тұрғайлар ғұламалар даярланып.

 

Кәпірлер ғалымдарға айтқай келіп:

«Тұрасыз куәлікті қалай беріп?

Өзіңмен пайғамбарың дүниеге енбей,

Ілгері неше мың жыл кеткен өліп?»

 

Ғалымдар пайғамбарға пұрқан енді,

Ішінде Хақтың әмірін хабар берді.

Қауымына дағуат етті Нұх нәби деп,

Бір Құда кәләмінде айтқан еді.

 

Мұны деп Әрсалнаның сүрелерін,

Әуелден ақырғаша айтар бәрін.

Нұх нәби дағуат етіп айтқандығы,

Ылажсыз қойылғайлар мойнына әнің.

 

Бұл күні әзірет Иса пайғамбарға,

Бұл сөзді нида қылып айтқай Алла:

«Өзіңді құдіретіммен пайда қылып,

Атасыз келтіріп ем бұл жаһанға.

 

Тіріліп дұғаңменен өлік тұрды,

Қаншама үмбет болып дінге кірді.

Ақыры үмбеттерің кәпір болып,

Анаң мен һәм өзіңді құдай білді.

 

Қауымыңа сен айттың ба хабар беріп,

Затыма серік болмақ көңліңе еніп.

Кәпірлер Хақтың ұлы деген сөзге,

Тұрдың ба ырзалықпен қабыл көріп?»

 

Иса айтар: «Ия, Құдая, хакімі құл,

Өзіңе анам шоры[4], мен саған құл.

Ешкімнің артығы жоқ өз мақлұғың,

Жаралған он сегіз мың күллі жайын бұл.

 

Інжілде әрне дедің қылып пәрмен,

Қауымыма хабар бердім баршасын мен.

Сөз қосып өз жанымнан айтқаным жоқ,

Баршасын құдіретіңмен біледүрсің.

 

Кәпірлер надандықпен айтар мұны,

Мен айтқан сөз емесдүр бірде бірі.

Ия, Алла, нақақтығым себебінен,

Азапқа лайық етпе осы күні».

 

Сәждеге бұл сөзді айтып басын салып,

Тұрғайлар мінәжат қып қатты налып.

Алладан мархаматты нида келгей,

Растықпен айтқан үзірін қабыл алып.

 

Тәпсірүл үшбу сөзді зікір етер,

Білгенге бұл сөздерден ғибрат жетер.

Ол күні пайғамбарлар мұндай болса,

Есепте біз сияқты пенде нетер.

 

Ия, Алла, күнәсі көп мен асы құл,

Ақиқат махшар күні сауалым бұл.

Әділіңмен мен құлыңнан есеп алмай,

Өзіңнің кәрәм еткен пазлыңмен қыл.

 

[1] Қысас /а/ – есе, саза, кек

[2] Хабиб /а/ – Мұхаммед пайғамбардың аты, Алланың сүйіктісі

[3] Бәләнд /п/ – жоғары

[4] Шоры /п/ – қызметкер, күң

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button