Қиял ғажайып-діни ертегі дастандар
ҚИССА ХАЗІРЕТ ӘЛИДІҢ САРАҢ БАЙДЫ ЖОЛҒА САЛҒАНЫ
Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым өкілдері ретінде бүгінгі күні «шайыр», «нәзирашыл ақын», «діни ақын» атап жүрген кітаби ақындарды жатқызуға болады. Мысалы, осы ағартушылық ағымды жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырған У.Қалижан ағым өкілдері ретінде жәдидшіл ақын Ақмолладан бастап Ыбырай, Абай, Әбубәкір, Нұржан, Мәшһүр Жүсіп, Шәді, т.б. ғалым келтірген бұл тізімді мұнан әрі Шәкәрім, Мақыштарды жатқызады соза беруге болады. Яғни, ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында шығармашылық еткен қай ақын-жазушымыз болмасын білім алуды, ең алдымен, діни оқудан бастаған. Сол себепті де көпшілігі өз шығармашылығында тіпті ара-тұра болса да дін тақырыбына барып отырған қаламгерлер еді.
Сондай қаламгерлердің бірегейі ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында нәзира дәстүрінде қалам тербеген, сонысымен қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына мол еңбек сіңірген кітаби ақын Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы болатын. Қазіргі деректер бойынша ол Қазан төңкерісіне дейін жиырма үш жеке атаумен кітап бастырған. Олардың әрқайсысы сегіз-тоғыз реттен қайта басылып отырған. Аз басылғандарының өзі бес-алты реттен басылған. Демек Қазан төңкерісіне дейін Жүсіпбек қожаның жыл сайын бірнеше кітабы жарық көріп, таралып отырған. Кітаби ақын олардың бірін өзі жазса, келесісін ел аузынан жазып алып, өңдеп кітап етіп бастырып отырған. Сондықтан оның есіміне байланысты «жазған», «жазушы», «аударған», «редакциясын басқарған» секілді (анықтама) сөздер беріліп отырған. Қалай болғанда да, Жүсіпбек қожа кітаби ақын ретінде, ең алдымен, қазақ фольклорының жазылып алынуы, өңделуі және кітап етіп бастырып шығару мәселесінде ерекше еңбек етті. Бұған мысал ретінде Жүсіпбек қожа кітап етіп бастырған «Қисса Алпамыс», «Қыз Жібектің хикаясы» секілді фольклорлық шығармаларымызды айтудың өзі де жеткілікті болса керек. Сонымен бірге Жүсіпбек фольклорлық шығармаларды өңдеумен ғана шектеліп қалған жоқ, фольклорлық туындыларды негізге ала отырып жаңа нәзиралық шығармалар жазды. Бұлар – «Мұңлық – Зарлық», «Қисса Дотан» секілді шығармалар. Кітаби ақындардың, соның ішінде Жүсіпбек пен Шәдінің шығармашылық мол өнім берген ерекше қыры – Шығыс фольклоры мен әдебиетінен алып қазақ тілінде нәзиралық шығармалар жарату. Бұл – қазақ кітаби ақындарының басты шығармашылық кредосы болды. Олар – әсіресе, дін тақырыбына көп барған ақындар болды. «…Шығыс әдебиетінің үлгілерін ел арасында тарату ісімен қисса жазған кітаби ақындардың бір тобы да көп шұғылданды. Кітаби ақындар деп аталып жүргендер – мұсылманша оқып, хат танып, шығармаларын кітаби тілде жазып, діни араб, парсы сөздерін орынсыз қолданған, сол сияқты татар тілінің элементтерін сөзге көп кіргізген ақындар. Бұлардың ішінен шығыс әдебиетінің нұсқаларын әңгіме-өлең, поэма-дастан етіп жазған,ел арасында айтылып жүргендерін өзінше өңдеп,жинап бастырған Шәді Жәңгіров, Ақылбек бин Сабал, Мәулекей, Жүсіпбек Шайхисламов сияқты бірнеше ақынды атауға болады. Бұл ақындардың еңбегінің сөзсіз құндылығы – олар қазақ әдебиетінің тақырыптық, сюжеттік арнасын кеңейтіп, оны шығыс әдебиетінің үлгілерімен молықтыру ісіне себін тигізді. Алайда, олар шығыс әдебиетінің ең халықтық, асыл нұсқаларын сұрыптап, талдап алу жағынан қарағанда, үнемі ойлаған жерден шығып отырмайды. Мұның себебі – олар өздері дінге сенді, діни қағидаларды уағыздауды міндет етті. Мысалы, өте-мөте Жүсіпбек секілді ақындар діни сарындағы шығармаларды насихаттап таратуға күш салды…» – деп, «Қазақ әдебиеті тарихының» 2 т. 1-кітабында кітаби ақын және олардың шығармашылық ерекшелігі жөнінде сөз етіледі. Кеңес дәуірінде кеңестік саясат тұрғысынан сынай сөз етілсе де, пікірде көп шындық бар. Кітаби ақындық табиғатын терең танып айтылған пікір. Әсіресе Жүсіпбек қожа шығармашылығының дінге қатысы жөнінде дұрыс айтылған. Шынында да Жүсіпбек ақын өзге тақырыптармен қатар діни тақырыптарға көп барған. Бұл мәселеде оның атақты «Жүсіп – Зылихасынан» бастап «Қисса-и ән-Хазрет расулның миғражға қонақ болғаны», «Қисса-и Хазрет-и Ғали», «Қисса Хәзрет-и Ғұсман», «Қисса-и уақиға-и Кәрбәла… Хәзрет-и имам Хусеин…»секілді шығармаларының бәрі де мұсылман діні және пайғамбарлар мен халифтар туралы екенін айтсақ та жеткілікті. Тіпті өзге шығармаларының өзінде де оқушысына арнау сөздерінде діни уағыз айтып отырған. Діни ой, діни насихатты үнемі қазақ оқушысына арнап жүргізіп отырған. Бұл ақынның діни-ағартушылық ағымның белді өкілі болғанын, өзге ұлттық мәселелерге тек сол тұрғыдан, мұсылманшылық тұрғысынан қарап, бағалап отырғаны аңғарыл ады. Діни ағартушылық және дастандар табиғаты жөнінде ғалым Б.Әзібаева: «…Қазақ даласында Ислам дінінің тамырын терең жаюында діни дастандар дың рөлі ерекше болды. Себебі, Ислам дінінің нығаюы үшін күрес әрекеттері соңғы ғасырларда екі жолмен іске асып отырды: яғни, бірінші әдіс Ислам таратушылардың іс-жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі-ақын жанды дала тұрғындарының жан жүрегіне жыр сөздерімен (діни дастандар) әсер ету арқылы орындалған тәрізді»,- дейді. Сонымен бірге, ғалымның «Діни дастандар өзінің сюжеттері, мазмұны, шығу тарихы, даму, таралу жолдары жағынан әр түрлі. Бірақ олардың барлығы идея жағынан бірігеді, ол – Исламдық руханият құндылықтарын үгіттеу, мұсылман-шылықты өмір сүрудің негізі деп түсіндіру идеясы» деген пікірі кітаби, діни ақын шығармашылығының өзіндік ерекшелігін, идеялық түп-қазығын танытса керек.
Жүсіпбек ақынның жоғарыда атап өтілген шығармаларының қай-қайсысы болса да, бүгінгі күнге дейін өз құнын жоймаған, алдағы уақытта да дұрыс бағалана берері даусыз туындылар. Олай дейтін себебіміз: кешегі кеңестік дәуірде қазақ әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни қайраткерлер мен ғазауат соғысы ерлерін жырлаған көркем әдебиеттің жариялануына тыйым салынды. Нәтижесінде қазақ оқырманы діни танымсыз боп өсті. Сол себепті де қазір ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты тарапынан шығарылып жатқан «Бабалар сөзі» көп томдығының орны бұл мәселеде ерекше деуге болады. Бірінші томда Жүсіпбектің «Қисса-и анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса-и Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Қисса-и Шаһизинда», «Қисса-и уақиға Кербала хазірет Хусаин разы Аллаһ анһу» секілді қиссалары енгізілген. Олардың әрқайсысы да – қазан төңкерісіне дейін әлденеше реттен қайта жарияланып отырған кітаптар. Демек, үнемі дерлік оқушысы табылған, қазақ қауымының қажетін өтеп, діни наным-сенімін нығайтып отырған шығармалар. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбардың көкке көтерілуі, қайтыс болуы, Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатима мен Әзірет Әлінің ұрпағы Хусеиннің дін ішіндегі тартыс, соғыс нәтижесіндегі опат болуы секілді мәселелер бүгінгі қазақ оқырманы үшін де білуге қажетті әрі қызықты, әрі мұсылман дінінен, тарихынан мол мағұлмат берер көркем де, құнды діни әдебиет деп бағалауға әбден болады. Сол секілді Шәді төре де көптеген діни шығармалар жазды: «Ибраһим Пайғамбардың хикаяты», «Қарунның жер жұтқан уақиғасы», «Назым Сияр Шариф» секілді шығармалар. Осы шығармалардың ішінде әсіресе Мұхаммед Пайғамбардың өмірі, қайраткерлік жолы туралы жазылған «Назым Сияр Шәрифтің» орны ерекше. Шығарма әрі көркем, әрі көлемді, қазақшасы басымдау, түрки тілде жазылған еңбек. Шығарма 1913 жылы Тәшкенде кітап болып басылып шыққан. Соның шағын үлгісі қазақ тілінде 1995 жылы ғалым О.Құдышұлының даярлауымен ғылыми алғы сөз, соңғы сөздерімен басылып шықты. Әлбетте, кітап көлемі жағынан да, мәтін тану тұрғысынан да сын көтере бермейді. Тек ғалымның діни көркем жәдігерді бүгінгі оқушы қауыммен жүздестіру талабы құптарлық, қуаттарлық жайт екенін ғана айтқымыз келеді.Қазақ халқының кітаби ақындары Жүсіпбек қожа, Шәді төре секілді қаламгерлерінің жоғарыда аталып өтілген шығармаларының – қисса-дастандарының түп негізі араб фольклоры мен әдебиетіндегі «сира» (көпше түрі – сияр: жол, өмір жолы) жанрынан бастау алып жатқаны сөзсіз. Жанр исламға дейінгі араб халқының атақты адамдары, ақындары туралы жырлау.
«Қисса Қаһарман» атты өнебойында мифологиялық, ертегілік, эпикалық сюжеттер мен тұрақты мотивтер мол орын алған шығармада қазақтың төл батырлық жырларының кейіпкері сияқты Қаһарман жаумен жалғыз шайқасады. Ол үш әлемді еркін аралайды, үш әлемде жүріп ерлік көрсетеді: әлемдік ағаш – құрма ағашын мекендейтін Самұрық құсқа мініп, Қап тауынан асып ұшады. Самұрық туралы жеті диюден естігені бойынша Қаһарман құрма ағашына ұя салған Самұрықтың үш балапанын жыл сайын жеп кететін айдаһарды Қап тауында өлтіреді.
Қаһарман тұлғасы батырлық жырлардың кейіпкерлері іспеттес сомдалған. Сонымен қатар мұның діни шығарманың кейіпкері екенін танытатын көріністер аз емес. Мысалы, оған алтын шатырдың қанжығасындағы қылыш пен алты аяқты тұлпарды ғайыптан Құдай берген болады. Дінді қабылдаған перілердің әр шаһарында Қаһарман медресе мен мешіт салдырады.
ҚИССА ХАЗІРЕТ ӘЛИДІҢ САРАҢ БАЙДЫ ЖОЛҒА САЛҒАНЫ
Әуелі жад етейін Тәңірім атын,
Жақсылар, айып етпе жазған хатым.
Әулие Пайғамбардың атын жазсам,
Қалай теріс болады насихатым.
Құп тыңдап бұ сөзімнен мағына алған,
Көңілге фаһым әйлап қайғы салған.
Таңда махшар күніне пырақ мініп,
Ұжмақтан артық барып орын алған.
Сәна айтып сөйлейін бір Аллаға,
Жаратып нәсіп берген барша жанға.
Өзіңнің, Пәруардигар, құдіретіңмен
Сөйлесем, медет бергіл мен наданға.
Жаратқан Пәруардигар бұ әлемді,
һәр түрлік қып жаратқан һәр адамды.
Он сегіз мың ғаламға патша Құдай,
Біразырақ сөйлеткіл мен наданды.
Андан соң Расул Алла – Құдай досты,
Күнә қылып жаныма қылдым қасты.
Екі дүние Сәруары шапағатшы,
Оларға жалынбасақ жарамас-ты.
Қылғайсыз маған шапағат, хақ Сәруары,
Сізден медет тілейді жанның бәрі.
Құр тілменен айтамыз үмбетпіз деп,
Мен ғаріп барша жанның күнәһары.
Андан соң Әбубәкір оның жары,
“Сыдық” деп ат қойыпты Пайғамбары.
Сіздерден медет тілеп сөз сөйлейін,
Мен ғаріп барша жанның күнәһары.
Андан соң хазірет Омар әділ өткен,
Ұғлына дүре бірлән хүкім еткен.
Шапағат мен ғаріпке қыла ма деп,
Сіздерден мендей асы үміт еткен.
Біреуі шаһариардың – молда Оспан,
Құран оқып, мұсылман дінін ашқан.
Шапағат махшар күні бізге қылғыл,
Пайғамбар екі қызын бірден қосқан.
Андан соң Асад Алла – Әли Арыслан,
Фатимамен екеуін Құдай қосқан.
Күнәһім көп, шапағат қыла ма деп,
Қиссаға есіміңізді қылдым дастан.
Андан соң Хасан, Хүсейін шаһид етем,
Сахаба әл-асхаб жамағатым.
Дүние ақыретте жәрдем қылғыл,
Қабыл ғып мен ғаріптің мінәжатын.
Жад етіп Пайғамбарды қылдым зары,
Ғаріптің болған екен медеткері.
Сіздерден медет тілеп сөз сөйлейін,
Әулие, пайғамбардың баршалары.
Жад еттім біразырақ әзиз атын,
Я, Рахман, қабыл қылғыл мінәжатым.
Бұ дүниеде адамға ғибрат үшін,
Сөйлейін ер Әлидің риуаятын.
Риуаят имамдардан бізге қалды,
Сахаба Пайғамбардың тілін алды.
Атыңнан айналайын, Шаһимардан,
Наданды талай-талай жолға салды.
Билеген жердің жүзін Пайғамбары,
Өткен соң патша болды шаһариары.
Жазайын ер Әлидің бір қиссасын,
Не болғай қалса менен жәдігері.
Пайғамбар үмбетіне дін үйреткен,
Әлиді “Арысланым” деп еркелеткен.
Әлидің патша болған заманында,
Бай болып Мәдинеде бір жан өткен.
Ол байдың тамам жаннан дәулеті мол,
Қызметінде жүгірген бірнеше құл.
Өзі сараң һешкімге дәм бермейді,
Шариғатты ойламай жүргені сол.
Алдаған сараң байды дүние боқ,
Жинаған алтын, күміс қисабы жоқ.
Аулына мейман келсе жолатпайды,
Баста қайыр, малында зекеті жоқ.
Өзінің мұсылмандық белгісі бар,
Есіткен бұрынғыдан үлгісі бар.
Намаз, руза, зекетпен бір ісі жоқ,
Болмады сол уақытта бір кісі пар.
Бір екенін біледі бар Құдайды,
Көңліне салды Құдай осындайды.
Ауылына қонамыз деп келгендерді,
–Ұрып, сабап жіберген бірталайды.
“Сараңбай” деп атанды тамам жанға,
Мінезін есіткендер қалды таңға.
Қайыршы келсе сабайды байлап қойып,
“Ұқсапты, – деп айтысты,– Қарынбайға”.
Айтады қайыршыға: – Нең бар мұнда,
Менен басқа ел жоқ па өз алдыңда?
Келген қонақ, сұраушыдан мазам кетті,
Анау жақта ел болса, барғын сонда.
Жоламастан түңілді жанның бәрі,
Бай, кедей, қатын, бала, жас пен кәрі.
Молдалар шариғаттан сөз сөйлесе,
Ақымақтығы артады онан әрі.
Бір күні бір сахаба барды дейді,
Пиғылы Сараңбайдың тар-ды дейді.
“Ұры сенбі уақытта қаңғырған” деп,
Мүсәпірдің бастарын жарды дейді.
Байғұсты ұрып-байлап салды дейді,
Бәлеге құтылмастай қалды дейді.
– Сен мұнда неге келдің сұраусыз? – деп,
Қысымға бейшараны алды дейді.
Сахаба түк айтпайды жаман сасып,
Сараңбай ашуланды қара басып.
“Ұры” деп байлаған боп қойған екен,
Бейшара ел жатқан соң кетті қашып.
Сахаба өзі батыр, асқан ер-ді,
Сараңнан байқаусызда қорлық көрді.
“Қонба, – деп, – мені мұндай сабады,” – деп,
Әлиге ертең келіп арыз қылды.
Естімеген таң қалды жанның бәрі,
Сахаба қайран қалды баршалары.
Басы-көзі қан болып келгеннен соң,
Бұл хабарды есітті хазірет Әли.
Әли ойлайды ол байға барайын деп,
Сараңбайды бір сынап қарайын деп.
Үстіне жаман-жұман киім киіп,
Бір қайыр тым болмаса сұрайын деп.
Бір шапағат ол байғұсқа қылайын деп,
Әуелі қайыр сұрап алайын деп.
Дұға қылып халіне бейшараның,
Жолына шариғаттың салайын деп.
Әли айтты: – Ашуланба оған, – дейді,
Дұға қылып тұрыңыз маған, – дейді.
Құдайым бейшараға тауфиқ берсе,
Жолдас қылып берейін саған, – дейді.
Мұны айтып бір есекке мінді дейді,
Ақылы тақсыр ердің кең-ді дейді.
Қайыр сұрап жүрген бір мүсәпір боп,
Ауылына Сараңбайдың келді дейді.
Ауылына қайыр сұрап Әли келді,
Ол байға тыста жүрген сәлем берді.
Қараса киімі жаман, жүзі көркем,
Кісіні келіп тұрған көрді дейді.
Қасына жақынырақ жетіп кепті,
Тақсыр ерді көрген соң есі кетті.
– Өзіңнің киімің жаман, түсің жақсы,
Шаһарда мен көрмеген кімсің? – депті.
– Мен жүрген мүсәпірі елдің, – дейді,
Байлығыңды есітіп білдім, – дейді.
Құдай үшін бір нәрсе бере ме деп,
Мен сізді әдейі іздеп келдім, – дейді.
Үйіне кіріп кетті жауап алмай,
Сөзіне Құдай деген құлақ салмай.
Үйінен шыға алмады ашуланып,
Әлидің айбатына шыдай алмай.
Сонда Әли сөйлейді тыста тұрып:
– Менің бір батамды ал, қайыр беріп.
Ұруға бұрынғыдай бата алмайды,
Балалары қорқады оны көріп.
Маған бір хабар бергіл тілімді алсаң,
Сөзіме зекет бергіл құлақ салсаң.
Ей, сорлы, ақыретте азық болар,
Қайыр беріп, ей, байғұс, батамды алсаң.
Ей, сорлы, қайыр берші маған деймін,
Мен разы болайын саған деймін.
Қимасаң бұ малыңды Құдай үшін,
Барғанда ақыретке жаман деймін.
Әзірейіл бұ жаныңды алар деймін,
Қобалың көр астында қалар деймін.
Бұ малың жылан менен шаян болып,
Жабылып сол уақытта талар деймін.
Аулына келген екен кешке таман,
Бұл сөздің Сараңбайға бәрі жаман:
– Беретұғын нәрсе жоқ, жүре бергін,
Бейуақта қақсап тұрған неткен адам.
Көп сөйлемей жүре бер, сөзің құрсын,
Саулатып жарапазан нағып тұрсың?
Батаңменен кісіні жарылқасаң,
Тентіреп елден елге нағып жүрсің?
Сөзіне Сараңбайдың қайран қалды,
Ерлігі тағы қысып қайран қалды.
Бір сойқан енді саған салайын деп,
Ер Әли “шапшаң шық,” деп, айқай салды.
Даусынан қорыққан соң, шыға келді,
Шыдай алмай жарты тілім нанды берді.
Ішінен бір мың теңге бергендей боп,
Үйіне қайғы тартып кіреді енді.
Сараңбай танымады Әли ерді,
Бұ байдың көңілі сараң, көзі көр-ді.
“Құдіретіңмен қыласың, Құдай-ау” деп,
Қайран боп батыр Әли жүре берді.
Құдай-ау, жаратыпсың мұндай жанды,
Қорыққан соң, жарты тілім берді нанды.
Малынан зекет, басынан қайыр бермей,
Қайтеді ақыретте жиған малды.
Әли тақсыр үйіне қайтып келді,
Бастан-аяқ көргенін айтып келді.
“Бір күн көрге жатқанға мың тіллә беремін” деп,
Жар салып жиып алды тамам елді.
– Жан қалмай шақырған соң келсін, – дейді,
Менің бұл патшалығым білсін, – дейді.
Көрге жатқан кісіге сый беремін,
Салтанат тамашамды көрсін, – дейді.
Жар салды осылай деп хазірет Әли,
Бұл хабарды есітті жанның бәрі.
“Көрге жатып мың тіллә аламын” деп,
Жиылған айта алмады жас пен кәрі.
Бұл хабарды естіді ол Сараңбай,
Үйінде сараң қылған патша Құдай.
“Тегін жатқан олжаны алсам ба?” деп,
Толқиды байдың көңлі олай-бұлай.
Падиша тамам елге хабар шашты,
Ерінген осы олжадан жарамас-ты.
“Тегін жатқан олжаны алсам ба?” деп,
Сараңбай қатынымен ақылдасты.
– Ей, қатын, падишаға барсам ба екен,
Ерлік қып қалың топты жарсам ба екен.
Бір күн көрге жатқанға нем құриды,
Тегін жатқан тілләні алсам ба екен?
Қатын айтты: – Отырсаңшы көтің қысып,
Тірідей не қыласың көрге түсіп.
Тілімді алсаң қызықпа осы олжаға,
Барма, тек отырсаң да ішің пысып.
һеш адам падишаны жеңе алмайды,
Не айтса, патша сөзін кек алмайды.
Шаһарда сенен батыр толып жатыр,
Көрге түсіп оңай болса неге алмайды.
– Олардың бәрі қорқақ, жүрегі жоқ,
Көңілі асып туған зерегі жоқ.
“Тегін жатқан олжаны алма” деген,
Сөзіңнің былшылдаған керегі жоқ.
Адам деп сөз айтып ем сені, – дейді,
Қорыққанның келе ме екен жөні, – дейді.
Тегін жатқан олжаны алма дейсің,
Құртарсың бүйте берсең мені, – дейді.
Бір күн көрге жатқанға қылман қауіп,
Барайын, – деп бай жүрді көңлі ауып.
Нем құриды жатқанға бір күн көрге,
Тегін олжа алайын ебін тауып.
Сараңбай ақша алғалы келді дейді,
Бұрын мұндай көрмеген елді дейді.
“Падиша, тілләң қайсы?” дегеннен соң,
Түсерін мұның көрге білді дейді.
Сараңбай осы топқа келді жетіп,
Көрмеген адамдарды тамаша етіп.
Падишаға келді де, сөз сөйлейді,
Ойында “тіллә алам” деп, үміт етіп.
– Падиша, тағыңызда ағар, – дейді,
Ғарібің талап қылып бағар, – дейді.
Жатайын деп мен келдім бір күн көрге,
Кәні, тақсыр, тілләні шығар, – дейді.
Бұл байдың қайран қалды сөздеріне,
һеш неме көрінбейді көздеріне.
“Көрге жатсаң бермегім мінеки” деп,
Бір мың тілла көрсетті көздеріне.
Әли айтты: – Патшалығым менің, – дейді,
Алғанға бір мың тіллә тегін, – дейді.
Көрге қорқып түспеді өң жамандар,
Көрелік ерлігіңді сенің,– дейді.
– Падиша, разымын саған деймін,
Қылайын қызметіңді тамам деймін.
Бір күн тамам біткенше қасымызда,
Кісілер әзір ғып қой маған деймін.
– Қызметің асырмалық күннен әрі,
Бұ іске қайран болды хазірет Әли.
– Бір күн тамам біткенше жібермеймін,
Тұрады осы жерде жанның бәрі.
Мақұл көріп ол көрге жатпақ болды,
Бір күнін мың тілләға сатпақ болды.
Жатқан соң көр ішіне ол Сараңбай,
Ауызын кәдімгідей жаппақ болды.
Бір күн көрге жатуға ерінбейді,
Өз малы биттей көзге көрінбейді.
Өзге ел қайран қалып қорқып тұрса,
Сараңбай “тіллә алам” деп күлімдейді.
Ол көрге “тіллә алам” деп жатты дейді,
Беттерін қараңғы қып жапты дейді.
Қараңғы көр ішіне жалғыз жатып,
Алаңдап жан-жағына бақты дейді.
Көрге қойып қырық қадам кетті дейді,
Әли Арыслан шартына жетті дейді.
Жан-жағына ол байғұс қарап жатса,
Бір нәрсе жарқ-жұрқ етіп кетті дейді.
Ол нәрсе келе жатыр түсі суық,
Мұндай нәрсе көрмеген өзі туып.
Бір ерні жер, бір ерні көк тірейді,
Тілімен бұл дүниені алды буып.
Қараса жылан екен, келді жетіп,
Тілдерін олай-бұлай жалаңдатып.
Тіліне жарты тілім нан жабысты,
Оныменен ол жылан қалды кетіп.
Мұнан соң Мәңкүр,Нүңкүр келді жетіп,
Күрзісі таудай екен, қолға тұтып.
Көздері жалғыз екен бір табақтай,
Көрген соң бай қорықты есі кетіп.
Көзінен от шашырап тұрды дейді,
“Мән раббук?” деп жауабын сұрды дейді.
“Аулақ жүр, қондырмаймын” деген екен,
Күрзімен ашуланып ұрды дейді.
Күрзі тиіп, дал-дал боп кетті сонда,
Салмағы қара жерге жетті сонда.
Періштелер бөлегін жиып алып,
Ақылы әуелгідей етті сонда.
Сараңбай ойбай салды сонда шошып,
Періштелер сұрайды тосып-тосып.
Дауысы талай жерге кетті дейді,
Жер келді екі жақтан тағы қысып.
Сараңбай көрде жатып салды ойбай,
– Қандай іске жолықтым, – дейді,– Құдай.
– Біз малың зекет бермей аздырған, – деп,
Жылан мен шаян келді таудай-таудай.
– Түк бермей һеш адамға жүрдің бағып,
Берген нан жарты тілім кетті нағып.
Біздерді дүниеде қор қылдың, – деп,
Жылан менен шаяндар жатыр шағып.
Сараңбай көрде жатып азап тартты,
Азаптың неше түрлі дәмін татты.
Періштелер ұрады күрзіменен,
Шаққаны жылан, шаян онан қатты.
Сараңбай есектей боп бақырады,
“Ойбай, Әли, өлдім” деп шақырады.
Әли десе тоқтайды азаптары,
Періште “Мән раббук?” деп ақырады.
Сөзіне жауап таппай жатыр сасып,
Дауысы нашарлады халі қашып.
“Мен түйең, қойың, мен жылқың” деп,
Жылан менен шаяндар кетті басып.
Мұндай түрлі азаптың көрді бәрін,
Ойбай салып білмейді не қыларын.
Әлидің қасындағы тамам жандар,
Бәрі қорқып жылады есі қалмай.
Періште неше түрлі азап етті,
Құдайым оған берді мұндай дертті.
Неше түрлі шығады көрден даусы,
Есіткен адамдардың есі кетті.
Жамағат сонда тұрып жалынды көп,
Бәрісі ақыреттің қайғысын жеп:
– Ей, тақсыр, енді қорқар қияметтен,
Байғұсты енді көрден алыңыз, – деп.
Дауысы сонда шықты тым-ақ жаман,
Қорыққаннан соң жығылды талай адам.
Ащы дауыс шыққан соң, Әли батыр,
Шыдамай енді жүрді көрге таман.
Ащы дауыс шыққан соң, халі қашты,
Баршасы көрге қарай қадам басты.
Құлатып үстіндегі топырағын,
Сағат жарым болғанда аузын ашты.
Қараса шала-жансар болған екен,
Көріне жылан-шаян толған екен.
Болжалсыз жан шыға ма, жамағаттар,
Азапты шыбын жанға қылған екен.
Біреуі тыста тұрып қолын берді,
Иә, Алла, асан қылғыл ондай жерді.
Құдайдың құдіретімен ол Сараңбай,
Бір сағатта қырық жылдық азап көрді.
Талқан қып бұзып алып қара көрді,
Барша жұрт қайран қылды Әли ерді.
Сараңбай есін танып құлап қалды,
Сонан соң көтеріп үйге алып келді.
Бір күн, бір түн ол байғұс жатты талып,
Жаны бар кеудесінде, қойды салып.
Әли батыр бір дем салып қойған екен,
Отырды сонда басын көтеріп алып.
Ол байғұс бір күн, бір түн талған екен,
Құдайым мұндай күйге салған екен.
Қозғала алмай отырды қайран қалып,
Қалжырап есі кетіп қалған екен.
Жарадан сау жері жоқ тұла бойы,
Жабылып шаққан екен “жылқы, қойы.”
Сол бойымен Сараңбай өліп кетсе,
Өлгенде болар еді үлкен тойы.
Бай сөйлейді: – Жарандар, келдім қайдан,
Етімнің сау жері жоқ мынадайдан.
Төңірекке қарайды көзін салып,
Енді сөз есітіңіз Сараңбайдан.
Бай айтады: – Ауылдан келдім мұнда,
Түбіме менің жетті бір мың тіллә.
Есіме жаңа түсті, мен сөйлейін,
Қандай күйге мен түстім көр астында.
Жарандар, көрге түсіп жаттым, – дейді,
Өз жаныма жамандық еттім, – дейді.
Шапағат қыл, иә, тақсыр, мен ғаріпке,
Болмаса су түбіне кеттім, – дейді.
Жылап-жылап ол байғұс тағы талды,
Қорқып бір мәртебе ойбай салды.
Бір кішкене жатты да есін жиып,
“Аһ” деп, енді басын жұлып алды.
– Енді білдім бұ дүние өтеді екен,
Тақ түбіме бұ малым жетеді екен.
Бұ малды көбейет деп қимағандар,
Азабы қияметке кетеді екен.
Мен сорлы тілла алам деп көрге жаттым,
Қырық жылдай көр астында азап тарттым.
Жалғыз нан бір жылан кеп тимей кетті,
Азаптың онан басқа бәрін тарттым.
Малдарым жылан, шаян болды, – дейді,
Көр ішіне баршасы толды, – дейді.
Екі кісі сұрайды “Мән раббук?” деп,
Сөйлемесем күрзімен ұрды, – дейді.
– Көрмеген екеуінің түсі суық,
Ондай адам көрмедім өзім туып.
Маңдайында көзі бар бір табақтай,
Аузынан от шығады, кеттім күйіп.
Көп азаптың айтамын енді несін,
Қорыққаннан соң қалмады биттей есім.
Өз малым ғаріп жанға дұшпан екен,
Шіркінді жанға бермей достым десем.
Жылан мен шаян басты қазған көрді,
Баршасы өзім малым көзім көрді.
“Біз малың зекет бермей аздырған” деп,
Жабылып мен байғұсты талай берді.
Азапқа шыдай алмай көп жыладым,
Құтылар күн бар ма екен деп жыладым.
Енді өлсем, тағы сондай қылады деп,
Уайым соның үшін жеп жыладым.
Азапты қатты көрдім малым үшін,
Күйіп-жанып барады ішім-тысым.
Өз малым өз жаныма дұшпан екен,
Иә, тақсыр, шапағат қыл жаным үшін.
Дүниеде жан жоқ екен мендей болған,
Ерінбей өлгенімше дүние қуған.
Өкініп өз ісіне бұл бейшара,
Көзінің жасы ағып бетін жуған.
– Мен бұрын мұндай істі білмес едім,
Құлаққа айтқан сөзді ілмес едім.
Мұндай азап боларын бұрын білсем,
Бұ жерге тіллә алам деп келмес едім.
Әлидің аяғына қойды басын,
Ағызды нәдаматта көзден жасын.
Есіркеп Сараңбайдың жылағанын,
Алдына алып қойды мың тілләсін.
– Тіллә іздеп осы жерге келдім, – дейді,
Дүние дұшпан екенін білдім, – дейді.
Дүние керек емес, ақырет керек,
Қу дүниенің қызығын көрдім, – дейді.
“Ей, тақсыр, енді қайттім жиған малды,
Қинады дүние үшін шыбын жанды.
Бір шапағат қылғыл,– деп,– мен ғаріпке,”
Ол байғұс тағы жылап есін танды.
һешкімнің алмаушы едім насихатын,
Дүние үшін көп тарттым көр мехнатын.
Ей, тақсыр, енді білдім бұл ісіңді,
Көрсін деп маған қылған мархабатың.
Сонда Әли сипады басын-көзін,
Басына жастық қылды екі тізесін.
– Бейшарам, көп жылама, басың көтер,
Махкам оқы шариғаттың айтқан сөзін.
Бұл істі бір Құдайдан көргін, – дейді,
Жолына шариғаттың ергін, – дейді.
Жиған малың өзіңе досты болар,
Малыңнан зекет санап бергін, – дейді.
Ол байғұс пір тұтынды Әли ерді,
Айтқанының бәрін де қабыл көрді.
Қанша кедей пақырды жиып алып,
Басынан қайыр, малынан зекет берді.
Пір тұтты Пайғамбардың шаһариарын,
Айдатып, жиып алды малдың бәрін.
Шариғат айтқанынша кәміл қылып,
Сахабалар шығарды зекеттерін.
Құлшылық күндіз-түні етті дейді,
Айтқанын шариғаттың күтті дейді.
Қаза намаз, рузасын жиып алып,
Сонан соң тақуа болып кетті дейді.
Ол байғұс тақуа болып дінін күтті,
Сұрады күндіз-түні шариғатты.
Бұрынғы істеріне тәубе қылып,
Мейман күтіп, онан соң өмірі өтті.
Қазасын руза, намаз жиып алды,
Байғұсты Шаһимардан жолға салды.
Шариғат істеріне махкам болып,
Ақырда иман тауып дүние салды.
Жарандар, алдап жүр ғой дүние деген,
Жақсылар ақыреттің қамын жеген.
“Әлбәхил лә йадхулул жаннат, ләу кәна зәһидан”,–
Көрмейді пейіш жүзін сараң деген.
Бұ айтқан Пайғамбардың бір хадисі,
Түзу жолдан азбасын һәр пендесі.
Дүниені бұ тіріде көп қимаған,
Қор болар ақыретте әзиз басы.
һәркімге ғибрат үшін жаздым мұны,
Жайымыз қандай болар махшар күні.
Иә, Алла, рахматың көп, жарылқағыл,
Ғафу қып мен асының күнәһыны.
Мүмінге ғибрат үшін жазған сөзім,
Өзіме тәсір етпес айтқан сөзім.
Не амал, не ғылым жоқ біз асыны,
Иә, раббым, жарылқағыл таңда өзің.
Жарылқар сенен басқа кісім де жоқ,
Қылатын күнәдан басқа ісім де жоқ.
Айтамын асылықпен бұрынғыны,
Өз басыма келері есімде жоқ.
Көріп мен бір кітапта осы сөзді,
Бұлайша келтіруге салдым көзді.
Парсы сөзден шығарып өлең қылдым,
Жамағат, айып қылма енді бізді.
Бұ қисса осылайша тамам болды,
Көңіліме Қадір Алла илһам берді.
Жамағат, Құдай үшін бір дұға қыл,
Жад қылдық бұрын өткен Әли ерді.
Расулдың жаздым бұрын миғражы мен өлген жерін,
Жазғаным үшіншісі Әли Шерің.
“Сараңбай” деп ат қойдым төртіншіге,
Кітапты өлең қылған мен бір серің.
һәр нешік салдым хатқа білгендерім,
Жазып бер дегеннен соң Ахметкәрім.
Тағы жазып берермін неше қисса,
Жанымды аман қылса Бір уа Барым.
Оспанды жазып едім баяғыда,
Онан басқа жазармын мен тағы да.
Бұ қағаздың артығын ақ қойғанша,
Бір насихат жазайын аяғына.
Дайындаған Сейтомар Саттарұлы