Білген Шайыр айтады

Намаз оқығанның фазилаты

35-36 фасыл

Расулдың дақайықта хадисі бар,

Намазға қайсы пенде қайым тұрар.

Рукуғы сужуды мен тәртіптерін,

Өзгертпей өз орында тамам қылар.

 

Ол құлға Алла берер он бес қыслат,

Үшеуі дүниеде деп әйлайды жад.

Үшеуі ажал жетіп өлер уақта,

Үшеуін көрде көргей ол адамзат.

 

Махшарға инс илә жын[1] жиылғанда,

Үшеуін қыслатының көргей анда.

Пендеге енді қылған үш қыслатын,

Дидарын көрсетуде бергей Алла.

 

Айтайын тәпсірімен[2] және мұны,

Үшеудің дүниедегі осы түрі.

Өмірі үшін ризығы кең болады,

Нәпсімен Алла сақтар әр ырзықты.

 

Үшеуін айтып едім өлерде деп,

Бәшарат[3] хабар берер періште кеп.

Жәннатқа кіресің деп шаттандырар,

Айтатын осы түрлі мәрхамат[4] көп.

 

Қабірде үшеуінің қыслаты бар,

Періште оңайлықпен сауал қылар.

Қараңғы көрдің іші жарық болып,

Жәннаттың тарапынан жол ашылар.

 

Қаслаты жәннаттағы үшбу еді,

Жүздері нұрлы болып ол күн келер.

Һәм және оңайлықпен есеп қылып,

Амалың оң тараптан қолға берер.

 

Алланы көрмектігі үшеуі бұл,

Олардан разы болғай пәктей құл.

Алладан сәлем берген нида[5] естіп,

Һәм және Хақ дидарын көргей ол құл.

 

Намазға қайсы пенде болса сұсты,

Қылмаса орныменен бұйрық істі.

Бір Құда он бес түрлі азап берер,

Қылғанның жазасы үшін ол жұмысты.

 

Үшеуін бұл дүниеде көрер пенде,

Өлерде нәсіп болғай үшеуі анда.

Үшеуі көр ішінде дайын болып,

Үшеуі махшар күні жиылғанда.

 

Үшеуі көрмекте дүр бір Алланы,

Ажыратып тәпсірімен айтар оны.

Үшеуін дүниеде деп айтып едім,

Білсеңіз төмендегі бұл нышаны.

 

Әуелі ырзығында жоқ берекет,

Аз көргей өмірді де ол адамзат.

Көрмекке оның жүзі жаман болып,

Болмағай жақсылықтан еш аламат[6].

 

Үшеуі өлерінде болған және,

Береді қорлықпенен аштық оған.

Һәм және су табалмай тәшна[7] болып,

Көрсетер қорлық, зорлық бәрін һәмма.

 

Қабірде ол азаптың үшеуі бар,

Әуелі қойған көрі болады тар.

Оңға сол, сол тараптан оңы шығып,

Ол көрге жаһаннамнан есік қылар.

 

Үшеуін махшардағы айтай және,

Қабірінен тұрса керек жүзі қара.

Маңдайға үмітсізден хат жазылған,

Солымен арқасынан келгей нама[8].

 

Айтайын енді қылған үшеуін тіз,

Ол құлға Хақ тараптан болмағай сөз.

Екінші Хақ дидарын көзі көрмей,

Азаптан құтылмағай әсілі әркез.

 

Намаздың артықшадүр фазилаты,

Бұл діннің ұстыны[9] деп қойылды аты.

Намаздың тұрысында назыл болған,

Құранда ақумыс сәлат хаты.

 

Әмір еткен пендесіне қылып текрар[10],

Мұсылман кәпірлердің екі арасы

Һәм және бұл намазбен ажырайдүр.

 

Махшарға ибні адам жиылғанда,

Әуелі иманынан сұрар онда.

Екінші бес уақыт намаз оқығаннан,

Ол күні сұралады барша пенде.

 

Ораза һәм парыз еді хаж бен зекет,

Баршасын Алла қылған Құранда жад.

Оразаны ұстамаса күнә болмас,

Бір түрлі үзірі болып әр адамзат.

 

Есепке әр адамның малы толмас,

Ол құлға зекет бермек ләзім болмас.

Әһлінің ырзығынан артылмаса,

Хаждың һәм парыздығы сақытдүр[11] бәс.

 

Намазға ешбір үзір болмас әркез,

Кеселге қайсы түрлі болса да кез.

Оқы деп мүжтахиттер[12] пәрмен етті,

Денеден жаны шығып жұмғанша көз.

 

Үзірмен құтылмайтын болса кісі,

Бола ма мұнан артық бұйрықтысы.

Аятпен сәбит[13] болған парыздарда,

Намаздай күшті болмас ешбірісі.

 

Ішінде және неше парыздар бар,

Мәсләкіл кітабында күн айтарлар.

Орнынан бір де бірі өзгерілсе,

Оқыған ол намазын бекер қылар.

 

Болса да қанша қиын намаз шарты,

Рахат пен құрсанттықта болғай арты.

Пайдасы егесіне тола болар,

Көп болса не нәрсенің машақаты.

 

Миуасы риязаттың[14] міслә[15] жаңғақ,

Болса да сырты қатты, іштері жоқ.

Әзіреті ишанымның аз лепзі бұл.

Бұл сөздің ақыл болсаң әсіліне бақ.

 

Намазды оқығанға фазилат көп,

Тәртібі тұрар болса орнына кеп.

Базылар сәл нәрсені себеп қылып,

Намазды оқымайды үзірім бар деп.

 

Бұл уақта бір рәсім бар бұл дүниеде,

Ұшыраса бір кеселге пенде неге.

Тұрмаққа, отырмаққа уақытым жоқ деп,

Намазды қыладүрлер бәрін һәмма.

 

Мәнінен болмаған соң еш хабары,

Өлгенше парыздығын білмес бәрі.

Имаммен оқығын деп әмір етсең,

Бекер деп сенбейді базылары.

 

Оларға көрсетпекке дәлел дәркер,

Ауызбен айтқан сөзге болмайдылар.

Сол үшін осы сөзді ызһар еткен,

Өзінің кітабында Сопы Аллаяр.

 

ОТЫЗ АЛТЫНШЫ ФАСЫЛ

 

Расулдың кесел халіндегі оқиғасы

 

Мұхаммед инс, жынның сәруары еді,

Өтерде бірнеше күн кесел көрді.

Мүбәрак хұжрасында[16] жатқанында,

Азанның құлағына үні келді.

 

Пайғамбар пәрмен етті Бибі Айшаға:

«Таһарат алдырғын, – деп, – бүгін маған».

Бибі Айша таһаратын тамам қылып,

Бармаққа жамағатқа тұрды және.

 

Сол заман Расул және есін танды,

Көпкеше есін білмей жатып қалды.

Есіне бір мезгілде қайтып еніп,

«Таһарат алдырғын» деп аузына алды.

 

Бибі Айша таһаратты алдырды баз,

Қылмаққа талап етті парыз намаз.

Орнынан қозғала алмай есін танып,

Жығылды ол шаһынша маһрам раз.

 

Әлқисса үш мәртебе таһарат етті,

Әр заман қозғалғанда есі кетті.

Алланың әз хабибі Расул құда,

Намазын сол халгеше қоймай өтті.

 

Қанша мың ілгергі өткен пайғамбарлар,

Күнәдан таза болып еді олар.

Олардың мәртебеде кейін еді,

Дүниенің жүзіндегі барша жандар.

 

Хұсусан[17] хабибулла[18] қойып атын,

Білдірген инсі, жынға шарапатын.

Көрдіңіз Расул құда хайрул әнам,

Қоймады та[19] өлгенше ғибадатын.

 

Кейінгі адамдарға ғибрат үшін,

Білдірдім пайғамбардың қылған ісін.

Құр тілмен үмбеттіктің лебін ұрып,

Қылмаймыз сүннетінің ешбірісін.

 

Айтқаны істегені бізге сүннет,

Сүннетін істемейміз болып үмбет.

Амал мен құтылмаққа еш імкән[20] жоқ,

Хабибін кешірмесе қылып құрмет.

 

Құдая бұл істердің бәрін білсін,

Сүннетін істемекпіз тіке тұрып.

Үмбеттік дәптеріне атын жазғын,

Өзіңнің аламатыңнан карам қылып.

 

[1] Инс илә жын /а/ – адам мен жын

[2] Тәпсір /а/ – түсіндіру

[3] Бәшарат /а/ – адам, адамзат, халық

[4] Мәрхамат /а/ – рақым; қайырым

[5] Нида /а/ – дауыс, үн

[6] Аламат – ғажайып, таңғажайып; керемет; пәле

[7] Ташна – шөлдеу

[8] Нама /п/ – хат

[9] Ұстын /т/ – үлгі

[10] Текрар /а/ – қайталау

[11] Сақыт – саламат

[12] Мүжтахит /а/ – білім дәрежесі жоғары

[13] Сәбит /а/ – көрсетілген, айтылған; берік

[14] Риязат /а/ – тақуалық

[15] Міслә – сияқты

[16] Хұжра – бөлме

[17] Хұсусан /а/ – әсіресе

[18] Хабибулла /а/ – Алланың сүйген құлы

[19] Та – шейін, дейін

[20] Імкән /а/ – мүмкіндік

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button