Ақырет күннен ишарат қылып азырақ айтқан назымдары
Икрам ишан Қасымұлы (1860-1923ж.ж.)

Болғанда «Руз Маһшар» әмір етіп Хақ,
Әуелін һәм ақырын жиылса халық.
Аршының қанша адамдар саясында,
Қаншасы болса керек теріне ғарық.
Әмір етіп періштеге Пәруардігәр,
Бірінші келтір деген адамдар бар.
Дүниенің опасы жоқ қызығына,
Сарып қылған дүние-малын надандар бар.
Олардың жинап алып келтірер бәрін,
Хазыр қыл даргаһыма бәрін аның.
Қалдырмай өзіменен бірге келтір,
Сарып қылған бехудаға дүние-малын.
Түйесін түйедей қып, қойын қойдай,
Келтіргіл даргаһыма бірін қоймай.
Атын ат ақшаларын ақшадай қып,
Түстерін ешбірінің өзге қылмай.
Келтір деп әмір еткен соң Жаппар Халиқ,
Періште келтіргейлер дархал барып.
Дүниенің хай-хауас жұмысына,
Сарып қылған малдарымен келер алып.
Қараса жақсы аттар, жақсы нарлар,
Ішік бар, шекпендер бар, таза малдар.
Пәленше хуб мырза екен деп айтсын деп,
Сарып қылған бейхауаға бәрін алар.
Деп айтар Құдіретімен Хаким кулл,
Алдымда қорықпадыңдар бар деп мүшкіл.
Дүниенің опасы жоқ абыройын,
Сарып қылған табамыз деп дүниеңіз бұл.
Заһир қып халайыққа құдірет күшін,
Деп айтар періштеге хай бихон.
Алып кел бұл адамдар көзі көрсін,
Сарып қылған дүниелерін менің үшін.
Маһшарға жиылғанда әуел-ақыр,
Һәм және фарман қылар Раббым Қадыр.
Міскінге пақырменен менің үшін,
Сарып қылған дүниелерін қыл деп хазыр.
Құданың әміріменен періштелер,
Сарып қылған сауап үшін әрне алар.
Баршасын сол уақытта жинап алып,
Құдайдың даргаһына алып барар.
Құдайым Құдіретімен көрсе аны,
Тұрарлық ешнәрсеге емес бәрі.
Келтірдің мұны не деп даргаһыма,
Дегейлер Құдіретімен Жаппар Ғани.
Айлаған бір өміріне қайырларын,
Есепке періштелер алса бәрін.
Берілген хушаматқа бір малының,
Жетпейді есеп қылса бәрі аның.
Мал болса ақсақ тоқсақ бәрі жаман,
Жамаудан киім болса емес аман.
Құдайым қаһарыменен таъна қылар,
Бенденің хадясы деп көңіліне алған.
Деп айтар Құдіретімен Жаппар Халиқ,
Піріңе (жеріңе) қараңыздар назар салып.
Тұрмайтын еш нәрсеге пәс нәрсені,
Ұялмай келтірдіңдер не деп алып.
Дүниеде опасы жоқ жүрген жақта,
Дүниені көп сарып қылдың мақтанбаққа.
Мақұл деп менің мұным жүре бердің,
Бірнеше жолдас болып ақымаққа.
Тұрмадың молда көрсең сауал сұрап,
Алдында сөз бермедің қардай борап.
Адамдай өлмейтұғын болып жүрдің,
Қайқайып адам сынып мұртты бұрап.
Дүниеден ажал жетіп өтсең егер,
Қиямет демедіңдер күндері бар.
«Кулла шайуң уа илайһи туржауън» деп,
Құранның тәпсірінен алмай хабар.
Құдайымға іс қылып али жанаб,
Оларға бұл тариқа айтқай жауап.
Бастарын хижалаттан көтере алмай,
Шәрманда болып тұрғай жерге қарап.
Бұл сөздер инша Алла кітап сөзі,
Кітаптан айтып болмас көрмей көзі.
Олардың бастарына болатұғын,
Жазасын бір Алланың білер өзі.
Қаншасын кітап көріп бұл сөздердің,
Ғалымдардан есітіп бағзыларын.
Асанлық түсінбекке бола ма деп,
Назыммен түркі қылдым мұның бәрін.
Молдалар аһлі сауад бұл сөздердің,
Байқаса оқығанда артық-кемін.
Жазды деп неге мұндай кейіс қылмай,
Түзетіп қаламменен қылсын емін.
Сұрамай ғалымдардан анық рас,
Көңілімен айтып болмас қылып қияс.
Бендеге қате жұмыс араласпақ,
Адамнан ілгеріде қалған мирас.
Тасаууф бір кітапта Ислам жолы,
Ішінде ол кітаптың көрдім мұны.
Тасниф қылған ғалымның тағайын қылып,
Деп айтқан Мұхаммадия намларыны.
Мұрқади уа дарияди шур арасында,
Измир мен Стамбулдың арасында.
Мүбәрәк күмбезіне дұға қылдым,
Алыстан көзім түсіп қарасына.
Қастарына баруға имкан болмай,
Пороход жүріп кетті еш тоқтамай.
Әдеппен қол қусырып дұға қылдым,
Болғанша көзден ғайып қарай-қарай.
Құдая еш бендені қылма бейғам,
Тауфиқ беріп көңіліне көзіне нам.
Мүлкінен бұл дүниенің шығар уақытта,
Қыла көр сау-саламат иманын һәм.
Көп жақын деген сөзді түрінен көр,
Көңіліне әр бенденің алғыза көр.
Мүлкінен бұл дүниенің гөрістанға,
Сауаппен құр қол қылмай барғыза көр.
Құдая патшалардың патшасы,
Шашынан қолдарының көп қатасы.
Тозақ түгіл шашыраған ұшқынына,
Бенденің шыдайтұғын жоқ шамасы.
Икрам ишан назымдары. Құрастырып аударған: С.Саттаров, Қ.Абытов, Шымкент 2023. 304 б. алынды