Бисмиллаһир рахманир рахим!
Бастайын бір Алланың атыменен,
Түзеткей өз құдірет затыменен.
Бихамдулла, біздерді қылды инсан,
Жайылар біздей құлдар хатыменен.
Алланың заты – пәк, әуелі жоқ,
Интаһа-ахирының өлшеуі жоқ.
Біздерді адам қылып иман берді,
Шүкір Алла, бұл жері көңілге тоқ.
Бір қатра нұр жаратты Тәңірім бұрын,
Сол деп айтар білгендер Досты нұрын.
Ошал нұрдан жаратқан бұ ғаламды,
Өзі айтпаса кім білер Құдай сырын.
Әуелі нұр жаратқан Алла өзі,
Он сегіз мың ғаламның жалғыз ізі.
“Нұр Мұхаммед” ат қойған Тәңірім оған,
Құранда мағлұм болды халыққа сөзі.
Жаратты Хабибісін Азим Рахман,
Екі ғалам үстіне сәруар қылған.
“Уа ма арсәлнака илла рахматин лилғаламин” деп,
Рахматын өзіменен бірдей қылған.
Бір жайға қойды Тәңірім ошал нұрды,
Қойды да рахмат жүзбен оны көрді.
Нұр ұлғайып, тер тамды жеті қатра,
Бойынан жаратыпты аспан-жерді.
Төрт тамған тер шаһариар жаны болды,
Дүнияға онан кейін ғылым толды.
Бесінші – жанды-жансыз, реңі-түрі,
Тағы да алтыншысы беренж болды.
Жетіншісі – иманы мұсылманның,
Аһл сүннет, жол мазһаб ұсынғанның.
Солардың баршасына иқрармыз,
Дініміздің қорғаны жол салғанның.
Әуелі имам Ағзам дін қалғасы,
Бұларсыз келіспейді сөздің басы.
Шафиғи, имам Ахмед, имам Мәлік,
Әбу Жүсіп, Ыдырыс жан жолдасы.
Бұлардан соң сөйлейін бір хикаят,
Рухтарын әулиелер қылайын жад.
Үшбу қисса хақиқат ерлер сөзі,
Оқыса ерлер көңілі болады шат.
Бұ қисса бұрын нәшір парсы еді,
Бір күні назым бопты хорезм тілді.
Қазақи-түркімен жазайын деп,
Жүсіпбектің көңіліне және келді.
Бұ қисса шейх Мансұр хикаяты,
Мекені Мысыр шаһары, уәлаяты.
Жүсіпбек сөз қозғасын ер Мансұрдан,
Алланың болса әгар ғинаяты.
Шейх Мансұр жас жігіт,
Көзге жастау болса да,
Ақыретке бас жігіт.
Дайым Хақтан қорқады,
Екі көзден жас төгіп,
Тағат қыл ұр Аллаға,
Қағба сарыбас қойып.
Тағаттан ғапыл қалам деп,
Ұйқысы келсе әгарда,
Басына жатар тас қойып.
Қарындасы бар еді,
Атын Әнал дер еді.
Әйел болып туса да
Дініне махкам ер еді.
Шілтендерге қызмет қып,
Қатты қорқып Алладан,
Ақырет қамын жер еді.
Кеш болса әгар күн батып,
Шыбын жаннан кешеді.
Кетеді екен түн қатып,
Шілтендерге қосылып,
Шараба таһур ішеді.
Жүзін көрсең мысал хор,
Заманында бітпеген
һеш пендеге ондай түр.
Қараңғы түнді жарық қып,
Инесін тауып алады,
Жарқыраған жүзі нұр.
Күндіз көрген жігіттер,
Бәрі ғашық болады.
Түнде қалса таба алмай,
Жүздері гүлдей солады.
Дүние бірлән ісі жоқ,
Ақиқат ерге барады.
Кеткенін қайда біле алмай,
Іздегендер қалады.
Жүзін көрген Әналдың,
Шұғыласына жарық еткен,
Ұялып көзі талады.
Патшалар, бектер баласы
“Сұлу деген Әнал қыз”
Баршасы хабар алады.
Түндегі ісін есітіп,
Жаман жолда жүр ғой деп,
Көңілдері қалады.
Әналдың жайын есітті
Мысырдың бүтін қаласы.
Әналды түнде аңдиды
Өңшең бектің баласы.
Атасы үлкен Әналдың,
Бар еді анасы.
“Әгар бүгін тағы да,
Достына кетсе Әнал қыз,
Айталық, – десті,– Мансұрға,
Бос қалса орынханасы”.
Ғашықтық түскен шаһзаттар
Әналды бәрі аңдиды.
“Көрінсе кетіп бара жатқанда,
Өлтірелік тіке” деп,
Қаруларын жайлайды.
Аңдып бәрі отырып,
Айырылып қалып Әналдан,
“Бұ қалай?” деп дағлиды.
Айырылып қалып Әналдан
Жігіттер іші күйеді.
“Білмедік-ау, деседі,
Әлдекімді сүйеді,
Бар екен деп бір досты”,
Жігіттер ішке түйеді.
Таң атқан соң Мансұрға
Жиылып келіп жігіттер,
Баланы таудай оятты.
– Ей, Мансұр, жақсы, – дейді, – қарындасың,
Батпайды, ісін айтсақ, ішкен асың.
Түн болса кетіп қалар ойнасына,
Бұл қоймаса, қор болар сенің басың.
Сыртынан өзің аңды енді, – дейді,
Бұл айтқан, рас білсек, ел-ді, – дейді.
Жұрттың айтқан сөзіне шыдай алмай,
Ашуы ер Мансұрдың келді дейді.
Әналдың білуші еді Мансұр сырын,
Ойлаушы еді сір жолға хақ деп бұрын.
Көп жұрттың шағымына шыдай алмай,
Қызартып, ашуменен бұзды түрін.
Ойлады аңдиын деп Әналды енді,
Қоймады ықтиярға, көп ел жеңді.
Мансұр аңдып отырса, ел жатқан соң
Әнал қыз орнынан тұрады енді.
Алтын шашбау шашына байланады,
Шәлі бүркеніп жүруге сайланады.
Әнал жүрді, артынан Мансұр ерді,
Бір тынырық мұрын тастан айланады.
Сайды өрлеп жүре-жүре тауға кірді,
Қарасын көре-көре Мансұр жүрді.
Жеті қабат таулардан асқан шақта,
Бір бітеу тастан соққан үйді көрді.
Әнал барып ол тасқа кіріп кетті,
Мансұр дағы есікке келіп жетті.
Әнал кіріп барды да, ғар ішінде
Сәлем қып шілтендерге тағзым етті.
Есіктің Әнал іштен құлпын салды,
Сығалап Мансұр батыр тыста қалды.
Әнал қызмет қылады шілтендерге,
Анықтап Мансұр бәрін көріп алды.
Шілтенге қызмет қылды Әнал кіріп,
Әналды құрмет қылды Шілтен тұрып.
Дүр-жауһар қолында кеселер бар,
Есікте Мансұр тұрды бәрін көріп.
Хас әулие Әнал қыз тапқан сауап,
Қыларсыз мұндай жанның ізін тәуап.
– Күндегіден үш сағат кейін келдің,
Неге кеш келдіңіз? – деп сұрады жауап.
Әнал айтты: – Айтайын кеш қалғаным,
Мәлімет дұшпандардың іс салғанын.
Сол істерді біліпті кереметпен,
Халайық жала қылған сөз жалғанын.
Дұшпандар ұйықтасын деп кешке қалдым,
Басымды көп машақат іске салдым.
Шілтендер айтты сонда: – Исі келді
Көңілі харам ойлы бір адамның.
Шілтендер айтты: – Әнал, бұ қалай? – деп,
Мынау иістің келгені, не деген кеп.
һешкім саған бұ жолда кез болды ма,
Сізді сөзге қоспаймыз тап солай деп.
Әнал айтты: – Тәңіріге жолым халал,
Қылған жоқ, иншалла, һешкім залал.
Есік ашып тысқары қарап еді,
Мансұрды сол уақытта көрді Әнал.
Мансұрды көріп Әнал қайтып кірді,
“Бір жетім тыста тұр” деп айтып кірді.
“Далада жылап отыр үйге кірмес”,
Деп айтып инандырды шілтендерді.
Шілтендер айтты: – Оған да несібе бер,
Құдай айдап келген-дүр, ахуалын көр.
Әуелі өзімізге бергін, – деді,
Құры қалса, ол біздерді әлдене дер.
Әнал берді шілтенге шараптарын,
Шарап беріп қандырды шілтендерін.
Бұрын түгел жеткен соң, қалмаушы еді,
Әбден ішіп бітіріп түгел бәрін.
Бір кесе сонда ыдыста қалды артық,
Кем емес бұрын және қалмас артып.
Мейманға несібесі келген екен,
Тәңірім өзі жіберген мұны артық.
Кесеге құйып Әнал қолына алды,
Әналға тағы Алла бір ой салды.
“Бәрін берсем, мұны ағам көтере алмас”
Деді де, өзі бір дем жұтып салды.
Жалғыз ұрттам кеседе қалды сонда,
Бергелі ағасына барды сонда.
Бір ұрттамды Мансұрға беріп еді,
Ақылынан ішісімен танды сонда.
Ішкен соң жалғыз ұрттам ақыл танды,
Оттайын іші-тысы күйіп-жанды.
Не айтып, не қойғанын бірін білмей,
“һуа – Хақ” деп ізіменен қайта салды.
Әнал сонда жылады мұны көріп,
“Не іске келді екен, – деп, – соңыма еріп”.
Әнал қатты ішінен қайғы қылды,
“Ағамды рәсуа қылдым неге беріп”.
Мансұр айтты: – Әналым ақ екен, – деп,
Қызметі бір Аллаға нақ екен, – деп.
Олай болса мен де ақпын, – деп айтады,
һәрқашан аққа Құдай жақ екен, – деп.
Бұ сөзге қосып айтты “Әнал – әл-Хақ” деп,
Өзін дағы қосады “мен – әл-Хақ” деп.
“Қай жерде, қай пенденің ісі ақ болса,
һәрқашан сол пендеге Құдай жақ”, деп.
“Әна – әл-Хақ” деп айтады көкке бағып,
Қызарып екі көзі көксін қағып.
Ақыл-һұшын білмейді диуана боп,
Бұрқырап ауызынан көбік ағып.
Әнал да Хақ, мен де Хақ, әдет болды,
Мансұрдың іші-тысы нұрға толды.
Түнде ұйқы көрмеді, күндіз – күлкі,
Тоқтаусыз кезіп жүрді шаһар-елді.
Молдалар есітеді Мансұр сөзін,
Әлдеқалай келтірсе Құдай кезін.
“Әнал менен екеуміз Тәңірміз деп,
Бұ қалай, кәпір қылған өзі-өзін”.
Молдалар айтты: – Мансұр, айтпа бүй деп,
Насихат айтқан сөзді ішке түй, – деп,
Бұ сөзің қата сөз деп мұсылманға,
Молдалар айтты сонда жиылып кеп.
Молдалардың білмеді айтқан сөзін,
Тыңдар еді, білмейді өзі-өзін.
Фаруайы жоқ, айтады “Әна – әл-Хақ” деп,
Жас артып, көкке қарап екі көзін.
Ыза болды молдалар болмаған соң,
Насихатын құлаққа алмаған соң.
Бір күні үш жүз молда жиылады,
Мансұрдың мына сөзі қалмаған соң.
Үш жүз молда Мансұрды ортаға алды,
“Бұ сөзді айтпағын” деп жауап салды.
“Тәңірмін деген адам дінсіз болар”
Деп, Құранды алдына жайып салды.
Білмеділер молдалар,
“Әна – әл-Хақтың” мәнісін.
Есіткен жан таң болды,
Мансұрдың сонда дабысын.
Насихат қылса молдалар,
Құлағына кірмейді.
Танбайды Мансұр шабысын.
Зар қылып Хаққа зарлайды,
Өзі ғашық Тәңірге,
Не қылсын жұрттың намысын.
Кітабын ашып қарады
Жиылған үш жүз молдалар,
Кереметсіз надандар
Хақ сырды қайдан танысын.
Жұртқа теріс болса да,
Мансұрдың көңілі Хаққа шын.
“Не қылсақ мұны болар” деп,
Молдалар қылды соғысын.
– Баралық, – деді, – патшаға,
Айталық мұндай рәуішін,
“Әнал да Хақ, мен де Хақ” деп,
Бұзады діннің қапысын.
Патшаға айтты Мансұрды
Айтқан сөзі жаман деп,
Молдаларды ант ұрды.
Қазы, мүфти, молдалар,
Арыз қып бәрі отырды.
Діннен шықты Мансұр деп
Арызға алдын толтырды.
Жасауылдар жіберіп,
Мансұрды патша келтірді.
Мансұрды айдап келген соң,
Патша көріп сынады.
Фаруайы жоқ Мансұрдың,
“Әна – әл-Хақ” деп жылады.
Мұны көріп падишаһ,
Тамаша, қайран қылады.
Бұ сипатты адамдар
Бұзбақ түгіл дініні,
Таба алмас һәркез күнәһні.
Ақылменен Мансұрды патша көрді,
Есі жоқ, “Әна – әл-Хақ” деп Мансұр тұрды.
Екі сағат падиша көріп сынап,
“Бұ хақиқат ғашық” деп жауап берді.
Мынау сөзбен бұл өзін дінсіз қылмас,
Дінсіз деп айтар едім, ақылын білмес.
Ақылы болса бір сөз айтар едім,
Бұларға, сірә, хүкім қылып болмас.
Молдалар шуылдады сонда тұрып:
– Бұл жұртты ойран қылар мұнда жүріп.
Өз тілінен бұл өзі діннен шықты,
Ел-жұрт жаман үйренер мұны көріп.
Қазы, мүфти, молдасы, бәрі ақымақ,
Болмады ерегесіп өңкей шатпақ.
Куәлік берді бәрі “бұ дінсіз” деп,
Емес пе һәр нәрсені тілден таппақ.
Патша айтты: – Олай десең, өздерің біл,
һәрқайсың көңіліңе келгенін қыл.
Дарға асып өлтіріп тастаңыздар,
Күнәһ, сауап тапсаңдар өзіңнен біл.
Патшадан жөнеледі жарлық алып,
Дарға аспақ болды алып барып.
Үш жүз молда дарға тартады енді,
Кендір арқан мойнына тұзақ салып.
Тартқанында майысты дар ағашы,
Жылады жердегі шөп, таудың тасы.
Дар дағы айтты “Әна – әл-Хақ” деп,
Құданың құдіретіне қарасаңшы.
Мансұрға әуен қосты дар мен арқан,
Дарға Жаппар Егем қылды пәрмен.
– Ол менім ғашық құлым, зарар қылма,
Мас болып өз нұрыма жүрген дарқан.
Жеті күн, жеті түн тұрды дарда,
Дар ағаш, арқан, Мансұр – бәрі зарда.
“Әнал да Хақ, мен де Хақ” – айтқан сөзі,
Құданың құдіретіне амал бар ма?
Молдалар көріп жүрді үш уақ келіп,
Дарда Мансұр, аслан, қалмады өліп.
Бұ іске барша халық болды қайран,
Қасынан жүрген жандар бәрі көріп.
Молдалар патшаға және барды,
Қас болған молдалардың пейлі тар-ды.
– Тақсыр-ау, әлі күнге өлгені жоқ,
Не қыласыз ол дінсіз бәтшағарды.
Патша айтты: – Дардан алдыр, – деді,
Дарбазаға байлатып салдыр, – деді.
Дарбазаға келген жан ұрып өтсін,
Әй, залымдар, бәлеге қалғыр, – деді.
Дарбазаға Мансұрды келді айдап,
Қазық қағып мойнына қойды байлап.
Хабаршыға бір адам және қойды,
“Ұрып өт” деп айтуға болды айғақ.
Қамшы, балта, таяқ пен мылтық, қылыш,
Қолында қайсысы бар, кетпес тыныш.
Мұныменен жеті күн және тұрды,
Бірін залал Құдайым қылмады һеш.
Және бір сөз риуаят
Мен айтайын, құлақ сал.
Кереметін көріңдер,
Әні халім, әні хал.
Жіберген тас, атқан оқ,
Ұрған ағаш һәммасы
“Әна – әл-Хақ” деп қылды зар.
Мұны көріп молдалар
Қатты қайран, болды дал.
Шейх Зуннун дейтұғын
Мансұрдың пірі бар еді,
Өзі әулие, өзі кемел.
Біздерше тағам ішпейді,
һәрдайым жазда ауқаты
Жасайды екен шөптен бал.
Әулиелер сәруары
Мансұрға өзі қарайды.
Сол уақытта жаз еді,
Сейіл қып бақта жүр еді.
Олардың тойға барғаны,
Бақта сайран қылғаны.
Бақтан алып бір гүлді,
Қайтып жолға кіреді.
Келе жатса шаһарға,
Алдында Мансұр тұр еді.
Мансұрға жақын келгенде,
Күзетшілер айтады:
– Ұр деді-ау,– деп,– Мансұрды.
Әулие кейін тайқыды.
– Иә, шейхім, әулие,
Патшамыздың бұйрығы –
Қолында не бар болса,
Ұрсын, – деген, – Мансұрды,
Сіз де ұрсаңыз қайтеді.
Зуннун Мысри ер уәли,
Ұрмас еді Мансұрын,
Өзінде болса қиялы.
“Қарсылық бар ма патшаға,
Ондай болса ұралы”
Деп қасына келеді,
Мансұрдың халін көреді.
Батин сарман ішінен
Сөйлесе сонда береді.
– Құтлық болсын дар, – деді,
Уайым қылмақ бұ істі
Сіздердей ерге ар, – деді.
Не қылса тағдыр егесі,
Жаратқан Тәңірің бар, – деді.
Мұны айтып гүлменен
Жылғап қалды ақырын.
“Қатты тиді мұның” деп,
Жылады Мансұр: – Иә, пірім,
Неге ұрдыңыз сіз мені,
Білуші едіңіз сырымды.
Шоқпардай қатты тиді ғой
Гүлменен мені ұрғаның.
Жаман өтіп кеткен соң,
Шыдамай жылап тұрғаным.
Мынау жұрт бәрі залымдар,
Білмес еді сыр-халім.
Біле тұрып дертімді,
Неге мені ұрдыңыз,
Ақыреттік қорғаным?!
Есіткен соң әулие
Ер Мансұрдың сөзіні,
Сынаптайын толықсып,
Тыя алмай өзіні,
Жүре берді қасынан
Жылап сүртіп көзінің.
Және тұрды жеті күн,
“Әна – әл-Хақ” деп дем ұрып.
Халайық бәрі көреді,
Өлтіре алмады жан ұрып.
Жол білмеген ғалымдар,
Сырын білмес залымдар,
Жүр еді бәрі таң көріп.
Ұлық-кішік ахундар
Жиылысып тағы да
Падишаға бардылар,
“Өлмеді” деп Мансұрды,
Сөздерін баян қылдылар.
Олай болса патша айтады:
– Отқа салып күйдір, – деп,
Әбден күйіп болған соң,
Келіге салып түйдір, – деп.
Ұндай майда болған соң,
Ұшырып жібер желменен,
Айтпаңдар енді маған кеп.
Бұлайша хүкім қылады,
Өлмес пе екен сонда да,
Отыныңды жидыр, – деп.
Халайықтар неше күн жиды отын,
Жиып болып от қойды, шықты түтін.
Мансұрға болысатын бір адам жоқ,
Мысырдың шаһарында жүмлә бүтін.
Ер Мансұр көрді сонда мынау кепті,
“Күйермін, уа, дариға, енді” депті.
Қол-аяғын босатып, отқа ап келді,
Оларға сонда Мансұр арыз етті.
– Піріме арыздасып кетейін мен,
Армансыз дүниеден өтейін мен.
Пірімді шақырайын осы жерге,
Моде ғама көңілдегі жетейін мен.
Піріне кереметпен хабар қылды,
Мансұрға пірі қазір жетіп келді.
Әулие шейх Зуннун жетіп келіп,
– Шырағым, хал-жайың қалай? – деді.
Пірінің қойды аузын құлағына,
Бұлардың болдым жаман сынағына.
Піріне айтты Мансұр сырын:
– Бұ сөзім, тақсыр, саған ұнады ма?
Күйермін отқа мені салғаннан соң,
Келіңіз жанып, күл боп қалғаннан соң.
Мынау көлге тастаңыз сүйектерім,
Қолыңа әбден жиып алғаннан соң.
Жалғыз басым сүйегін қойғын сақтап,
Кетеді елді сонда дария қаптап.
Бас сүйегім майда ғып суға шашқыл,
Халайық ғарық болмасын Құдай сақтап.
Мынау көл онан кейін дария болар,
Ақпай тұрса ол суға дүние толар.
Залымдар кесапаты жұртқа тиіп,
Бұ шаһар барша жұрты ойран болар.
Мансұрдай отқа салды асыл ерді,
Мансұрдың жарандары келіп көрді.
Молдалар қуанады бәрі ақымақ,
Сәждеде от ішінде жанын берді.
Ер Мансұр жанып кетті отқа күйіп,
Жаратқан ол ерлерді Құдай сүйіп.
Шейх Зуннун әулие оттан келіп
Сүйегін ер Мансұрдың алды жиып.
Бастан өзге сүйегін салды көлге,
Су тасып қарқын болып келді елге.
Енді біраз кідірсе шейх Зуннун,
Ол шаһар кетпек болды бәрі селге.
Бас сүйегін ұн қылып қолына алып,
Сонан соң суға шашты Зуннун барып.
Құданың құдіретіне қараңыздар,
Су жөнелді дария боп төмен ағып.
Барша жұрт қалды аман, сау-саламат,
Мансұрдан болды сондай бір карамат.
Басының күлі ол суда көбік болды,
“Дария Ніл” деп ол суға қойылды ат.
Ол көбік “Әна – әл-Хақ” деп сөйлеп жүрді,
Суға келген адамдар оны көрді.
Бұрынғы көлден алған арықтар бар,
Патшаның арығына ағып кірді.
Патшаның ағып кірді шарбағына,
Бармастан өзге арықпен жан-жағына.
Бақ ішінде хауызға келіп түсті,
Құданың құдіретін көр тағы да.
Ол жердегі шаһары Халаб шаһар,
Құдайым патшасына қылды қаһар.
Патшасының бар еді жалғыз қызы,
Тағатқа машғұл еді ләйлі-наһар.
Шарбаққа барды ол қыз бір күн тұрып,
Бақ ішін аралады кезіп жүріп.
Бір ағаш саясында отыр еді,
Бір қызға “су әпкел” деп қылды бұйрық.
Бір қыз сонда жүгіріп суға барды,
Қолына су алмаққа шелек алды.
Суда жүр тостағандай жасыл көбік,
“Әна – әл-Хақ” деп айтады, қайран қалды.
Көбікті қыз қуады көргеннен соң,
“Әна – әл-Хақ” деп сөз сөйлеп жүргеннен соң.
Көбік қашып ол қызға ұстатпады,
Жылады әбден шаршап өлгеннен соң.
Қыз сонда хан қызына қайтып келді,
Көргенін асып-сасып айтып келді.
– Әй, ханша, тақсырым, хауыз ішінде
Тамаша бір іс көрдім, көргіл, – деді.
Хан қызы тұра сала өзі келді,
Көбікті хан қызының көзі көрді.
Көп қыздар жан-жақтан қол созады,
Алдына ханшаның жетіп келді.
Көбікті көрген қыздың іші күйді,
Созғанда хан қызының қолы тиді.
Көбікті алып аузына қағып салды,
Сол уақта хан қызының бойы иді.
Көбікті аузына салып жұтып қойды,
Тәнінің бәрі балқып, қарны тойды.
Құданың құдіреті таңғажайып,
Хан қызы онан кейін хамле болды.
Анасы қыздың халін бір күн көрді,
Қызынан “не қылдың?” деп жауап сұрды.
Қайран боп қыз бейшара үндей алмай,
Алдында анасының жылап тұрды.
– Әй, ана, өлсем едім мұнан дағы,
Тәңіріге аян сыр-көңілім, жолым ағы.
Бір күн мен баққа бардым хауыз басына,
Қасыма қырық қызды алдым дағы.
Әй, ана, бұ сөзімді білгіл рас,
Суда көбік бар екен, елден сұраш.
Айтады адамдайын “Әна – әл-Хақ” деп,
Көрген соң ақылым танып, ұрдым құлаш.
Алдыма жетіп келді, қолға тұттым,
Қолыма түскеннен соң алып жұттым.
Құданың құдіретімен жұтқан халде
Бойым балқып, ақылым танып кеттім.
Бұ дертті берді Тәңірі сонан бері,
Ей, ана, өлтір мені, қойма тірі.
Анасы құп данышпан адам екен,
“Үшбу іс, – деді, – балам, Хақ тағдыры”.
Қыз ұялып ел-жұрттан жылай берді,
Көл қылып көзінің жасын бұлай берді.
“Тамам жұртқа масқара қылғаныңша,
Жанымды алсаң нетті, Құдай” деді.
Қызға сонда тоғыз ай жақындады,
Жылаудан күндіз-түні бір тынбады.
“Жұрт есітсе масқара болармыз” деп,
Бұ сырды ханға ханым баяндады.
Хан сонда мұны естіп жаман састы,
Ханыммен қайтеміз деп ақылдасты.
“Әгарда мұны өлтірсек қанын жүктеп,
Мұнымыз Тәңірі алдында жарамас-ты.
Әгар үйде тудырсақ, болады ұят,
Есітпей қалмас, сірә, көп жамағат.
Сандыққа сап, дарияға жіберелік,
һеш адамға білгізбей, қылалық бат”.
Хан мен ханым бұ істі мақұл көрді,
Ұсталарды даярлап жидырды енді.
Іші алтын, сырты ағаш үш кез сандық
Үстіне терезе сап қылдырды енді.
Жасатып ол сандықты болды дейді,
Ішіне қызды алып кеп салды дейді.
Көп нығмет, көп қазына бірге салып,
Түнде алып дарияға келді дейді.
Сандықтың махкам қылып аузын жапты,
Су өтпес қып балауыз, мұндар жақты.
Сандықты суға салып амандасып,
Екеуі ата-ана үйге қайтты.
Жылайды ата-анасы іші күйіп,
Ұялғаннан жіберді көзі қиып.
һеш адамға білгізбей қайтып келді,
Жылап-жылап көзінің жасын тыйып.
Сандықпен қыз кетеді жылай-жылай,
“Қандай күйге салдың, – деп, – Жаппар Құдай”.
Сандықтың үсті айна, іші гауһар шам,
Барады ағып кетіп күн-түн тынбай.
Неше күн сандық суда жүрді ағып,
һеш бәлеге жолықпай Құдай қағып.
Қыз “Алла һуа” деп Тәңіріге сәна айтады,
Демейді бұлайша боп кеттім нағып.
Сандықта қыз жатқалы көп күн болды,
Сарғайып қайғыменен жүзі солды.
Дарияның аяғында Бағдат шаһар,
Тұсына сол Бағдаттың жақын келді.
Ол шаһарда бір балықшы болушы еді,
Қармақпенен балықты аулаушы еді.
Қармақ салып һәр күні отырғанда,
Құдайға мінәжат қып налушы еді.
– Құдай-а, малым да жоқ, балам да жоқ,
Менен өзге адамның көңілі тоқ.
Ерлі-қатын бір балық ауқатымыз,
Сенен өзге және панам да жоқ.
Бұ күні дарияға тағы келді,
Отырып дарияға көз жіберді.
Үйдей болып жарқырап келе жатқан
Көз ұшында дарияда нәрсе көрді.
Қасына сандық келді жақын ағып,
“Не нәрсе” деп қадалып тұрды бағып.
Су шетіне жеткенше шыдай алмай,
Балықшы дарияға түсті қарғып.
Сандықты дариядан ұстап алды,
Тұтқадан жіп өткізіп тыстап алды.
Су шетіне шығарып абыр-сабыр,
Арқалап үйге қарай тура салды.
Бұрын бала жоқ, қатыны жүкті еді,
Сандықты алып балықшы үйге келді.
Келсе, қатыны босанып, ұғыл тауыпты,
“Құдай-а, бергеніңе шүкір” деді.
Сандықтың үстін бұзып аузын ашты,
Бар Құдай пендеге нәсіп шашты.
Қараса, күндей толқып бір қыз отыр,
Қуанғаннан көзінен төкті жасты.
Қыз қолында бір ұғыл бар, өзі нұрлы,
Сандықта қазына көп һәрбір түрлі.
Жалғыз сандық бағасы жүз жылқылық,
Жасаған іші алтын неше түрлі.
Қыз көбікті аузынан жұтып еді,
Бойына сонда бала бітіп еді.
Ұғыл тағы түсіпті ауызынан,
Мансұрдан қалатұғын тұқым еді.
Той қылып екі ұғылдың атын қойды,
Дүниеге келді-ай, байғұс көңілі толды.
Бар Құдай бір-ақ күнде жарылқады,
Шүкір қылып қайғының бәрін жойды.
“Әмір” қойды өз қатыны тапқан ұғлын,
“Ат аспаннан” деген бар, мұны білің.
Шаһ қызынан туғанды “Несіп” қойды,
Екеуін құрдас қылды тағы жылын.
Ойнап-күліп екеуі қатар өсті,
Бірі-біріне жаман сөз айтпас, әсті.
Әмірдің басы жара, таз болыпты,
һешкімге көрсетпейді қотыр басты.
Екі бала сегіз жасқа келіп жетті,
Атасы оқытуға молдаға елітті.
Екеуі қырық баламен сабақ оқып,
“Әптиек” сүресіне келіп жетті.
Бір күн Несіп Әмірге: – Аға, – деді,
Менде жоқ осы күнде баға, – деді.
Сіз боласыз Бағдаттың патшасы,
Ұмытып осы сөзді қалма, – деді.
Сіз патша боласыз жұртты басып,
Мен диуана болармын көтімді ашып.
Уа, Алла Тағалам, бұ сөздің қатасы жоқ,
Өлтіресіз сіз мені дарға асып.
Терімді өлгеннен соң сойдырасыз,
Көзімді пышақпенен ойдырасыз.
Теріме тұлып қылып сабан тығып,
Қайтадан дарға асып қойдырасыз.
Әмір сонда “аһ” деп түрегелді,
Соңынан “иншалла” деп жауап берді.
– Әгар мен патша болар заман болса,
Жақыным сізден басқа кім бар? – деді.
Тақтыда екеуіміз отырармыз,
Көңілге махаббатты толтырармыз.
Арызшылар келгенде алдымызға,
Ақылдасып һәрнені келтірерміз.
Мұны айтып Әмір тазша уағда қылды,
Қасам ішіп сол жерде көп қынжылды.
“Не болды, інім, маған сені өлтіріп”,
Деп Әмір Несіп сөзін жалған қылды.
Несіп сөзін қоймады күнде-күнде,
Екеуі бірге жүреді күндіз-түнде.
“Әйтеуір, сізден өлем” деп қоймады,
Ажалға себебім жоқ, әсті, һешкімде.
Ант ішіп Әмір сонда Құран қосты,
“Өлем, – деп, – сізді өлтірмей” тастан ұшты.
Ажалсыз адам һәр кез өлмейді екен,
Жығылмай ойға барып тіке түсті.
Онан жүріп келді де, үйге кірді,
Бір диуана мектепке бірге кірді.
Сабақтағы баланың бәрін көріп,
“Бір әулие ұғыл бар” деп жауап берді.
Ойланды молда соны білейін деп,
Бір ақыл сынамаққа қылайын деп.
Диуана кеткеннен соң түрегелді,
Балаларды бір-бірлеп сынайын деп.
Балаларға береді бір біз, пышақ,
Балалар толып жатыр ірілі-ұсақ.
Және бір боз, қолдарына тауық берді,
“Жасырып бауыздап кел” деді қижап.
Балалар бір-бір тауық алып кетті,
Бәрі де жасырынып бауыздапты.
һәрқайсы һәрбір жерде тасаланып,
Бауыздап молдасына қайтып кепті.
Несіп жоқ, өзге [бала] қайтып келді,
“Бауыздадық, тақсыр” деп айтып келді.
Балалардан сұрады: – Несіп қайда?
“Бекер жүр” деп балалар жауап қылды.
Сол уақта Несіп тағы келді жетіп,
Соң келді, балалардан бұрын кетіп.
Тауығы бауыздаусыз тірі келді,
Сұрады молда сонда жауап етіп.
– Әй, балам, – молда айтады, – тауық тірі,
Тірі ап келген жоқ өзге бірде-бірі.
Несіп сонда айтады молдасына:
– Жоқ екен, аслан, Тәңірі көрмес жері.
Жасырдым өзге жанға көрсетпей-ақ,
Тауықтың алқымына пышақ таяп.
Тәңірі көрмес бір жерді таба алмадым,
Тақсыр-ау, келгенім жоқ тауықты аяп.
Бұ сынақтан молдасы біле алмады,
Әулие деп ықылас қыла алмады.
Ол диуана тағы айтты жетіп келіп:
- Әй, молда, бала қалай сыналмады?!
Молда тағы ойланды бір ақылды,
Балалардың бәріне жарлық қылды.
– Отсыз отын жандырса керемет, – деп,
Бір-бір құшақ отынды ап кел, – деді.
Балалар бәрі отын келтірділер,
Медресені отынға толтырдылар.
Суық пешке салады отындарын,
Жанбаған соң ап тастап отырдылар.
Қолжазбадан аударып дайындаған; Сейіт Омар Саттарұлы
Басы: Соңын мына сілтемедее оқисыздар