Білген Шайыр айтады

Өмір туралы өлең

Айқожа ишан мұрасынан

Жиырма, отыз өткізген,

«Жүйрік пен жорға міндім» дер.

Қырық, елу барғанда,

Қой қайтарар сүмеңдеп.

Алпыс, жетпіс барғанда,

От басына төсемес,

Алашасын кілем деп.

Сексен, тоқсан барғанда,

Өз баласын танымас,

Сықсиып қарап, «кім ең?» деп.

Қозғалар болса құлайды,

Қалт-құлт етіп жүрем деп.

Көрінген иттер жүгірер

Оған қарай үрем деп.

Сол жотаға келгенде,

Ойламайды бұл пенде,

«Таусылды өмірім, өлем» деп.

Сендер үшін мен отырмын,

Шыңырауды шегендеп.

Дүние алып қалмайды өлімнен

«Жинаған мені сен ең» деп.

Алланың келсе құрығы

Екі аяқ қалар тереңдеп.

Сол секілді дүниенің

Несіне жүрміз елеңдеп.

Тұрмастай етіп көмеді,

Қазат та жерді тереңдеп.

Өлгеннен соң басыңа

Бір аяқ асты алдырар,

Осыменен бейшара,

Таусылды енді керең деп.

Артта қалған адамның

Бар келгені қолынан

Құран оқып, қол жайып,

Үйлеріне қайтысар,

«Заманында бейшара,

Сенде тәуір ер ең» деп.

Бұл өлең Айқожа ишанның ұрпағы Амит ишанның ұлы Караматтың жазбаларынан алынды. Өлеңнің авторы туралы айтылмаған.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button