Жарық нұрдың сәулесі

Зарбап ана – Есіл бойындағы қасиетті ескерткіш

Бұл мақаланы Түркістан шаһары Қожа Ахмет Йассауи музей-қорығында қызмет жасайтын іні-қарындастарымыздың ұсынысымен дайындап, жариялап отырмыз.

Зарбап ана- Есіл бойындағы қасиетті ескерткіш

Сарыарқа өркениетінің қос өзені

Қазақ эпикалық жер-су атауларының ішінде Сарыарқаның ұсақ шоқыларынан бастау алып, Нұр-Сұлтан қаласына қарай қатар ағатын Есіл-Нұра өзендерінің орны бөлек. Бұғылы –Тағылы өңірінен Талды Нұра, Қарқаралы-Керегетастан Шерубай Нұра болып бастау алатын Нұра өзені Сарыарқаны шығыстан батысқа қарай кесіп, жолда Қорғалжын қопасын дәл ортасынан қақ жарып, Теңіз көліне құяды. Нұраның барлық ұзындығы мың шақырымға жетпейді, соған қарамастан қазақтың қарияларының айтуына қарағанда бір өзіне жеті жүз өзенше құяды. Есіл өзені болса Сарыарқаның солтүстік қырында орналасқан Жақсы Нияз және Жаман Нияз тауларының ортасынан өз бастауын алады да, Ақмола облысының Аршалы, Целионград, Астарахан, Атбасар, Жақсы, Жарқайың аудандарын аралап, одан Ресей жеріне өтіп екі мың бес жүз шақырым жүріп келіп, Түмен қаласының түбінде Ертіске қосылады.

Есілдің басталатын жері аса биік емес, Сарыарқаның қарапайым ұсақ шоқылары қатарына жататын Нияз тауларының баурайы. Қалың шалғын, жамырай аққан бұлақ, нағыз жылқы малының жайылымы. Бетеге мен көде, жауылша мен шағыр, жусан мен изен аралас өскен, бейне бір қалы кілемдей. Есіл мен Нұра Сарыарқаның қос алқасы сияқты, екеуі қатарласа, жарыса ағып, қалың қазақтың нәсібесін ашып, Нұр-Сұлтан қаласынан аса бере бірі оңға, бірі солға бұрылып кетеді. Осы қимастықтың, екі арадағы жарастықтың белгісіндей екі өзенді қосып тұрған Қозыкөш аталатын кішкентай өзенше Мұқыр, Қарасу деген салаларымен Нұр-Сұлтан қаласынан Қорғалжынға қарай жол тартқан жүргіншінің алдында жатыр. Сарыарқаның екі өзені Есіл мен Нұра Нұр-Сұлтан қаласы маңында бір-біріне қырық шақырымға дейін жақындайды, яғни ерте кезде жазғытұрым су тасығанда екі өзен бір-біріне қосылып кетеді деген сөз.

Тарихи тұрғыдан адамзат баласының көне мәдениеттері қос өзендермен (Тигр-Эфрат, Инд-Ганг, Хуанхэ- Янцзы, Ніл атыраулары) байланыстырылатынын ескере отырып, дала эпикалық мұрасында ерекше орын алатын Есіл мен Нұраны «Сарыарқа өркениетінің қос өзені» деп атауға болады.

Қос өзен арасындағы эпикалық атаулар

Есіл мен Нұра өзендері аралығындағы шұрайлы өңірді, яғни Сарыарқаның негізгі бөлігін алып жатқан Ақмола облысы аумағы эпикалық топонимдерге бай. Біз бұл ұғымға тек тарих сынынан өткен жер-су атауларын ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының эпикалық жадында алтын әріптермен жазылған, ауызша дәстүрі мен дүниетанымдық түсініктеріне кіріккен атауларды енгіземіз. Эпикалық топонимдер батырлық және лирикалық жырларда, ертегі-аңыздарда, әндер мен күйлерде туған жер ұғымын қалыптастыратын негізгі құндылықтар ретінде біздің рухани мәдениетімізде, сакралды кеңістігімізде ерекше орын алады.

Мысалы, Қараөткелден Көкшетауға қарай шыққанда жолаушының алдынан, жолдың сол қанатынан бірінші кездесетін елді-мекендердің бірі – Бозайғыр. Біз қазіргі Аршалы ауданы аумағындағы Аюлы тауын да эпикалық топонимдер қатарына қосамыз. Оның бір себебі Аюлы атауы «Абылай аспас Арқаның Сарыбелі, Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі, Қырық мың жылқы су ішсе лайланбайтын, Аюлы мен Нияздың Қаракөлі» атты ХХ ғасыр басындағы өр ақын Иманжүсіптың жыр шумақтарынан көреміз. Жергілікті елдің қариялары Аюлы атауын жаугершілік уақытпен байланыстырады. Олардың пікірінше жазық дала ортасындағы бұл тау қарауыл қарауға ыңғайлы, сол себепті оның үстінде жау келген кезде өзге жұртқа белгі беріп от жаққан.

Ақмола облысындағы эпикалық жер атауларының қатарына біз қазіргі уақытта «Хан жолы», ауызша дәстүрде «Абылайдың қара жолы» аталатын тарихи нысанды да қосамыз. Жергілікті қариялар «Абылайдың қара жолы» атаған меридиандық бағыттағы көне заманнан бері келе жатқан керуен және елшілік жолы Қызылжар маңынан басталып Есілді Қараөткелден кешіп өтіп, одан Қорғалжын арқылы Ұлытауды басып өтіп, Созаққа бір тоқтап, Қаратау асып Түркістанға келеді, одан әрі Ташкентке жетіп жығылған. Бір қызығы «Хан жолы» деген тарихи-эпикалық ұғым саха-якут халқының ауызша дәстүрінде де кездеседі, осыған қарап солтүстік пен оңтүстікті қосқан Ұлы меридиан жолын тым ерте заманда біздің ата-бабаларымыз «Хан жолы» деп атамады ма екен ?!

Қасиетті топонимиялық нысандар Есіл бойында, астана іргесіндегі Күйгенжарда аз емес. Бұл жерде ертеде Әз Тәуке ханның жазғы сарайы орналасқан қалашықтың ізі бар, ал осыған таяу өткелді ертеде «Алтай-Қарпық өткелі» атаған. Белгілі өлкетанушы Клара Әмірқызы «Күйгенжарда …қасиетті, киелі жер деп аяқ бастырмайтын бір шұңқыр жер сақталған» дейді (Әмірқызы, 2001, 28-б).

Күйгенжар мен Мичурино арасында Ақтүбек аталатын ертеден белгілі жайлы қоныстар бар. Бұл маңайда тарихи оқиғалармен немесе тарихи тұлғалармен байланысты киелі топонимдер баршылық. Соның бір мысалы – Қарасу (Шонай ауылы – Құтпан қаратоғайы), Қопа қажы ауылы (Новоалександровка, қазір Жібек жолы атанады), одан төмендеу жүрсек Есілдің ағысын бойлай «Мейрам қарасуы», «Алтай қарасуы» аталатын тарихи жер-су атаулары кездеседі.

Есілдің бойындағы Қараөткел қазіргі күні Қазақ мемлекті өзінің туын тіккен қара шаңырақ.

Еуразия халықтарының басынан өткен тарихы мен тереңге бойлаған дәстүр салтынан сыр шертетін эпикалық топонимдердің бірі де бірегейі деп Еуразияның ең көне және ғажайып эпосы «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жырына енген Домбыралы, Моншақты тауларын атаймыз. Екі тау да далалық аймақ ортасында тұрған күмбез сияқты, «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырында қазақ даласының, тіпті онымен шекаралас Еуразия аймағының ең шоқтықты, белгілі, қасиетті жерлері аталатыны оқырманға белгілі. Бұл жерде Су аяғы Құрдым да, Мұз теңіз (Солтүстік Мұзды мұхит), Бетпақтың шөлі де, Жетісу мен Түркістан да, Еділ мен Жайық та бар. Жырдағы ең бір әдемі топонимиялық сюжеттер Айбас серінің Баян сұлудан Қозы көрпешке қара аттанған саяхатына байланысты кездеседі:

Айбас аттан түсіп, жата қалды,

Бақа айғырын суытып, демін алды.

Баянның домбырасы ұмыт қалып,

Домбыралы -Моншақты содан қалды

(Қозы Көрпеш –Баян сұлу», Шөже нұсқасы,2002,292-341 бб).

Ақкөлден Бурабай бағытында жүрсеңіз алдыңыздан Барап, одан Меңіреу қарағай атты эпикалық атаулар шығады. Әкімшілік тұрғыдан бұл жерлер Ақмола облысы Бұланды ауданы. Аудан орталығы Макинск қаласы орналасқан жер деректерге қарағанда ертеде Аю төбе атанған, оны қайтару күн тәртібіндегі мәселе.

Хан төбе – Зарбап ана

Есіл өзені астанадан аса бере оңтүстік-шығысқа қарай бұрылады. Жергілікті қазақтың үлкендері Есілдің қиғаштап Атбасардан Жарқайыңға дейінгі аққан ұзына бойын Көлденең Есіл деп атайды. Өзен бойы толған переселен қоныстары, әрине, байырғы жер-су атаулары да ұмытылған. Өткен жолы Семеновка ауылында ұрысып-таласып жүріп байырғы атауы Қараменді батырды қайтарып алдық. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында бұл жерде бекет болып картаға түскеннің арқасында бізге дәлел болды.

Қарамендіден асқаннан кейін Атбасарға дейінгі жер-су атаулары әлі баяғы қалпында жатыр. Өкініштісі жер-су атауларымен бірге Ұлы дала тарихының қасиетті ескерткіштері де не жойылған, не ұмытылған. Көлденең Есілдің өңірінде әлі де анықтай түсетін қасиетті жер-су атаулары көп. Бұл әсіресе Совет заманында орыстанған тың игеру аудандарына қатысты. Осы өлкені мекен еткен бүгінгі ұрпақтың арасынан өлкетану шаруасына ие болатын адамның шыққаны керек–ақ. Өлкетанушының міндеті үлкен тарихи жаңалық ашу емес, оны кәсіби тарихшылардың өзі де жасай алмайды. Басты міндет елдің есінде әлі өшпеген, бар тарихты- тарихи оқиға мен тұлғаларды түгендеу. Бұл тарих қағазға түсіп, қатталып мұрағатта жатқан дүние емес, бүгін қариялар бар кезде жасалмаған шаруа ертең кеш болмақ.

Тарихи ескерткіштері жаңа ғана елге таныла бастаған, жұмбақ ауданның бірі, негізгі аумағы өзеннің оң жағасында жатқан Есіл ауданының шекарасына Атбасардан асқан соң ілігеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Есіл ауданының жерінде қасиетті кеңістікке қатысты бірнеше ескерткіштер анықталды. Біз экспедициялық жұмыстар кезінде аудан аумағында қасиеттілігі кәміл деген бірнеше ескерткіштермен таныстық. Олар жұртқа белгілі деп айтуға келмейді және зиярат практикасы жоқ, дегенмен тарихи аңыздары дерек есебінде аса маңызды.

Біздің назарымызды өзіне ерекше бұрған ескеерткіш біреу, ол Есіл ауданының орталығы Есіл қаласының солтүстігінде он-он екі шақырым жерде Есіл өзенінің саласы Қызысу жағасында Хан төбе аталатын биікте орналасқан Зарбап ана қорымы. Өкінішке орай жергілікті аудан жұртшылығының ішінде бізге Хан төбенің тарихын айтып бере алатын адам табылмады. Қазіргі күні төбе маңында, Қызылсудың шығыс жағасында қоныс тепкен ауыл «Свободное» деп аталады. Бұл жердің қасиеттілігінің негізгі дәлелі осы төбенің басындағы Зарбап ана атты қорым болғанымен жергілікті ел көп уақыт дәл осы Хан төбенің етегіне әкеліп төккені қынжылтады. Осыдан-ақ Көлденең Есіл бойындағы сакралды ескерткіштердің жағдайын шамалай беріңіз.

Аңыздарға қарағанда Зарбап ана Қожа Ахмет Йассауи әулетінен, Түркістаннан Сарыарқаға сегіз жасында келген-мыс. Жергілікті өлкетанушылар оның қалай, не себепті келгенін айтып бере алмайды. Көбінесе «батыр бабаларымыздың бірі алып келген шығар» дейді.

Жаугершілік заманда жұбайы Саполат қайтыс болып Зарбап ана Шәйгөз, Баржақсы деген шиеттей екі ұлымен жесір қалады. Жұпыны күн кешіп жүрген Зарбап ана бір күні далада тезек теріп жүріп бір тал шидің түбінен бие сауатын көннен істелген көнек тауып алады. «Е, бұл Алланың берген несібесі» деп ырымдаған Зарбап үйіне үлкен үмітпен оралады. Расында да содан бастап бастарына мал бітіп, аз ғана уақытта сауын биенің саны жүзге жетеді.

Бір жылы ауылды жау шауып желі басында тұрған жүз құлынды биені де, басқа малды да айдап жөнеледі. Шәйгөз бен Баржақсы жауды қуамыз дегенде аналары «Мыналардың беті қатты, біреуің жазым боларсыңдар, екеуіңнің де бұғаналарың қатқан жоқ. Құдайдың өзінің берген дәулеті, бұйыртса келер» деп жібермейді.

Зарбап ананың күнделікті дағдысы, тауып алған көнекпен таңертең биенің бас сауымын өзі сауып алады екен де, көнекті жуып, кептіріп, сандыққа салып қояды екен. Үйге кіріп кеткен Зарбап ана сандықтан көнекті алып, ауыл шетіне шығып «Құру, Құру» деп көнекті басынан аса көтеріп, үш қайыра былғайды. Сол заматта жау қуып бара жатқан жылқының үстін қою қара түнек басып, қараңғылық орнайды. Жылқы қуғыншыларға бой бермей ауылына қашады да желінің басына қайтып келеді. Қуғыншылар үш рет қуады, үш ретінде де жылқы қайтып келеді. Не істерін білмей ауыл сыртында найзаларына сүйеніп тұрған жауына келіп Зарбап ана «Балалар аттан түсіп, аяқ суытып, сусын ішіңдер» дейді. Тәңірдің ісіне таң қалып тұрған жігіттер аттан түсіп үйге беттепті. Оларға қонағасы деп Зарбап ана ту бие сойып күтіп, қолбасшыларына ат мінгізіп, қалғанына шапан киігізіпті-мыс (Бабалар аманаты, 2010).

Біз Ақмола облысы Есіл ауданы сияқты онша аты шыға қоймаған қарапайым әкімшілік бірліктен бір аумақта орналасқан екі бірдей қасиетті атауды кездестіріп отырмыз. Оның бірі – қазақтың хан әулетінің тарихына, яғни қазақтың саяси тарихына қатысты Хан төбе болса, екіншісі қазақтың қожа әулетіне, яғни Йассауи мұрасы сияқты рухани құндылықтары мен насаб-намасына қатысты Зарбап ана.

Тәпсір жасап көрсек

Біріншіден, біз «Хан төбе» атауы Қазақ хандығы заманында ұлан –асыр ас өткізіліп хан сайлануына байланысты деген пікірдеміз, яғни Хан төбе басында ақ киізге салып хан көтерілген төбе. Мұның бір дәлелі қазақтың соңғы ханы Кенесарының ақ киізге көтерілген жерінің «Хан төбе» аталып кетуі: «Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дайтын жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы басы арғын Шеген би болып ақ киізге салып хан көтерген» (Сәтбаев Қ. Қарсақбай ауданының күйі//Жаңа мектеп,1927. №5. 75 б).

Есіл бойындағы Хан төбеде кім хан болып көтерілді, оны анықтау біздің болашақтағы міндетіміз.

Екіншіден, Зарбап ана қасиетті орыны Ұлы дала мен Түркістан аймағының ортағасырлық рухани тарихымен байланысты деген пікірдеміз. Зарбап ана Қожа Ахмет Йассауи ұрпағынан қазақ жерінің солтүстік далалық бөлігінде ғажайып із қалдырған тұлға. Бұл тақырыпты бұдан әрі зерттеу ислам дінінің, соның ішінде Қожа Ахмет Йассауи ілімінің қазақ жеріне тарау барысын сарапқа салуға, ой түйуге мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Зарбап ана аңызындағы- көннен істелген көнек, жүз құлынды бие, жылқы қуғыншылары, жаугершілік пен қонақжайлық Ұлы дала тұрғындарының ежелгі замандардан, тіпті сонау Ботай мәдениеті пайда болған энеолиттен мұраға алған құндылықтары. Мұны біз этнографияда «жылқы культі құндылықтары» деп атаймыз. Біздің ойымызша Қожа Ахмет Йассауи ұрпағы Зарбап ананың бұл аңызда жылқышылық культімен байланысты болуы терең мағыналы, салмақты зерттеуді қажет ететін құбылыс.

Төртіншіден, Зарбап ана атының өзінде екі түрлі ұғым бар. Оның біріншісі бәрімізге түсінікті «зар» сөзі болса, екіншісі «бап» біз жақын арада жазғандай исламға дейінгі тәңірішілдік дәуірден келе жатқан сөз. Саха тілінің қорында «бап» сөзі Тәңірінің бір аты: «Бап = баф, бах (бапъ таңара) – идолъ, делаемый из гнилого дерева въ честь какого-либо духа, насылающего болезни (Э.Пекарский, cт.2551). «Бап» атауы Отырар алқабындағы Арыстан бапта («Арыстан бапта түне, Әзіреті сұлтаннан тіле»), сонымен бірге мәтелге айналған «Сайрамда-сансыз бап, Түркістанда- түмен бап..» .

Бесіншіден, Зарбап ананың ұлдары Шәйгөз бен Баржақсы Орта жүз құрамына кіретін іргелі алты тайпаның бірі Уақтан тарайтын үлкен аталардың атаулары. Оларды күні кеше ғана пайда болып еді деп ешкім айта алмайды. Егер де Зарбап ана аңызындағы Шәйгөз бен Баржақсы Уақтың құрамындағы рулар болса, онда бұл тарихтың тамыры ерте замандарға бастайды.

P.S/ Алтыншысын ұмытып кетіппін, Саполат атауына талдау жасау керек. Менің ойымша бұл жерде әуел баста Саполат атауы Са-Болаттан шыққан деген жорамал жасауға мүмкіндік бар. Мысвлы «Едіге» жырындағы Са-Темір сияқты. Са-Болат- не Алтын Орда, не Қазақ дәуіріндегі хандардың бірі болуы ғажап емес

Профессор Ж.О Артықбаев

 

Ұқсас мақалалар

2 пікір

  1. Зарбап ананың күйеуі Самолат та, ұлдары Баржақсы да, Шәйгөз да Уақ руынан емес! Руы Атбасарды мекендеген Қарауыл, Ноғай. Баржақси би болған заманында. Ол туралы жазба деректер өте көп!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button