Жарық нұрдың сәулесі

Әулеттің биік рухы

Бірде жұмыстан келсем сексеннен асқан әкемнің қабағы қатулы екен. Көңіл күйіңіз жоқ қой деп едім, көкірегінде лықсып тұрған бар ашуын сыртқа шығарды: «Көріңде өкіргір Сталин. Біз неге халық жауы атандық? Біз кімге не жамандық істедік? Ойлана, ойлана осыған ақылым жетпеді. Көріңде тік тұрғыр Сталин» деді күйіне. Өмірінде кісіге дауыс көтеріп, артық сөз айтпаған адамның Сталинге ауыр қарғысты жаудыратын себебі де жоқ емес-тін. Зобалаң кезінде Қосым ишанның ұрпақтарының репрессияға ұшырамағаны жоқ. Ишанның бес баласынан тараған отыз екі ұрпағынан аман қалғаны, жалғыз менің әкем – Әбдіразақ, Қосым ишанның ұлы Әлмұхамедтің Әбдіуахид деген баласының жалғыз  тұяғы. Ишан әулетіне қырғидай тиген уақытта Шуға көшкен Әлмағамбет бабама сол жерден топырақ бұйырыпты. Оның інісінен туған Мәлліқожа да сонда дүниеден озды. Қызылдардың құрығы Шуға да жеткен соң екі ескекке жүгін  артып, босқындар  Самарқанды бетке алып шығады. «Күндіз бой тасалап, түн қараңғысын жамылып тура 42 күн дегенде Жизақтың тауына шықтық. Сонда барған соң ғана тыныштық таптық» деп, сол күндерді еске алатын әкем. Ол 1978 жылы Өзбекстаннан еліне қайта оралып, Шаяндағы бабасы жатқан қорымнан топырақ бұйырды.

Жарықтық жәкем, қайтыс боларынан бір апта бұрын 1986 жылы 26 наурызда он бірден он бес минут өткенде «Алланың дидарына сапар шегетінін, құдайдан бұйрық келгенін» айтты. «Әкең екі сөйлемейді, қамдана бер» деп, қамығып анам қалды. Содан айтқан уақыты жеткенде, әкем таңғы намазын оқыды. Анам май қатқан, қаймағы алынбаған бір кесе сүт берді. «Ақырғы дәмі» оны ішті. 11-ден 15 өтті дегенде қасына мені шақырып алып: «Калиманы айта бер, аузым-көзім-аяғым ашылып қалмасын, көз көргендерге дұғай салем. Мен ризамын, маған разы болсын. Алла жаннатта  жолықтырсын, Лә иләһә иллаллаһ» д
еді де, жеңіл дем шығарып, дүниеден өте барды.

Көзі тірісінде әкемді төбеме көтеріп, алдында тәк тұрдым, бар жағдайын жасап, мейірімді ұл болдым. Алайда асыл жанның жүрегіне терең үңіле білме
ппін, оның қадір-қасиетін бағаламаппын. Заманның зауалы тосқауыл болды ма, әлде алған білімім басқа жаққа бастады ма, әкемнің рухани биігіне көтеріле алмадым.

Журналист досым Әмзе Айтбекұлымен жақсы сыйластым. Аралас-құралас жүріп әкемізге сәлем беріп біздің үйге жиі келіп-кетіп жүретін. Сондай бір күндерде екеумізден қандай заманда өмір сүріп отырғанымызды сұрады. Тосылып қалдым, «құдайға шүкір, тыныш заман, тоқшылық, партияның көлеңкесінде алаңсыз өмір сүріп жатырмыз» деп күмілжідім. «Бұл өкіметің жақында құлайды» деді әкем. Елу жыл елден қашып, енді келгенде тағы нені бастады дегендей жәкеме жақтырмай қарағанмын. Әкем асықпай сөзін жалғастырды. «Көңілінде иманы, көзінде қанағаты бар адамдардың бәрін атып тастады. Көзінде тойымы жоқ, иманнан ада, қанағатсыз жалаңаяқтарға билік беріп қойды. Ашкөздік бұл мемлекеттің түбіне жетеді. Ол заманды сендер көресіңдер, мен көре алмаспыз» деген еді. Айтылған әңгіме сол жерде қалса керек, кеңес өкіметі ыдырағанда Әмзе досым «жәкемнің айтаны тура келді» деп еске салғаны бар.

Жетпістен асқан жасымда да атадан-балаға жалғасқан әруақты әулетіміздің бар құпиясын түсіндім деп айта алмаймын. Жаратылысы ерек жәкемнің жүрегінің түкпіріне бойлай алмаған да болармын. Оған сананы билеген заман, әке сөзін елемеген жастық та, мүмкін ілімнің таяздығы да себеп болар. Заман демекші, кезінде атеизм туралы лекция оқыған кездерім болды. Не айтқалы тұрғанымды жақсы түсінетінмін, бірақ партияның салғанынан аса алмадым. Дәрісті бастарымда құдайдан кешірім сұрап, іштей «Лә иләһә иллаллаһ» деуге ғана қауқарым жететін. Тегінде, араққа құмар болмасам да, жас күнімде ащы суды ауызға алып қоятынымды несіне жасырайын. Ондайда әкем жатқан бөлмеге жату мүмкін емес еді. Көзімді жұмсам, қылғынып, тұншығамын. Басқа бөлмеге барып жатсам, алқымнан  буындырып, тұншықтырған тылсым сейіліп кетеді. Оның мәнісіне барыппыз ба?! Әкемді халық қатты құрметтейтін. Ауылдың тентегін тиып, ағайынның ауызбіршілігін сақтап отырған қасиетті жан еді. Ел әкемнің айтқанын екі етпейтін. Тіпті, ауылдың қариялары жәкемнің сөзіне тоқтамаған тентекті отырған жерінен көшіріп жіберуге де дайын болатын. Ораза күндері тарауих намазы біздің үйде оқылатын. Бес уақыт намазын қаза етпеген әкем құдайсыздардың торына тұтылғандарға  кешірімшіл болды. Мына бір оқиға әлі есімде. Тәп-тәуір қызметі бар көршіміз Діллабек таң азанынан мұнтаздай киініп алып, кеңсесіне кететін. Кешкісін араққа сылқия тойып алып, үйіне зорға жететін. Аузы арақтан құрғаған күн болған емен. Бірде әкем бесін намазын үйдің көлеңкесінде оқып тұрған. Аржағынан дуал жағалап тәлтіректей басып көршім көрінді. Әкемді көре сала, жалма-жан қатарына тұра қалып сәждеге жығылмасы бар ма?! Мас адамда ес бар ма, орнынан тұрғызуға оқталып едім, әкем жөткірініп, кейістігін білдірді. Содан намаздың оқылып болғанын күттім. Одан соң әкем көршімнің басынан сипап, «айналайын, арағыңды бір күні қоярсың, намазыңды қалдырмай оқи бер» деді. Не болып, не қойғанын түсінбей тұрған көршімнің қолына қалтасынан бес сом шығарып беріп, «мә, мен үшін алып қой» дейді. Сосын маған қарап: «құдай көңіліне ықпал салып, маңдайы сәждеге тигенде қайтарғаның дұрыс емес» деді. Бүгінде сол көршім бес уақыт намазын қаза етпейді. Жаман әдетін қойып кетті.

Әкем уақыттың уытымен осылай алысса, менің қатарластарымның оған қарсы тұруға жігері жете бермейтін. Бірде жұмыс бабымен аудан орталығына келіп, Шаян мешітіне соқтым. Мені көргеннен: «Әй, қожа Бабаңның мешітін арақ қойма еттік, оны өзім ұстап отырмын», деген күпірлігіне қарсы сөз айта алмадым. Қас қылғандай сол арада көптен көрмеген танысымның да жолыға кетпесі бар ма. Содан асханаға айналдырған мешіттің келесі бір құжырасына барып, бір жартыны бөліп іштік. Апталдай азаматтарға бір шиша жұғын болсын ба, келген шаруамды реттеп, осында тұрып жатқан ағам мен жеңгемнің үйіне келдім. Келсем үлкендерден ешкім жоқ екен. Оларды күтіп жатып көзім ілініп кетіпті. Бір кезде есіктер тарс-тұрс ашылып-жабылып, жер қозғалып жатыр деймін. Екі қолыммен жер тіреп, жүремнен отырмын. Бір бұрыштан бабамның сұлбасы көрінді. «Хайуан, қанша рет жүрегіңе қолқа салдым тыңдамадың. Жоқ қып жіберер едім, ұрпағымсың. Енді аузыңа алсаң көрерсің» дегенше болған жоқ, елес жоқ болып кетті. Менде ес жоқ, күбірлеп  кешірім сұрап жатырмын. Әкем өлерінен бір ай бұрын Құран-Кәрімді және басқа кітаптарын тапсырып, «бабаң да үйретті, мен де үйреттім білімсіз емессің. Менде дауың жоқ, әулет жолын ұста, ұстамасаң құдайдың алдында өзің жауап бересің» деп діни кітаптарымен бірге қожалық жолын да табыстаған еді. Содан бері әке аманатына адал болып келемін.

 Біздің әулетіміз арғы жағын айтпағанның өзінде бергі жағында «ортаншы ұл» деп аталған Әлмұхаммед бабамыз Қосым ишаннан тарайды. Шаян жерінде мешіт-медресе салған ағайынды ишандар Қосым мен Құлатай ісін жалғастырған Сейдахмет. Ол 1883-84 жылдары Сейдахмет ишан күйген қызыл кірпіштен 29 құжыралы мешіт-медресенің құрылысын қайта бастайды. Ондаған жылдарға созылған алып құрылысты  Қосымның немересі Аппақ ишан аяқтайды. Тек Шаянда емес, бүкіл қазақ жерінде ислам дінінің тірегі болған ишан отызыншы жылдары бүкіл әулетімен қуғынға ұшырайды. Жала жабылып, үштіктің үкімі шыққан соң ишанды Шаянға алып келіп, алаңға халықты жинаған екен. «Міне, сендерді дінмен алдап жүрген адам. Пітір-садақаны желеулетіп еңбектеріңді қанаған. Енді жүзіне түкірулеріңе болады», – дейді шенділердің бірі екілене сөйлеп. Сонда жиналған қауым қасиетті қарияның бетіне тіктеп қарай алмай, іштей егіле жылап, қоштасқан екен. Содан бері Шаян мешітінде азан айтылмай, медресе шәкірттерсіз қаңырап бос қалады. Имансыздық жолына кедергі болған ислам ағартушыларын қуғынға ұшыратып, құдайсыз өкіметті нығайтқысы келгендер мешіттің әсем ғимаратымен де алысыпты. Оған шошқа қамап, қасапханаға, түрмеге де айналдырады. Ол аздай арақ қойма жасап халықтың санасын тозақтың суымен суарыпты. Иесі кетсе де киесі кетпеген құдіретті мекен жақсы күндерді алдан күтіпті. Бүгінде адасқан ұрпақтың ұлдары бабадан кешірім сұрап, мешіт есігін қайта ашты.

Жалпы, бабаларымыз салдырған ХІХ ғасырдың сәулет өнерінің ескерткіші болып табылатын  ислам шырағының кешенді құрылысы мешіт, дәрісхана, құжыралар бірінен-бірі бөлек салына отырып барлығы тұйық төрт бұрышты бір алаңға жинақталған. Күмбездер күйдірілген қыштардан өрілген. Мешіт және айван бөлігі аркалар арқылы бөлініп, отыз бес күмбез дыбыс күшейткіш  міндетін  атқарған. Күмбездерді қай жағынан қарасада бірінен бірі биік, сатыланып жасалынған. Бас күмбез алыстан көз тартып ерекше сән беріп, күйдірілген қыштан көз тартарлықтай өрнектеліп өрілуі тарихи ескерткішке әлі осы уақытқа дейін архитектуралық сән беріп тұр. Құжыралардың (бөлмелердің)  бәрі дерлік «П» әріпі іспетті етіп орналастырылған. Бұл бөлмелердің көлденеңі 3,5 метр, ұзындығы 6 метр жалпы аумағы 18 шаршы метр. Бөлменің биіктігінің үштен бір бөлігіне (төбесіне) ағаштан сәкі жасалынған. Ол сәкілер шәкірттер жатып ұйықтайтын керуерт міндетін атқарған. 2000 жылы мәдениет жылына орай сол кездегі Бәйдібек аудан әкімі Ж.Байғоновтың бастамасымен қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады. 2001 жылы «Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайы» болып қайта ашылды.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің  «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» еңбегінде дін қайраткерлерінің, соның ішінде Аппақ ишанның тағдырына қатысты  мұрағат материалдары ақтаңдақтың орын толтырды десем болады.  Ғалым мұрағат деректеріне сүйене отырап, былай деп жазады. «ОГПУ деректеріне қарағанда, мешіттің жанынан ашылған жүз орындық медресе мүридтер, яғни шәкірттер тәрбиелеген. 1927 жылға дейін мұнда Арқадағы Қарқаралыдан, Атбасардан, Жетісудағы Шу, Іле, сондай-ақ Талас, Сарысу өңірінен, Сыр бойынан, тіптен қырғыздың Ош аймағынан талапкерлер келіп, шәкірт атанған. Осы географиялық ауқымға қарап-ақ бұл мешіт-медресенің сол кезде бүкіл Қазақстан көлемінде ислам мәдениетін қалыптастыру және діни білім тарату ісінде үлкен орталық болғаны байқалады. Кәсіби тарихшылардың тісі бата қоймаған ишандар ісін тереңінен қазған ғалым тағы да былай деп толғанады: «Ишан – Исламның сопылық ағымындағы Ақиқатты танып-білу жолында білімімен жоғары дәрежеге жеткен ұстаз. Орта Азия елдерінде «ишан» атағын басым түрде тегі қожа дінбасылары иемденген. Қосым қожа әулеті түгелімен ишандар. Солардың ішінен біз әңгімеге арқау қылып отырған Аппақ ишан ел құрметіне бөленген ерекше жан. Аппақ ишан ақиқат жолындағы мәртебелі тұлға деген ойды да білдірсе керек. Аппақ ишан 1864 жылы Шаян ауда­нын­дағы №1 ауылда туған. Ұзын бойлы, арықша келген, келбеті келіскен кісі екен. Үнемі үстінен ақ киімі түспеген тақуа адам болған. Сақал шашы да аппақ болғаны үшін де Аппақ  ишан деп те атаған шығар. Ол сегіз ағайынды. Солардың бізге аты белгілі болғандары Мәди, Рахматулла, Асадулла, Ыдырыс, Сабыр. Әбдіғапур, Низамиддин.  Аппақ ишанның екі әйелінен бес баласы бар. Олар: Бахабулла, Алауатдин, Сағидулла, Сүнатулла да, Сайидмұхаммад.

Аппақ ишан көшеге жөн-жосықсыз шығып, жұрттың көзіне түсе бермеген. Ол көбіне күні бойы мешітте Жаратушы иемізге құлшылық етіп, медреседе шәкірттеріне дәріс оқып, кітапханада ұзақ кітап ақтарумен өткізген. Оның шәкірттері арасынан елге танылған білімді молдалар мен имамдар көп шыққанын бүгінде жетпіс, сексендегі ақсақалдар жақсы біледі. Ишан әулетінің халыққа дін жолындағы қызметі қоғам тарапынан толық мойындалып, олардың есімдері кеңінен танылды. Қосым және Сейдахмет ишан ұрпақтарының ислам діні жолындағы қызметі классикалық ислам мәдениеті мен іліміне сүйенген. Аппақ ишанның ұлы Алауатдин сауатын Шаяндағы мешіт-медреседен ашып, он бес жыл бойына мұсылман елдеріндегі атақты медреселерде оқып барып, ишан лауазымына ие болады. 1905-1910 жылдар аралығында Түркістандағы «Сүлке қари», Тәшкенттегі «Абылқасым ишан», Бұхарадағы «Сағидолла қари» және «Қатта қорған» медресесінде оқып, Құранды жатқа оқитын «қари» атанады. Алайда Алауатдин осы алған білімдерімен шектеліп қалған жоқ. 1910-1912 жылдарда Үргеніштегі «Айтмұхамед ишан», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайня» медреселерінде білім-біліктілігін барынша көтереді. Бұл діни оқу орындары ХХ ғасыр басында жаңа әдісті білім беру жүйесіне көшкен. Соңғы үш медреседен кейін ғана Алауатдин өзінің жан-жақты білім алғанын айтып жүрген. Аппақ ишанның тағы бір ұлы Сағидолла да осындай жолдан өтіп, «ишан» деп жазылған «шатырхат» алды. Аппақ ишан Бұқарада өзі ашқан медресені басқаруды осы Сағидолла ишанға сеніп тапсырған. Бұқара әмірлігі кез келген дін өкіліне мешіт ашқыза бермеген. Соған қарап Аппақ ишанның дін өкілдері арасында қандай мәртебелі болғанын бағамдай беріңіз» деп ойын нығыздайды. Бұл тарихи дерек. Осыдан біраз жыл бұрын реп­рес­сияға ұшыраған ұлт зиялылары туралы дерек көздерінің соңына тү­сіп жүріп, Қазақстанның бірқатар облыс­та­рындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарындағы материалдармен танысқан едім. Сонда Кеңес өкіметі тек зиялыларды ғана қуғын-сүргінге ұшыратып қоймаған, елдегі дін қызметіндегі тұлғаларды да жаңа өкіметке жат әлеуметтік топтар қатарына жатқызып, жазалау шараларын жүргізгенін көрсететін 1929-1930 жылдар құжаттарымен де танысуыма тура келді. Петропавловскі, Павлодар, Ақтөбе Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы дін қызметкерлерін, әсіресе ишандар әулетін соттау жиі орын алған екен. Неге? Өйткені Қазақстандағы Кеңес өкіметінің түрлі реформалық және салық саясатына қарсы халықтың наразылық көтерілістері сол жылдары барынша өріс алды. Қазіргі тарих ғылымы 80 мыңдай адам қатысқан көтерілістердің санын 372-ге жеткізді. Ашып айта кететін бір жайт сол көтерілістердің біразы мешіттерден, сондағы имамдар мен ишандар басқарған жиындардан басталған. Кеңес өкіметінің шектен шыққан астық және ет салықтары халықтың шымбайына әбден батты. Мысалы, Ақмырза ишан басқарған Қазалы көтерілісі, Мұқатай Саматовтың мешітінен өрбіген Ырғыз көтерілісі, Сұлтанбек Шолақов бастаған Созақ көтерілісі, және т.б. ишан, имам, молдалардың ықпалы мен рөлі күшті болғаны мәлім. Біздің қоғамда халықты имандылыққа тәрбиелеп, дін мәдениетін басты құндылықтардың бірі ретінде санаға сіңіруде имам, ишандардың ролі зор. Тарихымыздан алар орны да ерекше. Жалпы, атеистік бағытты ұстанған Кеңес өкіметінің олар үшін азық-түлік салығын салуы сылтау ғана. Негізінен большевиктік саясатын тездетіп іс-жүзеге асыру үшін жолындағы үш кедергінің бірі – дін басыларын жою керек болды…»

Ел ішінде мешіт-медресенің құрылысына қатысты түрлі әпсаналар жетерлік.  Оның бірінде Қосым мен Құлатай қожалардың Түркістаннан білім іздеп Бұхара, Самарқандта оқып, елге оралғаны. Шаян деген жерде тоқтап,  ағайынды екі жігіттің бірі осы жерде мешіт салғаны, уақыт өте келе ағайынды  әулиелердің  ұрпағы Сейдахмет ишанның мешітті кеңейтіп, оның ұлы Аппақ ишанның мешіт-медресені салып бітіріп, елдің иігілігіне  қызмет еткені айтылады. Қасиетті ишанның өмірінің соңында қуғындалып, кеңес түрмелерінде өткен күндерінің бір дерегі де аңыз болып айтылып келеді. Сол аңыздардың негізінде 2001 жылы Әмзе Айтбекұлы «Аппақ ишан» атты деректі хикаят жазып, оны кітапша етіп басып шығарған екен. Онда Шаһ Бүзірік-сабулт, «Бұлт үстіндегі  әулие» аталатын Пайғамбар әулетінің  бір бұтағының қасиетті ұлдары Сайд Ахмад Құлатай мен Сайд Мұхамед Қосым  өмір сүрген кезеңін сол кездің тарихи уақиғаларымен үндестіре отырып, мол мағлұмат беріледі. Аппақ ишан туралы терең білгісі келгендерге осы хикаятты оқып шығуды ұсынамыз.

Әулие әулет жайлы әпсаналардың бірінде мешіт-медресе салатын адамның дүниеге келгенде қалай аян бергені айтылады. «Қосым Сайд Ахмад-мақтұм Ағзам бабасының  басына барады, бұл жолы да үш күн түнеді. Үшінші күні таң алдында ұлы бабасы ат үстінде, аппақ сақалын Арыстанды-Қарабастың желімен желкілдетіп, өктем дауыспен: «Балам тұр орныңнан. Сен мақсат еткен істің орындаушысы әлі дүниеге келген жоқ. Бірақ, орындалады» деді де аздан  соң ақ сағым арасына сіңіп жоқ болып кетеді. Арада біраз жыл өткен соң Сейдахмет ишан  тағы да аян алады: «Қашаннан арманың болған ісің оңынан келеді, адамың дүние есігін ашқалы тұр» деп белгі беріпті. Айтқандай-ақ, сол таңда үлкен ұлы Сейітахметтің үйіндегі Бибісара келіні тұңғышын дүниеге алып келген екен. Сәбиді атасы «Масғұм» деп атапты. Жарық дүниеге бабаларының аманатын алып келген нәресте өсе келе Аппақ ишан атанады.

Ендігі бір әпсана Сейдахметтің қажылық парызын өтеуге барған сапарында жолай Шам (Дамаск) арқылы келе жатып 40 құжыралы мешітте тоқтап, оның сызбасын ала келгені айтылады. Елге аман-есен келген соң, мешіт салуға кіріседі. Қажылық сапарындағы мына аңыз да ел ішінде айтылып жүр. Меккеде Қағбаны айналып тауап етіп жүргенде әл-Харам мешітінің имамы «Түркістан уәләйатынан келген мұсылмандардың қажылықтары Түркістандағы бір әулиенің  себебінен қабыл болды» деп жария етеді. Сейдахмет ишан ол кім болды екен деп елге жеткенде алдымен Түркістанға барады. Сөйтсе, бір адам «өзімнің  басымнан өткен, өзімнің түбіме жеткен хаһ» деп, базардағы шөліркегендердің бәріне тегін су таратып жүр екен. Содан жаңағы дәурішті үйіне алып келіп, қонақ етіп, астына ат мінгізіп, риза етіп шығарып салады. Қажы ояздың рұқсатын алуға Ташкентке барады. Онда генерал-губернатордың писары Ахметхан төре кездесіп, мән-жайға қаныққан соң, «Алланың үйін салдырғалы жатыр екенсіз, басын мен бастайын деп, 40 қошқар беріпті. Одан кейін ишан мен оязды кездестіреді. Ишан есіктен енген сәтінде ояз орнынан ұшып тұрып, жылы қарсы алып, сөзге келместен мешіт салдыруға рұқсатын беріп, оның құрылысына 150 рубль орыс ақшасын бөлдірген екен. Кездесуден қатты әсерленген ояз төре баласы Ахметхан сұлтанға: «Жаңағы жас жігіттің жүзінен нұр құйылып тұрды. Екі иығындағы қос арыстан атылуға дайындалғандай көрінді көзіме. Адам баласында мұндай сұлу адам болады екен» деп таң қалғанын жасыра алмапты. Сол кездегі Түркістан облысы генерал-губернаторына бағынышты 28 болысқа хабар жетіп, мешіт-медресе құрылысына көптің көмегі келіп жатты. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда 40 жігіт кірпіш құйып, 40 жігіт кірпіш күйдіріп, 40 жігіт мешіт тұрғызылатын жерді тоқпақпен ұрып нығыздаған екен. Самарқаннан арнайы алдырған Садырхан бастаған үш шебер мешіт салуға кірісіпті-мыс.

Мешітке қажетті ағаштың да аңызы қалыпты. Осы өңірде Қазата әулиенің қарағашы өскен жер әлі де бар. Қазатаның қарағаштарын құрылысқа пайдаланбақ оймен, әулиенің  рұқсатын алу үшін Аппақ ишан тоғайға келеді. Серіктерін қалдырып өзі қалың өскен тоғайға ішкерілей еніп кетеді. Әлден уақытта серіктестерінің бірі ишанның ізінен барады. Қараса, ұстазының  ақ құспен сөйлесіп отырғанын көреді. Екінші жігіт барып келгенде ақ сақалды ақ киімді адаммен сөйлесіп, тамақ жеп отырғанын көреді. Енді бір қарағанда ишанның жаюлы дастархан басында ақ киімді ақсақалды адамдардың ортасында отырғанын көреді. Көп ұзамай, Аппақ ишанның өзі тоғайдың түкпірінен шығып, серіктестеріне келіп былай деген екен. «Әулие жарықтық қатты екен, он алты ағашты зорға берді. Керек ағашты белгілеп алыңдар, артығына тиіспеңдер деп әмір етіпті. Ишанның сөзін елемеген бір жігіт қарағаштың діңіне балтасын сілтегенде балта қадалған жерден қызыл қан сау ете қалыпты дейді. Ишан ағаштың жараланған жерін шапанының етегін жауып, дұғасын оқып, қайтарған екен деседі.

Аппақ ишан Сырдария жағасындағы көне Өзгенттегі түпкі ата-бабасы Әулие Шаһ Бүзірік бабасының басына барып құрбандық шалып, құран бағыштап қайтады. Қайтар жолда Сырдарияның жағасында дамылдап алғалы өткелге тоқтайды. Ишан  қолын сыр суына малып жуынғалы жатқанда әлдеқайдан қос аққу қасына жүзіп келеді. Құстың қауырсынын сипап тілдескедей ишара білдіреді. Бұл көрініске таң қалғандардың сауалына, «72 мың тахир таспиық жадыңда болса, ораза намазың қаза болмаса, кісіге қиянатың болмаса, күллі әлемнің жан-жануары саған келіп сәлем бермек» деген екен. Қосым ишанның тағы бір немересі, Аппақ ишанның жаратылысы ерек тағы бір інісі Әлиакбар ишан Сейітмұхамедұлы дүниеден өтерінде: «Тек топалаңды көріп тұрмын, несін айтасың, қуғын мен сүргін, ату мен асу, одан соң, ойхой, батыс жақтан өрт басталатын болып тұр ғой, жер дүниені жалмайтын соғыс өрті» деген екен. Көп ұзамай, әруағын сыйлап, ислам жолына көлеңке түсірмеген берекелі мекенді қызыл өрт жалмап, елдің  игі жақсылары жер аудалып, ишан-молдаларын түрмеге қамап, қуғын-сүргін басталады. Бұл жиырмасыншы ғасырдың басындағы дін ағартушыларына қарсы репрессия еді. Сол күндер туралы 1930 жылы отыз бір жасында дүниеден өткен әкемнің ағасы:

Ел қайда, Еділ қайда, Нұра қайда?

Ешбір жан хал-ахуалды сұрамайды.

Тырнадай оқтан қорыққан топтан шығып,

Шошынып шығып кеттім құралайға. (құралай-дала кезіп безіп кеттім деген мағына береді)

«Мөлдір су тастан шыққан Шаян қайда,

Дұшпаннан паналайтын  саям қайда?!

Үш жүздің баласына мәркәз болып,

Жүргізген әмір-мағрұп заман қайда?

Қыс-қыстап, жаз-жайлаған  мекен қайда?

Қылатын күнде тәуап Меккем қайда?

Жиылып ертелі-кеш ағайындар,

Тарқайтын, хал сұрасып Отан қайда?

Көрінген күндік жерден мешіт қайда?

Биік жал, медреселер, есік қайда?

Жаз болса қатар қонған ауыл қайда?

Біріккен ынтымақпен қауым қайда?

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып,

Қарысқан қисынсызға дәуір қайда?

Кемеңгер, дуалы ауыз  кәрі қайда?

Дертке шипа берер дәрі қайда?

Ғибратпен, үлгі аларлық сөз сөйлесең,

Дәрі сол, кәні, осының бәрі қайда?

Асқар бел  алдымдағы аға қайда?

Бір елім, сүйсінерлік таға қайда?

Ағайынды үлкен сөзін кіші тыңдап,

Алды-артын ойға аларлық сана қайда?

Сыйлаған сансыз жерде кісі қайда?

Иек қақсаң орындалған ісің қайда?

Қадамың тура жолдан кетсе тайып,

Саларлық тура жолға кісі қайда?

Ғам гүзер тірлікте  ата қайда?

Атамен ақылдассаң қате қайда?

Дүниеде іздегенмен таба алмассың,

Атадай ғам гүзерде ешбір жайда.

Мейірман шапағатты ана қайда?

Қандырған  сүйсең мейір бала қайда?

Бас ауырып, балтыр сыздап бейтаптансам,

Туысқан жан күйерлік және қайда?

Алысып бірге ойнаған құрдас қайда?

Бір жүріп, бірге өскен сырлас қайда?

Тату боп күнде қайта  жауласқанмен,

Қимайтын жаман іске жолдас қайда?

Лайық үлкендерге, құрмет қайда?

Отырса үлкен сөзін кіші тыңдап,

Жарасқан бір-біріне ізет қайда?

Ақылмен ел басқарған көсем қайда?

Сөйлесе сүрінбейтін шешен қайда?

Жер жүзін қараңғылық қаптаса да,

Адаспай  тура жүрген көсем қайда?

Шам жаққан қараңғыда  алым қайда?

Қашатын алым көрсе залым қайда?

Ақ жолдан тысқа шығып кеткендерді

Салатын тура жолға қажым қайда?

Жиналған әр тараптан талып қайда?

Есіткен талып сөзін халық қайда?

Көзбенен  көргендерді түстей қылып,

Барады мына заман салып қайда?

Бастаған нұрлы іске жобам қайда

Келтірген аузыңа тобам қайда?

Барлығы өткен істің салауат боп,

Уа, дариға-ай, бұрынғыдай болам қайда?

Белгісіз өткен күндер кеттің қайда?

Артыңа із тастамай өттің қайда?

Қайғысыз сол күндерде қара суды

Ішкенде кетер еді-ау, тарап бойға

Белгісіз сол күндерім енді қайда?!

Табамын бұған қылсам қандай айла?

Құранда «мағал усри ғусрә» деген

Тапсырдым ақырғы істі бір құдайға.

Құдайым өзің сақта өткендерді,

Адасып құралайға кеткендерді.

Өзіңнің кәррамыңмен рахым етіп

Бәрінде жақсылыққа жеткер енді»- деп жырлаған екен. Елдің игі жақсылары қуғынға ұшырап, туған жерін тастап көшуге мәжбүрлейді. Солардың  қатарында менің атам мен әкем, Аппақ ишанның шәкірттерінің бірі Шәді төре Жәңгірұлы болса керек. Ақынның әкесі – Жәңгір, Абылай хан­ның шөбересі. Кезінде Кенесары хан­ның жорықтарына қатысып, ұлт тәуел­сіз­дігі үшін күрескен. Шәді бала кезінде осы Шаян мешітінде оқып, діни сауатын ашқан. Кейін Шымкенттегі Абдолла Шәріп деген имамнан дәріс алып, Бұхарадағы «Мир-араб» мед­ре­сінде білімін ұштап, араб, парсы тіл­дерін меңгеріп, атақты шығыс шайыр­ларының шығармаларымен та­­нысады. Өзі де дінді уағыздайтын ақын­дық жолға түседі де «Алты бармақ» пен «Назым Сияр Шәриф» жыр ғақлият дастандарын жазып, Аппақ ишанның құрметіне бөленген. Әкемнің айтуынша, «Алты бармақты» менің атамның үйінде алты ай жатып жазған екен. Аппақ ишанның «араб тілінде жазылған шығармаларды түрікшелеп назым етсеңізші» деген өтінішінен кейін қолға алыпты. Жыр жазылып бітіп, оны бастырып, елге жеткізеді. Соның бір данасын атамнан қалған мұрадай өзімде сақталып тұрушы едім. Әлдене себеппен көз жазып қалып отырмын.

Әңгімемнің басында атам Шудың өңірін паналап, одан кейін Жизаққа жеткен екен деп едік қой. Сол сүргінде Шәді төре де  бірге болған екен. Босқындар арып-ашып Жизаққа жеткенде астың үстінен шығады. Жолаушыларға босағадан орын тиіп, алдарына ас келеді. Төрде отырған өзбектің молдасы жамағатына уағызын жалғастыра береді. Атам молданың қателескенін байқап, «молдеке, Құранның мына бетінде, мына аятта былай деп жазылған» деп ескертіпті. Молда «қайыршы, сен не білесің?» дегендей елең етпейді. Атам Құранды алдыртыпты. Салыстырып қараса, атамдікі дұрыс. «Танымасын сыйламас» деген, біліміңіз бізден мықты, төр сіздікі деп, молда атамнан кешірім сұрапты. Бір кезде біреуі кезек алып, «Алты бармақта» жырланған Пайғамбардың миғражға сапарын оқиды. Өзбектің молдасы: «қазақтың небір шайырлары бар екен. Осыны жазған қазақ» деп айтады. Әкем:«оны жазған адам әне отыр» деп есік жақты нұсқайды. Халық бірауыздан: «Субханаллаһ» деп Шәді ақынды көтеріп әкетіп төрге отырғызыпты. Ас желініп, сыртқа шықса «Алтыбармақты жазған қазақ келді» деген хабарды естіген ел ақынның қолынан алып, шапанын сүйіп, қошамет көрсетіпті. Манағы имам тұрып, «Құдай айдап, алдымызға ілімді ишандар келді. Халайық, бүгіннен бастап  ишандықты бердім, деп атамды сол ауылдың молдасы етіп қойыпты. Шәді ақын орта бойлы мұрны батыңқы, пішінсіз еді деуші еді әкем. Аса зор дауысы да  жоқ екен. Атам төренің жырларын зарлатып оқығанда, «Әбдуәли ишан оқыса, келіседі» деп риза болады екен. Ақын сиясы мен қаламын, қағазын қоржынына салып алып жүріпті. Ат үстінде келе жатса да, әлсін-әлсін қолына қағаз-қаламын алып ойына оралған жыр жолдарын жазып жүреді екен. Шәді төре 1932 жылы 12 қыр­күйек­те сол жақта дүниеден озады.  

Ал Шаян мешіт-медресесінің шамшырағы Аппақ Ишан 1929 жылы Кеңес үкіметі тұтқынға алып, 10 жылға соттаған. Екі жылдан кейін Павлодар облысындағы түрмеде қайтыс болады.

дайындаған Айгүл УАЙСОВА

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button