Майлықожа

Жалған дүние

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Жалған дүние, сен жолдас қанша күндік,

Арқаң шилі жауырдай баса міндік.

Күліп-ойнап бірге өскен құрбылардың

Көзімізден талайын таса қылдық.

 

Көрдік талай қадірлі есіктерді,

Жұрт үстінде шашылған несіптерді.

Аяғының білмейміз қаншалығын

Несібені жұртпенен қосып берді.

 

Өткіздік талай-талай жиындарды,

Оңай көріп өткердік қиындарды.

Өтетұғын жолаушы біз бір мейман,

Өлшеп берген санаулы күні бар-ды.

 

Дүние сенің ісің қиынсың-ай,

Тарқайтұғын базардай жиынсың-ай.

Аққан судай барады өмір өтіп,

Азайғаны қай жақтан білінсін-ай.

 

Дүние талай жанды тастайсың-ай,

Түрленіп түлкілікті бастаймын-ай.

Жүрген менен тұрғанды болжал кылсаң,

Жүзден бірден арыға аспайсың-ай.

 

Дүние сен бір көне сарайсың-ай,

Неше күн ашналыққа жарайсың-ай.

Несібесі таусылған кетіп барар,

Өмірі бар пендеге қарайсың-ай.

 

Дүние қалатұғын себілсің-ай,

Себілге сен бір әуре көңілсің-ай.

Жарлығы әзір тағдыр жасырынсын,

Соңғы күнді адамзат не білсін-ай.

 

Дүние опасы жоқ тастандысың,

Тышқандай қып жастандың арыстанды сен.

Бағасы артық қаншама азаматтың,

Бір-бір қылып өткіздің бастаңғысын.

 

Дүние сен бір кезеп ұрысың-ай,

Намы жоқ ұрлығың құрысын-ай.

Құдайға құл, үмбетпіз Мұхаммедке,

Құданың шүкір қылдық мұнысын-ай.

 

Дүние, қай адамға орнайсың-ай,

Шыбын жан шырылдаған торғайсың-ай.

Аш қырғи аламын деп қуған күні,

Басынды қай бұтаға қорғайсың-ай.

Қаншама жүріп тұрған ғанибет жан,

Айрыларда бір демдей болмайсың-ай.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button