Майлықожа

Айтайын өткен күннен бір хикаят.

Майлықожаның замана туралы

Ілгеріде «Қоян жұт» деген жұт болып, қыс мал жұтап, көктемде қымбатшылық болып, ел жұтаған жерінде отырып қалыпты. Сол жылы көктемде май айы шамасында, Әулиеатадан Есім бидің баласы Жаманқұл болыс, Құдайберген майордың баласы Ырысқұлбек мырза қасына Майкөт ақынды ертіп келіп, Шымкенттегі Қасымбектің үйіне түсіп:

– Майлықожаны алдырыңыз, Майкөтпен айтыстырамыз, әдейі Әулиеатадан ақын алып келдік, – деген соң Қасымбек кісі жіберіп Майлықожаны алдырыпты. Майлықожа:

– Мен айтыспаймын, екі адам айтысса, бірін-бірі жеңемін деп, бірінің айыбын бірі көздеп қалады. Онан да екеуіміз білгенімізше жазып берсек, сіздер сынайсыздар ғой, – дейді.

Өз заманында көргендерін баяндап, ақырын сол жылы болған «Қоян жұтқа» жеткізіп айтқан өлеңі осы еді:

Алладан пайғамбарға келген аят,

Аят мақи қолдағай бізді шаят.

Жазық өтсе кешіргей Жаббар Алла,

Айтайын өткен күннен бір хикаят.

 

Күндерді есітпеген көрді бұл бас

Көз кетіп, естен шығып талай сырлас.

Өзім кетсем, артымда сөзім қалар,

Кетермін бір күн өліп, өмірім тұрмас.

 

Талайы өткен сөздің құлағымда,

Көксаулар өткіншінің шуағында.

Аяғын жиырманың ада қылдық

Қоқанның үкіметінің уағында.

 

Ол уақыт бірдей екен тағы менен,

Айырылмай қара кетті ағыменен.

Жақсы іске, әділ сөзге жанашырлар

Арманда өлді өтірік шағым менен.

 

Ләззатің қартайған соң кетер бойдан,

Ұмыт боп жастағы күн кетпес ойдан.

Қоқанның әр жылында әдеті еді,

Айыртып зекет алмақ жүрген қойдан.

 

Яһраж шаһардағы Танаб еді,

Қазақ халқы ұлығыңды қалап еді.

Ел-елдің барымтасы көп болушы ед,

Көп ауыл аз аулды  талап еді.

 

Қоқанды Құдияр хан сұраушы еді

Алматы, Ақмешітпен қараушы еді.

Билеген Ташкенттегі парманашы,

Жарлығы біздің елге тараушы еді.

 

Әулиеата, Шымкентте  саргар еді,

Осылармен Түркістанда қатар еді.

Жазғырған сыпайыны пәткәрда қып,

Үй көрмей иткешуде жатар еді.

 

Құдияр хан залымдыққа болды табын,

Үкіметтің бұрынғыдай қалмай бабын.

Басына құтайтпады Құдай бағын,

Мәлла-хан мініп қалды Қоқан тағын.

 

Құдияр хан Бұқар қашып Әмір кетті,

Мәлла-хан шариғатты  қадірлетті.

Көп қазақ байтабаны басына орап,

Райыс базаршыны жәбірлентті.

 

Түзелді үш жылғаша көп шалыстар,

Әр хан-ақ шариғатты сондай ұстар.

Кісілер ғылым білген ғазиз болып,

Күшейді қазы, мүфти, раистар.

 

Күшейді қазы, муфти, раистар

Қайғырды Мәлла ханға қары-жастар.

Мың екі жүз сексенге саны жетіп,

Орыстан Түркістанға келді әскер.

 

Кемі жоқ Әлімқұлдың адам-қордан,

Жамандық жаза берді ісі зордан.

Пейліне жараса уағында

Алты айлық әскер келді Петербурдан.

 

Қиратты атысқанды іліндірмей,

Тиген жерін қоймады бүліндірмей.

Шексті Шернайып бен Әмір лашкар

Қырылды екі-үш мәрте сырын білмей.

 

Қамалып Ақ бұлақтан ұрысты сиреп,

Қоқандық әлде қайдан келді торлап.

Бас болып мырза Дәулет жүгіргенде,

Солдаттан талай сабаз қалды қирап.

 

Ұрысқан сарбаз қырылып қалды деймін,

Дұрыстық кем екен ғой қырғыз елде.

Өзі қарасын көбейткен Байзақты

Әлімқұл ұстап алып, қылды бенде.

 

Және бір Шернайыптан қосын келді,

Бұл қосын тау жағынан тосын келді.

Жазықсыз Байзақты өлтіргені –

Қоқанның дәулетіне кесір болды.

 

Атылды зеңбіректің даусы тынбай,

Қиямет күн болар ма сірә мұндай?

«Көмеш қақпа» жағынан көлденеңдеп,

Онда қайрат көрсетті Қыпшақ-Мыңбай.

 

Орыс келді Шымкентке жуығынан,

Қоқан үрікті түсінің суығынан.

«Сапархан ата» қасында бір ұрыста

Мыңбайдың мылтық өтті қуығынан.

 

Ер Мыңбай жау жағына қалқа болды,

Орысқа оқ тиген соң арқа берді.

Нешеуін арабадан шауып тастап,

Есіл ер оқ  тасалап қайта берді.

 

Мыңбай өліп, Қоқанның қайтты бағы,

Ұрысар еді қалғанша қылыш сабы.

Хан болғаны қырғыздың кесір болды,

Алпыс қазақтан озғандай бейне жаны.

 

Құдайым мұсылманға кесір қылды,

Көңілі басқа діннің өсірілді.

Тастақ жақтан Шымкентті жүгіріп алып,

Баласын мұсылманның жесір қылды.

 

Шернайып жандаралы шердей болды,

Қазақтың елі-жұртын тергей берді.

Әулиеата, Түркістан, Шымкентті алып,

Тасырлап Ташкент жаққа өрлей берді.

 

Қоқан қорықты орысты көре-көре,

Еркелете қорғанын бере-бере.

Иқанның бір ұрысында ерлік қылды,

Баласы Кенеханның Сыздық төре.

 

Хандығы Әлімқұлдың кие болды,

Сыздықтың сол ерлігі жүйе болды.

Орыс барып Ташкентті алар жылы

Қайтқан баққа бес-алты ай ие болды.

 

Сәнасы сексен екі жетті жылға

Оқ тиді Сор төбеде Әлімқұлға.

Мыңөріктен Ташкентті орыс алып,

Алтын медаль шен  берді талай ұлға.

 

Сәнада сексен екі болды бұл іс,

Сексен үште Жызаққа қылды жүріс.

Шыбынтайдың көлінен қайтып келіп,

Иіржарда патшамен қылды ұрыс.

 

Есіттік «орыс басып келеді, – деп,

Майданда қанша ерлер өледі», – деп.

Жиырма мың әскерге басшы болып,

Алдынан жасақ тартыпты Алдиярбек.

 

Екі дария мож ұрып толысқандай,

Екі аждаһа бетпе-бет болысқандай.

Шернайып Бұқарменен ұрыс қылды,

Екі тау қарсыласып соғысқандай.

 

Шернайып су өрлетті параходын,

Қашырды Мұзафар хан Бұқар жұртын.

Үстінде Иіржардың тұман болды,

Бұрқырап зеңбіректен шыққан түтін.

 

Орыстың зеңбірегі ортаға ұрды,

Шашыраны тиген жерін жайпап қырды.

Атысып жарым сағат тап тұта алмай,

Бұқардың падишасы жүз үйірді.

 

Шатырашман қазынасын шашып кетті,

Сол жердегі ел атқа артып, тасып кетті.

Бұрыннан соң қашпаған Бұқар жұрты,

Бұл сапар Шернайыптан қашып кетті.

 

Жатыр ек қазақ қолы қарауылда,

Кемері Кербұлақтың тарауында.

Сырдан өтсек ел шауып, мал қуушы ек,

Осы еді ғизатымыз әр ауылда.

 

«Қашты» деп хабар жетті Мұзафарды,

Шернайып Орта төбе, Қожантты алды.

Алдиярбек батырды шаһид қылып,

Ақыры күз болғанда Дызақты алды.

 

Алты ай жүрдік исламның арын арлап,

Ісі рауаж таппады Тәңрі қарғап.

Катта қорған – Самарқанд  оны да алды,

Қоқан барды орыстың бағы парлап.

 

Орысқа ерген пошталар алшақтады,

Олжа үлесіп, таланнан арсақтады.

Мұзафар хан ылажы болмаған соң,

Ақыры тарту тартып жан сақтады.

 

Орыс халқы өнерлі, қайлалы да,

Аздан көпке, көп екен сыйлауы да.

Аттанып Каупман мен Галабашов,

Онан соң барып алды Хиуаны да.

 

Сенген жеріңді алды, еліңді алды-ай,

Залымға момындардың күні қалды-ай.

Мұсылман жақсылары қапа болды,

Басына бұл сауданы құдай салды-ай.

 

Көңілінде момындардың болды зарлық

Кеңдігі жарық жаһан болды тарлық.

Жақсысын аты  шыққан әр шаһардың

«Көрсін, – деп, – ақ патшамды» қылды жарлық.

 

Датқасы шанышқылының молда-Қошық,

Қайтпаған ерегіссе дені шошып.

Жақсысын әр шаһардың аты шыққан

Хүкім мен жолдас қылды оған қосып.

 

Патшаның тұрған жері – Петербор дер

Баласы мұсылманның көрмеген жер.

Ташкентті қанша уақпен сұрап тұрды,

Қарадан төре болған Әлімқұл ер.

 

Барғалы патшаға түсті хатқа,

Әзиз Төле әулеті Момынбек датқа.

Көрмеген жамандықты жеті тегі,

Барсын деп хүкім болды дегдар затқа.

 

Сол күнде көңілінің болмас сазы

Алланың тағдырына болды разы.

Не лаж Петерборға сапар қылды,

Ол еді сарт жақсысы Марқақазы.

 

Датқасы Әулие ата Құдайберген,

Жиналды Құдайберген ол крайдан.

Қырық мың үйлі қырғыздан Бәйтік датқа,

Солармен мүсәпірлік бірге көрген.

 

Датқасы Көтеншінің датқа Қоныс,

Дейді екен кәпірдің заңы: «биді – болыс».

Үкілеген сарт-қазақтың саңлақтарын,

Жөнелді патшасына айдап орыс.

 

Датқалар күйме мінді, қойып жорға,

Тәңірге тәуекел қып түсті жолға.

Үкілеген сарт-қазақтың саңлақлақтарын

Жөнелді айдап орыс Петерборға.

 

Асқар тау басы бұлт қардай болып,

Көрмегі қайтып елді зардай болып.

Датқалар Петерборға сапар қылды,

Айырылған келесінен нардай болып.

 

Әркімнің түсті қайғы өз басына,

Жуылды қызыл жүзі көз жасына.

Енді келіп бұл жерді көрмек қайда,

Барсаңыз «әңгіме» деп сөз қасына.

 

Арбаға атын тастап мінгенінде,

Орыстың ап кетерін білгенінде.

Датқалар ел-жұрты мен амандасты,

Алдына ақ патшаның жүргенінде.

 

«Қалдың-ау енді Шымкент, мекен-жайым,

Бұл болды жаста көрген күн мен айым.

Ғаламның он сегіз мың падишасы

Өзіңе тақия қылдық бір Құдайым!

 

Тілейміз енді тілек Мұхаммедтен,

Қалас қыл үмбетіңді қайғы-дерттен.

Аман-есен алып кел қайтып елге,

Пайғамбар үш жүз алпыс,  төрт мың өткен.

 

Бұл болды бандалардың ғаріп халі

Қылмағын мұсылманнан бізді халі.

Әзіреті Әбубәкір, Омар, Оспан,

Пана бер шері Құда –  Әзірет Әлі!

 

Үмбетпіз аси-жафи сүт емген қам,

Ісімді зинда қылғын Маулауи жам.

Қырық шілтен, айналайын, Қызыр Илияс,

Он екі медет бергін өткен имам.

 

Құдая, жоғымыздан қылып ең бар,

Тәуекел, бір өзіңе қыламыз зар.

Әуелде мұсылманды үлкен қылып,

Кәпірге ақырында қылмағын қар.

 

Біз көндік құдіреттен болса әр іс,

Айырылып мұсылманнан қылдық налыс.

Қоныстас қолыңда өскен мүритің едік,

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба дәруіш!

 

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба дәруіш,

Дұшар болды, ұйқыдағы түсте жоқ іс.

«Тайы озсын ауылдастың» деген еді,

Барады айдап кетіп мынау орыс.

 

Болғай ма біздің асан мүшкіліміз?

Ел көрер болар ма екен хош күніміз?

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба дәруіш,

Шымкенттегі үлкен сен ең ұстынымыз.

 

Ақылымыз орыс айдап айран-дағы,

Болмаса енді сізден қайран-дағы.

Қырық сан барақ Ташкентте хазіреті имам,

Жар болсын сансыз баптар Сайрамдағы.

 

Атыңнан айналайын Я, Мұхаммед,

Құрбан қып жалғызыңды деп ең «үммет».

Медет бер Ибраһим, Исмаил,

Үргеніште әзиз өткен балуан Ахмет.

 

Құдая, біз не жаздық сірә неден,

Барады айдап кетіп кәпір надан.

Ер хабибы – Сұлтан Уайс, Зәңгі баба,

Қолдай гөр, Бұқара Баһауддин!

 

Төртінші көкте тұрған әзірет Иса!

Алтыншы көкте тұрған мешіт Ақса!

Алып кел аман-есен қайтып елге,

Күн көзі жер жүзінде жұмла әулиа!

 

Бұрынғы, орыс алып дәурен көшкен,

Жүрісі от арбаның желдей ескен.

Күн жақсы, көрінгенше жыл айналып,

Жақсылар, енді аман бол, ойнап өскен!»

 

Қызыл гүл көктем кірер баһарына,

Қаратпас қазан келсе аһарабына.

Бір күн, бір түн датқалар жолда жүріп

Жетісті Түркістанның шаһарына.

 

Орыстың кім біледі онда әмрін

«Барса-келмес» жол еді айтса әркім.

Бір күн тұрып датқалар Түркістанда,

Зиярат Сұлтанымның қылды қабірін.

 

Кеңесті барлық жақсы «баралық, – деп

Қолынан датқалардың  алалық, – деп.

Жөнелді он екі айлық Петербурға,

Солар мен амандасып қалалық», – деп.

 

Уайым-қайғы түсті тамам биге,

Көзіне тар көрініп кең дүние.

Амандасып, көзіне жас алысып,

Датқалар атын тастап, мінді күйме.

 

Адамзат тірлікте көңілі гүл,

Баппенен әр алуан сөйлейді тіл.

Датқалар Петерборға жүргенінде,

Билердің амандасқан сөздері бұл:

 

«Қолына бал ұстаған бармақтарым,

Дұшпанға қорғасындай салмақтарым.

Аман барып, есен қайт падишадан,

Айдынды алаштағы саңлақтарым.

 

Артында жарысқанның қалмастарым,

Таңдақты жалғыз қара салмастарым.

Жүзіңді тасқа салдық сынбағайын,

Нар кескен Исфаһани алмастарым.

 

Алатау шұбырмайды өлкелерің,

Құдай білер қай уақыт сен келерің.

Датқасы едің мың-мың үйлі алашымның,

Аман барып, есен қайт серкелерім!

 

Шалқыған Ғұман дария суларымыз,

Айдынын салқын еткен буларыңыз.

Аман барып, есен қайт  падишадан,

Айдынды алаштағы туларымыз!»

 

Мұндағы қалған билер патшаға бара жатқан датқаларға амандасып, «амандық пен көрелік» деп жылап қайтты. Датқалар Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Ясауиге арыз айтып жылап жөнелді:

 

«Атыңнан айналайын, Қожа Ахмет,

Қолында кәпірлердің біз болдық бәнд.

Тоқсан тоғыз, мың машайық, Көктенді ата

Бергейсің біз ғаріпке өзің мәдет.

 

Бұл сауда басқа түсіп болдық ғаріп,

Қаламыз ба ұзақ жолда шаршап-арып.

Қолында кәпірлердің қаза жетпей,

Қайтамыз ба, аман-есен орыс барып.

 

Бұл жолдан аман-есен келгейміз бе,

Арман мен қаза жетсе өлмейміз бе?

Аман бол, мұсылманның қалалары,

Қуанышпен тағы келіп көргейміз бе?

 

Қол тиді қатты, суық, сүйір бізге,

Қаратпай келін түгіл, інімізге.

Басына ноқта тиген асау-жүйрік

Қосқай-ды арықтатып үйірімізге.

 

Аман бол, Түркістанның айдын көлі-ай,

Енді қалып барасың діннің елі-ай.

Қасындағы өлікті қолдар шаһид,

Бұл балаң бенде болды әзиз Төле-ай.

 

Біз көрдік мүсәпірлік базарын-ай,

Сөз келер айтқан сайын мазалыға-ай».

Датқалар бір неше күн жолда жүріп

Онан соң жетті дейді  Қазалыға-ай.

 

Жаманқала дегенде үш күн тұрып,

Бет алып Орынборға кетті жүріп.

Төрт аяқты арбасын дөңгелетіп,

Аттады сақырлатып жолға кіріп.

 

Көрмеген бәлелерді көрді көзі-ай,

Жалған емес Майлының айтқан сөзі-ай.

Қазы-қымыз талғаған датқалардың

Сұрауына шықпайды қорда көже-ай.

 

Ащы екен деп сын татқан шекер-балға,

Тамақ деп қарамаған жая-жалға,

Қорда көже табылса ақшасына,

Қуанысып алыпты табылғанға.

 

Датқалар сапар қылды жол-жыраққа,

Әркім барса мүсәпір ол жыраққа.

Кішміш шайнап, арпаға қарамаған

Зар болды арғымақтар ажырыққа.

 

Зар болды арғымақтар ажырыққа,

Мүсәпір боп жүрген соң жол жыраққа.

Қаз етіне бақпаған ақ тұйғандар

Қолға түссе таң қыпты тартынаққа.

 

Жетпейді от арбаға шапқан жорға,

Шапсаң ат ілеспейді бірдем зорға.

Датқалар ұзақ жүріп жетіп барды,

Патшаның тұрған жері Петерборға.

 

Петербор – патшаның тұрған жері,

Зияпат датқаларға қылған жері.

Әр бір күн қонақ қылып, көрік көрді,

Патшаның  сегіз санат, мың губыры (губерния).

 

Күнде бірі шақырды мейман етіп,

Әмірін патшаның тұрған тұтып.

Патшаның көрмесі көрер сегіз екен,

Сегіз күн мейман қылды мұны күтіп.

 

Қысметін көріп тұрды бір Алланың,

Кім сұрар мұсылманның онда хәлін.

Одан соң тоғызыншы күн болғанда,

Датқалар көрді алдын падишаның.

 

Хисабы жоқ мархабат-сыйлар көрді,

Алтын аяқ шынымен тамақ берді.

«Мұсылманнан келіскен меймандарым,

Көңілде мүдәғасын айтсын», – деді.

 

Қалмады датқалардың көңілінде кір,

Бұл сірә, айтқанменен таусылмас сыр.

«Айтсын деп көңіліндегі  мүдәғасын»,

Сұратты әр жақсының сөзін бір-бір.

 

Сөзіне салып тұрды бұлар мойын,

Ішінде ойлап тұрды пікір-ойын.

«Бір жерден жапсарымыз ашылар» деп,

Датқалар сезіктеніп бақты бойын.

 

Датқалар пікір-оймен тұрды шошып,

Айтпады бұрынғыдай сөзді жосып.

Бас қосып Құдайберген датқаменен

Тілейді шариғатты молда-Қошық:

 

«Ақ патша көнер болса тілімізге,

Көз салсын біздің нашар күнімізге.

Исламның мархамат қып елдеріне,

Бір нұқсан келтірмесін дінімізге.

Қаралы басымызға жұмыс түссе,

Жарасын Орыс патша күнімізге.

 

Қайырсын бізді аман халқымызға,

Сеніссін ақ ниетті антымызға.

Мал баққан, көшіп-қонған дәштегі елміз,

Тимесін әдеп-ғұрып салтымызға».

 

Ақ патша «тілегіңді берем, – деді,

Антына мұсылманның сенем, – деді.

Достасып қарым-қатынас жасап тұрсақ,

Әліңе жәрдемдесіп көрем, – деді.

 

Мал басың, әдеп-ғұрып, өздеріңе,

Жеткізсем мен бір зиян, өлем!» – деді.

Соны айтып ұшып тұрып орынынан,

Қошықтың қолын қысып сәлем берді.

 

Орыс пен молда Қошық айтысқанын

Есіттік патшаға жағысқанын.

Қазақтың аузының алалығы

Ақсатты сол секілді арыстанын.

 

Орыстан бір мүттәйім еріп келген,

Артынан ат тезегін теріп келген.

Елдің бегі болғанда қайтер еді,

Елден кетіп, орыстың боғын жеген.

 

Жарасар молда Қошық мақтағанға,

Қалалы қорған еді жақтағанға.

Орыстан алалықтан зақым жетті,

Бір шашы бар қатынды боқтағанға.

 

Датқалар көп сағынып өскен жерін,

Дабыл ұрып, құс салған айдын көлін.

Қара бұлт ішінен шыққан айдай,

Аман-есен қайтып кеп көрді жерін.

 

Замана алуан-алуан келіп жатыр,

Адамның көрмегені толып жатыр.

Замана алуан-алуан келіп жатыр,

Адамның көрмегені толып жатыр.

Халықтың пейілі бұзылып кеткеннен соң,

Мінезіне лайық іс болып жатыр.

 

Жерде пенде болғанда, көкте – малак,

Айланды заманамыз шархи фалак.

Құдай деген пенделер аз, дұғагөй

Көбейді бахил көңіл дүние талап.

 

Үлесіп үй басына жеді пара,

Сырты ақ, залымдардың көңілі қара.

Хұлһуми пәк дұғагөй азғаннан соң

Ақыры мұндай болды халық бейшара.

 

Замана алуан-алуан қылық шықты,

Пара жеп үй басына бүлік шықты.

Қой мен бөрі жайылған уақыттай боп,

Есек тұлпар, қойшыдан ұлық шықты.

 

Ескі моншақ есепті маржан болды,

Дүние астын-үстін арзан болды.

Бұқара Құран ұрып, шарттан тайып,

Құдайдың қымбат ісін арзан көрді.

 

Осындай уақыт болды қилы-қилы,

Сәнаның тоқсаныншы өткен жылы.

Сайтғұмар дегеннен келіп еді

Пайғамбардың жіберген нама-тілі.

 

Меккеден өсиет нама хаты келді,

Сайтғұмар дегеннің аты келді.

«Тауба қылсын бір аят барады деп»,

Ішінде сол наманың айтып еді.

 

Ол наманың артынан Оба болды

Қарайғанның аузында тәубе болды.

Намадағы сөзінің бәрі келіп

Талай боздақ атаулы мола болды.

 

Мұны көріп тасаттық соя берді,

Ішпей адам тамаққа тоя берді.

Өліп жатқан боздаққа жолай алмай,

Халық өлгенін мазарға қоя берді.

 

Малды қойып, сұранды адам басын,

Тақуадай тергеді ішкен асын.

Онда Құдай есіркеп кетіп еді,

Екі айда қабыл етіп көздің жасын.

 

Оба кетіп, қалғанға өмір келді,

Жаны жұрттың жадырап семірді енді.

Қар жаумаған суықтан адам өліп,

Қара жер мұздай тоңып темір болды.

 

Ол суықтан талай жандар өлді-жітті,

Күйзелдірді өзендегі біраз жұртты.

Жазына жаңбыр-жауын тынбай жауып,

Оралып жердің жүзін шалғын  бітті.

 

Қоян жылы жаумады көктен жаңбыр,

Қабағы шаруалардың болды салбыр.

Қысты күні болғанда қар тынбады,

Айуанға өлім жетті аштан әр бір.

 

Қоян жылы заманның тары болды,

Көктен құйған Құдайдың қары болды.

Төрт аяқты айуан баудай түсіп,

Қадір тұтқаны тұтам шөп зары болды.

 

Төрт ай қыстан жаз шықты өлмегенге,

Ондай қатты қыс тумас ел дегенге.

Қыс жұт, көктем балық – қиыншылық,

Ұшырады ел екі тосат көлденеңге.

 

Балық жыл жылмағайлап бір жылатты-ай,

Қыстан қалған малыңды мылжыратты-ай.

Тамының кесегіндей қураған сарт

Саудасын азығының бұлдыратты-ай.

 

Күйзелмей жан қалмады жер жүзінде,

Көбінің болмаған соң іс  көзінде.

Орыстың быламығын бір ай ішіп,

Қырық мың үй Түркістаннан ел бұзылды.

 

Қонақ, арпа адырайып дүрілдеді,

«Үш қадақ табылса егер тәуір» деді.

«Бес таңбалы» деген ел алғыр ішіп

Көтеншілер құм-құмнан кәурек жеді.

 

Тауда Дулат күйзеліп, қозғалмады,

Өз азығы өзіне аз қалмады.

Ысты, Ошақты, Жалайыр бес таңбалы

Ерегісер Дулатқа сөз қалмады.

 

Ең секілді халық екен Қоңыратымыз,

Азық іздеп қалмады қоңды атымыз.

Қатты күнде қарасып, қайырылысты,

Дулаттағы Қадырдан жегжатымыз.

 

Қөлбай деген ер шығып Ысты жұрттан,

Атадан жетім қалып хүкімет тұтқан.

Сол қарайған қазақтың арызын етіп,

Азық алдық аптаға екі пұттан.

 

Қысы жұт, жазы қымбат арты болды,

Сұрағаны азықтың нарқы болды.

«Қайғың – қара тамағың» деген мақал,

Ашаршылық алаштың дерті болды.

 

Ылди-етек тау жердің жапасы екен,

Егіндіксіз ел мәртебесі аласа екен.

Темірқазық жұлдыздай  тербелмеген

Алаштың білдік Дулат ағасы екен.

 

Есітетін құлақ жоқ азды сөздер,

Өтіп кетті қызықты дәурен кездер.

Тойдан тойды шулатып келуші еді,

Құнан тізген арқанға алмакөздер.

 

Шілдедегі  дариядай кептің қазақ,

Бар пайдаңды бір қыста төктің қазақ.

Өлетұғын тамырдай ішеке тартып,

Қашан сыртқа тартады лептің қазақ.

 

Бай, мырзалар жаңылды мерекесін,

Жақсы ауылға тоқтамай көре өтесің.

Үй басына үлесіп жеген пара –

Қысқартты қыдырлының берекесін.

 

Не пайда таптың енді, қазақ, мұнан?

Қара су бал деп  іштің сүтті қылаң.

«Ашқа Құдай береді» деген сөз бар,

Алайда қабыл болсын, қылған тобаң.

 

Құдая! Көкіректе қыл нұрыңды, жай

Қатер күннен халықты сақта құдай.

Малдан тапшы бұл жұртты қылып едің

Ақыретте қыла гөр иманға бай.

 

Бәрі де бай мырзаның болды жарлы

Көлденең құдық қазып судан зарлы.

Халықпыз бізден өткен  асылық бар

Өзің дария кешіргін жаббар тәңрі.

 

Шаруалар керең болған секілденді

Қоян жылдан құруға үкім келді.

Қой, жылқыны, түйені қоймай алып

Әр елде бір тоғайға кепіл берді.

 

Ескі манап мырзалар бегі, салы,

Балық жыл бастарына не күн салды.

Атын ерттеп мінуге ерінгендер

Аяқ-қолы қарайып егін салды.

 

Екі салқын уақытта мал қарамас

Бұл қалай деп бетіне жан қарамас.

Құдай салса пендесі көнеді екен

Күнді білмейді ыстықта жап-жалаңаш.

 

Екеу болса біреуі шатақ болды

Закон мен жөн сұрамақ атақ болды.

Құмдан қыстап, тау жайлап, Сыр күзейтін

Мал масының бәрі де жатақ болды.

 

Мал масының бәрі де жатақ болды

Ақ үйліге қоян жыл қақап келді.

Аяғы ұзын жүйрік ел-арғымақты

Әр тоғайға кісендеп матап берді.

 

Ыза  тапса еккені қауын болды

Жайылған ел топтанып ауыл болды.

Шапқан аттай желіккен дау мен-жанжал

Заманымыз осындай дауыл болды.

 

Тоқсан сегіз жақындап жүз жетіп тұр,

Суық хабар құлаққа мұз жетіп тұр.

Сүрді жемей, жеңіске сойған сырбаз,

Дегеніңе табылмай іздетіп тұр.

 

Мың-мыңнан қойды аз деп жүрген манап

Еркек қойын аударған пайда талап.

Күнге сеніп мәз болып күлімдейді

Арпа менен бидайдың басын санап.

 

Малы кеткен жігіттің досы кетті

Діні дағы малымен қосыла өтті.

Жалғыз қойын құрттауға ерінгендер

Жаудан жаман қиынның қосын жекті.

 

Аң таппайсың атарға мылтық болса

Алданар ең  сүйкенер сылтық болса.

Саба орнатқан үйлердің сабасы жоқ

Көңілің аңсап қымызға ынтық болса.

 

Мейман сырбаз жеуші еді тегін жүріп

Жарымдамай ақ майды шегіндіріп.

Ауыл таңдап табасың қой сурасаң

Ат терлетіп өңмеңдеп тебіндіріп.

 

Шешен шықты шешелмес тұйығынан

Басалмайсың батбақтап ұйығынан.

Баяғыңды ойлама енді қазақ

Бақытыңды түсірген иығыңнан.

 

Замана алуан-алуан қулық қылды

Бәрі де күшті жанның ұрлық қылды.

Әркім жүрген жолынан адасты да

Қаңғырып өзін-өзі бұрлықтырды.

 

Хакімі жүр «ұрыны тыямын» деп

Тіл алмаса желкесін қиямын деп.

Би мен болыс басының пайдасында

Парасын ап дүниені жыямын деп.

 

Ұрыларға билер тұр бере гөр деп

Тез мал тауып даладан келе гөр деп.

Бие сойып ауызымды майға толтыр

Мал иесін біздерге қоя бер деп.

 

Болмағанға болыстың  поштасы жүр

Шаршатпаққа жол-жолда тоспасы жүр.

Ұрлық қылған жігіттер тау түлкісі

Болыс пенен мал беріп достасып жүр.

 

Өлген шалдың ошағы құры боп жүр

Ат шабары сыяздың пұлы боп жүр.

Жетпегенін жеткізіп  малдантады

Болыс-бидің қыдыры ұры боп жүр.

 

Болыс-бидің қыдыры ұры боп жүр

Би-ұрының қолдайтын пірі боп жүр.

Зекеті жоқ байлардың жиған малы

Жең ұшында парамен құрыр боп жүр.

 

Билер түнде жолықса бір ұрыға

Жолыққандай болады қыдырына.

Мал-иесі дау-даулар билер үшін

Алған пұлы жетпейді шығынына.

 

Осы әдеттер қалмаса ел ішінен

Енді заман не болар бұл құрбы да.

 

Би-байдың іс кеңсесі асында жүр

Тігілген үй сияздың қасында жүр.

Батырбек пен Қанайдың жиынындай

Бар мереке ұрының басында жүр.

 

Болыс болған сөйлесер үй басына

Ақша тығар  түйедей бұйдасына.

Есегіңді ел болып ат сайласаң

Көзің жетер тұлпардай сыйласына.

 

Жолбарыстың піл менен күшін алды

Тырнағымен  мұқалтып тісін алды.

Бетегемен жусаннан қадірсіз қып

Терек пенен шынарды үсік алды.

 

Бейбақтардың басына бақ қылып жүр

Арам жеңіп адалды жақ қылып жүр.

Ақша жұмсап билерді антқа салсаң

Мөрін басып қара істі ақ қылып жүр.

 

Би болмаған бес-алты қара да жүр

Екі дауға бір жең боп арада жүр.

Жаратуың құдайдан болған менен

Жаман-жақсы сайламақ парада жүр.

 

Бет қағазын пиш-пиш қып ұрғашы жүр

Орыс заңы осы деп сырласып жүр.

Жаман туған кісінің мыяты көп

Жақсы туған жігіттің миы ашып жүр.

 

Оң жағында орыстың ноғай боп жүр

Оған жақсаң жұмысың оңай боп жүр.

Тіл білмеген кісіге тіпті қиын

Замананың саясаты солай боп жүр.

 

Қырықтан асып кәрілік жуысып жүр

Жауырынның арасы қурысып жүр.

Мастығыңа өлең де нөкер екен

Бұрынғыдан қызығы ауысып жүр.

 

Жиырма-отыз ыңыраған барыс екен

Өлең оның күшімен таныс екен.

Қыздан көңілің суысып қалғаннан соң

Қызығы да өленңнің  болмас екен.

 

Жігітшілік жігіттің байлығы екен

Жас кеткен соң жұлдызың айниды екен.

Өткен өмір өлімінен еске-түссе

Бір шыбындай ғариб жан қайғыда екен.

 

Көрсетеді кәрілік күнәйіңді,

Қатпар-қатпар қылады шырайыңды.

Тегіннен ен кәрілік келмейді екен

Қасына ерте жүреді уайымды.

 

Кәрілік қорқытады сыбырлатып

Деміңнен түсіреді екен тұғырлатып.

Құдай деп қыбылаға отырғызар

Ерніңді алаң қойдай қыбырлатып.

 

Ерніңді алаң қойдай қыбырлатып

Тасбы айтарсың дауысыңды сыбырлатып.

Дүние келіп желкеңнен түртіп тұрар

Бұлтылдаған бүргедей жыбырлатып.

 

Дәурен өтер бір күні дүрілдетіп

Сұлу сүйіп жүйрікпен дүмбірлетіп.

Елуменен алпысқа жеткеннен соң

Жолдасыңды кемітер бір-бірлетіп.

 

Жолдасыңды кемітер бір-бірлетіп

Сұлу сүйіп  жүйрікпен  дүмбірлетіп.

Жетпіс пенен сексенге жете қалсаң

Сандалтар салт басыңды жүгің кетіп.

 

Сексен менен тоқсанның жүрісіне

Болмайды риза өз көңілің бір ісіңе

Ішкенің мен жегенің сыртқа теппей

Залал-күнам боласың үй-ішіңе.

 

Залал-күнам боларсың үй ішіңе

Бала-шағаң қарамас күйісіңе.

Саған сырын айтарлық бір адам жоқ

Тірлік пен көңіліңнің түбісіне.

 

Іште жатқан шердеген толғанысты-ай

Өлең қылдым бірталай болған істі-ай.

Ақындығым – өлеңім енді бекер

Алжып шөлде адасқан жолбарыстай.

 

Біздің өлең санаттың дәптеріндей

Жүзден асқан кәрияның гәптеріндей.

Алжығаны сөзімнің білініп жүр

Қатпарланған өзімнің жақ терімдей.

 

Келіспей жүр  менің де Майлылығым

Өлеңімде көбейді айып мінім.

Заманының зайылын ойлағанда

Түн ұйқымды төрт бөлген қайғылымын.

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу