Майлықожа

Адамның бес ықылымда болар аты

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

 Жақсылар, құлақ салсаң, бастайын сөз,

Дүниенің опасызын көріп тұр көз.

Екі өмір еш адамзат көре алған жоқ,

Ойласақ, біткен жанға бір ажал кез.

 

Дүниеге не наһандар келіп-кетті,

Біреуді-біреулерге теліп өтті.

Біреу пәс, біреу бәланд, байқасаңыз,

Жаһанға кейбіреудің қолы жетті.

 

Парқы көп адамзаттың баласында-ай,

Мысалы, аспан-жердің арасындай.

Ішінен осы адамның шығарды Алла,

Ән-Хазірет екі әлемнің панасын-ай.

 

 

Қалды ма, Ән-хазіреттен дүние пәні,

Көрсеткен сол ерлерге опаң кәні.

Жеті ықлым тітіреп кеткен қаһарынан,

Аттанды сол секілді Әзіреті Әлі.

 

Сыддық пен Әбубәкір, Әзіреті Омар,

Пайғамбар жан жолдасы жақын бұлар.

Тұрмады Әзіреті Осман, Зұлнұрайын,

Сұм дүние, кімдерге енді, опа қылар?

 

Шаһзада Асан-Үсен балалары,

Сақаба отыз үш мың тамам бәрі.

Әмзе сақып қыран мен Әзіреті Аббас,

Әммәсі пайғамбардың ағалары.

 

Падиша ел билеген неше таждар,

Палуан неше өткен гүрзі саздар.

Баяндап еш қайсысы тұралған жоқ,

Білмейді неше түрлі өнерпаздар.

 

Дүниеден кедей де өтті, бай да өтті,

Қисапсыз, сансыз жанды айдап кетті.

Байқасаң, бәрі көшкен дүниеден,

Өлмесе, оның бәрі қайда кетті?

 

Әм және не ұлама алымда өтті,

Наданды шариғатқа салып өтті.

Ілімін пайдаланып сол алымның,

Пайызын Алла Тала қалын етті.

 

Дүниеден момын да өтті, залым да өтті,

Залымдар момын ақын алып өтті.

Осылай бір ләпсінің тартысында,

Күнәға бекер басы қалып өтті.

 

Сақының шарапаты асып өтті,

Пейілі дариядай тасып өтті.

Қызығып дүниеге бір бекімей,

Қайырға дүние малын салып өтті.

 

Адамды бес қысым дер «Кәрім», «Сақы»,

Болмайды бақылдықтың жанға нәпі.

Біреуін онан соңғы «нүсік» дейді,

Болады бесіншінің «ләйін» аты.

 

Адамның ең артығы болар Кәрім,

Қайырға тапқанының берер бәрін.

Осылай үлестіріп жиған мүлкін,

Шашады ішпей, жемей дүние малын.

 

Табылса өзі де ішіп, халыққа берер,

Ат мініп, ас ішуді лайық көрер.

Сақы менен Кәрімге жетпек қайда,

Кәнеки келсе шамаң, қылсаң өнер.

 

Бақылдар ішпей, жемей бермес қайыр,

Ақырын пайдасының көрер зайыр.

Өмірінде қайыр іске бір басу жоқ,

Осындай адамзаттың парқын айыр.

 

Дүниені нүмсік жиып, ішпей кимес,

Ат мініп, ас ішуді лайық көрмес.

Болған мен қанша малы бейнеті артып,

Зәредей өз басына пайда бермес.

 

Лайынның тамағынан өз асы өтпес,

Халайық дүниесінен үміт етпес.

Осылай арам жолға сарып қылып,

Ақыры өз малына қолы жетпес.

 

Бұлардың осылайша дейді түрі,

Пенденің Аллаға аян ішкі сыры.

Ікіматтан әлемдегі алсын хабар,

Өткізбей өмірлерін босқа құры.

 

Аллаға жатсаң-тұрсаң қылғын тағат,

Қамданып құдірет үшін қылсаң жиһат.

Бұйрығын ажал найза салғанда біл,

Молжалды тайыны жоқ, уақты-сағат.

 

Ажал тұр айла бермей атқалы оқ,

Қалуға әдіс тауып еш лаж жоқ.

Жан шығып, мүнкір-нәңкір, көр азабы,

Өткенше қыл көпірден қауып-қатер көп.

 

Осылай алуға әр кез қайым болып,

Соңынан біткен жанның дайын болып.

Жаппар Хақ, өзің айлап алғайсың да,

Қорқытып көңлімізді уайым болып.

 

Ажалдың түсіп тұрмыз қармағын-ай,

Баяндап дүниеде жоқ қалмағың-ай.

Нәсіп ет сегіз пейіш рахметіңнен,

Ғазап қып, дозағыңа салмағын-ай.

 

Я, Алла, дидарыңды қылғын нәсіп,

Еш пенде құдіретіңе қылмас тәсіп.

Салғайсың ақ діліме жақсы сана,

Көңілден қараңғылық кірбің ашып.

 

Ойласаң, жалғанда көп күнә қылған,

Баяндап адам бар ма көңлі тынған.

Ісімді жалғыз Хақтың өзі айласын,

Қателі асы-жапы, бір құлың мен.

 

Сөйлесем, қатесі көп тілім міне,

Ойласам, көкіректе көп мұңым және.

Мұхаммад шапағатшы «үмбетім» деп,

Патша егем, «құлым» дей көр, құлың міне.

 

Нәсіп қыл, хаузы кәусәр суларын-ай,

Баяндап дүниеде жоқ тұрмағым-ай.

Жиналар махшар күні күллі адамзат,

Әзіреттің жеткіз Алла туларын-ай.

 

Ұлы ту қияметте құрылғанда,

Жиналып күллі адамзат тұрылғанда.

Кәлима мен күнәнің парқы ажырап,

Екі жұрт екі туға бұрылғанда.

 

Ансан ғып бұл көпірден өткіз, Алла,

Туына Әзіреттің, жеткіз, Алла.

Нәсіп қып намамызды оң жағынан,

Көңілден әсірет дағын, кеткіз, Алла.

 

Осылай әсірет пен жазалы қып,

Айдайды періштелер сап-сап қылып.

«Құдая, әлім нешік болады?» деп,

Зар жылар біткен жанға қорқыныш кіріп.

 

Бола ма жылағанмен жанға пайда,

Ол жайға бір көшкен соң, келмек қайда?

Осындай жан саламат, аман күнде,

Жақсылар, тағадат үшін белді байла!

 

Жиналар жасыл туға барша момын,

Нәсіп қыл, Раббым, Алла, ислам тобын.

Осылай біз кәріпті есіркей көр,

Күнәнің қисап қылмай аз бен көбін.

 

Күнәһарлар қызыл туға айдалар-мыс,

Қолдары от занжыр мен байланар-мыс.

Азаптан бейтәубе еткен құтылу жоқ,

Түбіне жаһаннамның жайланар-мыс.

 

«Ішінде жаһаннамның, – дейді, – шаян»,

Азабы толып жатыр қылсам баян.

Сыналар жақсы-жаман қияметте,

Пенденің қылған  ісі Аллаға аян.

 

«Барар жер дозақ, – дейді, – ғапыл өткен»,

Азабы оған қылған болар өктем.

Сұм дүние еш бір жан мен шығыспаған,

Ақыреттің қамын ойлар ақылы жеткен.

 

Жолына шариғаттың жеткен алым,

Ауамдар алымдардан алған тәлім.

Осылай қиын істің бәрі алдыңда,

Болады ісің қандай, болып мәлім.

 

Ислам халқы Ән-Әзіреттің соңына ерер,

Қолына әр адамның нама берер.

Оңынан сүйген құлдың келер нама,

Келгендер сол жағынан қинау көрер.

 

Салынар таразыға сауап күнәң,

Жазулы намада ісің күллі қылған.

Басында әр бенденің осы жұмыс,

Сондықтан сірә қапы болма мұннан.

 

Осылай сауабы көп сүйсінеді,

Қанатты пырақ мініп күйге енеді.

Жәннаттың құшақтасып Хор қызымен,

Алдына назы-нығмет үйіледі.

 

Салулы алтын тақта мамық төсек,

Сыпаты толып жатыр қылсақ есеп.

Жаппар Хақ сол жайларды қылса нәсіп,

Болады бәрі түгел, нені десек.

 

Болады көңілі шат хорды құшып,

Шөлдесе Һәузі кәусар суын ішіп.

Көңілі қай тағамды қылса талап,

Алдында әзір болып тұрар пісіп.

 

Жаратқан құдіретімен әр бір сарай,

Рахаттың қисыбы жоқ сонда бір-ай.

Илаһым күнайымды ғапу етіп,

Жайларды сол сықылды қылғын орай.

 

Е, Алла, бір өзіңді қыламын жат,

Күнаһар, асы-жапы біз адамзат.

Жіберіп намамызды оң тараптан,

Қапалы көңілімізді қылғайсың шат.

 

Кеудеден шықпай, сірә, жан қаларма-ай,

«Тоқта» деп сәл тұруға шама бар ма?

Аш қырғи «аламын» деп ұмтылғанда,

Жаһаннан жай табылмас паналарға.

 

Меймансыз осылайша Әзіз жаным,

Аттансаң мұңлық болып қалар тәнім.

«Шыбын жан шығады екен қай жерде» деп,

Ойлаған көкіректе қайғым қалын.

 

Шыбын жан тәнде мейман, Алла нұры,

Қалмайды біткен жанның өлмей бірі.

Әзіз жан бұл ғазаптан құтылмайды,

Бейхабар ақырет істен кетсек құры.

 

Баяндап дүниеде жоқ тұрмақ тіптен,

Тағадат қып, ең артығы – дінін күткен.

Тар жолда, тайғақ кешу бәрі алдыңда,

Аттан ба ұзақ жолға ауыр жүкпен.

 

Жолы бар қыл көпірдің үш мың жылдық,

Сыпатын кітаптардан оқып білдік.

«Жіңішке қылыш жүзді, – дейді, – қылдан»,

Өтеді онан қайтып пенде мұңлық.

 

Дүниеде тірі қалып тұра алмаймыз,

Тағадатты неге бастан қыла алмаймыз.

Алданып дүниенің қызығына,

Алданып қисық жолда бұраңдаймыз.

 

Болса да қанша қызық кетесің-ай,

Алданып сұм дүние үшін нетесің-ай.

Жүрсеңде Аплотындай дәуір сүріп,

Ақыры бармақ тістеп өтесің-ай.

 

Еш кіммен сұм дүние бірлеспейді,

Дүниеге кімдер келіп, кім көшпейді.

Ұстасып дүние малды жиғанменен,

Бәрі бір, бірде-бірі ілеспейді.

 

Адаммен келді әуелі Хауа ана,

Әзіздер сол сықылды болды пана.

Адамның дүниеге келгеніне,

Қисап қып Насыра жұрты сапты сана.

 

Қағазға сана менен салғаны бұл,

Сөзімді кешір, Алла, қателі тіл.

Жаһанға хазірет Адам келгеніне,

Жеті жүз мың төрт жүз және өтіпті жыл.

 

Әулеті сол адамның өскен қаптап,

Халық бар неше түрлі болған тап-тап.

Сыйыспай дүниеге кеткен шақта,

Бір қырып топан сумен кетті саптап.

 

Осылайша бұл адамдар толған талай,

Кеңестер неше түрлі болған талай.

Талайлар шарқына кеп тұра алмапты,

Бұл дүние – ескі рабат, ескі сарай.

 

Не батыр, жасқанбай жау жанағандар,

Не ерлер мыңды бірлеп санағандар.

Ескендір, әзірет Шаддат, Сүлеймендер,

Меңгеріп жеті ықлымды сұрағандар.

 

Сол ерлер үкімет құрған, дәурен сүріп,

Кім тоқтар ажал жетсе, мойын бұрып.

Ескендір жеті ықлымды жеңіп алған,

Күн шығыс, күн батысқа тақтын құрып.

 

Басында ата-анадан қалып жетім,

Қайтарған басып келген жаудың бетін.

Қалын жау қанша жанды қамап алып,

Осылай жер жүзіне құрған үкім.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button