Бір деректің ізімен: Айқожа ишан Темірұлына қатысты мұрағат құжаттарына шолу
Айгүл УАЙСОВА, журналист

Қазақ жеріндегі дін ағартушыларын, ислам аша келген Бабтардың ұрпақтарының мұрасын зерттеуде бір жақтылық көзқарас басым. Зерттеушілердің дені оның ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерден аса алмай, оның әулиелігі ғана алдымен ауызға алынады. Әрі кетсе олардың мұрасы зиярат нысаны ретінде шектеліп қалады. Ал кез келген әулиенің артында ілім бары, ол ілім қандай діни дәрежеде, олар өзі сүрген ортаның әлеуметтік–саяси қажеттілігіне қатысы қалай болды деген сұрақтарға бара бермейміз. Бұл біздің діни тұлғалардың өмірі мен қызметін, тәжірибесін қазақ қоғамындағы орнын нақтылауда кедергі болып тұр.
Өкінішімізге қарай, әулие-қожалардың, сопы-ишандардың мешіттерінің көбі сақталмаған деуге болады. Олардың ұрпақтарының қолында да бірлі жарым жәдігерлерінен басқа айтарлықтай құжаттар да жоқ. Сондықтан да олардың дерегін жоққа сайып, архив ақтаратындар аз болып тұр.
Мұндай жағдайлармен салыстырғанда, Айқожа ишан Темірұлының өмір жолының іздері сайрап жатыр десе болғандай. Биыл 250 жылдығын атап өткелі отырған Айқожа ишан Темірұлы туралы орыс зерттеушілерінің жазбаларында кездеседі. И.И. Гейердің 1891 жылы шыққан Сырдария облыстық статисткалық комитеттің жинағында Айқожа ишанға және оның әулетіне қатысты сирек мәліметтерге қарағанда оның үлкен тұлғалар қатаныда болғаны дау туғызбаса керек.
Айқожа ишан 1773 жылы қазіргі Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Жасынан бастауыш діни білім алып, Өзбекстандағы медресені бітіргеннен кейін 20 жасында Ауғанстанның Каррух қаласындағы Мухаммед Ислам шейхтың құзіретінде 7-10 жыл қызмет етеді. Діни кемеліне келген Айқожа ишан Гератқа барып, иршад (шатырхат) алады. ХІХ ғасырдың басында Ауғанстанның Герат қаласы маңындағы Каррухтан Жаңақорған өңіріне оралып, өмірінің соңына дейін халқына қызмет етіп, 1857 жылы дүниеден өтеді. Бұл мәліметтерді түптеп зерттегенде, қолымыздағы иршад (шатырхатты) тәржімалай келе көп нәрсеге көзімізді жеткізіп, ишандық жолдың бір қырын түсінгендей болдық. Осы шатырхат арқылы: «Ишан Айқожа, біздегі ілім иелерінен өзінің ықыластылығымен тариқат жолында ілгері ілім алып, ілімі Нақшбандия, яғни асхабтардың жолынан және бұл жолдағы амалымен біздерге лайықты болғанын көрсеткені үшін ижазат яғни дипломын Ислам Шайх ұстазынан алып және бұл құжатты алуға мұстахақ, яғни құқылы екенін ағайын-туыстарынан ынталандыру болып, оған түсіндіріп және қадалаған».
Тағы Айқожа ишанның мөрі басылып аты аталған, ишанға қатысты үш құжат табылды. Бұл құжаттарды ұрпақтары Мардан Бәйділдаевтың жеке қорынан тапқан екен. Құжаттардың бірінде ишанның Жаңақорған өңіріне қазы болып тағайындалғаны, өзінің әділдігімен елдің құрметіне бөленгені, жұртты ұйымдастырып оларды басқару қабілеті жоғары болғандығы айтылған. Қалған екі құжат та ел басқару ісіндегі жағдайларды әділ шешіп, өз мөрімен куәландырады.
Осындай өз заманының ірі тұлғасының қызметін жақсы түсіну үшін сол кездегі тарихи ахуалмен қатар қараған абзал. Ишан өмір сүрген жылдар Орта Азия мен Қазақстанда елеулі орны болса да көп айтыла бермейтін Қоқан хандығы дәуіріне тұстас келеді. Бұл кезең ХҮІІІ ғасырдың басында пайда болып, 1876 жылдары, дейін орыс отаршылары басып алғанға дейінгі кезең. Бұл хандық оқулықтарда толыққанды оқытылмаса да қазақ әдебиетінен, әсіресе Қаратаудың арғы-бергі жағында жасаған ақындардың шығармашылығынан жақсы таныс. Қоқан хандығының қол астында сол кездегі қазақтың үлкен қамалы Ақмешіт те 1818 жылдары қорған ретінде іргесі қаланғаны белгілі.
Ғалымдар болса Қоқан хандығының өркендеуі мен өшуін үш кезеңге бөліп қараған екен. Алғашқы кезеңі 1709-1800 жылдары етек жеңін жинап, Ферғана жазығында хандықтың қазық қаққандығын айтады. Одан кейінгі қырық жылда бұл алқап гүлденіп экономикасы дәуірлей бастайды. Одан кейінгі қырық жыл хандық биліктің құлдырауымен сипатталады. Шамамен 167 жылдық хандық тарихында 21 рет хан ауысып, Құдияр хан үш мәрте тақты иеленеді. Ал Ишанның саналы ғұмыры мен қызметі Әлімхан тұсына келеді.
Ташкент пен Дешті қыпшақты түгел билеген хандық хакімдері мен қазылары арқылы билігін жүргізіп отырған. Хакімнің екі көмекшісі негізінен салық жинап отырғаны, зекетшілерінің әскер басы болғанын да зерттеулерден білеміз. Оның іздері Мәделі қожаның шығармасында айқын көрсетілген. Тарихшылардың қожалар тарихын зерттеуде айналып өтіп жүрген ақтаңдақтары – Қоқан хандығының барлық құжаты қазір Ташкенттегі Бируни атындағы Шығыстану институтының қолжазбалар қорына өткен. Сол кездегі дінбасылары да үлем, сопы және қожалар болып бөлінген екен.
Біздің қолымыздағы 1816 жылғы құжат бойынша «Әбул Музаффар және Әл Мансүр Әмир муслимин Мұхаммад Умар Бахадурхан үкімінен Жаңақорған тұрғындарына білдіреміз. Мейірімділік және жақсы ниетіне байланысты молда Айқожаны Ша Уалиханның мақтап және илтипат етіп, мейірімділігімен ақылды және басқару қабілеттілігіне сай бұл шарапатты қызметті халыққа болған әділетті көзқарасымен, бұл кісіні өздеріне қазы ретінде тағайындағанымызды біліп, сіздерге сенімді әрі қамқор бір басшы екенін біліп, осы жазылғандарды дәл дұрыс түсініп, сақтықпен әрекет етулеріңді түсініп және маңызды екенін біліңіздер.Ассалаумалейкум, 1231» . Бұл құжаттан Айқожа ишанның Жаңақорған өңіріне қазы болып тағайындалғанны түсінеміз.
Бір қызығы су мәселесінде ишанның қазылығы туралы құжат ел аузында жүрген аңызды растағандай. Ол 1832 жылғы құжатта айталды. «1247 жыл Зұлқада айында заң бойынша анықталған. Көкен би Назарбиұлы, Байарыстан Тайлақұлы деген кісілердің Құлтан және Құдайназар Маңғарбайұлы және Найманбай Атышбайұлы, Пысықпай, Байқара Тұманбайұлымен жер және су мәселесінде Жаңақорған тұрғындарының дауласуы 12 алтын төлеу жайында Әмір Саид Мұхаммад Әлихани қазының шешімі әр алтынның ауырлығының бір мысқал болған алтындарды төлеу жөнінде келісімге келтіріп, екі жақтың мақұлдауымен бұл дау шешілді. Айқожа ишан мөрімен бекітті».
Бабаның тағы бір қасиеті жайында жазушы Оразбек Бодықов былайша хатқа түсірген. Жазушы Жаңақорғанның қасында Бесарық деген жерде мекен еткен сол маңдағы «Кеңес» деген ауылда тұратын Кәделі Есенбай келіні деген әжеймен сексен жетіге келген шағында кездесіп, бұл жер неге «Бесарық» атанғанғанын сұрап білген. Кәделі әже Бесарықтың хикаясын былайша баяндайды.
– Анау тұрған Қаратау, оның ар жағын – Теріскей, бергі жағын – Күңгей дейді. Сол таудан теріскей жаққа көп бұлақ, күңгейдегі біздің алқапқа қарай жалғыз-ақ бұлақ ағыпты. Былайғы кездері бірліктері мықты бес ауыл Қоңыраттар бір бұлақтың суын бөлісе алмай, көктем сайын қырқысады да жатады екен. Айқожа ишан ел-жұртты жинап алып: «Уа, халқым, бір бұлақтың суын бөлісе алмай бет жыртысасыңдар! Сақалға жармасып, көсе болуға айналдыңдар! Бірліктерің қайта оралсың, бір бұлақтың суын беске бөлейін, бес ауыл Қоңырат бес арық қазыңдар да, өз ауылдарыңа қарай су тартыңдар!» – депті. «Уа, ишан! – депті оған қоңыраттар, – жалғыз бұлақты жылап аққан азғантай суы қайсымызға жетеді?» дейді сонда Айқожа:«Шекісемін деп шекелері қанаған бір тайпа елдің ынсапсыздығын көрген бұлақ қазір жылап ағып жатыр. Бірлікке келіп, қанағатқа тоқтасаңдар, бұлақты аршимын. Жылап аққан бұлақ – құлап ағар сонда» – депті. Бұл сөзге сене алмай дағдарған Қоңыраттар желкелерін тыр-тыр қасыса керек. Айқожа ишан сонда қолына кетпен орнына шотаяқ алып, оны «Я, пірім!»- деп бұлақ көзіне бір-ақ рет малыған екен, жылап аққан бұлақ дүркірей құлапты дейді. Мұны көріп естері шыққан қоңыраттықтар бес ауылға қарай бес арық тартқан екен, дейді. Содан бастап бұл маңай «Бесарық» атаныпты. Айқожаның кереметі туралы бұл естелік 1993 жылы жазылып алынған.
Бұл тым әсірелеп көркем жазылған естелікте Айқожа ишанның кереметіне басымдық берген. Расында да тарихат иесі Мұхаммед Ислам шайхтың шәкірті Айқожаның кереметті болуы заңды.
Бабаның ақырғы мекені болған Ақтаста кесенесін үлкен ұлы Ибадулла тұрғызса, оның баласы Ата мағзұм Мешіт салады. Мешіт бірнеше жылдай патша шешімін күтіп құрылыс тұрып қалады. Бағымызға орай жартылай салынған, күмбезі бітпеген мешіттің ескі суреті де табылды. Бүгінде Ақтас мешіті еліімздегі сәулетті тарихи ескерткіштер қатарында, айналасы абаттандырылып, ұрпақтарының күтімінде.
Қазақ шығыстанушылар арасында соңғы отыз жылда тариқат тарихы бұрмаланып, ғалымдар екі жақ болып айтысатын жайтқа жетті. Бұл кезінде тариқат иелеріне ғылыми шынайы баға берілмей, оның мәнін үстіртін зерттеп, біреуіне бұра тартудың салдарынан деп те айтуға болады. Жасыратын несі бар, Айқожа ишан білім алып, керметін меңгерген нақшпандия-мужаддадия тарихаты күні бүгінге дейін қазақ жұртына бәймәлім сопылық жолы.
Ишанның жүріп өткен жолын зерттеуге кіріскен сәттен бастап көптеген мәліметтер Өзбекстаннан табылды. Бұл ретте Самарқанд қаласындағы Имам Бухари атындағы Халықаралық ғылыми-зерттеу институты бөлім басшысы Мехрижиддин Амоновтың Орта Азиядағы нақшбандия-мужаддидия тариқаты (XVІІІ-XІX ғасырлар) монографиясында тариқат тарихын молынан шолу жасап, талдаған. Автор, өз еңбегінде ислам әлеміндегі бірқатар ғылыми-зерттеу орталықтарында сопылық ілімі, тариқаттар ішінде нақшбандияның орны, оның қоғамдық-саяси үдерістермен байланысы, оның таралуы, рухани тізбегі, дін өкілдерінің өзара байланысы, зікірдің жасырын және жария түрлерінің аймақтарға кеңінен таралуы туралы зерттеулер жүргізіліп жатқанны айта келіп, Нақшбандия тариқатының ХVІІ ғасырда Үндістанда жаңадан құрылған Нақшбанди-Мужаддидия бағытының Орталық Азияға таралуы және оған түрткі болған факторларды ашып берген.
Осы тарихат силсаласында отызыншы болып тұрған Сўфи Муҳаммад Ислом шайх Каррухий Бухорий (1138/1726-1222/1807) (Ҳирот, Каррух) –дан кейін отыз бірінші болып Айқожа ишан Туркистоний (1773-1857 болып келеді. Әрине, тариқат зерттеушілері жақсы біледі, алтын шариф силсаласы өз алдына, бірақ Айқожа ишаннан кейін Түркістан жерінде бұл дәстүр жалғасуы керек еді. Алайда Ишанның немерелерінің талайына түскен тағдыр бұл жолдан ажыратып жіберді. Мақсұмдарға, Ишанның өз ұлдарына келсек, бұл жерде дегі сақталған дәстүр бойынша пірліктің үлгісі жаңа формада жалғасқанын байқаймыз. Мұны жергілікті халықтың орналасуы жағдайына және жүзге бөлінетін қазақтың ерекшелігіне сәйкес мүршид-мүридтік ұтымды шешілген.
Айқожа ишан және оның ұрпақтары өмір сүрген Жаңақорған ауданы төңірегінде Орта жүз рулық-тайпалық жүйесіне кіретін қоңыраттар тығыз орналасқан. Сонымен бірге сунақ, балталы наймандар да бар. Қоңыраттың Қырғызалы, Киікші, Құйысқансыз, Қараша, Божбан, Ноғай аталықтарына пір ретінде 11 ұлын бөліп берген Айқожа ишанның шешімі сол кездегі қазақ қоғамының қажеттілігіне туындаған. Әрі бұл үрдіс осыған дейін қожалардың қызметінде орын алған болатын. Әр рудың ортасында өз қожасы болғаны белгілі.
Қарап отырсақ, тариқат жолымен Айқожа ишан иршод алып өз жолын жалғастырса, Айқожа ишанның ұлдары әкесінің батасымен әр рудың пір-қожасы атанып, бұл дәстүр осы күнге дейін жалғасын тапқан. Бұл зерттеуші ғалымдардың назарын аударатын мәселе деп қараймыз. Өйткені тариқат иелерінің қызметі жергілікті жерде өзгеріске түссе де атқаратын функциясы аса өзгермеген. Бірақ тариқаттан алыстан (түрлі обьективті себептермен) сыртқы формасы қалса да ішкі мақсатына мін түспей дербес дамыған. Кезінде Айқожа ишан Қоқан хандығы тұсында ел басқару ісіне араласқан қазы болса да хандық ыдырағанда, әкесінің ізімен халқы әділдікті ишанның ұрпақтарынан күткен. Орыс патшасы отарлауы тұсында, одан кейінгі кеңес кезінде де ресми қазылық міндетті атқармаса да ел ішіндегі билікке араласып әділдік жағын ұстанып, қарасына қорған бола білуі осы қазилықтың жаңғыртылған, жаңа формасы деп бағалауға болады.
Ишанның немерелері, шөберелері яғни төртінші буын ұрпағына дейін мағзұм-ишандардың дерегі біршама зерттелді. Көбісі, 1920 жылдары басталған зұлмат кезінде атылып кетті. Кейбірі ауа көшіп жан сақтаса да кейіндері елге оралып, ғұмыр кешті. Бұл ұрпақтардың ішінде тариқаттан хабары барлар жоқтың қасы. Көбісі кеңес заманында білім алып, түрлі лауазымда, экономиканың барлық салаларында қызмет атқарды. Алайда кейінгі соңғы отыз жылдың ширегінде ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, дінге еркіндік берілген кезде алты ата қоңырат өз пірлерін іздей бастады. Бұл жылдары ишан әулетінен отыздан астам дін қызметкерлері шығып, ескі жолмен рубасылары өздерінің пірлерін қайтадан имамдыққа алды.
Бұл дәстүрдің игі әсері болды. Өйткені қоғам рухани дағдарысқа ұшырап, ұлттық құндылықтар шегініп, елде салафиттік идеялар орын алғанда осы өңірде пірлік жолынан танбай, бөтен ағымға ергендер мүлдем болмаған.
Бұдан шығатын қортынды, еліміздің рухани мәдениеті тұрғысында, дін жолында дәстүрлі дін өкілдерінің жолын зерттеп, оны жаңа замандағы қолданысы мәселерін қайта қарау керек. Бұл жол ойдан шығарылып, белгілі бір әулеттің қолайына қарай пайда болмаған. Мұның астарында халықты басқару үрдісі де рухани кілті кімнің қолында болғанын дәлелдейді. Әрі бұл жолда ірі тұлғалардың ізі өшпегені көңілге үміт береді.
Пайдаланған әдебиеттер
- Бейсембиев Т.К. Кокандская историография, исследование по источниковедению Средней Азии ХҮІІІ-ХІХ, Алматы 2009. 70-74 стр.
- Мирзо Меьрожиддин. Суфи Оллохер ва Ислам Шайх тарихи.Тошкент «Маshhur-press» 2017.140 стр
- Амонов М.У. Орта Азиядағы Нақшбандия-Мужаддидия тариқаты (XVIII-XIX ғасырлар). Алматы 2023. 3-125 стр.
- Материалы к изучению бытовых черть мусульманского населения Туркестанского края , 82 стр. Сборник материалов для статистики сыр даринской области. Ташкент 1891
- Айқожа ишан. (зерттеулер, естеліктер, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер, ұлағатты сөздер) 158 бет. Қызылорда-Жаңақорған 2016 ж
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН





