Кешірім
Сапаров Сайфуддин:
Айқожа ишанның он бір ұлының бірі біздің бабамыз Сапар мағзұмнан атажұртында ешбір дерек жоқ екен. Ол кісіден тараған еркек кіндіктілер аз болған. Одан туған Шахаттан үш қара шаңырақ Ордабасы ауданы Қараспан ауылында жасап жатыр. Бабамыз Сапар мағзұмды Екпіндегі наймандарға қожа қылып жіберген екен. Ол кісі сол жерде дүние салды. Одан кейін орнындағы Шахат атамыз қожалық етті. Кейіннен кеңес үкіметі кезінде қудалауға түсіп, Қорғантөбеге Тәжікстанға өтіп кетті. Кейін Сталин өмірден озғаннан соң, Оңтүстікке қайта оралып, Қараспанда қалып кеттік.
Айқожа ишанның екінші ұлы Жұмаділланың Ыдырысының балалары менің нағашы аталарым болады. Ол кісінің бес ұлы бар еді, Омар, Әбдіғаппар, Әбдіжаппар, Сейітжаппар Үсейін. Омар көкеміз біздің жас кезімізде қолынан Құран түспейтін еді, Әззам ишанды пір тұтқан, сол кісіге қол берген екен. Жасы үлкен болса да Әззам ишан келгенде аяқ киімін қойып, кішіпейілдіктен қызмет көрсетіп жүретін. Ол кісінің біздерге ашуланғанда қатты ұрысқаны «көбейіп қалғырлар» еді. Тегінде ашуы қатты болған. Соғыс жылдарында бес ұлдың кішісі, Омардың інісі Үсейін соғысқа кетеді. Жас келіні үйде қалады. Біраз уақыт өткеннен кейін келіні, төркініме барып қайтайын деп сұранып кетеді. Сол кеткеннен басқа біреуге тұрмысқа шығыпты. Сонда атамыз қатты қапаланып: «Менің інімнен қара қағаз келген жоқ қой, біреуге тиіп кететіндей не болыпты» деп налыған екен. Кейіннен келіні: «атам қапа болды-ау, кешірім сұраңыздар» деп деп елінің үлкендерін жібереді.
Сонда көкеміз айтады. «бұрын қазіргідей үйдің айналасын қоршап тұрған қорған жоқ, бір топ адам 20-30 метрдей қашықтан есектерінен түсе сала, бойларын тіктеместен үйге қарай еңбектей беттеді. Атамыз «Қожеке, кешіріңіз, кешіріңіз» деп тізерлеп келгендердің бәрін кезекпен қолтығынан демеп тұрғызып, мал сойып, бәрін күттік. Кетерінде: «Қапа болғаным рас, қарғағаным да рас, мен құдай емеспін ғой, сөзімді қайтарып ала алмаймын ғой» деп шығарып салған екен. Көп ұзамай келіні де тиген күйеу де өлген екен.