Ақ Еділ қожа мазары
Күміс көлдері мөлт-мөлт етіп жатқан Қорғалжын тарихи ескерткіштерге аса бай өлке. Осындай қымбат жәдігерлердің бірі – Ақ Еділ қожа мазары.
Бұл күнде дерек-дәйек атаулы сұйылып, жұқанасы қалған. Әйтеуір, осы жер жәннатында Еділ қожаның күн кешкені анық. Имандылық иірімдерін жамағаттың бойына сіңірген. Діншіл ғана емес, көпшіл, ел қамын ойлаған жан болса керек-ті. Ел ішіндегі ауық-ауық туындап тұратын дау-шарларды басуға, ағайын арасын жарастыруға, туысқанды татулыққа шақыруға ерен еңбегі сіңген деседі. Сол ауызбірлікті нығайтып, кең көсілген Қорғалжынның даласын жайлаған жалпақ жұрттың ұйытқысы болған. Адалдықтың шырақшысы – Еділ қожаға жаза баспай-ақ сөйлеп, адалын айтып, Алашты адамгершілікке баураған пейіліне орай есіміне «ақ» анықтауышын қосып, Ақ Еділ қожа атаған. Ісінің де, ниетінің де ақтығына орай. Замандастарының, шарапатын көп көрген адамдардың кіршіксіз таза көңілінен шыққан қошеметі, құрметі.
Тәмам жұрт кісілігіне тәнті болған соң жамбасы тиген жерге мазар салған. ХІХ ғасырдың ерекше діни ескерткіші. Сырттай қарағанда пішіні алып жұмыртқа іспеттес домалақ мазар боз далада бозарып көрінетін киіз үйді еске салады. Қабырғасы көтеріліп келіп, әнтек жиырылып, тұйықталады. Шикі кірпіштен тұрғызылған. Бірақ берік, мықты. Сайын далада сан жылдар бойы сыры кетсе де, сынын жоғалтпай тұрғанына қарағанда, бұрынғылар құрылысты берік етіп сала білген ғой.
Жұмай ауылына жақын маңда орналасқан Ақ Еділ мазары бүгінгі күні өткеннің өнегесін өміршең ұрпағына ұқтырып, адалдық пен арлылыққа, жан тазалығына шақырып тұрғандай.
Қорғалжын ауданы,
Ақмола облысы
Байқал БАЙӘДІЛ«Egemen Qazaqstan»