Жарық нұрдың сәулесі

Ысмайыл Ата мен оның ұлы Ысқақ Ата

  Кәрім АППАЗОВ

Қазығұрт жеріндегі Тұрбат ауылында   Қожа Ахмет Яссауи тариқатының жалғастырушылары Ысмайыл ата мен оның үлкен ұлы Ысқақ қожа атты әулиелер өткен. Олардың қабіріне Әмір Темір тұрғызған алып кесенелер  алты ғасырдан астам уақыттан бері ел ықыласына ие болған зияратжай болып келеді.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін мешітіне төңіректегі алыс-жақын ауылдардан, тіпті Ташкент қаласынан намазхандар жұма намазға келетін Ысмайыл ата мен оның кесенесінің тарихы туралы мәліметтер өте аз болды. Тек, ел арасында тараған аңыздар баспасөзде жарияланып тұрды. Жалпы, Ысмайыл ата тарихының зерттелуін нақшбандия аңыздарынан құралған XX ғасырдың соңғы онжылдығына дейінгі және Ысқақ қожа деректеріне байланысты кейінгі деп екіге бөлуге болады.

Ысмайыл ата тарихы ХХ ғасырдың  соңғы онжылдығына дейін

Кеңес үкіметі кезінде Ысмайыл ата тарихы жөнінде тарихи-сәулеттік ескерткіштері туралы мәлімет берушілердің хабарламаларындағы аз-кем деректермен, ел арасында кең тараған аңыздармен қанағаттанып келдік.

Қалың көпшіліктің қолы жете бермейтін Ысмайыл ата туралы деректердің негізгілері ол кезде ХVғасырдағы  нақшбандия ғұламалары Әлішер Науаи, Әбдірахман Жәми, Фахриддин Әли Кошифи шығармалары арқылы жетті.

Ысмайыл ата деректерінің ең көбі  Әлішер Науайыдан жетті, оның айтқандарын қысқаша келтірсем:

Ысмайыл ата – Қожа Ахмет Ясауидың Ыбрайым ата деген інісінің ұлы және оның муриді, сұхбаттасы болған. («Насойим ул-мухаббат» еңбегінен.)

Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ ата.

Ысқақ қожа – Ысмайыл атаның перзенті. Ол атаның халифы және ізбасары еді. («Насойим ул-мухаббат» еңбегі, ТШЖ 17том, 420б.)

Атаий ақын, ол Ысмайыл атадан 1,5 ғасыр кейін өмір сүрген ұрпағы болып шықты.  Атаий (Хусеин шайх) Ысмайыл ата перзенттерінен. Әсем мінезді кісі еді.(«Насоийм ул-мухаббат» еңбегінен)

Мәулена Атаий Балқыда тұратын Ысмайыл атаның перзенті, көркем мінезді, биязы, қарапайым жомарт жан еді..(«Мажалис ул-нафис» еңбегінен)

Басқа ұрпақтары:

ҚОЖА  БАЯЗИД – Ысмайыл атаның жақын ұрпақтарынан. Әмір Темір оның сұхбатына келген…(«Насойим ул-мухаббат» еңбегінен, әулиелер тізімі, N617)

ҚОЖА БАХАУТДИН – Ысмайыл атаның немересі, оның әулетіндегі ең атақты адам… Кашмирге барып, ол елдің халқын мурид еткен.(Насойим ул-мухаббат, тізім N616)

ҚОЖА ХАЛИЛ – Ысмайыл атаның ұрпағы, оған атаның хиркасы мен

кілемшесі тиіпті. «Насойим ул-мухаббат» еңбегінен, N618)

ХХғасырдың соңғы онжылдығына дейін әлем шығыстанушы ғалымдары қабылдап келген Ф. Кошифидің атақты «Рашахат» кітабында берілген Ысмайыл атаның рухани силсиласы(тізбегі):

Қожа Ахмет Ясауи-Хаким ата-Зеңгі ата-Сейіт ата-Ысмайыл ата.

Ысмайыл атаның туған, қайтыс болған жерінің ең анық көрсетілгені – 1625 ж. жазылған Мұхамедәлім Әлавийдің «Ламахат» кітабында:

«Ысқақ қожаның қайтыс болған жері Хазайн деген аймақта, Тұрбат деген жерде орналасқан. Мазары ұлы атасының жанына жақын жерде. Әмір Темір оның мазарының үстіне ғимарат тұрғызған.»

1889 жылы Ысмайыл ата, Ысқақ ата кесенелері, аумағында болған Ақжар болысының басқарушысы Көбей Тоқболатұлы этнограф ғалым Ә. Диваевқа жергілікті тұрғындар арасында тараған аңыздар бойынша «Ысмайыл ата туралы аңыз» жазбасын тапсырады. Ол орыс тіліне аударылып, сол кездегі бірнеше басылымдарда жарияланады.

Осы кезеңде орыс зерттеушілері  Орта Азияның исламдандыру тарихына  байланысты өте көп киелі аңыз бен насабнамаларға тап болады және қызыға зерттеуге кіріседі. Бірақ көп ұзамай зерттеу жұмыстары ұзақ уақытқа тоқтайды.

Бұл тоқырау ХХ ғасыр басында Орта Азиядағы мұсылман дәуірі тарихын зерттеуші беделді дереккөз мәліметтерінің Орталық Азияны исламдандырудың киелі аңыздарындағы оқиғалармен сәйкеспеуінен басталды.

Бұл кезеңде  Ысмайыл атаның өмір сүрген уақыты туралы өткен ғасырдағы зерттеуші ғалымдар Науаи және Кошифи мәліметтеріне талдау жасау арқылы болжам түрінде ХІ-ХІІІ ғасырларды атады.

 

Ысмайыл ата тарихын зерттеу ХХ ғасырдың соңғы

онжылдығынан бүгінгі күнге дейін

1987 жылы АҚШ ғалымы Дэвин ДиУис  Кабул Ұлттық Архивінен Ысмайыл ата ұлы Ысқақ қожаның қолжазбасын тауып, сол бойынша «Түркістанды исламдандырудың Яссауи аңыздары» атты мақала жазып, ғылым әлеміне таратты. Бұл мақала ғылымның осы саласындағы жоғарыда аталған тоқырауға қозғау салғанын айтуымыз керек. Мақаланың қозғаушы күші әсерімен бір кездегі өкіметтің қаһарынан тықпыштаған қолжазбалар, насабнамалар жер-жерден жарыққа шыға бастады. Сол кезде Ясауи және оның әулетінен  тараған шежіре-насабнамаларға көбірек көңіл бөлініп, Ысқақ қожа еңбегінің маңыздылығы еленбей, көлеңкеде қалған жағдай орын алды.

Ысқақ қожа еңбегінің Ясауитану үшін, жалпы Орталық Азияны исламдандыру тарихы үшін маңыздылығын, алатын орнын 1998 жылы ұйымдастырылған әлемнің жеті елінің ғалымдары атсалысқан жоба жұмыстарының қорытынды еңбегі «Орталық Азияны исламдандыру және киелі насабнамалар» атты екі томдығы ғана көрсете алды. Еңбек жоба жетекшілері АҚШ ғалымы Дэвин ДиУис пен біздің ғалымымыз Әшірбек Момыновтың авторлығымен жарық көрді.

Жобадағы «Орталық Азияны исламдандыру және киелі насабнамалар» тақырыбы бойынша  ел аралап шыққан экспедициялар жинаған материалдар мен қолда бар архивтердегі қолжазбалар мен насабнамаларды сараптай отырып, XIV ғасырдың ортасында жазылған Ысмайыл атаұлы Ысқақ қожаның «Хадикат ал-Арифин» атты еңбегі ең ескі қолжазба деп танылып, зерттеудің басты нысаны ретінде қабылданды. Зерттеу барысында бұл қолжазбаның 7 нұсқасы ӨР Шығыстану институтының қорынан табылды. Зерттеу еңбектің 1-ші томы Ысқақ қожа қолжазбасының Кабул нұсқасындағы «Ысқақ бабтан таратылатын аңызды» басқа нұсқалармен салыстыра зерттеу түрінде жазылған және аталған аңыз баяндалатын бірнеше қолжазбаға (шайх Маслахатдин Худжанди «манақибі», татар ғалымы А. Бустанов берген «Сібір нұсқасы» бар)  сараптама жасалған.

Зерттеу жұмысы арқылы Ысқақ қожа еңбегіндегі алдыңғы деректерді жоққа шығаратын көптеген мәліметтермен таныстық, олар:

#1. Ысқақ қожаның Ясауи тариқатына кіру тізбегі (силсиласы): Ясауи-Сопы Мұхамед Данышпан-Сөксөк ата-Ыбрайым ата- Ысмайыл ата-Ысқақ қожа.

#2. Ысқақ қожа жазып қалдырған Ысмайыл ата насабнамасы Қожа Ахмет Ясауидің он бірінші атадағы бабасы Ысқақ баб пен Ысмайыл атаның он үшінші атадағы бабасы Әбдіжәліл баб арқылы табысатын өте алыс туыс екенін анықтауға мүмкіндік берді

#3. Зерттеу еңбек Ысқақ қожа жазбасына сілтеме жасап Ысмайыл атаның қайтыс болған жылын -1314-15 не 1334-35 жыл деп көрсеткен екен. Осы мәліметке сүйеніп, насабнамаларда жазылған өмір сүрген жасын, замандастары  Шайх Маслахатдин, Сөксөк ата туралы мәліметтер және Көбей Тоқболатұлының аңыз жазбасындағы мәліметтермен салыстыра отырып, Ысмайыл атаның туған жылы 1199, қайтыс болған жылы – 1314-15 деген шешімді таңдадық.

Ысмайыл ата шежіресіндегі Айқожа  ишанның орны

Жоғарыда аталған еңбектің 2- томында  Ташкент, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарына экспедициялар шығып,  жергілікті тұрғындардан жинаған және архивтердегі  ескілікті қолжазбалар мен насабнамалар жинағы берілген. (Бұл 2-томға негізінен XIX-XX ғасырдағы көшірме қолжазбалар енгізілген.)  Мен сол насабнамалар негізінде Ысмайыл атаның шежіре кестесін құрастырып шықтым. Ол мынадай болып шықты:

ЫСМАЙЫЛ атаның 18 ұлы, 15 қызы болған. Бұл жерде жинақтан табылған 4 ұлының Ысқақ ата, Хумай (Момын) ата, Қажы ата және Абдолла атаның шежірелері бойынша кесте жасалып отыр.

а). Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ ата ұрпақтары:

Йақуб атадан тарайтын шежіре ӨР Шығыстану институты қорындағы N3004, 2851, 252 қолжазбалардан шықты.(Қолжазбаны көшіруші Қожа Йакуб, 11.03.1692жыл)   Йахиа атадан таратылатын шежіре А. Бустанов зерттеген Г. Миллер архивінен алынды.

Қожахан қожадан таратылатын шежіре Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылындағы С.А.Әлмұхамедовтің N2 қолжазбасынан алынды.  Әбілқасым қожадан таратылатын шежіре түркістандық Ә.Әбсеметовтың қолжазбасынан алынды.

ә). Хумай (Момын) атадан таратылатын шежіре (Ысмайыл атаның төртінші ұлы). Ташкент обл., Жоғары Шыршық ауданы Сексен ата ауылының тұрғыны Тәжібай Нұрматовтан алынған.

б). Ысмайыл атаның тоғызыншы баласы Қажы атаның  шежіресі ӨР Шығыстану институты қорындағы   N3004, 2851, 252 қолжазбалардан алынған.(Шежірені көшірушілер Мухамедамин қожа азизан,1836ж., Саидакрам Қожа, 1867жыл. Дәлел ретінде анықтай кетейін, ӨР Шығыстану институты қорында Мухамедамин қожа көшірмесі – N3004, Cаидакрам қожа көшірмесі – N2851 cанмен сақталуда.)

в). Ысмайыл атаның оныншы баласы  Абдолла атаның шежіресі Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында тұратын Өмірсейіт М. Төреқожадағы көшірмеден алынған.

Көріп тұрғандарыңыздай  250 жылдығы аталып жатқан Айқожа ишанның шежіресі Әбдіжәліл (Қорасан) бабтың он бірінші атадағы ұрпағы Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ қожаның  Әбілқасым деген ұлынан таратылады. (Қосымша 1) Қожа Ахмет Ясауи генеалогиясы; қосымша 2, Ысмайыл ата генеаогиясы; қосымша 3) Ысмайыл атадан таратылатын шежірелер кестесі; қосымша 4) Ысқақ қожадан таратылатын шежірелер кестесі)

Соңғы кезде 2016 жылы шыққан Айқожа ишан кітабынан көрдім, Айқожа ишанның шежіресін таратып, Әбдіжәліл бабтан бастап Ысмайыл атаның 11 атасын, үлкен ұлы Ысқақ қожадан тараған 12 ата ұрпағын  атап, Мәді-Диуана қожаға жеткізеді. Бәрін жақсы  таратып, Әбдіжәліл бабтың үлкен ұлы Ибрахим сопыдан Диуана қожаларды бөлек шығарады. Сонда Ысмайыл ата бөлек болса, автор Ысмайыл атаның 11 бабасын, 13  ұрпағын атап, неге Мәді-Диуана қожаға қосады. Жоқ жерден мәселе шығарған аталған еңбек деректерін анықтап бір тұжырымға келу керек.  Аталған еңбекте Айқожа ишан өзінің 11 баласының 4,5,6-ыншы балаларына Ыбрайым, Ысмайыл, Ысқақ деп тұрбаттағы бабаларының есімдерін тәртібімен қойған екен. Бұл кездейсоқ болмаса керек. Айқожа ишан жасаған бабаға құрметін  жалғастыру ұрпаққа парыз.

***

2017 жылы өңірімізде өткен әулиелер туралы «Тұрбат- Ысмайыл ата: аңыз бен ақиқат» атты кітап құрастырып, баспадан шығарған едім. Сол кітапты түгелдеген кезде көкейге келген біраз ойларды алғысөзге қосқан екенмін. Мүмкіндікті пайдаланып,  сол ойларды сіздерге жеткізсем деген едім. Оқиын:

…Тағы бір айтарым, осы кітапты құрастыру барысында баспасөзде, ғылымда, жалпы ел арасында Ысмайыл ата, Ысқақ ата тарихына байланысты әділетсіздік жасалып келе жатқанын байқадым. Сол жөнінде ел білсе екен дедім. Олар:

«Ясауи тағылымы кітабындағы  мақаласында ғалым Зікірия Жандарбек, ғалымдар назарына алғаш түскен Ысқақ қожа еңбегі екенін айта отырып, ол кісі кім, қайдан екені жөнінде ешнәрсе айтпайды. Тіпті ол туралы америка ғалымы Дэвин ДиУис жазған мәліметтерді шатастырып, басқа бағытқа салады. Қолында насабнамалары бола тұра, Ысқақ қожадан Диуана қожаларды бөлек квалификациялап, Ысмайыл атаға қосқысы келмейді.

Тіпті қазіргі күні қазақ арасында ең көп тараған Ысмайыл ата ұрпақтары  – Диуана қожалар да Тұрбаттағы бабалары туралы ауыз ашпайды. Сонда олар атағы алысқа кеткен бабалары Ысмайыл атаны білмейді ме, әлде мойындағысы келмейді ме?

Ол ол ма, мына тиіп тұрған Сарыағашта жасайтын Ысмайыл атаның оныншы баласы Абдолла атадан тарайтын ұрпақтары өздерін Диуана қожамыз деп келгеніне таңданудан басқа не айтуға болады.»

 

#СОҢҒЫ  КЕЗДЕ ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ҚАТЫНАСЫНДА ЫСМАЙЫЛ АТА ТАРИХЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТУЫНДАҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

#1.Наманган облысы мәдениет басқармасы 2013 ж. шығарған «Наманган вилояти мероси» атты еңбекте Пап ауданы Чодак қыстағындағы Исмоил Атоий кесенесіндегі Исмоил Атоий әулиеге Тұрбаттағы Ысмайыл ата тарихын көшіріп жапсырғаны байқалды.

Олардың айтуынша Исмоил Атоий Қожа Ахмет Ясауидың Ыбрайым ата деген інісінің ұлы. Ұлы ақын Атоий  оның ұрпағы. Тіпті,  Диваев өз еңбегінде Исмоил Атоий туралы аңыз жазған деп біздің Көбей бабаның жазып бергенін де өз бабаларына жапсырып алыпты.

# 2. Ташкенттегі Сүзік ата кесенесі Ысмайыл атаның тоғызыншы ұлы  Қажы атаның шөбересі – Сүзік ата, Ысқақ қожадан жеткен шежіре бойынша осылай. Бізге жеткен бұл шежіре нұсқаларын Ташкенттің Сүзік ата махалласының тұрғындары, Сүзік атаның ұрпақтары Мұхамедамин қожа Азизан – 1836 жылы, Саидакбар қожа – 1867жылы көшірген. Бұл кісілерді Сүзік ата заманынан сол жерде тұрып жатқан оның ұрпақтары деп қалай айтпаймыз.

1992жылы «Узбекистон адабиёти ва санъати» журналында Н. Хаджиметов, З. Темировтардың авторлығымен «Ысмайыл ата және оның кереметтері» атты мақала басылды.  Онда пікір таластырып жатқан Ысмайыл атаның Ысқақ ата және Сүзік ата есімді ұлдарының оқиғасы айтылады. Екі ұлдың таласының куәсі болған Ысмайыл ата «екі қошқардың басы бір қазанда қайнамас» деп, Сүзік атағаТашкенттегі Бесағаш дахасынан үй-жай істеп береді. Сол жерде оның кесенесі, мешіті бар екенін жазыпты.

Ол кезде аңыз авторларына Ысқақ қожа еңбегі әлі жетпеген болар, олар шежіредегі Ысқақ атаның шөбересін інісі ретінде көрсетіп, азырақ жаңылысқан екен.

Қазіргі кезде ол кесенені Өзбекстан өкіметі толық реставрациядан өткізіп, көріктендіріп, туристер үшін әсем зияратжай істеп қойған. Оған Қожа Ахмет Ясауидың қызы Гаухар Хұштәжінің ұлы Сүзік атаның есімі таңылған. Бұл әрине таласты нәрсе. Жалпы бұл жөнінде айтылып жүрген үш нұсқа бар. Жоғарыдағы екі нұсқадан басқа хорезмдік Хаким ата ұрпағы аталады. Өзбекстан өкіметі өздеріне ұпай әперетін Қожа Ахмет Ясауи ұрпағын таңдаған екен. Шындығында Ташкенттегі кесенеде Ясауи ұрпағының қабірі жоқ, оның кесенесі мен мүрдесі қойылған қабірі біздің Сайрамда. Мен осы жайды Сайрамдағы жасы 100ге жақындаған сайрамдық ғұлама қариядан сұрағанымда, жауап орнына, бір уыс топырағын апарып кесене тұрғызуға болады деген ойды айтты.

Мен осы жерге келіп, алдарыңызға Ысмайыл ата туралы біраз көкейде жүргенді айта алғаныма өте қуаныштымын.

Осындай қуаныш үстінде жүрек түкпірінде жүрген арман дейміз бе, идея дейміз бе, соны айтсам…

Сіздер Ысмайыл ата ұрпақтары өте көпсіздер. Қазақтың ішіндегі Диуана -Мәді атадан, Абдолла атадан тарайтын қожалар, Сібірдегі Шарбати, Халвати шайхтан тарайтын қожалар, Ысмайыл атадан тарайтын өзбек ішіндегі қожалар (бір Ташкенттің ішінде 50-100мыңнан аз емес деп шамалаудамын), Ауғандағы Атаий, Үндістандағы Кашмирдегі қожа Бахаутдин ұрпақтарын айтсақ – қарақұрым топсыздар. Осылардың басын қосып, біздің Тұрбаттағы аталарыңыз Ысмайыл ата, Ысқақ ата кесенесінде осы бүгінгідей үлкен шара ұйымдастырылып, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе деп армандаймын. Осыны бір үміт ретінде  сіздерге көкейден шығарып отырмын.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button