Жарық нұрдың сәулесі

Сұңқар-Тоқмаханбет бабаға Қараөткелде ас берілді. 2019-жыл

Осы ауыл ежелден еректі елге,

Сапарлап ары өткенде, бері өткенде.

Бас иіп өт болады жолың аман,

Қажы, әулие ауылы Қараөткелде.

Ауылы екі әулие бес қажының,

Тағлымды өскелең жасқа бүгін.

Тар заманда,қапаста сол тұлғалар,

Халқына имандылық шашқан нұрын.

Жасы үлкені қажылардың Сатыбалды,

Денелі жомарт жүрек,ақыл жан-ды.

Бейсенбайды шығарып биіктерге,

Қараөткелде мәңгілік аты қалды.

Қажы пірі Бейсенбай Байтілестің,

Білімде одан кетпеген артып еш кім.

Керуен басы шығар-ау мына Ертіске,

Исламға жол тартқан жарқын көштің.

Алла берген қасиет оған бастан,

Маңайда жан болмапты одан асқан.

Ұлы жанан ұғынар Ұлы ғана,

Ақ көлден Исабек ешан досын тапқан.

Келін ғой келген болар басқа елден,

Жақсыларын ауылдың мәпелеген.

Қажылардың біреуі нәзік жанды,

Аруақты ардақты әже Беке деген.

Аруақты ауылдың ырысты елі,

Бес қажының біреуі Бікіш еді.

Қыйындықты қыйырда бірге бөлген,

Тумасада тұғандай інісі еді.

Даңықты әкесінен көрген бата,

Қажы-да,әулиеда Сәлмен ата.

Бір Алланаң ақ жолын жалғастырып,

Кейінгі ұрпақтараға берген бата.

Көшінде ізгілікке барар жолдың,

Алдағы жауһарындай адал болғын.

Қараөткел-қажа,әулие ауылыда,

Ауылы ақын аға Аманжолдың.

Қараңғыда нұр шашқан жасыны боп,

Ертісті өрге тартқан асылы боп.

Қасиетін сыйласаң қара жердің,

Ей,жолаушы ауылға бас иіп өт-Самат Мәненұлы

2022-жылы «Жерұйық» атты-арнайы кино репортаж түсірілді.

Шыңғыстау-Ордадағы қожалар ішінде Тасмаханбет деген баланың қайда кеткені белгісіз деп айтады. (Е.Төреқожаев. М.Омартаев-Бақсайыс әулие-Алматы-Тамыр-2006.-153-бет). Бердіқожа мен бірге Тобықтыға Қылыш пен Төлеген келген. Тасмағанбет(Тоқмаханбет)-осы Төлегеннің ұрпағы яғни қожалардың Бақшайыш әулетінен.С.Саттаров-«М.Әуезовтың ата тегі»Алматы Жібек жолы-2010—217-бет.

Ал, Кереку маңындағы Қанжығалы Абыз Шомақтың ұрпағы Боқты бабамыз Өскемен жағына бір үлкен асқа барып, қайтарында 15-16-жасар бала жігітті молдалыққа деп бір атқа міңгізіп ала қайтады. Жас жігіттің шыр айналған ептілігі, айтқызбай білетін қағылездігі Боқтының көңілінен шығып балаға Сұңқардай екенсің дей келіп Сұңқар атандырады. Ел аузындағы ол баланы Боқтының аты бәйгеден озған соң бәйгеге берген екен деген сөз осы күнгі Қазақ арасында әбден жетілген, піскен түрі. Қай жерде, қай атаның ішінде молдалық қылып, имам болып, бала оқытып барған бала болса ол шартты түрде жетім болуы керек. Сол елдің ең абройлы, бай, би секілді мықтылары қызын береді. Сол елде өсіп-өніп отырып қалған қожа араға жылдар салып өз елінен қол үзіп кетеді. Түптің түбінде қазекең Шежіреге келіп тірелгенде сенің бабаң елімізге пір болған еді деп кемде-кем айтады. Ал, өсе келе әзіл-шыны аралас бұл әулеттің кірме екенін айтамыз деп шыққан тегін түгелдеп, тым құрыса жөн жосығын айтып беріп отырады. Бұл жерде Сұңқардың әулетіне әзілдесіп немесе арнайы тиіскісі келгендер «Наймансың» деп айтады екен. Шын мәнінде Ақтабан шұбырындыдан соң ел өз тарихи отаны, жайлау-қыстауына келген соң Шыңғыстау, Өскемен маңына қожаларды алып келген Байғара бидің баласы Ақтайлақ би. Демек, Тасмағанбеттің Найманға қатысы бар. Тасмаханбет бабамызда Сұңқар атанып Қанжығалы еліне сіңіп кетеді. Ал, түп шежіресі Төлеген-Мырзахан – Зеріп – Қожахмет – Әлқожа – Аман – Тілеу – (Ералы), Сары- (Сұнқар),Қалмағанбет – Байтілес – Дүйсен, Бейсенбай. Дүйсеннен – Ескендір – Қозған – Қаратай. Бейсенбай – Мәмжан, СӘЛМЕН қажы, Қамар. Қамар – Зейнелғабиден, Ислам, Қаратай Зейнелғабиден – Ғалы – Жұмагелді. Қаратай – Жұмаш, Дәулет. Мәмжаннан – Қапжапар – Әкрам – Өтеген, Төлеген, Бөлеген. СӘЛМЕН қажыдан – Зейнолла (-Зейніш) -Хамза, Мұрат.

2013-жылы Ғалы баурымыздың шақыруымен  Қожалар шежересінің бір білермені А.Момынов екеуміз Қара қудыққа барғанда жалпы айтылған әңгіменің ұзын ырғасына қарап бул әулетті Шыңғыстау,Арқат маңының Бақшайыш қожа ұрпағы деп болжап кеткенбіз. Бұл мәселе яғни Қанжығалы ішіндегі Сұңқардың шын мәнінде Бақшайыш ұрпағы Қалмаханбет екенін Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанға дін қызметкері болған Садуақас Ғылмани ақсақал өз естеліктерінде жазып кеткен екен. «Кешегі»Қанжығалының пірі»аталған» Тоқаң(Тоқмаханбет) Хазрет ұстазымның ауылы деп, олай, булай өткенде,туыс бабамыз Сәлмен қажы мен сөйлесіп, атамыздың баласысыз ғой деп отыратыны әр уақыт қулағымызда қалған»   (Садуақас Ғылмани.  «Заманымызда болған ғуламалардың ғумыр тарихтары»-1-том-Алматы -83-бет)..

Ол басында жүйелі ілімді ортадан шыққан әулет болған соң керемет иесі болуы шарт. Себебі, Алланың ілімі исламның елге тарап, тұрақтануының бір тетігі ілім иесінің кереметінде болған. Ал, бұл әулетте керемет иесі аз болмаған соның біреуі кеше ғана көзден таса болған Сәлмен қажы.

СӘЛМЕН ҚАЖЫНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ

Бүгінгі көзі тірі қариялардың, моллалардың айтуынша қазіргі Қараөткел аталатын ауылдың зиратында бес қажы, жеті әулие жерленген екен. Мұнда жерленген әулиелердің есімдері ұмыт болған. Ал, қажылардың есімдері белгілі. Олардың ішінде атағы ел ішіне көбірек тарағаны Бейсенбай қажы мен оның баласы Сәлмен қажы. Сәлмен қажы Мекке мен Мединаға екі рет барып қайтқан деседі. Бірақ, қай жылдары барғанын ауылдастары біле қоймайтын еді. Оны облыс мешітінің жанынан шығарылатыны «Руханият» газеті анықтап берді. Биылғы көктемде осы газетте өткен ғасырдың бас кезінде Павлодар облысынан Меккеге барып қайтқан қажылардың тізімі жарияланды. Осы тізімде Бейсенбайұлы Сәлменнің қажыға 1908-1909 жылдары барып қайтқандығы көрсетілген. Ел аузында Сәлмен қажы, аузы дуалы, көріпкелдігі де, емшілік қасиеті де бар, керемет иесі болған. 2007 жылы Қараөткелдіктер зират басында аруақтар құрметіне ас беріп, құран бағыштау рәсімін өткізгенде ақсақалдар Сәлмен қажының қасиеттері жөнінде де әңгіме қозғады. «Менің 11-12 жасар кезім еді» – деді Қамышкенов Сабыржан ақсақал. Бұл 1939-1940 жылдардың шамасы болатын. Қонысымыз қазіргі Ынтымақ ауылы еді. Сәлмен қажының үйі біздің үйдің қасында болатын. Бір күні Қажы атамның (біз ол кісіні солай атайтынбыз) үйінің алдына пар ат жеккен арба тоқтай қалды. Үстінде алты жігіт отыр. Жетіншісі арбада байлаулы жатыр. Жігіттер арбадан түсіп, есігінің алдында тұрған қажы атама сәлем берді. Біз ойнап жүрген балалар, бұл көріністі қызық көріп жақындап келіп, қарап тұрмыз.

– Жігіттер, жол болсын! – деді қажы атам жігіттерге қабақ түйе қарап.

– Алдыңызға ауру адамды алып келіп едік – деп міңгірледі бір жігіт.

– Ауруларың мына байлаулы жатқан ба? – Иә.

– Ауру байғұсты мұнша қорлап, қинағандарың қалай?

– Есі ауысқан. Қашып кете ме деп.

– Оттамай, босатыңдар байғұсты – деп ақырды қажы.

– Ойбай қашып кетеді, айрылып қаламыз – деп безектеді жігіттің бірі.

– Босат дедім ғой – деп ақырды қажы ата да.

– сонда мен осылай байлаулы жатқанда емдеуім керек пе? Босатыңдар да, бір аптадан кейін хабарласыңдар, үйлеріңе қайтыңдар. Жігіттер ауру адамның байлауын шешті. Қажы оған жылы сөзбен:

– Енді, қарағым, арбадан түсе ғой, үйге барайық. Біздің үйге бір аптадай қонақ бол. Байлауы шешілген жігіт арбадан түсті де қажының соңынан еріп үйге кірді. Қажы атам оны қалай емдегенін қайдан білейік. Әйтеуір ол адам ауруынан айықты деп есіттік. Бір аптадан кейін туыстары келіп алып кетті.

Қараөткелде Жандай ақсақал Сәлмен қажымен ауылдас болған екен. «Бір күні қажы атамның үйіне бір сырқаттанған келіншекті ақсақалды адам шанамен әкелді. Біз балалар сол маңда ойнап жүр едік. Шанаға жақындап келіп қарап тұрдық. Шанадағы әйел айқайлап жұлқынып-жұлқынып қалды. Біз таңырқап одан сайын жақындай түстік. Ақсақал, әйелді шанадан демеп жерге түсірді. Әйелдің көзі алайып, аузы көпіріп кетіпті. Ақсақал әйелге «айналайын, үйге кірейік, бұл қажының үйі, қасиетті үй» деп түсіндіріп жатыр. Әйел жан-жағына алақтап қарап алды да, ақсақалға еріп үйге кірді. Кейін естідім, ақсақал әкесі, ал әйел оның есі ауысып кеткен қызы екен. Қажы атамның алдына жүздеген, мүмкін мыңдаған адам келіп емделген шығар солардың бәріне бірдей шарапаты тиді ғой» деп сөзін аяқтады Жандай ақсақал.

Қараңғыда нұр шашқан жасыны боп,

Ертісті өрге тартқан асылы боп.

Қасиетін сыйласаң қара жердің,

Ей-жолаушы ауылға бас иіп өт-С.Мәнен-жергілікті ақын.Сол жақта 4-ші

Деп жазылған қақпа тас

ҚАЖЫ АТАМЫЗДЫҢ БІР ОРЫСТЫ ЕМДЕУІ

Қырқыншы жылдардың аяқ кезінде өзінің Қараөткел ауылын қоныстап отырған Сәлмен қажының үйіне аудандық бас мал дәрігері И. Жеребцов деген орысты алып келеді. Сырқат екен.

– Аға, сізге үшкіртуге әкелдік – дейді Жеребцовтың қасындағы қазақ азаматы. Ол да бір аудан орталығындағы басшы қызметкерлердің бірі болатын. Жеребцовтың досы болса керек.

– Бұған не болған? – деп сұрапты қажы.

– Аңшы еді. Аңшылықта жүргенде біреулермен төбелескен бе? Өзін есінен тандыра сабаған ба? Мылтық кезеп қорқытқан ба? Әйтеуір аңшылықтан тіл-аузы байланып, есі ауысып оралыпты, дәрігерлер емдей алмапты. Олар сізді біледі екен. Сізге үшкіртсін депті.

Әдетте, қажы қазақтарды, яғни, мұсылмандарды ғана емдейтін. Бұл жолы орыс келіп тұр. Аудандағы белгілі маман. Ал, оны әкеліп тұрған қазақ жігіті. Ол да беделді адам болатын. Қажы Жеребцовты емдейді, үшкіреді. Жеребцов алғашқы үшкіргеннен-ақ бері қарай бастайды. Ақыры сырқатынан айыққан Жеребцов қажыға алғысын айтып, бір қараға балайтын қосауыз мылтығын ұсынады.

– Қолыңыздың ақтығы осы болсын! – Жоқ – дейді Сәлмен қажы, бұндай қымбат сыйды алмаймын, мен адамдарды дүние үшін емес, Құдай үшін емдеймін. Ауылда қажының орысты емдегенін ұнатпағандар да табылыпты. «Орыс – кәпір емес пе? Кәпірге құранның сөзін қор қылғаны жарасып тұрған жоқ. Бұнысы қателік болды» десіпті олар. Ал, Қажы оларға: Бәрің де намаз оқып жүрген жоқсыңдар. Ал, Құдайға ол да (Жеребцовта) сенеді. Сенбесе, менің алдыма келмес еді. Құдайға сенгенді кәпір деуге болмайды. Рас ол орысша сөйлейді. Ол үшін оны жазғырмайық – депті.

1949 жылы қажының сырқаты меңдеп, төсек тартып жатып қалады. Оның көңілін сұрауға Жеребцов та келеді де туыстарына егер олай-сұлай бола қалса, маған да хабар беріңдер! – деп айтады. Қажы атамыз дүние салды оның жаназасына мұсылмандар Ертіс өңірінің түпкір-түпкіренен жиналады. Жеребцовтың өтінішін ешкім ескермепті. Мүмкін, ол орыс болған соң шақыруды қажет деп таппаған да шығар, бірнеше күн өткеннен кейін қажының шаңырағына Жеребцов келеді. Арбасына бір қой салып ала келіпті. Ол үйге кіргеннен кейін моллаға құран бағыштатып, садақа салады, «Мынау менің батам» – деп қойды қалдырып кетеді. Осыдан кейін баяғы «орысты емдеді» деп қажы атамды өсектеген ауылдастарының өзі Қажы атам нағыз әулие екен ғой, міне, осындай орысты қалай кәпір дерсің, нағыз мұсылманшылықтың жолын жасаған жоқ па? – десіпті. С.Саттаров.Қожалар шежіресі-  Алматы-2016–449-бет.

Әдебиеттер;

Мүбарак Жаманбалинов- «Әйгілі аудан Ертісім»-Павлодар-2008

С.Саттаров-Қожалар шежіресі-  Алматы-2016–449-бет.

Е.Төреқожаев. М.Омартаев-Бақсайыс әулие-Алматы-Тамыр-2006.-153-бет.

С.Саттаров. «М.Әуезовтың ататегі»Алматы Жібек жолы-2010

Садуақас Ғылмани-«Заманымызда болған ғуламалардың ғумыр тарнихы. 83-бетінде- Алматы 2013

Дайындаған Сейтомар Саттарұлы

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button