ӘБДІЖӘЛИЛ БАБ (ХОРАСАН АТА)
Сан ғасырлар қойнауының қатпарынан өтіп келген, барлық өмірі мен өнегелі тірлігі алты алаштың баласына ғана емес, бүкіл мұсылман қауымына мағлұм, сонау Арабиядан Орта Азия, түрік-қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін әкелгендердің алғашқысы – халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Хорасан ата атанған Әбдіжәлил баб еді. «Қобланды батыр» жырындағы («Батырлар жыры», 1 том, «Жазушы» 1986) сексенге келген Тоқтарбай мен елудегі Аналықтың өмірде бір перзент көрмей зарығып жылап, бұл екеуінің қайғысына калың Қыпшақтың қабырғасы қайысып жүргенде, Аналық бәйбішенің:
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан,
Әулиеге ат айтып,
Хорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі,
Бір ұл мен бір қыз тапқаны,
Сыйынып пір тұтқаны, – деп айтқан, бір балаға зар болғанда оған Қобланды батыр сынды ұл, Қарлығаш атты қыз берген Хорасан кім, немесе Хорасан ата атанған Әбдіжәлил баб кім еді?
Мен бұл материалды жазарда ХІІ ғасырдың бірінші жартысында жазылған, оны Қожа Ахмет Иассауидің туған ағасы Садыр шайхтың немересі Маулана Сайфиддін Орын Қойлақы араб тілінен түрік тіліне аударған «Насаб-нама» шежіресіне сүйендім. Шежіре ені – 25 сантиметр, ұзындығы – 7 метр келетін қалың орама қағазға жазылып, оның растығын куәландырып, шежірені айналдыра мөр басылған. Сонымен бірге араб тарихшысы Жафар Наршахидің «История Бухары», орыстың археолог-ғалымы, әскери полковнигі В.А. Каллаурдың «Легенда о Хорасан Ата», «Мавзолей Кок-кесене в Перовском уезде» (1901), саяхатшы әрі зерттеуші-ғалым И.А. Кастаньенің «Древности киргизской степи и Оренбургского края» (Оренбург, 1910), Еркебай Бүрлібаевтың «Қожалар» («Жалын» журналы, №7-8, 1995), академик В.В Бартольдтің (собр.соч.т-5), Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикмет» (Ақыл кітабы. Алматы, 1993), тағы басқа да деректер мен шежірелерге табан тіредім.
Қуатты Араб халифатының құрылуына байланысты, енді олар өзге елдерге де Ислам дінін тарата бастайды. Арабтардың VII-VIII ғасырдан бастап Орта Азия мен Қазақстан жеріне дендеп енуі мұндағы түркі тайпаларына, соның ішінде оғыз-қыпшақтардың өміріне,мәдени тіршілігіне көп өзгерістер туғызды. Бұл өңірді бұрыннан мекен еткен түркі тектес ежелгі сақ, қаңлы, ғұн тайпаларының діні – Тәңір діні, тіпті Түркі қағанатының мемлекеттік діні Тәңірлік дін болып келген еді.
Орта Азия жерін арабтардың жаулап алуына байланысты Әмудария өзенінің оңтүстігі мен Сырдарияның солтүстігі аралықтарындағы жерлерді Мәуереннахр деп атады. Бұл – арабша «өзеннің арғы жағы» деген сөз. Хорасан әміршісі Құтайба ибн Мүслім бастаған араб басқыншылары 705 жылы осы Мәуереннахрдың біраз жерін басып алып, өз халифатының құрамына қосады. Олардың салт-дәстүріне жол бермей, щариғат бұзғандарын аяусыз жазалап отырды. Бұл зорлыққа жергілікті халық оңайлықпен бағынғысы келмеді. Ақыры бір шайқаста Құтайбаның басы шабылады. Осыдан барып арабтар Ислам дінін бейбіт жолмен таратуды қолға алады. Олар жергілікті халықтар арасына алдын ала сауда керуендерімен бірге Ислам дінін уағыздаушыларды қоса жіберіп, түсінік жұмыстарын жүргізіп, халықтың сеніміне кіре бастаған. Олардың салт-дәстүрлеріне тыйым салмаған.
Осылай Ислам дінін енгізу Орта Азия мен Қазақстан жерінде ІХ-ХІ ғасырлар аралығына созылған. Ислам дінін ІХ ғасырда Иран мен Тұран бағытында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанға және Шығыс Еуропаға тарату мақсатында Әбдірахим баб, Ысқақ баб және Әбдіжәлил баб бастаған топ жіберіледі. Бұл кездері Ысқақ баб пен Әбдіжәлил бабтың әкесі Әбдірахман баб Шам шаһарында (қазіргі Сирия-Дамаск) патшалық құрады. Ал, Әбдірахманның інісі Әбдірахим баб Бағдаттың (қазіргі Ирак), Әбдіжәлил баб Иеменнің патшасы болатын-ды.
Әбдіжәлил баб ондаған мың қолмен Исфахан, Тебриз, Мазандаран, Балх шаһарларын жеңіп алып, Иранның Хорасан қамалын қоршайды. Үш күн, үш түн шабуылмен, бұрын ешкім ала алмай жүрген 32 темір қақпалы Хорасан қамалын Әбдіжәлил баб басып алады. Әбдіжәлил баб иемденген жерлердің бәрінде халқын Ислам дініне кіргізіп, мешіт-медреселер салып, арабша сауатын ашып, мәдениетінің өсуіне де ықпалын тигізіп отырған. Хорасан өлкесінде де осындай игілікті тірліктер жасап, Әбдіжәлил баб осы елден бастап Хорасан ата атанады. Бұл Хорасаннан кейін Әбдіжәлил баб әскерлерін қайта жасақтап ап, ендігі аттанар елдеріне алдын ала жаушылар шаптырып, мыңдаған қолмен қайта жорыққа шығады. Күні бұрын жіберілген Ислам дінін уағыздаушылардың айтқандарын мақұл көріп, жаушыларын жылы қабылдаған елдерді бейбіт жолмен алып отырған, халқына тиіспеген, салт-дәстүрлеріне қарсылық жасамаған.
Хорасаннан қалың қолмен аттанған Әбдіжәлил баб Термез, Бұқара, Ферғана, Шаштан өтіп, Сыр бойын жағалап, Өзгент, қазіргі Жаңақорған өңірін, Баршынкент, Жалтырсек, Жаркент елдерін қамтиды. Бірен-саран болмаса, бұл жүріп өткен жерлердің халқы Әбдіжәлил бабқа қарсылық көрсете қоймайды. Себебі, бұл жерлердің халқының сыйынатыны да бір Тәңір болған. Ешқандай пұтқа, Ай мен Күнге, немесе от пен суға табынбаған. Ал енді, Жаратушы Иені арабтар – Алла десе, түркілер – Тәңір, парсылар – Құдай деп түсінген. Айналып келгенде, аталуы өзге болғанымен, мазмұны бір – Жаратушы Ие.
Сонымен, Хорасан ата атанған Әбдіжәлил баб Сейхундарияның (Сырдария) сол жағалауындағы Қызылқұм өңіріндегі «Тотықұс» аралына (қазіргі Жаңақорған ауданының аумағында) келіп табан тірейді, осы жерді тұрақты мекен етеді.
Ал енді, Әбдіжәлил баб Мұхаммед пайғамбарымыздың ұрпағы болып табылады. Олай дейтініміз, шежіре деректеріне сүйенер болсақ, Әбдіжәлил бабтың 6-шы атасы Әзіреті Әлі мен Мұхаммед пайғамбарымыз екеуі немере болып келеді. Мұхаммед пайхамбардың әкесі Әбділда мен Әзіреті Әлінің әкесі Әбутәліп екеуінің әкелері бір – Әбдімүтәліптің балалары. Сонымен қатар, Әзіреті Әлі әрі немере інісі, әрі күйеу бала – оның қызы Фатиманың күйеуі. Сонымен бірге, көнекөз деректерге қарағанда, Рум шайқасында Әзіреті Әлі бір батырмен жекпе-жекке түсіп қалады. Ол да оңайлықпен беріле қоймайды. Қатты бір қақтығыста Рум батырының дулығасы ұшып түсіп, шашы жайылып кетеді. Әзіреті Әлінің күні бойы шайқасып жүргені жігіттерше киініп алған қыз болып шығады, оның есімі Ханафия еді. Қолға түсіп қалған Ханафия қыз Әзіреті Әліге: «Мені Мұхаммед пайғамбарға алып бар», – деп шарт қояды. Мұхаммед пайғамбарға әкелгенде, қыз оған: «Мен сізді түсімде көріп едім, мен сізге өкіл қыз болайын, – дейді. – Мені Әзіреті Әліге қосыңыз, менен ұрпақ өрбиді және ұл тусам оның атын сіздің есіміңізбен өз атымды қоса қоям, осыған келісіңіз», дейді. Сонда Мұхаммед пайғамбар Ханафияға: «Сен де менің қызымсың, Фатимамнан кем көрмеймін, сенен туған баланы қыздан туған деп есептеймін, ол да менің ұлым болар, әумин!» – деп батасын берген екен.
Сол Әзіреті Әлі мен Ханафиядан туған ұлдың атын: Мұхаммед ибн ал-Ханафия деп қойыпты. Енді осы Мұхаммед-Ханафиядан Әбді ал-Фаттах туады, Әбді ал-Фаттахтан Әбді ал-Жаббар туады, одан Әбді ал-Қаһһар, бұдан Әбдірахман мен Әбдірахим туады. Ал, Әбдірахманның екі ұлы болады. Бірі – Ысқақ, екіншісі – Әбдіжәлил. Сөйтіп, Әбдіжәлил баб жетінші атада Әзіреті Әліге, сегізінші атада Мұхаммед пайғамбарға барып қосылады (Әбдіжәлил бабтың ағасы Ысқақ баб та осылай). Ал, Әбдіжәлил бабтың ағасы Ысқақ бабтан тараған 6 ұрпақтан кейін, 7-ші ұрпақ боп Қожа Ахмет Иассауи дүниеге келеді. Мен бұны Әбдіжәлил бабтың шыққан ата-тегі түсініктілеу болуы үшін аз да болса таратыңқырап айтып отырмын. Ал енді, Ысқақ баб, Әбдіжәлил баб деп жатамыз. Осындағы «баб» – не деген сөз, қандай мағынаны береді?
Баб – өз дәуірінің білімдары, ғұламасы, дін иесі деген мағына береді. Дегенмен, діндар көнекөз қарттардың айтуы бойынша, пайғамбардың көзін көргендерді сахаба дейді. Сахабаны көргендерді таблин (жолын апарушылар) дейді. Енді осы дінді одан әрі жалғастырушыларды, насихаттаушыларды хазірет, баб, құрметтеп ұлықтауды ата деп атау дәстүрге айналған. Ал, бұлар дінді халық арасында сенім арқылы жүргізетін болған.
Енді түп тақырыбымызға оралатын болсақ, шежіре деректеріне қарағанда, Қылышхан деген патшаның мың ерге қарсы тұратын Сарытонды Өтеміс деген батыр ұлы Жентте патша екен. Бірақ ол Хорасан атаны (Әбдіжәлил баб) ала алмай жүреді. Бірде ол «Тотықұс» аралына жансыз жіберіп, сол арқылы қыр-сырын біліп алып, таң алдында сездірмей қақпасын аштырып, қамалға шабуыл жасап кіреді. Бұл кезде Хорасан атаның өзінен бастап ел-жұрты, сарбаздары, қала халқы қаннен қаперсіз азаңғы бамдат намазына кіріскен кезі екен. Сарытонды Өтеміс қамалға кіріп келеді, бамдат намазының үстінде ұйып отырған Хорасан атаның басын шауып, қалған ел-жұртын қырғынға ұшыратады. Сөйтіп, жарықтық Хорасан атаның мәйіті Жаңақорған ауданы орталығынан 35 шақырымдай қашықтықтағы Әбдіғаппар ауылының күнтабыс жағындағы (Сырдарияның сол жағалауында) қос күмбезді кесенеде жатыр.
Ал енді, бұл кезеңде ислам дінін тарату мақсатында Түркістан өңірінде жүрген Ысқақ баб інісі Хорасан атаның Сарытонды Өтемістің қолынан қаза тапқан хабарын естіп, 50 мың қолды өзі бастап, Өтеміске қарсы шұғыл жорыққа аттанады. Суыт жүріп отырып, Ысқақ бабтың қалың қолмен келе жатқанын сезіп қашқан Сарытонды Өтемісті із кесе отырып, қыр соңынан қалмай айналдыра қуып, Созақ өңірінің сары даласында қоршауға алып, қолға түсіреді.
Сол кезде Созақ жерінде үлкен қорған соғылып жатыр екен. Ат құйрығына байлап, дедектетіп алып келген Сарытонды Өтемісті қалқан, найза сауытымен қоса қыл шылбырмен қылқындыра орай шандып байлап, соғылып жатқан дуалға тірілей тік тұрғызған күйі қосып өріп жібереді. Дуал құрылысы жалғаспай қалады. Міне, содан бұл қорған – Шолаққорған аталыпты. Мұнан кейін Ысқақ баб Шаш (Ташкент) қаласын, содан соң Яссы (Түркістан) қаласын, содан соң Созақты алып, 120 жыл жасаған ол 85 жыл патшалық құрыпты. Оның мәйіті Созақтағы кесенеде жатыр.
Жау қолынан қапыда қаза тауып, ғұмыры қысқа болған Хорасан атаның ғажайып қасиеттері жөнінде ел арасында кең тараған аңыз-әңгімелер де аз емес. Соның бірі – Хорасан атаның «Тотықұс» аралынан Ақмаямен желдей ұшып шығып, әр жұма күнгі памдаттың екі бас парызын Меккеге барып оқып қайтуы. Осыны сезіп жүрген Молда сопы деген зиялы кісі бірде Хорасан атаға: «Тақсыр, Ақмаяңызға мені де мінгестіріп Қағбатіллаға зиярат етуге ала кетіңіз», – деп өтініш айтқан екен. Өтінішін қабыл алған Хорасан ата: «Ақмаяға мінгесін көзіңді тас қып жұмып отырасың, жерге түскен кезде бір-ақ ашасың», – деп шарт қойыпты. Оны мойындаған Молда сопы Ақмаяға мінгесін ұшып бара жатып, «Осы қай жерге келген екенмін», – деп көзін сығалап ашып қараса, қазіргі Молдақорғанның төбесінен енді асып барады екен. Бірақ шарт бұзылған соң Молда сопы түйеден құлап түсіп дүние салыпты, сүйегі сол жерге қойылыпты. Содан бері ол қорғанды ел – Молдақорған деп атайды екен.
Ал енді, Хорасан атаның осы қасиетін ғұлама ұлы Хұсейін де сезіп жүреді екен. Ол бірде әкесіне: «Рұхсат етсеңіз, Меккедегі Қағбатілләні осында көшіріп әкелейін», – депті. Сонда әкесі баласын сынау үшін рұқсат етіпті. Бірде таңертең баласы үйге кіріп келіп: «Әке, Қағбатілләні әкелдім, қай жерге түсірейін?» – депті. Хорасан ата сыртқа шықса, үй бойындай биікте жайылған кілем үстінде Қағбатіллә тұр екен. Ит үріп, тауық шақырып, есек ақырып, түйе боздап, айғыр кісініп, ауыл у-шу боп кетеді. Күн найза бойы көтеріліп қалған екен. Сонда Хорасан ата тұрып: «Балам, сені сынайын деп едім, құдіретіңе сендім. Жерге түсірме, Қағбаның көлеңкесін сызып алайық, өзін қайтып орнына апарып қой. Бұл жерде аяқ асты болмасын, бұл – бір. Екіншіден, өзінің алғашқы қойылған орнында тұрғаны ләзім» – деген екен аңыз әңгімеде.
Ғұлама Хұсейіннің мәйіті де әкесі Хорасан атаның кесенесімен бірге, басқа бөлмеде жатыр. Оған бөлек есіктен кіреді. Ал Хорасан ата кезінде: «Маған зиярат етіп келген адам, алдымен балам Хұсейінге барсын, содан соң маған келер», деп кеткен екен. Содан болар, мұнда келген алдымен Хұсейінге, сосын Хорасан ата қабіріне келіп дұға жасайды. Бұл кісінің тағы бір қасиеті жұқпалы шешек індетіне (оспа ауруы) ем тапқан адам. Ол шешек індетіне қарсы уыт (вакцина) ойлап шығарып, елді алғашқыда бармағының түбінен, кейін қарынан сол уытты еккізіп, алдын ала кеселге қарсы күресетін денеде әсер туғызып (иммунитет), халықты індеттен сауықтырған екен. Мұхаммед пайғамбардың ең жақын, ең сенімді серіктері және кейін Халиф болған Әбу Бәкір, Омар, Оспан және Әзіреті Әліден өрбіген ұрпақтар осы күнгі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қазақстанның басқа да облыстарында, сондай-ақ өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ауған, иран, қытай жерлерінде тұрып, діни дәріс беретін мешіт, медреселер ашып, тұрғын халықтармен жақын араласып кеткен. Осы ұлық кісілерден тараған ұрпақты содан бері жергілікті халық «қожалар» деп атайды. Қожалар ешқандай жүзге (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) кірмейді. «Қожа» атауы араб тілінен аударылғанда – «ағартушы» деген мағынаны білдіреді. Ал, түріктер мен парсылар сұлтан, әмірлерді қожа деп атаған. Жалпы, «қожа» деген сөз – еге, мұсылман дінінің егесі, сол дінді уағыздаушы деген мағынада айтылған, яғни халықтың құрметтеп, қадірлеп, көтермелеп айтқаны.
Ислам дінін уағыздаудың көш басында тұрған Хорасан атаның қадір-қасиеті арада уақыт өткен сайын биіктей түседі. Оның ұлылығына бас иген (Әбдіжәлил бабтың) туған ағасы Ысқақ бабтың 7-ші ұрпағы, Қожа Ахмет Иассауи 63 жасқа (Мұхаммед пайғамбар жасына) келіп, қылуетке (жер асты мекеніне) түскенге дейінгі жылдары Ораза, Құрбан айт намаздарында осы бабаның басына келіп Құранын бағыштап, Қағбатіллә серігіне жүзін беріп намазын оқып қайтады екен. Осы жерде айта кетуіміз керек, Қожа Ахмет Иассауи жер асты қылуетіне түскеннен кейін де 62 жыл өмір сүріп, 125 жасқа келген. Ол өзінің қылуетте отырып жазған 22-ші хикметінде: «Жүз жиырма беске кірдім, еш нәрсе біле алмадым», -деп анық айтқан. Ал, мұны академик В.А. Гордиевский де, түрік профессоры М.Ф. Көпірлі де және қазақтың белгілі жазушысы Жүсіпбек Аймауытов та қуаттайды.
Тағы бір айтар нәрсе, Ысқақ бабтың 5-ші ұрпағы Илияс шайхтан екі ұл: Арыстан баб пен Ибрагим туады. Ал, Ибрагимнен Қожа Ахмет Иассауи дүниеге келген. Сонда Арыстан баб Қожа Ахмет Иассауидің әкесі Ибрагим шайхтың туған ағасы болып шығады. Демек, бұл Арыстан баб Мұхаммед пайғамбарды көрген Салман Парсы (мұны да Арыстан баб деп атаған) емес. Өзін тәрбиелеген бұл Арыстан бабтың (әкесінің ағасын) Қожа Ахмет Иассауи жаназасын өзі шығарып, жамбасын жерге тигізген.
Қожа Ахмет Иассауи Яссы шаһарынан (қазіргі Түркістан) ертелетіп жаяулатып, сол қолына асасын ұстап, оң қолымен тасбиығын тартып «Аллалап» отырып, Сауран арқылы Аққұм мекеніне жетіп бір қонып, соның тұсындағы Сейхұндариядан (қазіргі Сырдария) бір қайықшының қалт-құлт еткен қайығы арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші-Қылауыз ауылына тағы бір түнеп, келесі күні түстете Хорасан атаға келісімен оның басында тізесін бүгіп, қолын жайып тұрып:
О-о, Бабам Хорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ісімді оңына қылғайсың,
Рахым ете гөр, Бабам Хорасан!
Сексен шайхыны жаныңда көрдім,
Тоқсан машайхыны артыңда көрдім.
Шашым, сақалымды шыпта қыларман,
Рахым ете гөр, Бабам Хорасан!
Әлінің әулеті Шери құдасан,
Келген пәлеге дәпі қыларсан.
Құл Қожа Ахметке жар боларсаң,
Рахым ете гөр, Бабам Хорасан! – деп тәу етіп, оның мәңгілік рухынан дәремет күтіп өткен екен(өлеңнің басындағы «арасан» деген сөз «шипагер» (емші) мағынасында). Хорасан ата Ислам дінін таратушы оқымысты, батыр да батыл, білікті әскери қолбасшы, бойына қасиет қонған емші, өзі жүріп-мекендеген жердің бәрінде де мешіт ұйымдастырып, мектеп-медреселер ашып, халықты сауаттандырған, адамгершілік пен имандылыққа, шыншылдық пен адалдыққа тәрбиелеген ағартушы болған.
***
1995 жылдың күзінде Хорасан атаның 1100 жылдығы аталып өтіп, жүз қаралы киіз үй тігіліп, үлкен ас берілді. Аудан халқы, облыс азаматтарымен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстан мен Қырғыз елінен, басқа да жерлерден баба ұрпақтары жиналды.
Осы бас қосу үстінде ХІІІ ғасыр бойы сақталып келген Әзіреті Әлінің Хорасан атаға мирас боп қалған туы хорасандық қожа, «Қожакент» ауылының тұрғыны Төлегенұлы Берден қажы ақсақалға салтанатты түрде тапсырылды. Бұған дейін бұл ту Ташкент облысының Янги-Юль ауданында тұратын Патша қожаның үйінде болатын-ды. Ту қоладан құйылып, сүйір ұшы мыстан жасалған. Тудың жоғары жағынан «Аллаху Ахад», одан төменірек «Әли» деген арабша жазылған жазуды анық оқуға болады. Бұл туды Берден қажы дүниеден қайтар алдында ұлы Әбілғазыға аманаттайды. Әбілғазы бұл туды Хорасан ата кесенесі жанындағы мешітке тапсырды. Хорасан ата туы қазір осында тұр.
Кейін Ибадулла Байхожин «Әбдіжәлил баб» деген атпен хорасандық қожалардың шежіресін кітап етіп шығарды. Бұл кісінің әкесі Бапқожа 40-50 жылдары Хорасан атаның шырақшысы болған. Кейінгі жылдары Әбітаев Нұрқожа болса, қазір оның ұлы Мейрам шырақшы.
Қаншама заманалар бойы Хорасан атаның басына нешеме ұрпақ келіп түнеп, зиярат етпеді дейсің?! Бір ғана нақты мысалды айтар болсақ, жаңақорғандық Қоңырат, Құрбан ата ұрпағы Жусанбай жасы 70-тен асқанша әйелі Шекер екеуі перзент көрмейді. Сығанақта отырған бұлар жаяу-жалпылап, жетпіс шақырымдай жердегі Хорасан ата әулиенің басына зарығып барып түнеп, бір Алладан перзент тілеп жатып көзі ілініп кеткен кезде, екеуінің түсіне бір ақ сақалды кісі кіріп аян береді. Содан Жусанбайдың шаңырағына бір қыз бен бір ұл дүниеге келеді. Бапқожа шырақшының айтуымен қызының атын Алма, ұлының атын Омар қояды. Сол Омар Жусанбаев қазір 7 ұл мен қыз өсіріп, 18 немере сүйіп отыр. Бұл күнде Астана қаласында тұратын жаңақорғандық кәсіпкер Омар Жусанбаев Хорасан ата кесенесін қайта қалпына келтіруге өз қаржысымен Хиуадан 10 мың дана сапалы қаптама кірпіш түсіріп, Хорасан ата қорына өз қалтасынан 3 миллион теңге берді және шырақшысына бір «Jeep» автокөлігін сыйға тартты. Сондай-ақ баспадан шыққан «Хорасан ата. Бәйтерек» атты кітапқа да демеушілік жасап отыр.
Хорасан ата кесенесі біткеннен кейін аудан әкімінің іс-шарасы бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында VIII-IX ғасырларда Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алғаш алып келгендердің бірі ретінде Хорасан атаға байланысты ғылыми-тәжірибелі конференция өткізіліп, басқа да маңызды шаралар ұйымдастырылды. Бұл игілікті жұмыстың бәрі халықтың тілегімен, көпшіліктің көмегімен, елдің шын ниетімен атқарылары сөзсіз. Осындайда:
Өзгеше болып өзі қалпы қатардан,
Мұхаммедтен түсіне енген бата алған.
Шын есімі Әбдіжәлил баб болғанымен,
Халқы сүйіп Хорасан ата атанған.
Оны әсте қызықтырып көрген жоқ,
Астындағы алтын тақ пен бақ-арман, – деген өлең жолдары еріксіз тіліңе орала береді екен.
Адырбек СОПЫБЕКОВ
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызыорда облысының Құрметті қайраткері,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы.