Mінбер

Ақыл кітабы – орыс тілінде

2023 жылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеп, оны кеңінен насихаттаудың маңызын атап өткен болатын. Бұл ясауитануда серпіліс беріп, ұлт руханиятының алтын қазығы ретінде таныла бастады.

Ақыл кітабы – «Диуани хикмет» осы күнге дейін әр түрлі авторлардың аудармасымен ана тілімізге аударылған еді. Енді орыс тілді оқырмандар үшін үлкен олжаға кенеліп, хикметтер орысша сөйлейтін болады. Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері беларусь ақыны Алексей Купряковпен бірлескен халықаралық шығармашылық ұжымның бастамасымен аударылып, Түркістанға, бабаның басына зиярат етуге келгендерге рухани-мәдени сый ретінде ұсынылатын, кітап жарық көрді.

 «Алишер Аль-Берести» деген бүркеншік атпен жұмыс істейтін аталмыш әдеби ұжымның аудармашылары хикметтердің поэтикалық және эквиритмикалық, яғни  шағатай түпнұсқасының ырғағы мен эквиритмиялық әдіспен аударып, түп нұсқаның арқауынан ауытқымаған. Бұл тәсілдің ерекшелігі – түпнұсқадағы әрбір жолдың буын саны, ырғағы мен ұйқасы аудармада толық сақталған.

Ортағасырлық поэзия аудармаларының басым бөлігі тек мағынаны жеткізумен шектеледі. Ал Ясауи хикметтері үшін форма мен мазмұн бірдей маңызды. Бұл өлеңдер кезінде ақындар мен дәруіштер тарапынан әуенмен, ырғақпен айтылып, тыңдаушыны ерекше рухани күйге бөлеген. Өлең ырғағы жоғалған сәтте, оның бастапқы мәні мен әсері де әлсірейді.

Осыны терең түсінген жоба авторлары ең күрделі жолды таңдаған. Олар хикметтерді шағатай тілінен аударғанда поэзияның ішкі музыкасын, этникалық ырғағын сақтауды басты қағида еткен. Мұндай жұмыс тек тіл білумен шектелмейді – ол суфизм философиясын терең меңгеруді әрі нағыз ақындық шеберлікті талап етеді. Аталған аудармаға үш жылға жуық уақыт жұмсалған. Аудармада шағатай тіліндегі хикметтердің Қазан нұсқасы негізге алынған. Мағыналық дәлдік үшін бірнеше беделді ғылыми еңбектер пайдаланылған. Атап айтқанда, «Даналықтар жинағы» (Қазан, 2012) және Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының басылымы салыстырмалы түрде зерттеліп, бірқатар қателіктер түзетіліп, кей тұстардағы мағыналар нақтыланған.

Әңгімемізге тартып отырған осы топтың мүшесі, Хикметтер жобасына корректор ретінде қатысқан Бек-Ата Даниял ұлы: «Біз Қазақстанның мәдени және әдеби мұрасының бүкіл әлемге таралуын қалаймыз. Осы мақсатта біз Қожа Ахмет Ясауидің шығармаларын халықаралық тілдерге аудара бастадық. Орыс тілі оларды ТМД елдеріне таратқан алғашқы тіл болды. Біз оларды ағылшын тіліне аударып, Батысқа кеңейтуді жоспарлап отырмыз.  Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың  Омар Хайям немесе Руми сияқты әлемде танымал болуын, оның хикметтерінің және жүректерге жетуін қалаймыз» дейді.

Шығармашылық топтың үлкен ізденісінің арқасында, «Диуани хикметтің» алғашқы 85 хикмет аударылып, шамамен 160 беттен тұратын алғашқы том жарық көрді. Қалған хикметтерді қамтитын екінші томды шығару алдағы үш жылға жоспарланған. Онда «Диуани хикметтің» қалған бөлігі – 86-шы хикметтен 149-шы хикметке дейінгі шығармалар қамтылады.

Олардың алға қойған мақсаттары да биік.  Қазақстанның мәдени және әдеби мұрасының бүкіл әлемге таралуын көздеген шығармашылық топ, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын орыс тіліне аудару арқылы рухани қазынамызды ТМД елдеріне таратқан, танытқан алғашқы еңбек. Алдағы уақытта ағылшын тіліне аударып, бабамыздың даналығын Батысқа дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

-Біз 200 данадан тұратын алғашқы шағын тиражды өз қаражатымызбен басып шығардық. Егер қолдау немесе қызығушылық болса, біз тағы да басып шығаруды жалғастырамыз.

Мен өзім бұрынғы комикс авторымын, әртүрлі елдерде жарияланған және басылғанмын. мен 27 жастамын, Англия мен Кипрде оқыдым және бірнеше комикс авторымын. Бірақ қазір, бабамыздың мұрасына хикметтердің мазмұнына шынайы қызығушылығы зор  Алексей Купряковпен кездескеннен кейін, мен бұл істі барлық жағынан қолдауды шештім. Алдымен Қожа Ахмет Ясауидің аруағының ризалығы үшін, және өзіміздің мәдениетіміздің дамуына қосқан үлесіміз деп білемін-деп түйіндейді Бек-Ата Даниял ұлы.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button