Ғалымның хаты

Оныншы күн: Шақшақ Жәнібек ауылы – Торғай

«Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы

«Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы

Оныншы күн: Шақшақ Жәнібек ауылы – Торғай (29 шілде 2026 жыл)

Экспедицияның оныншы күні қазақ халқының рухани тарихында ерекше орын алатын Марал ишан әулеті мен Шақшақ Жәнібек ұрпақтарының тарихи мұрасын зерттеуге арналды. Бұл күннің негізгі мақсаты – екі әулеттің тарихи сабақтастығын, олардың Торғай өңіріндегі діни-ағартушылық, қоғамдық және рухани қызметін далалық зерттеу материалдары негізінде зерделеу, сондай-ақ қасиетті орындарға тағзым етіп, ғылыми қорытындылар жасау болды.
Таңғы сағат 07:00-де экспедиция мүшелері таңғы ас барысында алдағы күннің жұмыс жоспарын нақтылап, алдыңғы күндері жиналған материалдарды саралады. Зерттеу бағдарламасына сәйкес тарихи тұлғалардың өмір жолына қатысты қасиетті орындарды аралау, ауызша тарихи деректер жинау, фототіркеу, бейнеқұжаттау және ғылыми күнделік жүргізу жұмыстарының кезеңдері белгіленді.
Сағат 08:30-дан бастап экспедиция мүшелері Марал ишанның тұңғыш ұлы Қалқай ишанның қызы – Айкүміс әжеміздің жерленген орындарына барып, зиярат жасады. Далалық зерттеу барысында қорымдардың қазіргі жағдайы қаралып, құлпытастар зерттелді, фототүсірілімдер жүргізіліп, жергілікті тұрғындардың естеліктері жазылып алынды.
Айкүміс ана – ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы рухани-діни дәстүрдің сабақтастығын сақтаған, халық емшілігімен, тақуалығымен және әулиелігімен ел жадында қалған көрнекті әйел тұлғалардың бірі. Ол Марал ишан Құрманұлының немересі, үлкен ұлы Қалқай ишанның қызы болған. Айкүміс ананың өмір жолы қазақ қоғамындағы ишандар әулетінің рухани ықпалының әйелдер арқылы да жалғасқанын көрсететін маңызды тарихи-этнографиялық құбылыс болып табылады.
Халық арасында сақталған ауызша тарихи деректерге сәйкес, Торғай өңіріндегі белгілі дәулетті адам Байғозы Бақай Боқы ұзақ уақыт перзент көрмегендіктен, бірнеше рет Сыр бойына арнайы барып, Марал ишаннан бата сұрайды. Үшінші сапарында Марал ишан оның тілегіне дұға жасап, Алланың қалауымен ұл сүйетінін айтады. Көп ұзамай дүниеге келген ұлдың есімі Елеусіз қойылады. Кейін Боқы бай ұлына қалыңдық сұрап тағы да Марал ишанға келеді. Осылайша Марал ишанның немересі Айкүміс Елеусізге ұзатылып, екі әулеттің арасындағы рухани әрі туыстық байланыс нығая түседі.
Бұл оқиға қазақ қоғамындағы ишандар әулетінің тек діни ықпалымен ғана емес, сонымен қатар қоғамдық беделімен, руаралық қатынастардағы орны және әлеуметтік институт ретіндегі маңызымен ерекшеленетінін көрсетеді. Ел аузындағы деректерде Айкүмістің қалың малы ретінде қойдың ерекше жолмен бөлінуі жөніндегі аңыз сақталған. Мұндай сюжеттер қазақтың тарихи фольклорында әулиелердің кереметін сипаттайтын дәстүрлі мотивтердің бірі ретінде қарастырылады.
Айкүміс ана халық арасында ерекше емшілік қасиетімен танылған. Ел ішіндегі естеліктерде оның адамдарды ақысыз емдеп, мұқтаж жандарға көмек көрсеткені айтылады. Сондықтан халық оны «әулие келін» деп құрметтеген. Оның емшілік қызметі исламдық рухани дәстүр мен қазақтың халық медицинасының сабақтастығын айқын көрсетеді. Айкүміс ананың қабылдауына алыс-жақын аймақтардан адамдар келіп, түрлі сырқаттарына шипа іздеген.
Айкүміс анаға қатысты ерекше сақталған аңыздардың бірі – оның бейіті маңындағы жиде ағашынан қызыл түсті шырын ағатыны туралы әңгіме. Халық бұл құбылысты әулиеліктің белгісі ретінде қабылдап, оның басына зиярат жасап, дұға тілеген. Сонымен қатар қорым жанындағы құдық суының шипалы қасиеті жөніндегі деректер де бірнеше ұрпақ бойы сақталған. Мұндай мәліметтер тарихи дерек ретінде емес, қазақ халқының діни-рухани дүниетанымын бейнелейтін этнографиялық материал ретінде ғылыми тұрғыдан ерекше құндылыққа ие.
Айкүміс ананың өмірі мен қызметі жөніндегі мәліметтердің негізгі бөлігі ауызша тарих үлгілері арқылы жеткен. Бұл деректер халық жадында сақталған тарихи танымды, әулиелер культінің қалыптасуын және әйел тұлғалардың дәстүрлі қазақ қоғамындағы рухани орнын зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады.
Айкүміс анадан Байқуат, Әліқуат және Қали есімді ұлдар дүниеге келген. Шежірелік мәліметтер бойынша Байқуат пен Әліқуаттан ұрпақ қалмаған, ал кейінгі әулеттік сабақтастық Қали тармағы арқылы жалғасқан. Бүгінде Торғай өңіріндегі Байқуат қорымы осы әулеттің қасиетті орындарының бірі ретінде белгілі. Жергілікті тұрғындар бұл қорымды Марал ишан әулетінің рухани мұрасымен сабақтастыра қарастырады.
Айкүміс ананың есімі қазіргі уақытта да ұрпақтарының тарихи жадында ерекше құрметпен сақталған. Оның бейіті халық зиярат ететін қасиетті орындардың бірі болып саналады. Экспедициялық зерттеулер барысында бұл нысанға далалық сипаттама жасалып, фототіркеу, географиялық координаттарын анықтау және ауызша тарихи деректерді жинақтау жұмыстары жүргізілді. Бұл материалдар Марал ишан әулетінің тарихи-рухани мұрасын ғылыми тұрғыдан жүйелеуге және Қазақстанның қасиетті нысандары картасына енгізуге негіз болатын маңызды деректер қатарына жатады.
Айкүміс ана тұлғасы қазақ қоғамындағы әйел әулиелер институтының көрнекті өкілдерінің бірі ретінде бағалануға лайық. Оның өмірі мен қызметі Марал ишан әулетінің рухани ықпалының бірнеше ұрпақ бойы үзілмей жалғасқанын, халықтың исламдық дүниетанымы мен дәстүрлі мәдениетінің өзара сабақтастығын айқын көрсетеді. Экспедиция мүшелері осы тарихи деректерді ғылыми тұрғыдан жүйелеу мақсатында қосымша этнографиялық материалдар жинақтады.
Экспедиция барысында Шақшақ Жәнібек (Ақшығанақ) ауылының маңындағы тарихи орындар мен жергілікті халық жадында сақталған ауызша деректер жинақталды. Бұл мәліметтер өңірде XIX–XX ғасырларда ислам дінінің кең тарағанын, мешіт-медреселердің жұмыс істегенін және діни тұлғалардың халықтың рухани өмірінде ерекше орын алғанын көрсетеді.
Марал ишан Құрманұлының қызметі мен рухани ықпалы Сыр бойымен ғана шектелмей, Арқа, Торғай, Көкшетау, Есіл, Тобыл өңірлері мен Ұлы дала кеңістігінің көптеген аймақтарын қамтыды. Ол өз дәуіріндегі діни қайраткер ғана емес, қоғамдық пікірге ықпал еткен рухани көшбасшы, халықтың бірлігі мен азаттығын көксеген тұлға ретінде танылды. Сондықтан оның айналасына қазақ қоғамының көрнекті саяси қайраткерлері, хан-сұлтандар, билер, батырлар және рубасылары топтасты.
Марал ишан қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлымен, Қасым сұлтан әулетімен, Торғай өңіріндегі Шақшақ Жәнібек ұрпақтарымен, Мұса батырмен, Шеген бимен және басқа да ел басқарған беделді тұлғалармен тығыз рухани әрі қоғамдық байланыста болды. Оның ел ішіндегі беделі соншалық, көптеген саяси мәселелер бойынша пікіріне құлақ асып, маңызды шешімдер қабылдар алдында ақыл-кеңесіне жүгінген. Осы тұрғыдан алғанда Марал ишан тек діни ұстаз ғана емес, ел тағдырына ықпал еткен көреген саясаткер әрі мәмілегер ретінде де ерекшеленеді.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында билік құрылымы күрделі өзгерістерге ұшырады. Төре әулетінен шыққан сұлтандар Ресей империясының әкімшілік жүйесінде маңызды орын алып, округтер мен болыстарды басқарды. Көптеген сұлтандар патша әкімшілігінен әскери шендер алып, империялық басқару жүйесінің құрамына енді. Соған қарамастан қазақ қоғамының рухани өмірінде ишандар, қожалар мен діни қайраткерлердің беделі әлсіремеді. Керісінше, халықтың ұлттық болмысын, исламдық құндылықтарын және ел бірлігін сақтауда олардың ықпалы күшейе түсті.
Осы кезеңде Марал ишан қазақтың азаттық жолындағы күресіне рухани жетекшілік жасаған тұлғалардың бірі болды. Ол отарлық саясатқа қарсы шыққан батырлар мен сардарларды ислам жолында әділет үшін күресушілер ретінде қолдап, олардың рухын көтеруге күш салды. Ел тәуелсіздігі мен жер тұтастығын сақтау мәселесінде батырлар мен билердің басын біріктіруге ұмтылды. Сондықтан Марал ишанның қызметі тек мешіт-медреселердегі ағартушылықпен ғана емес, ұлттық тұтастықты сақтауға бағытталған қоғамдық қызметімен де ерекшеленеді.
Марал ишанның Шақшақ Жәнібек ұрпақтарымен байланысы ерекше назар аударуға лайық. Торғай өңірінде ықпалды болған Мұса батыр мен атақты Шеген би Марал ишанды өздерінің рухани пірі ретінде құрметтеген. Ел аузында сақталған тарихи мәліметтер мен жазба деректерде олардың бірлескен қоғамдық қызметі жөнінде көптеген деректер кездеседі. Әсіресе Ресей әкімшілігіне жолданған кейбір хаттарда Мұса батырдың мөрінің болуы Марал ишан бастаған қозғалыстың жеке діни сипаттан әлдеқайда кең қоғамдық-саяси мазмұнға ие болғанын аңғартады. Бұл деректер қазақ қоғамындағы рухани және дәстүрлі билік институттарының өзара сабақтасып жатқанын көрсетеді.
Марал ишанның ықпалы Керей, Уақ, Атығай, Қарауыл сияқты Арқа өңіріндегі ірі ру бірлестіктерінің арасында да жоғары болды. Оның діни беделі көптеген руаралық дауларды бейбіт жолмен шешуге, ел ішіндегі татулықты сақтауға және ислам құндылықтарын нығайтуға бағытталды. Осы арқылы ишандар институты қазақ қоғамында тек діни қызмет атқарушы емес, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуші маңызды әлеуметтік институт қызметін де атқарды.
Зерттеуші С. Бекенұлының еңбегінде Марал ишан мен Есеней Естемесұлы арасындағы байланыс жөнінде құнды мәлімет беріледі. Автордың көрсетуінше, 1819 жылдың жазында Керей жайлауындағы Қақсоры көлінің жағасында Керей, Уақ, Атығай және Қарауыл руларының беделді адамдарының қатысуымен үлкен құрылтай өткен. Сол жиында Есеней Естемесұлы ақ киізге көтеріліп, Сібір қазақтарының шорасы болып сайланған. Ел аузындағы деректер бойынша бұл рәсімге Марал ишан қатысып, дуалы ауыз билермен, батырлармен бірге ақ батасын берген. Сонымен қатар Омбы мен Қызылжар қалаларындағы қазақ және татар дінбасыларының да бұл жиынға қатысқаны айтылады. Алайда бұл оқиға жөніндегі мәліметтер негізінен ауызша тарихи дәстүрге сүйенетіндіктен, оларды мұрағаттық құжаттармен салыстыра зерттеу қажет.
Аталған деректерде Есенейдің шора болып сайланғаннан кейін де Марал ишанмен байланысын үзбей, оның бастамаларын қолдап отырғаны баяндалады. Ел арасындағы мәліметтер бойынша ол Марал ишан ұйымдастырған қоғамдық және діни шараларға қолдау көрсетіп, қажетті ат-көлік, азық-түлік және өзге де көмектер ұйымдастырған.
Осы тарихи мәліметтердің барлығы Марал ишан мен оның ұрпақтарының қазақ қоғамындағы ишандар институтының аса беделді өкілдері болғанын айқын көрсетеді. Олардың қызметі діни ағартушылықпен ғана шектелмей, қоғамдық келісімді нығайтуға, руаралық татулықты сақтауға, ұлттық бірлікті қалыптастыруға және халықтың рухани дүниесін дамытуға бағытталды. Сондықтан Марал ишан әулетінің тарихы – қазақ қоғамындағы рухани элитаның қызметін, дәстүрлі билік құрылымымен өзара байланысын және ХІХ ғасырдағы қоғамдық-саяси үдерістердегі орнын зерттеуде ерекше ғылыми маңызға ие.
Жергілікті қариялардың айтуынша, оның ішінде Серік Әбсадықұлы айтуынша өңірде өмір сүрген Хамза молда Бақайұлы ерекше қасиет иесі ретінде танылған. Ел аузындағы әңгімелерде оның Торғай өзені арқылы адамдарды қайықпен бір жағадан екінші жағалауға өткізгені, халыққа адал қызмет еткені айтылады. Бұл деректер оның өңір тұрғындарының күнделікті тұрмысында маңызды қызмет атқарғанын аңғартады.
Сондай-ақ Оразбай Қарабас молда туралы да көптеген аңыздар сақталған. Халық арасында оның дұға оқып, қалың қарды ерітіп жібергені жөнінде әңгімелер кең тараған. Мұндай аңыздар діни қайраткерлердің халық санасындағы рухани беделін, әулиелік қасиеттеріне деген сенімді көрсететін этнографиялық дерек ретінде құнды.
Экспедиция барысында жазылып алынған тағы бір маңызды мәлімет Қожахмет молдаға қатысты болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Уақ руының Алакөл жайлауында үлкен ас беріліп жатқан кезде бір қара сиыр жоғалып кетеді. Сонда Қожахмет молда дұға оқып, киіз үйге ұрының өзі кіріп келген деген аңыз сақталған. Ол ұрының арқасынан сипап, жоғалған малдың кім алғанын анықтаған деседі. Бұл оқиға халық арасында діни тұлғалардың әділдік орнатушы әрі рухани бедел иесі болғанын бейнелейтін фольклорлық сюжеттердің бірі ретінде бағаланады.
Өңірдегі діни-ағартушылық қызметтің тағы бір көрнекті өкілі – Қосмағамбет Әлімбетұлы. Жергілікті ауызша деректер бойынша, ол өз қаражатына мешіт-медресе ұстап, ауыл балаларына діни сауат беруге ерекше көңіл бөлген. Медреседе Құран, хадис, араб тілі және ислам шариғаты негіздері оқытылып, өңірдегі мұсылмандық білім беру дәстүрінің қалыптасуына ықпал еткен.
Экспедиция мүшелері бұл мәліметтердің барлығын ауызша тарихи дерек ретінде тіркеп, ғылыми күнделікке енгізді. Сонымен бірге жергілікті тұрғындардың естеліктері, тарихи топонимдер мен діни орындарға қатысты мәліметтер фотоматериалдармен және далалық зерттеу жазбаларымен толықтырылды.
Сағат 12:00-де экспедиция қатысушылары Марал ишан мен Шақшақ Жәнібек әулеттерінің өткен ұрпақтарына арнап Құран бағыштап, ас берді. Бұл тағзым рәсімі қазақ халқының ата-баба рухын қастерлеу дәстүрінің жалғасы ретінде ұйымдастырылып, екі әулеттің тарихи байланысы мен рухани сабақтастығын дәріптеуге арналды.
Түстен кейін экспедиция бағыты Торғай қаласына жалғасты. Жол бойында қатысушылар Торғай өңірінің тарихи-географиялық ерекшеліктеріне тоқталып, оның қазақ мемлекеттілігі мен ұлт-азаттық қозғалыстары тарихындағы орнына ғылыми тұрғыдан талдау жасады. Торғай даласы – Шақшақ Жәнібек, Кейкі батыр, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған көптеген тарихи тұлғалардың қызметімен тығыз байланысты киелі өлке екендігі атап өтілді.
Сағат 15:30-да Торғайда «Шақшақ Жәнібек пен Марал ишан әулетінің Торғай өңіріндегі қызметі: тарихи сабақтастық және рухани мұра» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуда экспедиция барысында жиналған тың материалдар таныстырылып, екі әулеттің қазақ қоғамындағы орны мен тарихи қызметі ғылыми тұрғыдан салыстырмалы түрде талданды.
Дөңгелек үстелде Марал ишан әулетінің қазақ даласындағы ислам құндылықтарын орнықтырудағы, медреселер ашудағы, діни білімді таратудағы және халықты бірлікке шақырудағы рөлі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар Шақшақ Жәнібек әулетінің ел қорғау, мемлекеттік басқару және ұлттық тұтастықты сақтау жолындағы тарихи қызметі сараланып, екі әулеттің қызметіндегі ортақ құндылықтар – отаншылдық, әділдік, имандылық және халыққа қызмет ету қағидаттары ғылыми тұрғыдан негізделді.
Іс-шара аясында экспедиция барысында дайындалған жаңа ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің тұсаукесері өткізіліп, олардың Марал ишан мұрасын зерттеудегі маңызы талқыланды. Зерттеушілер далалық экспедиция барысында анықталған жаңа тарихи орындар, шежірелік деректер және этнографиялық мәліметтердің ғылыми айналымға енгізілуінің өзектілігін ерекше атап өтті.
Торғай өңірінің рухани тарихында Қорасан қожа әулетінен тараған Оспанқожа әулиенің орны ерекше. Ол ХІХ ғасырда өмір сүріп, халық арасында ислам дінін насихаттап, елді имандылыққа, адамгершілікке және бірлікке үндеген діни қайраткер ретінде танылған. Жергілікті тұрғындардың ауызша тарихи деректерінде Оспанқожа әулиенің емшілік қасиеті болғаны, қиын кезеңдерде халыққа рухани демеу көрсеткені айтылады. Оның мазары бүгінде Торғай өңіріндегі қасиетті зиярат орындарының бірі саналады.
Оспанқожа әулиенің кесенесі орналасқан қорым халық арасында «Сегізінші ауыл мазары» деген атаумен белгілі. Кеңестік кезеңде көптеген діни ескерткіштер қирағанымен, жергілікті тұрғындар әулиенің есімін ұмыттырмай, оның басына зиярат ету дәстүрін сақтап қалды. Тәуелсіздік жылдарында тарихи-рухани мұраларды жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде бұл киелі орын қайта абаттандырылды.
1991 жылы Торғай жұртшылығының қолдауымен Оспанқожа әулиенің мешіті қайта тұрғызылды. Мешітінің салынуына белгілі қоғам қайраткері әрі ұйымдастырушы Ғазиз Әмірханов жетекшілік жасап, жергілікті халықтың ауызбіршілігінің арқасында тарихи нысан қайта жаңғыртылды. Бұл игі іс тәуелсіздік қарсаңындағы ұлттық рухани құндылықтарды қайта түлетудің жарқын көріністерінің бірі болды.
Торғай даласының табиғи-емдік нысандарының қатарында Ақкөл (Южный), Әулиекөл және Ыстықсу маңындағы қара батпақ көздері ерекше орын алады. Жергілікті халық бұл табиғи емдік орындарды ежелден буын, тері және басқа да сырқаттарға шипалы деп есептеп келген. Аталған көлдердің минералдық құрамы мен табиғи емдік қасиеттері өңірдің дәстүрлі халық медицинасымен сабақтасып, бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи-этнографиялық мұраның құрамдас бөлігі болып табылады.
Торғай өңірінің тарихында ерлігімен танылған тұлғалардың бірі – Дәуітбай руынан шыққан Көшей батыр. Ел аузындағы шежірелік мәліметтер бойынша, Көшей батыр туған жерін қорғауда ерекше ерлік көрсеткен, руаралық бірлікті нығайтуға және ел тыныштығын сақтауға үлес қосқан тарихи тұлғалардың қатарында аталады. Оның есімі өңірдің тарихи жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Күннің соңында экспедиция мүшелері Марал ишанның қызы Айна ананың қабіріне барып, зиярат жасады. Зиярат барысында Құран бағышталып, әулет тарихына қатысты қосымша ауызша мәліметтер жиналды. Бұл материалдар Марал ишан әулетінің генеалогиясын толықтыруға және өңірдегі рухани мұра нысандарын ғылыми сипаттауға негіз болады.
Кешкі уақытта күн бойы жүргізілген далалық зерттеулердің нәтижелері қорытындыланып, жиналған фотоматериалдар, бейнежазбалар, GPS координаттары мен ауызша тарихи деректер жүйеленді. Экспедицияның оныншы күні Марал ишан әулеті мен Шақшақ Жәнібек ұрпақтарының тарихи сабақтастығын жаңа ғылыми материалдармен толықтырып, олардың қазақ халқының рухани және қоғамдық дамуындағы орнына қатысты маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік берді.

Самат Жұматай
Жас ғалым

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button