Ғалымның хаты

Тектіден  текті  туады

 Драматург Қалтай (Қалиолла)  Мұхамеджановтың  туған  күніне  орай

Қазақстанның  халық  жазушысы, қоғам һәм  мемлекет  қайраткері, драматург, аудармашы, сыншы, публицист -Қ.Мұхамеджанов  осы  аталған  қырларымен  көпке  белгілі.  Ал, оның  әлемнің  ондаған  елдері  тіліне  аударылып, шетелдерде  қойылған  драмалық  шығармалары  оның  есімін  әлемдік  деңгейге  көтерді.

Ал, шындап  келгенде,  Қалағаң  шығармашылығының  негізі  тектіден  текті  туады  деген  ұғыммен  түсіндіріліп, ақындық  қасиетінен  бастау  алады. Қалтай  аға  2020  жылы  туғанына  200  жыл  толатын  қыз  бен  жігіттің  жұмбақ  айтысының  негізін  қалаған  Күдеріқожа  Көшек ұлының (1820-1838 ж.)  тікелей  төртінші  ұрпағы. (Күдеріден  Нарбота, одан  Нұреке, одан  Мұхамеджан). Қанмен  келетін  көп  қасиеттің  бірі  ақындық  десек, шындығында  Күдерінің  ұрпақтарының  біразына  осы  қасиет  жұққан, дарыған.

Қалтай  ағаның  жасөспірім  кезіндегі  жазушы  болсам  деген  балаң  талпыныстарынан  комедияға, жалпы  драматургияға  деген  жақындық  не  белсенділік  байқалмайды, керісінше  ақындыққа  деген  бейімділік  мен  мұндалап  тұрағандай. 17  жасында  өзі  тұратын  колхоздың  атынан  көрші  колхоздың  қарт  ақыны  Қалилаев  Сыздықпен  айтысқан. Бұл  айтыстың  толық  тексті  арада  жиырма  жыл  өткен  соң  драматургтің  өз  жеке  архивінен  табылған. Айтыста  айтылатын  өлең  жолдарын  Қалтай  алдын-ала  жазып  алған. Сол  парақ  әбден  сарғайып, жазуларының  көп  тұсы  көмескіленіп, өшіп  кетуге  айналған. Автор  оны  машинкаға  бастырып, төменгі  жағына  мынадай  түсініктеме  берген: «Қурайлы»  колхозы  біздің  «Қызыл  жалау»  колхозына  көршілес.  Бұл  аудандық  айтысты  белгілі  ақын  ағамыз  Асқар  Тоқмағамбетов  ұйымдастырған. «Қурайлы»  мен  «Қызыл  жалау»  өз  ара  жарыста  еді. Бұл  кезде  мен  почталықтан  жоғарылап, колхозға  секретарь  болған   кезім  еді. Әрине,  өлең  сияғы  жоқ  болса да  жас  кездегі  талпыныстың  куәсі  екен. Жуырда  архив  қағаздарынан  табылды, көшіріп  жазған Биназар  Сүлейменов, менімен  бірге  мектепте  оқыған  жолдасым  екен. Қол  жазбаның  басында «Б.Сүлейменов «Қызыл  ту»  мектебі 6/ІІ-1945. Бұл  өлең  Қалтай  Мұхамеджановтың  ақын  Қалилаев  Сыздыққа  жазғаны,  слетте  оқылған»  деген   сөздер  бар  екен».

Аталған  ақындардың  айтысының  толық  мәтінін  ардагер  журналист  Байназар  Сүлейменов  ағамыздың  редакцияға  тапсыруымен  «Сыр  бойы»  газетінің  11  сәуір  2000  жылғы  санында  жарық   көрді. Айтыс  ақын  Асқар  Тоқмағамбетовтың  ұйымдастыруымен  1945  жылдың  6  ақпанында  Тереңөзек  ауданында  өткен.  Айтысты  Қалтай  ағадан  ондаған  жас  үлкен  Сыздық  Қалилаев:

– Айтысқа  келдің бе  арнай,  ақын  інім

Жасыңнан  өлең  сөзге  жақын  інім.

Белгілі  Күдерінің  тұқымысың

Атаңның  аруағын  шақыр  інім,

-дей  келе  «Қызыл  жалау»  колхозындағы  қойлардың  арықтығын, кейбір  басшылардың  өз  ісіне  салақтығын, егіннен  төменгі  өнім  алатындықтарын, қысқа  жем-шөп  дайындаудағы  кемшіліктерін  өлеңмен  өрнектейді. Өз  кезегінде  Қалтай:

-Ағасың  артығырақ  жасың  Сәке.

Білмейсің  аңғырттықпен  жалынды, аға.

Келдіме  желге  ұшқан  сөз  қонымды, аға.

Деген  сөз  мін  түзелмей, сын  түзелмес,

Мендағы  теріс  демен  оныңды, аға.

-дей  келе   өз  ауылындағы  жетістіктерін  нақты  сандармен  дәлелдеп, «Қурайлы»  колхозының  кемшіліктерін  тілге  тиек  етеді.

Ендігі  Қалтайдың  ақындық  өнері  жәйлі  әңгімені  ақын  Асқар  Тоқмағамбетовке  қарай  бұрайық. Оның «Ленин жолы» газетінің 1979 жылы 3 ақпандағы санында «Талант тасада қалмайды»- деген Қалтай ағаның 50 жылдығына арналған мақаласында:-«Қызылорда  қаласына  жақын  «Комсомол»  колхозында  ақындар  айтысын  өткізбек  болдық. Бас  ақынымыз  Қуаныш  Баймағамбетов  еді. Ол  кісі  келмей  қалды. Ендігі   ақынымыз  Байжиенов  Ысқақ… Әрі  ақын, тілге  жүйрік,  сөзге  шешен  адам  еді. Сол  кісіге  қарсы  тұратын  адам  таппай  «Қызыл  ту»  колхозынан  «ақын  бала»  Қалтайды  шақырттық… Ысқақ  оны  менсініп  отырған  жоқ…Домбыраны  алды да  Қалтайға  қарап  соғып  жіберді:

-Ысқақпын  Байжиенов, қарағым, мен,

Сыр  бойын  кезген  түгел  Қарақұммен.

Балажан,  айтысам, –  деп  әуре  болма,

Мен  сені  ұрып  кетем  қаламыммен,

-деп, жел  тиіп  қарлыққан  даусымен  бір  түйіп  өтті. Отырғандар  гуілдесіп  қолдарын  соғып  жатты. Бірақ, Қалтай  оған  қараған  жоқ.

Кезегімен  домбыраны  алды да:

-Айлакер  болып  өстім  бала  күннен,

Қой  бақтым  сырласумен  айлы  түнмен,

Ысеке, төбең  жылтыр  кісі  екенсіз,

Ұрып  кетсем  қайтесіз  тарағыммен – деп  еді,

отырған  жұрт  ду  қол  соқты… Ысқақ  әлі  менсінбей  отыр:

-Ай бала, қойсаң  деймін  қылжақтамай,

Ағаңа  жасы  үлкен  ыржақтамай,

Төбемді  келмей  жатып  қайдан  көрдің,

Тәйт  бала, тыныш  отыр, жын  қақтыма-ай,

– деп өзіне-өзі  ырза  болған   адамдай  түкіріп  тастады…  Қалтай  оған  қысылған  жоқ, қайта  ашына  бастады:

– Мен  сізге  тигенім  жоқ, Ысқақ  аға,

Қаламды  сіз  ұмтылдың  ұстап, аға

Жасқанып  тарағ         ыма  тасаладың,

Ағажан, айыбым  сол  қысқа  ғана…

бірақ  Ысқақ  одан  әрі  айтысқан  жоқ, бүркенді де  жатып  қалды. Міне, осы  жолы  Қалтайда  үлкен  талант  бар  екенін  сездік те, оның  оқуын,  білім  алуын  өтіндік».

Қ.Мұхамеджановтың драмалық шығармаларында келтірілетін өлең жолдарының барлығы Қалтай шабытынан туған. Бұндай өлеңдер әсіресе оның деректерге құрылған үш бөлімді «Жат елде» драмасында көптеп кездеседі. Бұл шығармадағы кейіпкер  ақын Асан Отан соғысы кезінде тұтқынға түсіп, елім деп өткен есіл ер Мәжит Айтбаевтың прототиві. Пьесада ақын Асанның елге деген сағынышын Қалағаң былай жеткізеді:

Сарыарқа, самалыңды сағынамын,

Жеткіз деп тағдырыма табынамын.

Ішім дерт, өзегім өрт, тілімде зәр,

Қай күні бұл азаптан арыламын.

Жетімек бір ұлың жүр, өлмей өшпей,

Тамшыны татқан күн жоқ таңдай кеппей.

Жасаппын қайран дүние, зор қателік,

Бір уыс топырағыңды ала кетпей.

Бұл өлең ақын тұтқында жүрген жерлесіміз Мәжит Айтбаевтың өлеңдерімен үндесіп жатыр «Жат елде» шығармасы 1966 жылы таңдаулы драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде сыйлық алған. И.Сталиннің Қызыл армияда тұтқын жоқ, олар отанын сатқан опасыздар деген сыңаржақ шешімінен ешкім асып кете алмаған уақыттың өзінде, Қалағаң ақын Асанның образы арқылы тұтқындардың бәрі отанын сатқандар емес дегенге мегзейді. Кезінде үкімет пен көрермендерден жоғарғы баға алған композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Тың жыры» либреттосының сөзен өлеңмен өрнектегенде Қалтай аға.

2006 жылы ақын Сейфолла Оспанның құрастыруымен «Қалтайдың қалжыңдары» деген атпен жарық көрген еңбек Қалағаңның халық арасына көп тараған әзіл қалжыңдарын толық қамтымағанды. Дегенмен, алғашқы жинақтың дер кезінде жариялануы Қалағаның ұшан теңіз қалжыңдарының тұтас болмағанмен денінің сақталып қалуына үлкен пайдасын тигізді. Биыл Сейфолла Оспан ағамыздың құрасытрумен «Қалтайдың қалжыңдары» Атамұра баспасынан кітап болып шығып, өз оқырмандарымен қайта қауышты. Бұл еңбектің өмірге келуі көрнекті мемлекет қайраткені әлі ғалым Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед бауырымыздың қамқорлығымен жүзеге асты. Аталмыш кітапта Қалтай ағаның ақындық қырына көбірек мән беріліпті.

Кітаптан Қалағаңның «Сауысқанның саясаты туралы жыр», «Бұхар жырау шөбересінің Жазымға айтқаны», «Атақты жазушы Мәлімбайдың Ақыбайұлы Құртайды жоқтауы», «Қалағаңның толғауы» сияқты сүбелі өлеңге құрылған жырларды оқуға болады. Қазір менің қолымда Қалағанның архивінен алынған «Тауға барғанда», «С..,ға», бірнеше әндерге жазылған пародиялары бар.

Қорыта айтқанда Қ.Мұхамеджановтың драматургтік шығармашылығымен қатар, оның ақындық таланты  қатар жүргендігін айтуға болады. Бұл тектіден текті туады деген тектілік тұқым қуады деген тұжырымның анық дәлелі.

                            Қазбай Құдайбергенов ҚМУ-дің профессоры,

Қалтай Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі.

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button