Ишан әулетінің рухани мұрасы
Экспедицияның он үшінші күні: Жезқазған – Қызылорда бағыты

2026 жылғы 1 тамыз. Экспедицияның он үшінші күні: Жезқазған – Қызылорда бағыты және Марал ишан әулетінің рухани мұрасын зерттеу
Экспедицияның он үшінші күні Ұлытау өңіріндегі далалық зерттеулердің қорытындылануымен қатар, Марал ишан Құрманұлы әулетінің тарихи-рухани мұрасын зерттеу мақсатында Қызылорда облысына бағытталды. Бұл күнгі жұмыстардың негізгі мақсаты – Марал ишан ұрпақтарының қызметіне қатысты тарихи орындарды аралау, өңірдің музей қорларымен танысу және жергілікті өлкетанушылар мен әулет өкілдерінен қосымша тарихи-этнографиялық материалдар жинақтау болды.
Таңғы сағат 05:00-де Жезқазған қаласынан Қызылорда бағытына жолға шықты. Жалпы жол ұзындығы шамамен 430 шақырымды құрады. Сапар барысында Сарыарқа мен Сыр өңірін жалғастырып жатқан тарихи жолдардың табиғи-географиялық ерекшеліктері, көне көш жолдары мен тарихи кеңістіктің сабақтастығына қатысты бақылаулар жүргізілді.
<span;>Экспедиция барысында Жезқазған қаласынан шамамен 50–60 шақырым қашықтықта орналасқан Болған ана кесенесі зерттелді. Жергілікті тарихи аңыздар мен шежірелік деректерге сәйкес, Болған ана Жошы ханның қызы болып саналады және Таймас атаға ұзатылған тарихи тұлға ретінде сипатталады. Бұл мәліметтер өңірдің ауызша тарихи дәстүрінің құрамдас бөлігі ретінде тіркеліп, кейінгі деректанулық салыстырмалы зерттеулерді қажет етеді.
Далалық зерттеу барысында Құлан қатынға қатысты да тарихи мәліметтер жазып алынды. Жергілікті тарихи танымда Құлан қатын Шыңғыс ханның жұбайларының бірі ретінде айтылады. Аталған дерек жазба деректермен салыстыра отырып ғылыми тұрғыдан нақтылауды талап етеді.
Экспедиция мүшелері Таймас әулие кесенесіне қатысты мәліметтерді де жинақтады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қасиетті орын Сарысу өзенінің бойында орналасқан. Таймас әулиеге қатысты шежірелік деректер мен зиярат дәстүрі өңірдің рухани мәдениеті мен тарихи жадының маңызды элементі ретінде бағаланды.
Экспедиция барысында Талап елді мекенінен өткеннен кейін, көпірден әрі орналасқан Марал әулиеге қатысты киелі орын жөнінде де мәліметтер жиналды. Жергілікті тұрғындардың мәліметіне сәйкес, бұл нысан Марал ишан Құрманұлының тарихи-рухани мұрасымен байланысты қасиетті орындардың бірі болып табылады. Аталған деректер ғылыми далалық күнделікке енгізіліп, Марал ишанның тарихи-географиялық қызмет кеңістігін айқындау мақсатындағы зерттеулерде пайдаланылатын болады.
Экспедиция барысында Қызылорда қаласына кіргеннен кейін Марал ишан әулетінің көрнекті өкілі, белгілі дін қайраткері Сүлеймен ишан Есмұхамедұлының (1887–1969) кесенесіне зиярат жасалды. Бұл нысан Марал ишан Құрманұлы қалыптастырған діни-ағартушылық дәстүрдің ХХ ғасырдағы жалғастығын көрсететін маңызды тарихи-рухани ескерткіштердің бірі болып табылады.
Сүлеймен ишан – Марал ишанның немересі, Есмұхамед (Есей) ишанның ұлы. Ол бала кезінен әкесі ұйымдастырған медреседе алғашқы діни білім алып, кейін ұстаздарының ұсынысымен Орта Азиядағы ең беделді оқу орындарының бірі – Бұхарадағы әйгілі Көкілташ медресесінде білімін жалғастырды. Сол жерде қазақтың көрнекті ақыны әрі ағартушысы Тұрмағамбет Ізтілеуовпен бірге оқып, ислам ғылымдары, араб тілі, фиқһ және хадис салаларын терең меңгерді. Оның ұстазы Орта Азиядағы беделді діни қайраткер Бабахан ишан болған.
Кейін Бабахан ишан Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының мүфтиі қызметіне көтерілген кезде, Сүлеймен ишан Қызылорда қаласындағы Ақмешіттің («Айтбай» мешіті) имам-хатибі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті шамамен он сегіз жыл атқарып, өңірдегі діни өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз етті. Замандастарының естеліктерінде Сүлеймен ишан ислам шариғатын жетік меңгерген, діни мәселелерде үлкен беделге ие тұлға ретінде сипатталады. Қызылорда өңірінің молдалары мен қожалары күрделі діни мәселелер бойынша оның пікіріне сүйеніп отырған.
Экспедиция мүшелері Сүлеймен ишан жерленген қорымға барып, құран бағыштап, кесененің архитектуралық ерекшеліктерімен танысты. Қорымдағы құлпытаста оның «Керей Марал ишан немересі Сүлеймен Есей ұлы (1887–1969)» екендігі көрсетілген. Бұл қазіргі ұрпақтың тарихи тұлғалардың рухани мұрасын сақтауға деген жауапкершілігін көрсетеді.
Сүлеймен ишаннан кейін әулеттің ағартушылық дәстүрі оның ұлы Бақытжан Сүлейменұлы (1929–1993) арқылы жалғасты. Ол жарты ғасырға жуық уақыт ұстаздық қызмет атқарып, мектеп директоры, кейін Қызылорда облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Замандастары оны парасатты, қарапайым әрі адамгершілігі жоғары тұлға ретінде бағалаған.
Сағат 13:00 шамасында экспедиция мүшелері Қызылорда өңіріне жетіп, жергілікті азамат тоқымбет керей Несіпұлы Ерболдың шаңырағында қонақасыға қатысты. Кездесу барысында өңір тарихы, Марал ишан әулетінің Сыр бойындағы қызметі, ишандар институтының қалыптасуы және жергілікті тарихи тұлғалар жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардан тарихи орындар мен әулет шежіресіне қатысты құнды ауызша мәліметтер жазып алынды.Одан кейін Алдажар ишан мешіті зерттелді. Экспедиция барысында мешіттің сәулеттік ерекшеліктері, тарихи қалыптасу кезеңдері, қайта қалпына келтіру жұмыстары және өңірдегі діни-ағартушылық қызметтегі орны қарастырылды. Сонымен бірге жергілікті тұрғындардан Алдажар ишанға қатысты сақталған ауызша тарихи мәліметтер мен естеліктер жинақталды.
Экспедиция барысында мешіт қабырғасындағы ескерткіш тақта зерттелді. Онда мешіттің 2007 жылдың желтоқсан айында Әубәкірұлы Әкімбай әулетінің демеушілігімен салынғаны жазылған. Тақтадағы мәтінде болашақ ұрпақтың Құран ұстап, ата-баба жолын жалғастырып, иманды болып өсуіне арналған ізгі ниет көрініс тапқан. Бұл қазіргі ұрпақтың тарихи-рухани мұраны жаңғыртуға қосқан нақты үлесінің айғағы болып табылады.
Экспедиция бағдарламасына сәйкес Қызылорда облыстық музейінде де ғылыми жұмыс жүргізілді. Музей қорындағы Марал ишан әулетіне, Сыр өңірінің діни тарихына және XIX–XX ғасырлардағы қоғамдық-саяси үдерістерге қатысты материалдармен танысу жүзеге асырылды. Архивтік фотосуреттер, тарихи құжаттар және этнографиялық жәдігерлер экспедицияның зерттеу тақырыбы аясында ғылыми тұрғыдан зерделенді.
Экспедицияның Қызылорда қаласындағы зерттеу жұмыстары барысында Белкөл елді мекенінде орналасқан Мұрат қажы Тоқпанұлының демеушілігімен салынған Қал-Мұхаммед мешіті мен Марал ишан медресесінде болдық. Бұл кешен Сыр өңіріндегі дәстүрлі ислам құндылықтарын жаңғыртуға, тарихи-рухани мұраны сақтауға және Марал ишан әулетінің діни-ағартушылық қызметін кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды рухани орталықтардың бірі болып саналады.
Қал-Мұхаммед мешіті тек құлшылық орны ғана емес, өңір тұрғындарының рухани өмірінің өзегіне айналған діни-мәдени нысан. Мұнда күнделікті діни рәсімдермен қатар, жастарға имандылық тәрбиесін беру, Құран оқу, діни сауат ашу және ұлттық-рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Мешіт жанынан бой көтерген Марал ишан медресесі Сыр бойындағы дәстүрлі діни білім беру мектебінің сабақтастығын жалғастырып келеді. Медресенің атауы қазақ халқының көрнекті дін қайраткері, ағартушысы әрі әулиесі Марал ишан Құрманұлының құрметіне берілген. Бұл білім ордасының негізгі мақсаты – исламның ханафи мәзһабы сенім мектебінің қағидалары негізінде діни білім беру, Марал ишан қалыптастырған рухани-ағартушылық дәстүрді насихаттау және ұлттық діни мұраны сақтау.
Экспедиция барысында мешіт пен медресенің құрылу тарихы, қызметі және сәулеттік ерекшеліктері зерделеніп, жергілікті дін қызметкерлері мен тұрғындарынан құнды ауызша тарихи мәліметтер жиналды. Жинақталған деректер Белкөл өңірінің қазақ даласындағы дәстүрлі ислам мәдениетінің маңызды орталықтарының бірі екендігін және Марал ишан мектебінің ықпалы бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын айғақтайды.
Экспедиция барысында Мұрат қажы Тоқпанұлының қоғамдық қызметінің тағы бір маңызды қыры белгілі болды. Оның бастамасымен және ұйымдастырушылық қолдауымен «Марал Нұр» атауымен Қызылорда – Қызылжар және Қызылорда – Көкшетау бағыттарындағы теміржол қатынасын іске қосу мәселесі көтеріліп, осы бағыттағы жолаушылар пойыздарының жүруіне елеулі үлес қосылғаны жөнінде мәліметтер алынды. Бұл бағыттар Қазақстанның оңтүстік және солтүстік өңірлерін байланыстырып қана қоймай, Марал ишанның өмірі мен қызметіне қатысты тарихи кеңістіктерді өзара жақындастыруға мүмкіндік берді.
«Марал Нұр» атауының өзі Марал ишан Құрманұлының тарихи тұлғасын ұлықтауға арналған символдық мәнге ие. Осылайша көлік қатынасын дамыту ісі ұлттық тарихи жадты жаңғыртумен және рухани мұраны дәріптеумен ұштасып отыр. Мұрат қажы Тоқпанұлы бұл арқылы тек меценат әрі қайырымды азамат ретінде ғана емес, ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды насихаттауға нақты үлес қосқан қоғам қайраткері ретінде де танылды.
Сонымен қатар экспедиция мүшелері өңірдің белгілі азаматы, осы кешеннің негізін қалаушылардың бірі Жаппас Мұрат қажы Тоқпанұлының қонағы болды. Ол экспедицияны ерекше құрметпен қарсы алып, арнайы қонақасы ұйымдастырды, қатысушыларды қонақ үйге орналастырып, барлық ұйымдастыру жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетті. Осындай азаматтық жанашырлықтың арқасында Қызылорда облысындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жоғары деңгейде өткізілді.
Кездесу барысында Марал ишан әулетінің тарихы, Сыр өңіріндегі исламдық ағартушылықтың дамуы, ишандар институтының қазақ қоғамындағы орны және руаралық рухани байланыстар мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе, Керей руынан шыққан Марал ишан Құрманұлы мен Жаппас руынан шыққан Меңдібике Құланбай ишанқызының шаңырақ көтеруі нәтижесінде қалыптасқан тарихи құдандалық қатынастың қазақ қоғамындағы рухани және әлеуметтік интеграциядағы орны ерекше екендігі атап өтілді. Шамамен 225 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан бұл туыстық байланыс екі әулетті ғана емес, екі ірі ру арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып табылады.
Белкөлдегі Қал-Мұхаммед мешіті мен Марал ишан медресесіне жасалған ғылыми сапар экспедицияның маңызды кезеңдерінің біріне айналды. Жиналған материалдар Марал ишан әулетінің рухани мұрасын, Сыр бойындағы исламдық білім беру дәстүрінің сабақтастығын және қазақ қоғамындағы тарихи-рухани байланыстарды ғылыми тұрғыдан зерделеу үшін құнды дерек көзі болып табылады.
Экспедиция ұжымы Жаппас Мұрат қажы Тоқпанұлына ұлттық тарихи-рухани мұраны сақтауға, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеуге, Қал-Мұхаммед мешіті мен Марал ишан медресесін салу арқылы өңірдің діни-ағартушылық өміріне қосқан зор үлесі үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Мұндай игі бастамалар халқымыздың рухани сабақтастығын нығайтып, тарихи жадымызды жаңғыртуға және ұлттық мәдени мұраны келер ұрпаққа аманаттауға қызмет ететіні сөзсіз.
Экспедицияның он үшінші күні барысында жиналған материалдар Марал ишан әулетінің рухани мұрасын, Сыр өңіріндегі исламдық ағартушылықтың дамуын және қазақ қоғамындағы ишандар институтының тарихи рөлін жан-жақты зерттеуге арналған маңызды дереккөздер қорын толықтырды.
Жас ғалым
<span;>Самат Жұматай





