Ғалымның хаты

Торғай – Арқалық – Ұлытау тарихи бағыты

30.07.2026 ж. Экспедицияның он бірінші күні

Торғай – Арқалық – Ұлытау тарихи бағыты

 

Таңғы астан кейін экспедиция мүшелері Торғай өңірінен Ұлытауға қарай жолға шықты. Бұл маршрут қазақ халқының тарихи жадында ерекше орын алатын Торғай даласы мен Ұлытау өңірін байланыстыратын рухани-тарихи кеңістік ретінде қарастырылды. Жол бойында ұлттық азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлері мен тарихи тұлғаларына қатысты нысандарға арнайы тоқтап, олардың өмірі мен қызметіне қатысты деректерді жинақтау, тарихи орындарды фотофиксациялау және ғылыми сипаттау жұмыстары жүргізілді.

Жол бойындағы алғашқы маңызды аялдамалардың бірі Амангелді ауылында орналасқан өлкетанушы, қоғам қайраткері Сапар Ысқақовтың бастамасымен құрылған «Торғай тәжі» – «Әлемнің жеті кереметі» тарихи-танымдық саябағы болды. Экспедиция мүшелері саябақтың құрылу тарихымен танысып, онда қойылған сәулеттік композициялар мен тарихи-мәдени нысандарды аралап көрді. Бұл кешен Торғай өңірінің бай тарихи мұрасын кеңінен насихаттап, жастардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық жоба екендігі атап өтілді. Саябақтағы экспозициялар тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін, қазақ өркениетінің құндылықтарын және ұлттық мемлекеттілік тарихын көрнекі түрде таныстыруға мүмкіндік береді.

Амангелді ауылынан кейін экспедиция бағыты Торғай өзенінің аңғары арқылы жалғасты. Жол бойында экспедиция мүшелері ежелден тарихи-географиялық маңызы зор Тәуіш (Жаркөл) ауылының маңындағы табиғи нысандарға тоқталды. Алдымен Татыр көлі, кейін Жаркөл көлі көрді. Бұл көлдер Торғай ойпатының гидрографиялық жүйесінің маңызды құрамдас бөліктері болып табылады. Көлдердің табиғи ерекшеліктері, жағалау бедері, тарихи қоныстармен байланысы және жергілікті халықтың шаруашылық өміріндегі орны жөнінде далалық бақылаулар жүргізілді. Сонымен қатар олардың атауларының шығу төркіні мен тарихи топонимикадағы орны жөнінде жергілікті мәліметтер жинақталды.

Жаркөл көлінің жағасында орналасқан Ожан баба кесенесі экспедицияның маңызды зерттеу нысандарының бірі болды. Экспедиция мүшелері кесенеге арнайы барып, оның сәулеттік ерекшеліктерін, қазіргі сақталу жағдайын және тарихи-мәдени маңызын зерделеді. Нысанның фототіркелімі жасалып, GPS координаттары анықталды, ғылыми күнделікке толық сипаттамасы енгізілді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардан Ожан бабаның өмірі, оның өңір тарихындағы орны, халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер мен тарихи деректер жазылып алынды.

Ожан баба кесенесі орналасқан Жаркөл өңірі Торғай даласының рухани-мәдени кеңістігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Мұнда ғасырлар бойы сақталған киелі орындар жүйесі, тарихи қоныстар және табиғи ландшафт өзара сабақтасып, өңірдің тарихи жадын қалыптастырған. Осындай нысандарды ғылыми тұрғыдан құжаттау, картографиялау және тарихи айналымға енгізу Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Экспедиция барысында Құмкешудің табиғи келбеті, көшпелі өркениетке тән кеңістіктік ерекшеліктері және оның Торғай өңірінің тарихи-мәдени мұрасындағы орнына ерекше назар аударылды. Бұл жұмыстар өңірдің тарихи картасын толықтыруға, қасиетті орындардың орналасуын нақтылауға және болашақта оларды қорғау мен насихаттауға негіз болатын ғылыми материалдардың қорын толықтырды.

Экспедиция барысында Торғай өңірінің тарихи географиясы мен қасиетті орындары өзара байланыста қарастырылып, өңірдің табиғи кеңістігі мен рухани мұрасы арасында қалыптасқан сабақтастыққа ерекше назар аударылды. Жол бойында жиналған тарихи, этнографиялық және топонимиялық материалдар алдағы ғылыми зерттеулерде, тарихи карталарды әзірлеуде және экспедиция қорытындысы бойынша дайындалатын монографияда кеңінен пайдаланылатын болады.

Қазақ халқының еркіндігі жолында күрескен әйгілі батыр Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының мемориалдық кешені болды. Зерттеу барысында Кейкі батырдың ұлт-азаттық қозғалысындағы орны, оның Торғай өңіріндегі қарулы қарсылықтың символына айналуы және тарихи жадтағы бейнесі жөніндегі ғылыми әдебиеттер мен жергілікті тарихи мәліметтер өзара салыстырылды. Батыр рухына Құран бағышталып, экспедицияның ғылыми күнделігіне ескерткіштің қазіргі жай-күйі, сәулеттік ерекшеліктері және тарихи маңызы жөнінде толық мәлімет енгізілді.

Одан кейін экспедиция мүшелері 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, халық қаһарманы Амангелді Имановқа арналған тарихи орындарға тағзым етті. Бұл жерде Амангелді батырдың ұлт тарихындағы орны, Торғай өңіріндегі көтеріліс ошақтары және қазақ қоғамындағы азаттық идеясының қалыптасуы жөнінде ғылыми пікір алмасу өткізілді. Экспедиция мүшелері көтеріліс тарихының қазіргі тарихнамадағы зерттелу деңгейін талдап, жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізудің өзектілігін атап өтті.

Торғайдан Арқалық арқылы Ұлытауға дейінгі жол қазақ даласының табиғи-географиялық ерекшеліктерін, көне керуен жолдарын және тарихи көші-қон бағыттарын зерделеуге мүмкіндік берді. Жол бойында кездескен көне қоныстар, қорымдар, тарихи топонимдер мен мәдени ландшафт элементтері тіркеліп, олардың орналасу координаттары анықталды. Бұл материалдар экспедицияның тарихи-географиялық картасын толықтыруға негіз болады.

Кешкі уақытта экспедиция мүшелері қазақ мемлекеттілігінің тарихи орталығы саналатын Ұлытау өңіріне жетті. Ұлытау – ежелгі дәуірден бері саяси, әскери және рухани маңызы жоғары болған қасиетті мекен. Көптеген зерттеушілер «Ұлытау» атауын «Ұлықтау» ұғымымен байланыстырады. Дәстүрлі қазақ қоғамында хан сайлау рәсімі өткеннен кейін жаңа билеушіні ақ киізге көтеріп, ел алдында ұлықтау (ұлық ету, ресми мойындау) дәстүрі орындалған. Осы тарихи рәсімнің кеңінен таралуына байланысты өңірдің «Ұлытау» атауы қалыптасты деген ғылыми тұжырымдар бар. Бұл өңір қазақ мемлекеттілігінің символдық кеңістігі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Ұлытау – қазақ хандарының орда тіккен, ел тағдыры шешілген құрылтайлар өткен тарихи аймақ. Сондықтан ол тек географиялық ұғым ғана емес, қазақтың саяси тарихының, ұлттық бірлігі мен мемлекеттілік дәстүрінің орталығы болып саналады. Алтын Орда, Ақ Орда және Қазақ хандығы дәуірлерінде бұл өңір Еуразия даласындағы маңызды стратегиялық әрі саяси орталықтардың бірі болды. Ұлытау маңында Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Едіге сияқты тарихи тұлғаларға қатысты көптеген ескерткіштердің шоғырлануы да оның ерекше тарихи мәртебесін айғақтайды.

Экспедиция барысында Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу ісіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Камал Смайыловтың еңбектері ерекше аталып өтті. Ол Ұлытау өңірінің тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттап, бұл өлкенің ұлттық идеологиядағы орнын айқындауға үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар академик Төрегелді Шармановтың Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және ұлттық сананы қалыптастыру бағытындағы қоғамдық қызметі де жоғары бағаланды. Олардың бастамалары Ұлытаудың Қазақстанның қасиетті географиясындағы орнының нығаюына және тарихи мұраны кеңінен танытуға елеулі ықпал етті.

Осылайша, экспедицияның он бірінші күні Торғай өңірінің азаттық тарихын Ұлытау өңірінің мемлекеттілік тарихымен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік беріп, қазақ халқының тарихи жады мен рухани мұрасын кешенді түрде зерделеудің маңызды кезеңдерінің біріне айналды.

 

Жас ғалым

Самат ЖҰМАТАЙ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button