Ғалымның хаты

Бұл да өтеді

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Өз еңбегімен, маңдай терімен жиналмаған, атадан қалған мол байлыққа ие болғандар бірлі-жарымы болмаса, қолындағы байлықтың қадірін білмей, шашуға бейім тұрады. Ел арасына тараған  аңызда, бір аса ауқатты кісі баласына: «Бал салмай тамақ ішпе, әр қаладан бір үй сал, апта сайын қатын ал» деп өсиет қалдырыпты да, үш бүктелген қағаз беріп, «біреуін әбден бағың тасып толған кезіңде, екіншісін – жағдайың төмендесе, үшіншісін тығырыққа тығылсаң, сол кезде  оқырсың» деп мұраға қалдырыпты. Баланың абыройы асып, мұрнынан есек құрты түсіп, болдым-толдым деген кезінде ашса, «БҰЛ ДА ӨТЕДІ» деп жазылыпты. Бала әкесінің істе дегендерін бұлжытпай орындап, салтанатты өмір сүріп, байлықты тауысып, ақырында кедейленеді. Өмірдің ащы-тұщысына күйіп-піспеген бала әкенің айтқанын бұлжытпай орындап, бір күні кедейленеді. Екіншісін осы кезде ашып оқыса мұнда да, «БҰЛ ДА ӨТЕДІ» деп жазылған екен. Еңбек етіп, мал табуға әдеттенбеген сорлы енді ішерге асы да болмай, ашығып, биік құздың басына шығып, суға секіріп өлейін деп отырғанда әкесінің үшінші берген қағазы ойына түсіп ашса – «БҰЛ ДА ӨТЕДІ» екен. Бұл баланы  бір ақсақал байқап, «құзға шыққан бұл не қылған адам» деп баланың қасына келіп, жөн сұрайды. Бала әкесінің мұраға қалдырған  ақылын бұлжытпай орындағанын, енді ішерге асы жоқ болғандықтан аштан өлгенше суға құлап өлмекші екенін айтады. Қария балаға әкесінің жазған өсиетінің «бал салмай тамақ ішпе» дегені –  «қарның ашпай тамақ ішпе, сонда тамақ бал қосқандай дәмді болады. Әр қаладан бір үй сал дегені, әр қалада сыйласатын жолдасың болсын дегенін, жеті сайын үйлен, әйеліңмен жетісіне бір бірге бол денсаулығыңа пайдалы дегені» деп түсіндіріп, шығарып салады. Бұл жерде, сөздің айтылған түрінде түсіне салмай оның терең мағынасын талдауды меңзеген. Біз осыған дейін сөздің негізгі мағынасын іздемей қате түсініп, теріс амал жасадық.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Уа, адамдар! Ақиқатында, сендердің Раббыларың да жалғыз, арғы аталарың да бір. Ақ түсті адамның қара түс-тіден, әрі қара түстінің де ақ түстіден  артықшылығы жоқ болғаны сияқты, арабтың да араб еместен, сол сияқты араб еместің де арабтан артықшылығы жоқ! Біреулердің басқалардан артықшылығы тек тақуалықта ғана болуы мүмкін!» деген. Имам Ахмад «Муснадта» (әл-Банна реттеуі бойынша 2/226) келтіреді. Әл-Хайсами «Мужма’ әз-зауаидте» (3/266) былай деген: «Бұл хадисті Ахмад келтіреді, ал оның жеткізушілері — «Сахихтарда» аталатындар».    Дүние жүзінде коммунизм орнатуды армандаған, халықтар арасында «Күн көсем» атанған  В.И. Ленин: «Просвещение» журналының 1913 жылы жарық көрген, «Критические заметки по национальному вопросу» мақаласында «Ұлттық мәселе қазіргі уақытта Ресейдің қоғамдық өмірінің мәселелері арасында алдыңғы орынға шықты» және «бұл бізді ұлттық мәселеге бұрынғыдан да көп көңіл бөлуге міндеттейді» деп атап өтті. Және Ленин «ұлы державалық орыс шовинизмі» туралы біржақты теріс пікір білдіріп, ол орыс шовинизміне қарсы күресуге шақырды. В.И. Лениннің «О национальной гордости великороссов» және «О праве наций на самоопределение» мақалаларымен қатар, большевиктердің ұлттық бағдарламасының негізгі ережелері сипатталған:

– ұлттардың толық теңдігі, яғни, бірде-бір ұлттың да, бірде-бір тілдің де, бірінен бірінің артықшылықтары жоқтығын ескертсе;

– ұлттардың өзін-өзі саяси анықтауы, яғни олардың мемлекеттік бөлінуі туралы мәселені толығымен еркін, демократиялық жолмен шешуін қалаған;

– барлық ұлттардың жұмысшыларының бірлігін көксеген. Егер халықтың негізгі тобы жұмысшылар бірге болса, ел арасында тыныштық тұрақтанады.

Ең алдымен В.И.Ленин Ресейдің жұмысшы табын ұлы орыс шовинизмімен күресуге шақырып, «Қанаушы ұлттың ұстанымын алайық. Басқа халықтарды қанаушы халық еркін бола ала ма? Әрине, жоқ. Ұлы орыс халқының бостандық мүдделері мұндай езгіге қарсы күресті талап етеді» деп жазды.

Біз тұрған ауылда  дәрігерлік білімі бар маман болмады. 1943 жылы ғана ауылға  бір ауыз қазақ тілін  білмейтін Анна Цурикова деген орыс қызын жіберіп, ол біздің үйде тұрды. Ол жылдары біз тұратын Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында автомашина маманы Александр атты орыс қана болды, оның өзі қазақ тілін жақсы білетін. Сол Анна көп ұзамай қазақ тілін жақсы меңгеріп,  бәрімізбен қазақ тілінде сөйлесіп, қызымыздай болып кетті. Кейін аудандық ауруханаға бас дәрігер болып ауысып, тұрмысқа шыққаннан кейін де қызымыздай  болып араласып тұрдық. Міне, қажеттілік болса тіл меңгеру, оның ішінде,  өмірде жиі қолданылатын тілді үйрену өте жеңіл, тек өзіңнің үйренем деген ынтаң болсын.  Ынта демекші, оқушының барлығы мектеп есігін ашқанда сабақ оқуға ынталанып барады дей алмаймын. Себеп білім үйренуге мектепке  келген жеткіншектердің бәрі білім үйренемін деген ынтамен сынып есігін ашпайды.  6-7 жасқа толған балаға мектепке оқуға баруы міндет. Барлық жағдайда міндет пен ынта қабыса бермейді. Себебі, міндет – мәжбүрлеу, ынта – пенденің ерікті түрде қызығушылығы. Ұлт көсемі Ә. Бөкейхан «Мен Кеңес өкіметін сүймеймін, бірақ, мойындауға мәжбүрмін» деп Кеңес үкіметін мойындамай өтті. Яғни, мәжбүр болған пенде өзі ұнатпаған істі адал көңілмен іске асырмайды. Осы секілді оқуға басынан-ақ қызықпай, мәжбүрлеумен барған оқушыны алғашқы күннен-ақ білім қызықтыра қоймайды. Қызығушылық болмаған жерде ынта да болмайды. Қазіргі уақытта ғалымдар халықтың сауаттылын көне заманнан бір әліпбимен жалғасуына байланыстырып, дамыған және дамушы елдер деп бағалайды. Дамыған  елдер қатарына ғасырдан ғасырға жалғасқан әліпбилері бар халықтар жатқызылған. Бұған дәлел 1940 жылдары орыс әрпіне – кирилицаға көшу жөнінде Кеңес үкіметінің жоғарғы сатысы «Политбюрода» сұрақ қаралғанда, әліпбилері ертеден сақталған Армян мен Грузин халықтарының әліпбиінің таңбаларын сақтау жөнінде қаулы қабылданып, біз сияқты ғасырдан ғасырға көшкен әліпби таңбалары жоқ халықтарды, орыс әрпінің таңбасына көшіру жөнінде қаулы қабылданған. Алайда біздің халық көрсеқызарлау ма деймін. Олай деуге себеп – Кеңес үкімет ыдыраған отыз жылдың ішінде білім негізі – оқулықтар қайта-қайта өзгертіліп жазылса, оқу жүйесінде, дамыған ана мемлекетте былай, мына мемлекетте былай деп қайта-қайта өзгертуге машықтандық. Мысалы, жапондықтар баланы үш жастан бастап пайдалы іс атқаруға тәрбиелейді деген сияқты ұсыныстар айтып, бала тәрбиесін осы жастан бастуды ұсынғандар да жеткілікті болды. Бірақ олар бала үш жасқа  келгенше қандай тәрбие алғанын, ол елдегі жалпы халықтың балаға қарым-қатынасы қандай екенін, жол ережелерінің қандай өзгешеліктері барын және жалпы халықтың заңды орындау деңгейі қандай дәрежеде екенін зерделеп, содан кейін ғана сол елдің жақсы салт-дәстүрінің жақсы жақтарын қабылдауға болар еді. Ал бізде қалай, заң арақ ішсең – автокөліктің рөліне отырма десе де, біз есімізді білмей мас болғанша ішіп алып рөлге отырамыз немесе жіберген қателіктері үшін жүргізушілік куәлігінен айрылғандар автокөліктің рөліне отыруы қалыпты жағдайға айналған. Заңды сыйламаушылық жоғары дәрежедегі біздің елде, заңды нүктесі түгілі үтіріне дейін сақтайтын елдің салтымен салыстырып, салт-дәстүрімізді өзгертеміз деу бізге пайда бермейді ғой деймін.

1988 жылы қызмет бабымен Беларуссияның Брест қаласында бір ай іссапарда болдым. Брест қаласын 1941 жылы немістер соғыс ашқан күні қалай қиратса, мен барған 1988 жылы да  сол қалпында музей-қала ретінде сақтап, онда мекемелер ғана қалған. Тұрғын үйлерді қаладан он шақты шақырым жерге бөлек салған. Жатқан қонақ үйім мен менің баратын облыстық комитет, облыстық атқару комитеттерінің жұмыс орындары екі-үш аялдамадай жерде орналасқандықтан, асықпай жаяу баратынмын. Маған «ерте келдің, кеш келдің» дейтін ешкім жоқ. Таңертең сағат онға қарай тұрып, баратын мекемелеріме барар жолда көше қиылысының қызыл шамына кездессем, тосып тұрмай, екі жағыма кезек қарап, жалғыз өзім жолды кесіп өте береді екенмін, ал беларусьтар жолдан өтуге рұқсат етілген жасыл шам жанғанша жолдың жиегінде тосып тұрады. Осыны байқағанымнан кейін өзім-өзімнен ұялдым. Біз өзіміздің әдетке айналдырған теріс амалдарымызды жалғастыра береміз. Басқа халықтың жақсы әдет-ғұрыптарын біз де үйреніп, салтымызға кіргізу – жақсы қасиет. Ол үшін өзімізді де, ұрпағымызды да тәрбиелеу қажет. Бірақ бұл аз уақыттың жүгі емес, сондықтан ұрпғымызды туған күнінен бастап жақсы әдет-ғұрыпқа тәрбиелеуге көңіл бөлудің маңызы зор. Көше қилысындағы бағдаршамның «өтпе» деген көрсеткіші жанса да, үлгереміз деп баламызды жеңінен ұстап сүйрей жөнелеміз. Осыған әдеттенген ұрпағымыз да бұны салтқа айналдырып, келешекте осыны қайталайды. Ұлтымыз заңды сыйлап, заң  бұзушылықтан қашық болуын қаласақ, ұрпақтарымызды жас кезінен заңды бұзбауға тәрбиелеу – маңызды амал. Мұхиттың кішкене бұлақтан бастау алатынын ескерсек, нашар әдет те айтулы амалдан басталмайтынын көңілге тоқыған абзал. Сондықтан, тәрбиеде амалды маңызды немесе маңызсыз деп бөлмей, бәрін де маңызды деп түсіну қажет.                          Шауһат-құмарлық күштерінің көркемдігі ақыл мен шариғат шеңберінің аясынан асып кетпеуімен танылады. Ол тежелмесе тойымсыздық, ашкөздік, харам жолмен табыс табуға жетелейді. Барлық жаратылыстың екі шеті болатыны сияқты, ақылдың да, мінездің де, әділдіктен басқасында жоғарғы және төменгі деңгейлері бар. Әділдік ұғымында орта шамадан асу немесе төмен түсу қасиеті жоқ. Әділдік қасиеті көбеймейді, не азаймайды. Әділдікке қарама-қарсы –  зұлымдық. Егер әділдік қасиеті орта деңгейден жоғары, не төмендеп кетсе, онда іштарлық, ашкөздік, немқұрайдылық, әзілқойлық, жағымпаздық, қызғаншақтық мінездері бой көтереді. Имам Ғазалидің бұл жерде әділдікке байланысты екі пікір айтуын имам Ғазалидің қатесі деп түсінбей, әділеттіліктің келешек үшін жасалғаны, түсінбеген пендеге зұлымдық болып көрінетін кездері де болады. Сондықтан әділеттілік түсінігінің кейбір ауқымы тар амалдарда бір деңгейі болса, ауқымы зор, келешекте кездесетін үлкен зұлымдықтың алдын алу мақсатында орындалған амал сол шақта зұлымдық ұғымына апаратын кездері болады. Мысалы: «Мұса (а.с) Қызырға (а.с.) кездесіп: «Сізге дарытылған даналықтардан маған да үйретуіңіз үшін (сізге) ерейін бе?» деді. Қызыр (а.с.): «Менімен бірге болуға шыдай алмайсың. Өзің ішкі сырын толық білмейтін істерді көргенде қалай сабыр ете алар екенсің?» Мұса (а.с.): «Алла қаласа менің ұстамды екенімді байқарсыз. Бұйрығыңызға, әсте қарсы келмеймін» деді. Қызыр (а.с.): «Маған еремін десең, (алда кезіккен) істер хақында мен саған түсіндірмейінше ешнәрсе сұрама!» деді. Сонымен екеуі жолға шықты да, бір кемеге мінді. (Қызыр) кемені тесті. Мұса: «Кемедегілер суға кетсін деп тестің бе? Сен расында, шатақ істедің» деді. Қызыр: «Менімен бірге  жүруге шыдай алмайсың демеп пе едім!» деді. Мұса (а.с.): «Айтқаныңызды ұмытқаным үшін айыпқа бұйырмағайсыз. Маған қолайсыз қиындық тудыра көрмеңіз!» деді. Екеуі тағы да жол тартты. Жолда бір балаға кездесіп еді, (Қызыр) оны өлтірді. «Жазықсыз бір жанды өлтіргеніңіз қалай? Расында, сұмдық іс істедіңіз» деді Мұса. «Менімен бірге жүрсең шыдай алмайсың деп саған айтпап па едім?» деді (Қызыр). Мұса: «Мұнан былай тағы бірдеңе туралы сұрар болсам, мені жолдас етпей-ақ қойыңыз. (Уәдеге үш рет қайшы келгендігім үшін) әрине, маған айтарыңызды айтып болдыңыз» деді. Екеуі тағы да жол тартып, бір қыстаққа келді де, ондағы тұрғындардан тамақ сұрады. Қыстақтағылар оларға қонақасы беруден бас тартты. Екеуі қыстақта құлағалы тұрған бір үйді көріп, оны жөндеп қайта тұрғызды. (Мұса Қызырға): «Егер қаласаңыз бұл еңбегіңізге ақы алар едіңіз» деді. (Қызыр) айтты: «Екеуіміздің айрылатын жеріміз міне осы, сен сабыр ете алмаған (қайта-қайта сұраған) істердің сырын енді айтып берейін. Әлгі кемеге келсек, ол теңізде кәсіп істейтін кедейлердікі еді. Оны (тесіп) ақаулы етіп қойдым, себебі сол маңда жарамды кемелерді тартып алатын бір патша бар еді. (Бүлінген кемені алмайды). Ал (өлтірілген) баланың әке-шешесі мұсылман еді, ол бала (ержеткенде оңбаған кәпір болтындықтан) әке-шешесін теріс іске, күпірлікке мәжбүрлейді деп қауіптендік. Сондықтан, Раббамыздан оларға одан гөрі пәк, қайырымды бір перзент нәсіп етуін тіледік. Ал үй жөніне келсек, ол сол қыстақтағы екі жетім баланікі еді. Оның астында екеуіне тиесілі (көмулі) қазына бар. Олардың әке-шешелері, түзу жақсы кісілер болғандықтан, Раббың екі  жетім  ержеткен соң (үй астындағы) қазынаны қазып алуын қалады. Міне, бұл Раббының оларға деген  рақымы. Мен бұл істерді өздігімнен істемедім (Алланың маған берген аяны  еді). Сен сабыр ете алмаған (қайта-қайта сұраған) істердің мән-жайы осылай».

«Кәһф» с. 66-82-а.  Алла елшісі (с.а.у.) хадисінде «екі жүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды; аманатқа қиянат жасайды» делінген.

Карл Маркс пен Фридрих Энгельс дүние жүзінде коммунизм орнату идеясын ұсынса, Ленин мен Сталин оны  іске асыруға амал жасады. Сталин отыз бір жыл ел басқарғанда, сол кездегі ел басқару жүйесіндегі ең жоғарғы орыны Политбюро отырысында «осы шешімнен халыққа қандай пайда болады?» деп сұрайды екен. Егер пайдасы болатыны дәлелденсе ғана шешім қабылданады екен. Бірақ Сталиннің ел басқарған жылдары оған қарсы саяси топтар мен оны жақтаған жергілікті жердегілер бірігіп, оның дұрыс шешімін керісінше іске асырып, халықты оған қарсы қойып, көтерілістер ұйымдастырып, басшыға бағынбаудың ең жоғарғы деңгейіне дейін жеткізді. Алайда бұлардың түпкі мақсаттары халықтың жағдайын жақсарту болғанымен, оны іске асырғандардан қателіктер орын алғандықтан, өзінің атақ-абыройын көксегендер бұл бастаманы ғасырға жетпейтін уақытта құлатты. Бұндай мақсат екі ғасыр бұрын Париж қаласында «Парижская коммуна» атымен айлап қана өмір сүріп құлаған болатын. Қазіргі заманда барлық жағынан дамыған және халқының әлеуметтік жағдайы, білімі мен ғылымының даму дәрежесін дүниежүзі бойынша жоғары деңгейге жеткізген АҚШ алпауыттары өздерін демократия жолын ұстанушы және оның  шарттарын қатаң сақтайтын мемлекет ретінде, қазіргі таңда халықты ұшпаққа жеткізудің бірден бір жолы осы жол деп түсініп, оны ақылмен, оған көнбегендерді бопсалаумен тіпті, оған да көнбегендеріне күш қолданып, дүние жүзіне таратуды мақсат қылып іске асыруда. Сонымен қатар, абырой-атаққа да осы арқылы жетеміз деген де ниетте шығар. Алайда, ойды іске асырғанда оның орындалысы ойлағандай бола бермейді. Мысалы, Ирак мемлекетіндегі болған жағдайды еске түсірейік. Сарапшылар  Ирак патшасы Саддам Хусейн отыз жыл мемлекет басқарғанда 140 адамның өмірін қиып (жазықты-жазықсыздарын Алла біледі), еліне тыныштық, мамыражай заман орнығуға себепші болды.

Әлемде демократиялық қоғам орнатуды өмірлік ұстанымы санаған және бүкіл  адам баласының алдындағы парызы деп түсінген АҚШ билігі Ирактың патшасын диктатор (жеке билеуші), жауыз деп танып, аттырып, демократия орнатқаннан кейін, мемлекет ішінде тиыштық орнамай, теке-тірестен күн сайын жүздеген адам шығыны, халықтың жағдайының төмендеуі әлі де жалғасуда. Саддам Хусейн отыз жыл мемлекет басқарғанда 140 адамның ажалына себепші болса, одан кейінгі 6-7 жылда Америка  қарулы күштерінің көмегімен, мемлекет ішіндегі басшыға бағынбаушылықтан ондаған мың адамның төгілген қаны мен милиондаған адамның шеккен зардабына бүгінгі таңда ешкім жауап беретінге ұқсамайды. Бүгінгі күннің көш басшысы АҚШ  пен оны қолдаушы «даналары»  адамның санасына сіңірген біржақты «адам құқығы», «демократия», «сөз бостандығы» деген жартылай түсінікті алға тартып, жеке адамның көпшілік алдындағы міндетін жоққа шығаруымен, пендені адамдық қасиеттен аздырып, хаюандыққа апара ма деймін! Жүгенсіз демократия – адамзаттың алдынан қазылған жасырын ор, көңілі соқырлар түсе беретін қақпан. Миллиондаған адамның сенімі мен сезімімен санаспай, ойына келгенін айтып, қолынан келгенінше келемеждеп, асыл ойлы адамзаттың бетке шығарлары мойындаған,

Алланың құлы әрі елшісі, адам түгілі пайғамбарлардан ерекше жаратылған, екі дүние сардары Пайғамбарымыздың (с.а.у.) атына неше түрлі сөзбен лас құйып, жағымсыз суреттер салып, ел мен елді өштестіріп, дінаралық араздық тудырып, халықты бірімен бірін жауластырып, террорға итермелеуі қандай адами қасиетпен жарасады?! Бұдан алатын ғибрат – аяттың, хадистің, озық ойлы ғалымдардың еңбектерінің бетінде ғана жүзбей, шама жеткенше терең түсініп, асыл ойдың негізіне бойлау.

Ақыл орта шегінен асса, айлакерлікке, алдау мен арбауға көшеді. Ал оған немқұрайды қарау ақымақтыққа әкеледі. Бұдан сақтанудың жолы, ақылды тәрбиелі біліммен тұрақты толықтыру. Білімнің тәрбиелілігі алдымен кішіпейіл, жақсылыққа да, жаманшылыққа да жақсылықпен жауап беретіндей сабырлы, білгенін бауырына көркем мінезбен жеткізетіндей дәрежеде болуы. Асқан ойшыл Әбу насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім умен тең» деген. Тәрбиесіз білім иесі нәпсісіне еріп, пайдасының жолында адамгершілікті жоғалтып, басқаға зиянын тигізеді. Пайғамбар (с.а.у.) «Ізгілік деген көркем мінез-құлық. Ал күнә – дүниеңді мазалаған әрі ел-жұрт білмесін деген ісің», деп, мінездің орта дәрежесі «Көркем мінез» деген. Пайғамбардың (с.а.у.) мінезі жөнінде: Құранның, «Қалам» с. 4-а. «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» делінген. Пайғамбар (с.а.у.) көркем мінез жайында сұраған адамға, «Кешірім жолын ұстан, жақсылықты әмір ет және надандардан аулақ бол» деген,  «Ағраф» с. 199-аятын оқығаннан кейін: «Көркем мінез, қатынасты үзген адаммен байланысты орнату, сенен қызғанып бермеген адамға, сенің беруің және саған зұлымдық қылған адамға кешірімді болу» деп, екінші біреудің: «Ей Алланың елшісі (с.а.у.)! Дін дегеніміз не?» деп, екі рет сұрағанда екі ретінде де «Көркем мінез» деп жауап берген. Әлгі, артына өтіп, үшінші рет «Ей Алланың елшісі (с.а.у.)! Дін дегеніміз не?» деп сұрағанда, «Сен түсінбейсің бе? Сенің ашуға берілмеуің» деген. Пайғамбар (с.а.у.) «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін келдім», «Адамды жәннатқа жетелейтін, оның көркем мінезі, ал тілі тозаққа апарады» деп, көркем мінездің адам өміріндегі ерекше орнын, жұмаққа жол көркем мінез арқылы екенін білдірген. Айша анамыз (р.а) «Алла елшісінің (с.а.у.) мінезі – Құран еді» дегенінен, қасиетті Құран кәрімнің аяттары және Алла елшісі (с.а.у.) хадистері ең көркем тәрбиеші екенін білеміз. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) «Көркем мінез үш қасиетпен келеді: харамнан аулақ болу, халалды талап қылу және отбасына кеңпейілді болу» деп түсіндірген.

Нәпсіде ішіп-жеу, ұйықтау, қызғану-көре алмаушылық, қызығушылық, паңдық және зина сезімдері бар. Осы амалдарды тәрбиелеу жөнінде қасиетті Құран аяттары мен Алланың елшісі (с.а.у.) хадистері және ойшылдардың түсініктемелерін саралайық. Халқымыздың салауатты дәстүрінің бірі – ажалы жеткен адамның қайтқанына жыл толғанда «арты қайырлы болды, жаманшылық қайталанбады» деп Аллаға шүкіршілік етіп, о дүниелік болған туғанына Алладан жақсылық тілеу ниетімен шама-шарқына қарай жамағат жинап, ас беру –  жылын беру салты бар. Абырой-атақтан, байлықтан, ақыл-парасаттан Құнанбай бедел жиып, мысын асыру психологиясын да жақсы меңгерген пенде. Өскенбайдың асы тұсындағы мінезінен бұл анық байқалған. Асты қорытындылауға кешігіп шығып, оның себебін былай түсіндіріпті: «Уа, халайық, үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары! Мен әкеме ас бергенде оның шарапаты әкеме тие ме, тимей ме, оны бір Алла біледі. Мен сендерді осында жинағанда үш жүздің басын қосып, бірін-бірі білсін, көрсін, таныссын деп шақырдым. Бітпей жүрген дауы, қайтарылмай жүрген кегі болса кездесіп, жүз көрісіп келіссін, бітіссін дедім. Іштеріңде көсем де бар, шешен де бар. Солардың ұлағатты сөздерін естіп, сабағат алсын, тіршіліктегі жасап жүрген қарекет-кәсіптерін білсін, бірінен-бірі үйреніп, қажет болса мұқтаждасып, сауда-саттық орнатып, қарым-қатынас жасасын дедім. Қазақ – бауырмал халық, бірақ барға қанағаттанбай, жоққа берекелеспей, сынықтан сылтау іздеп, дау көбейтіп, жақыннан жаулық іздеп, жікке бөлініп, өз берекемізді өзіміз алып жүр емеспіз бе?! «Балық басынан бұзылады» дейді. Ел ішіндегі ағайын-араздық, тасадан тас ату, мүйіздеп жарға итеру, жығылмаса аяқтан шалу қарапайым халықтан емес, бақталастық билік пен мансапқа қызығатын атқамінер ел мықтыларынан шығып жүр емес пе?! Мен сендерді біраз бөгегенім – құнанбайлығым ұстағандықтан емес, мен отырсам, әңгіме берілген астың төңірегінде қалып қояр, өздерімен-өздері болып келелі кеңес құрсын, ақылды сөз, әділ төрелік, тындырымды болжам айтып, ел жақсылары бір тоқтамға келсін дедім», деген. Жиылған жұрт оның сөзін қабыл алып, асығыстық жасап, қызбалыққа салынған өз қателігін түсініп, Құнекеңнің асқан болжампаздығы, ақыл-парасатына тәнті болып тарқаған екен. Түйіліп барып ашылып кеткен бұлт сияқты жұртты сескендіріп барып, жүзін жылытып, ақылымен сес көрсеткен. Әрине, мұндай мінез көрсету үшін де ірілік қажет. Құнанбай өзінің осы қасиетін астың соңында танытқан. Құнанбайдың әділдік жағындағы қарапайым халыққа жақпайтын әділетсіздігінің көрінісі ретінде, оның өмірінің бәрін қазбаламай астың үстінде жасаған екі әділетсіздігін еске алдым. Ат бәйгесінде бәйге анық бірінші келген атқа берілмей, Құнанбай «бірінші бәйге Алшынбайдың атынікі» деген соң Алшынбайдың атына берілуі болса, екінші әділетсіздік – Құнанбай әкесіне ас бергенде туған інісі Май­басар Бөжейдің найман нағашысының бір айғыр үйір жылқысын ұрлатып алғызып, асқа сойғызып жіберіпті. Бөжей біліп, нағашыларының малын қайтар десе, Майбасар шала тыңдайды. Осыдан реніш туады. Мәмбетей жағы асты аруақ шақырып бәйгіден келген атымыздың бағын байлады деп өрекпіді. Ақыры елден бұрын асқа тіккен үйін жығып, кетерде Қарақан деген жігіті Құнекең жатқан үйдің маңдайшасын ұрып тұрып: «Құнанбай, сен құла аттың бағын қайырсаң, сенің бағыңды құдай қайырсын!»  дегенде,  ол айылын да жимаған.  Әрине, Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол өз дәуірінің, феодалдық өз тобының бел баласы. Ісі мен мінезінде заманының талай айқын таңбасы бар. Мысалы, Құнанбайда да алым, түсім аз болмаған. Осының мысалы, төрт атадан қосылатын ағайыны, үзеңгілес сыйласы, Сүйіндіктің мына сөзі куә. Сүйіндік ауылы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп біткен екен. Осы атқа Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрапты. Сүйіндік Құнанбайға бір айғыр үйір қысырағын сойып алған Бостан ауылына шағымданса, Бостаннан бір айғыр алған Құнанбай шағымды қарамай дауды созған соң, қара атты Сүйіндік Құнанбайға жөнелтіп жатып:

Айыбында қара аттың басы жарық,

Өзім семіз болғанмен көңілім арық.

Бостанның қорасына қонар едім,

Құнанбай қор қылмаса айғыр алып,

деп бір ауыз өкініш айтқан. Күйеуі жанжал-төбелесте өліп, құнына қол жеткізе  алмаған   қаралы әйелдің жоқтауы:

Мойны, басы былқылдап,

Ырғызбай жүрді арада.

Кеңгірбай толды параға,

Параға алған қара атан,

Тігілгей еді қараңа!, деп жоқтау айтқан екен.

Құнекеңді мақтап, кейін келеңсіз амалын еске алғаным, нәпсімен жаратылған адамзаттың әулиелер мен тақуаларынан басқасы күнәдан сүттей ақ болуы өте сирек. Құнанбай сияқты ақылы орта шегінен асқан тұлғаның айлакерлікке, алдау мен арбауға көшуі, нәпсінің жетегіне еруі өте өкінішті. Осы жерде «Нәпсімді ақтамаймын, расында жамандыққа бұйырады» деген «Юсуф» сүресінің  53-аяты еске оралады.          

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button