Ғалымның хаты

Ләйла

М.Әуезов -125

Болат СҮЛЕЙМЕНОВА

«Ах Лейлум – вах Лейлум – мое Черное море!» Бұл Мұхтар Омархановичтің ұзақ жылғы бағбанының сөзі. Өзі сезінген ұлылықты табиғаттың алып күшіне, заңғар биік тауларға, түпсіз тұңғиық суларға, көз жетпес кең далаға теңеу шығыс халықтарының қай қайсысына болмасын тән қасиет. Әйтсе де, сол бір шешен шалының Ләйланы өзі көрген алыптардың бірі Қара теңізге теңеуінде бір шындық бар. Ол Ләйланың адами тұлғасының биіктігі, рухының ұлылығы.

Бұл естелікті жазбас бұрын мен өзіме сұрақ қойдым.

Ләйла туралы естелік жазатындай мен кіммін, мен соған лайықпын ба? Ләйланы білетіндер де, танитындар да көп. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғағанда еңбегін парақтап талдап сөйлегендер де мол. Жарық көрген ғылыми еңбектеріне арналған сыни мақалалар баршылық. Мен осыларға қандай үлес қоса аламын?

Көп айтылып, жазылып жүрсе де. Ләйла тұлғасы әлі анықталып болған жоқ, тарихтан жеке дара өзіне лайық орнын әлі алған жоқ. Ғылыми еңбекке баға беру үшін тақырыпты сол еңбектің авторы деңгейінде білу керек. Сондықтан мен оны басқа қырынан: ардақты, атақты адамдардың қызы, келіні, жары ретінде, ана, ене, дос ретінде еске алуды жөн көрдім. Егер менің жазғандарым келешекте Ләйла тұлғасын жан-жақты сомдағысы келгендердің еңбегіне бір сызықша қосуына жараса мен ырзамын.

Мен Ләйламен ол Асқарға қосылғанға дейін жүзбе-жүз кездескен емеспін. Той алдында құда-құдағилармен жақсы танысу үшін әрлі-берлі шақырысу дәстүрі бар. Міне, осы дәстүр бойынша «Үлкен Ата» (біздің балалар Асқардың әкесін осылай атаушы еді. Бізде осы атқа дағдыланып қалып едік) құда-құдағиларын шақырып барлық балаларымен таныстырды. Әдеттегідей, біз де бардық. Сонда маған қолын беріп жатып Лейла: – «Жақсы семьяға келгенде алдыңнан таныс адамың шыққаны қандай қуаныш», – деді. Біз кездеспесек те, мектепте бір оқыған сіңлім Лия арқылы біздің семьяны сырттай жақсы білетіндігін айтты. Валентина Николаевна да, Мұхтар Омарханович та Лияны жақсы білетіндіктерін айтып, оны мақтап жатты.

Бұл жерде біздің Қонаевтар әулетіне қатысымызды айта кетуге тура келеді. Менің жұбайым Тоқтамыс «Үлкен атаның» өзіне тетелес қарындасы Бәдрижамалдан туған. Тағдырдың жазуымен бұл семья Қонаевтар әулетімен бір аулада тұрып, Тоқтамыс та, оның екі әпкесі де сол қорада туып өседі. Сондықтан болар деймін, туыстығы дәл Тоқтамыстай жиендері бар бола тұрса да, «Үлкен ата» оны ерекше жақын көретін. Өз балаларын жинағанда оны қалдырмайтын. Мұндай жиі кездесулер Ләйламен тез табысып, жақындасып кетуімізге септігін тигізді. Екіншіден, біздің қызметіміз бір жерде болды. Мен академияның Тіл, әдебиет институтында істедім, Ләйла алғашында Тарих, этнография, архелогия институтында істеді де, кейін Әуезов музейі ашылатын болды да, сол кезде біздің институттан жаңа бөлініп шыққан «Әдебиет және искусство» институтына ауысты.

Шынын айту керек, алғашқы кездерде тартыншақтай, жаңа түскен келінге үй көрсету дәстүрін сақтап, сіз-біз десіп сыпайы ғана араластық. Өйткені: Ләйла – өте үлкен, атақты адамның қызы, енді де жоғары дәрежеде ел басқарып отырған адамның келіні. Оның бер жағында шырылдап жерге түскеннен Санкт – Петербургта туып, сонда жоғары білім алған ананың тәрбиесін көрген Ләйламен менің туып өскен ортамның арасы жер мен көктей тым алшақ еді. Менің Ләйламен шынайы дос, басқа туыстардан гөрі етене жақын болуыма үлкен себепші болған бір жағдай 1957-61 жылдар аралығында Академияның «Тіл мен әдебиет институтында» ғылыми хатшы болып қызмет атқаруымда ғой деп ойлаймын. Бұл кезең Қазақстан орталық комитетінің 46-жылғы атақты қаулысынан кейін 40-шы жылдардың аяғы мен 50-ші жылдардың басында басталған қуғын-сүргін дүрбелең аяқталып, үлкен-үлкен әйгілі ғалымдар елге қайта оралып, ғылыми жұмыстарын жалғастыра бастаған кезең еді. Академик Кеңесбаев Тіл және әдебиет институтына қайтадан директор болып оралды, Институт жұмысына М.О.Әуезов бастаған бүкіл Қазақстанға әйгілі ақын-жазушылар, белгілі тілші ғалымдар шақырылды. Бұл кезеңді біздің институт үшін, тек тіл-әдебиет институты емес бүкіл Академия үшін, әсіресе оның гумманитарлық институттары үшін бұл жылдар Әуезов кезеңі болды десем, артық емес. Өйткені 1957 жылдың күзінде өмірінде бірінші және соңғы рет Мұхтар Омархановичтің 60 жастағы мүшел тойы болды. Бұл той ол кісінің ұрылып, соғылып, жығылып, тұрып жеткен бірінші тойы болғандықтан болар, халық бұл тойға зор ынтамен, сүйіспеншілікпен дайындалды. Той алдындағы уақыт жұрт дем алыста жүретін жаз айлары болғандықтан, тойға дайындық жыл басынан-ақ басталып кетті. Негізгі баяндаманы Жазушылар одағы дайындағанымен, біздің институт сырт қалмады. Мүшел тойға арналған ғылыми кеңес өткізу, құттықтау адрес дайындау сияқты жұмыстар сол кездегі институт директорының орынбасары Мүсілім Базарбаевқа тапсырылса, қалған уақ-түйек жұмыстар маған жүктелді.

Мұхтар Омархановичпен кездескісі келетін, жүзін көріп әңгімесін тыңдауға ынтық мекеме, институт, мектептер жыртылып айрылды. Міне, бұлардың тілек назын Мұқаңа жеткізу, ол кісінің былайда жетпей жататын аз уақытынан бір сағат, жарым сағаттап жырып алып, мекеме, мектептердің құлағына жеткізу, қасына еретін адамдарды анықтау сияқты жұмыстар Мұхаң үйіне телефон шалып, өзін жұбайы Валентина Николаевнаны, Ләйланы да жиі-жиі мазалауыма тура келді. Мазалаумен қатар ол семьямен жақынырақ танысып, араласып кеттім. Тек ғылыми советте, жылдық жоспар жасау, есеп беру кездерінде Мұхтар Омархановичпен ресми ғана кездесіп жүрсек, әрине, семьясымен мұншалықты жақындасып кете алмаған болар едім. Мұхтар Омарханович дүние салғанда да мен Лейланың қасында болдым. Бұл жәйттерді мен мақтан үшін емес, Ләйланың маған сенімін арттырған, сыйластыққа, адал достыққа жарайтыныма көзін жеткізген жәйтар деп айтып отырмын.

Ләйла ұлы әкесін өлердей жақсы көрумен қатар оны құдайдай сыйлаған адам. Әкесін әркім-ақ жақсы көреді, сыйлайды. Бірақ Ләйланың әкесін сыйлауында сырт көзге түсе бермейтін аса бір терең нәзік сезім, сыпайыгершілік, ізеттілік бар еді. Ләйла тарних, этнография, арехология иснтитутында Әлкей Хақанович Марғұланның басшылығымен баспаға дайындалған Шоқан Уәлиханов еңбегінің бес томдығын шығаруға қатынасты. Мухтар Омархан редактор ретінде бұл бөлiмге жиі баратын. Сол бөлімде iстеген Мәриам  Турсынова деген ғалым апамыз былай дейтін: «Бөлiмге Мухтар Омарханович келгенде, Ләйла орнынан үшып тұрып сәлемдеседі. Бiз де отыра алмаймыз, бәріміз орнымыздан тұрып сәлемдесемiз. Мен бұрын-соңды әкесiн мұншалықты қадір тұткан баланы көрген емеспін» деп кайран қалатын. Менiңше еш таңсығы жоқ. «Бiрi – ұлы Мұхтар Әуезов, екіншісі — Ләйла Әуезова», – деп калжындайтынмын. «Бүгiнде, қырық жыл өткеннен кейiн бұл тек әке мен баланың сәлемдесуі емес, екi ұлы адамнын сәлемдесуi» – дер едім.

Ләйла өзiнiн әкесіне деген шынайы махаббатын, сүйіспеншілігін әсiресе онын атындағы музейді ұйымдастыру, ашу кезiнде шындап танытты.

Музей туралы жазылған еңбектердi сүзiп шығып, оқыған аз, көзбен көру керек екеніне көзі жеткесін, Ресейдiн көптеген музейiне сапар шектi. Бiрак олардын тәжірибелерi мен тарихын кайталамады, ғылыми тұрғыдан елек көзінен өткізді.

Шiлденiң ыстыгында да, ақпанның суығында да ол музейлерге сапар шегуден, архивтердiң шаң басқан папкалерiн ақтарудан бір жалықпады, кажымады. Семейдегі Абай музейінде, архивтерде ұзақ уакыт ғылыми ізденіс үстінде болды. Сөйтіп, М.О.Әуезов музейін ұйымдастыру жұмыстары докторлық диссертация жазумен катар жүрді. Ол бұл жұмыстарды әкесiнiң атағына атақ, дәрежесіне дәреже қосу үшін емес, әкесінің өмірін, творчествосын болашаққа, кейінгі ұрпаққа өзі көргендей етіп беру үшін, шындықты ақиқаттап беру үшін үшiн жасады. Әке алдындағы өзiнiң перзенттік борышын осылайша ақтады. Ләйла тек қана ғылыми еңбектердің авторы емес. Ол М.Әуезов музейінiң авторы! Сондықтан да 80-ші жылдардың аяғында басталған Ләйлаға жасалған шабуылдардың ішіндегі ең ауыры да әкесінің атына байланыстысы болды. Уақытында Димаш Ахметовичке, президент Асқар Қонаевқа “өкпелері» қара казандай адамдар, енді қолдарынан басқа ештеңе келмейтiнiн түсiнiп, жүрегi жұмсақ Ләйлаға ауыз салды. Олар жиналыс сайын Ләйланың “міндерін” тізбектеп, жүйкесін тоздырды, «қазақ тілін білмейсің» деп бастап қыза-қыза келе «әкеннің атын сыйламайсың, онын атына кiр келтiрiп жүрсiң» дегенге дейін барды. Бұлардың арасында бұрын өзін Мұхтар Омархановичке, Ләйлаға доспын деп жүргендер де болды.

Алғашында Ләйла бұл жағдайға қатты қынжылып жүрді. Кейіннен бұлардың әдебиетке, қазақ тіліне жаны ашығанынан гөрі қара бастарының қамын жеп айыптарын елемейтін болды. Ал қазақ тіліне келетін болсақ, Лейла оны бір кісідей-ақ білетін. Әрине, баяндама жасай алмас, ғылыми мақала жаза алмас, бірақ үй ішінде сөйлесуге сөздік қоры жеткілікті болатын. Мұхтар Омархановичтің қолында қарындасы Үміш апай тұрды. Ол кісі орысша сөлемейтін. Сол кісімен Ләйланың қазақша сөйлескенін талай рет естідім. Менен ұялмайтын, қысылмай Үмішпен сөйлесе беретін. Мен: – Лейла сен ұялмай, басқалармен де қазақша сөйлесе бер, тез жаттығып кетесіз-деуші едім. Талай рет Әуезов театрында болдық. Бәрін де түсініп отыратын. Дастархан басында қазақша сөйлегендердің сөзін де жақсы түсінетін.

Меніңше, ол М.О.Әуезов шығармаларын да қазақшасынан оқыды. Олай дейтінім кейбір ескірген сөздерді «(архаичные слова) сөздіктерде жоқ екен», – деп сұрастырып жүретін. М.О.Әуезов шығармаларының көп томдық жинағын баспаға даярлағанда да Ләйла әрбір шығарманы бұрынғы басылуымен салыстыра отырып, ағат кеткен жерлерін түзетіп беруге зор зер салып, қадағалады. Бұның бәрін тізбектеп отырғаным – Ләйла әкесінің атақ дәрежесіне де, творчествасына да зор құрметпен қараған адам екенін айу.

Ләйла қайын жұртына өте сыйлы болды. Үлкен адамның қызы болғандығымен емес, өзінің ашық ықыласымен, қашан да кімге болса да тек жақсылық тілейтін ақ ниетімен сыйлы, қадірлі болды. Асқардың апа-қарындастарымен дос, сыйлас, сырлас болды. Ешкімді өкпелеткен емес, өзі де ешкімге өкпелеп көрген емес. Әсіресе «Үлкен ата» (қайын атасы) Ләйланы өте жақсы көрді. Бірде «Үлкен ата» жиырма шақты күн Академияның Достық (бұрынғы Ленин) даңғылы бойындағы саяжайында дем алып, Асқардың тұрмыс-тіршілігіне, жанұя мүшелерінің қарым-қатынасына әбден қанығып қоштасарда: – «Саған үлкен рахмет, бақытты бол балам» – деп, сол қолын кеудесіне қойып, оң қолын төмен қарай созып, иіліп, зор ырзашылығын білдіріп Ләйлаға бата береді. – «Бұл менің әкемнің бұрын-соңды ешкімге көрсетпеген құрметі еді», – дейтін Асқар.

Ләйланың зор құрметпен, өте-мөте қатты сыйлап өткен адамының бірі – туған қайын ағасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Димаш ағаның зайыбы Зухра Шариповна көз жұмғаннан кейін, оны келмес сапарға жөнелтіп, асын беру, белгілі күндері еске түсіру сияқты дәстүрлі шараларды өткізу кезінде де одан кейін де ол үйдің тұрмыс-тіршілігіне Ләйланың аралсуына тура келді. Әсіресе күні-түні тынбай, соңғы кітабын жазып бітіруге жанталасып отырған, жасы ұлғайған адамды алаңдатпай, дәл өзінің ойындағындай етіп 8 жылдық мерейтойын өткізу міндеті Ләйланың мойнына түсті. Бұл сыннан Ләйла сүрінбей өтті. Көпшіліктің мойындауынша Ләйла бұл тойды ойдағыдай, жоғары деңгейде өткізді. Ләйланың, ойламаған жерден о дүниелі болуы Димаш ағаға қатты батты, өзі де ұзақ тұрмады, не бәрі үш айдан кейін дүние салды.

Асқар мен Ләйла қосылғаннан кейін алғашқы жылдары Мұхтар Омархановичтің жанұясымен бірге кәзіргі музей болған үйде тұрды.

-«Ләйла кандидаттық диссертацисын қорғағанша жастар біздің үйде тұрсын», – деген Мұхтар Омархановичтің той алдындағы жалғыз ғана тілегі болатын. Бұлардың тұңғышы – Елдар сол үйде туып Мұхтар Омарханович пен Валентина Николаевнаның жылы да жұмсақ алақандарының аясына сүйіспеншілік нұрына бөленді. Ләйланың Асқарға, балаларына деген қамқорлығы оның кең көлемді ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Ләйла мен Асқар үлкен сүйіспеншілікпен қосылған жар, шынайы дос, бір-бірінің кңесшісі, ақылшысы еді.

Ауырып жүргенде де аурухананың жақындығын пайдаланып, үйіне келіп, Асқармен, келін-балаларымен ұзақ сөйлесіп кететін. Ләйла бір минөтін бос жібермейтін. Бүгінгі күннің кешінде ертеңгі күні істелетін жұмыстарды тізімдеп қоятын. Әдетте бұл тізім бір бет қағазға сиып көрген емес. Егер біреуі орындалмай қалса, қынжыла отырып, келесі күнге жылжытатын. Бала тәрбиелеу мәселесінде де Ләйла  үлкен дарындылық көрсетті. Алтын асықпай екі ұл үлкен жүректің мейіріміне бөленіп өсті. Әрдайым балаларымен ой бөлісіп, кейбір шешімдерді ортақтасып қабылдау әдісімен тәрбиеледі. Соның арқасында өзінің өмірге көзқарасын, қоршаған ортаны, қоғамды танудағы ой-парасатын балаларына сіңіре білді.

Осындай күнделікті қадағалаудың арқасында екеуі де онжылдықты да, институтты да үздік бітіріп, біреуі физика-математика ғылымдарының саласында, екіншісі филология саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Кандидаттық диссертация қорғады. Қазірде біреуі Д.А.Қонаев қорын басқарса, екіншісі М.О.Әуезов музейін басқарып отыр.

Екеуі бірігіп Д.А.Қонаев музейін ашуға атсалысып жүр.

Ләйланың кісілігі, жүрегінің кеңдігі келін түсіргенде де молынан көзге түсті. Келіндеріне «келген кісі» деп қарамады, туған қызындай көрді, солай қарсы алды, сол қарым-қатынасты бұзбай о дүниеге аттанды.

Немерелері Мұхтар мен Дінмұхамет те Ләйланың күн шуақты көңіліне, мол сүйіспеншілігіне молынан шомылды. Өз аналарынан гөрі Ләйланың ыстық құшағында көбірек жүретін.

Бір таң қаларлығы – Ләйла қазақтың ексі салт-дәстүрлерін жақсы білетін және қалт жібермейтін. Жақынырақ көшіп келгендерге ерулік, жақсы хабар жеткізгендерге сүйінші беру, шілдехана, бастаңғы жасау сияқты дәстүрлерді түгендеп жүретін. Тіпті жасы үлкендердің үйіне барғанда төрге шықпайтын, – мен бұл үйге келінмін,- деп, жымиятын. Мен бұларды бір жағынан семьядан, ұшқан ұясынан ілгені болса, екінші жағынан қазақ тіліндегі шығармалардан, көрген спектакльдерден түйгені деп білемін.

Ләйла достыққа берік еді. Дос адамды лауазымы я басқа бір қасиеті үшін емес, шын достығы үшін сыйлай білетін.

Сырттай Ләйламен тығыз араласатын біздерді біреулер «қызметтестер» деп қарады, енді біреулер  «мәскеулік топ» деп те атағанын білеміз. Менің жолдасым Тоқтамыс пен Асқардың туыстығын білетіндер  «абысындар» деп түсінді.

Менің Ләйламен қарым-қатынасым осылардың жеке біреуі емес. Барлығының жиынтығы деп түсінемін. Мен Ләйланың кіршіксіз көңілін бағаласам, ол да маған адал көңлімен сенді.

Бірде академик, Рамазан Бимашевич қасымызға келіп, амандық-саулықтан кейін Ләйламен оңаша сөйлескісі келетін сыңай білдірді.

Ләйла: «Менде Болат білмейтін сыр жоқ, айта беріңіз» ,-дегені. Мен кетуге ыңғайланып едім. Ләйла: – «Қазір бірге кетеміз, тұра тұрыңыз», -деп мені жібермеді. Рамазан Бимашевич Ләйланың ғылыми еңбектерінің жоғары дәрежеде екендігі, жалғыз жазба еңбектерді ғана емес, істеп жүрген істерінің бәрі ғалымдар арасында, қоғамда жоғарғы бағаланып жүргенін тізбектей келіп, өзінің кандидатурасын Академияға корреспондент мүшеге ұсынуға лайық екенін айтып, документ тапсыруын өтінді. Бұл Ләйланың бұдан бұрын да басқалардан естіген жәйт еді. Сондықтан көп ойланбай-ақ жауап қайырды: «Асқар президент болып тұрғанда менің академиядан қандай да бір лауазым алуым ұят нәрсе. Менің ар-ұжданым бұған баруға мұрсат бермейді, сіздерге, мен туралы, менің еңбектерім туралы жоғары пікірлеріңіз үшін үлкен рахмет, маған сол да жеткілікті – үлкен сыйлық. Асқар президенттіктен босаған күні арыз беріп, дауысқа түсемін», – деді.

Ләйлаға Алла тағаланың бергені де, береі де көп еді. Бірақ ала беруге болады екен деп, ештеңеге ұмтылмайтын, тез өзі тер төгіп жеткен мәресінен тиістісін, өзіне лайықтысын ғана иемденетін. Бұл оның өмірлік пәлсапасы еді.

Мен Ләйладан бір  «ит көйлек» емес, талай көйлекті бұрын тоздырған, әжептеуір үлкенмін. Бірақ өмірде мен емес, Ләйла маған ақылшы болды. Мен Ләйланы сыйлап құрмет тұтып қана қойғам жоқ, шын жүрегіммен туған сіңлімдей жақсы көрдім. Ләйламен жақын достығымды жоғары бағалап, кір келтірмеуге, арамызға сына түсірмеуге бар күшім салдым. Мен ылғи: –  «Ләйла мына жағдайда бүйтер еді, Ләйла сүйтер еді» ,- деп, жиі Ләйлаға сілтеме беретін болғандықтан менің қыздарым: «Біздің мамамыздың эталоны Ләйла Мұхтаровна» , – дейтін. Мен бұларға ренжімеймін. Шындығында да солай болды. Ләйлаға еліктегенім, Ләйла жүрген ізбен жүруге тырысқаным рас. Жалғыз мен емес Ләйламен тұстас, қатар өмір сүрген қазақ интеллигент әйелдерінің көбіне Ләйла үлгі – өнеге болды десем, артық емес. Мен Ләйламен қатар жүргенімді, онымен сырлас, дос болуға жарағанымды мақтан тұтамын.

Ұлымнан туған немереме  «Ләйла» деп Ләйланың өзіне атын қойғыздым. Қазірде есейіп қалған сол немереме: – «Сенің атыңды Ләйланың өзі қойып еді. Өмірде Ләйладай бол, атыңа кір келтірме, жүрегің Ләйланың жүрегіндей үлкен, таза, армансыз биік талабың озық болсын!» – деймін.

Мұхтар Омарханович қайтқанда жылаған Ләйлаға Асқар: «Қазір көзіңнің жасын көл қылып көп жыладың, мен өлгенде неңмен жылайсың? – деп еді. Шынында да, көз жасын ата-анасының өлімінде жылап тауысты ма, қайдам, Асқардың артында қалып, жылау оған бұйырмапты, пайғамбар жасына толар-толмаста Асқардан 6 жыл бұрын дүние салды. Асқардың Ләйладан кейінгі өмірі өкінішпен, Ләйланы жоқтаумен өтті. Енді міне, біздер Ләйланың көзін көрген, қатар жүрген достары Ләйла мен Асқардың 70 жылдығын өздерінсіз тойлап, оларды жоқтап отырмыз.

Ләйла қарапайым, өте кішіпейіл адам еді. Ләйла даңқты ғалым-жазушының қызы, ұзақ уақыт еліміздің басшысы болған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың келіні, академияның президенті Асқар Қонаевтың жара бола тұра көкірек керген адам емес. Жеке дара, өз алдында белгілі ғалым, белсенді қоғам қайраткері, үлкен жүректі Ләйла – ұлы тұлға. Оның осы бейнесі үш бәйтеректің көлеңкесінде қалып қоймай келешекте айқындалып жарқырай түседі деп сенемін.

 

Асыл қызы халқының кітабынан  48 бет

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button