Аққорған
Тарихыңа үңіл бала, үңіл қыз,
Ертеңіміз – сендерсіңдер, бүгін біз.
Көтеріңдер ауыр жүгін ертеңнің,
Көтерейік бүгінгінің жүгін біз.
Ойсыз қарап, жетер енді жатуың,
Тарихыңның қопар енді қойнауын.
Туған жердің топырағы астында,
Тарих жатыр …Керек оны ойлауың.
Базарбай Исаұлы
Аққорған – орта ғасырлардағы қала. Қала аты Түркістан өңіріне байланысты саяси оқиғаларды баяндайтын орта ғасырлық авторлардың жазбаларында жиі кездеседі. Масуд бин Осман Кухистанидың хабарлауынша, Сығанақ, Созақ, Аркук қалалары сияқты Әбілқайыр ханға өз еркімен берілген. «Улкен сызық» кітабындағы деректерге қарағанда, Жаңақорғаннан 70 км, Сайрамнан 110 км жерде орналасқан. Осы тұста ежелгі қаланың орны сақталған. Оны алғаш рет 1890 жылы В.Каллаур, 1990 жылы А.О.Руднев, 1969-1970 жылдары Оңтүстік Қазақстан археология экспедициясымен келген К.А.Акишев зерттеу жүргізген. Аққорған қаласы екі деңгейден тұратын трапеция тәріздес төбе. Басқа бөлігінен едәуір биік орналасқан бөлігінің аумағы 150х110 м, биіктігі 6 м. Бұл шахристанның (цитадель) орны. Оны қоршай орналасқан аласа төбенің қабырғалары: шығысында 216 м, батысында 240 м, оңтүстік және солтүстік бөліктерінде 230 м қаланың қорғаныс қабырғасы мен оның сыртындағы ордың іздері анық сақталған. Жинастырылған деректерге қарағанда қала XV-XVIII ғ.ғ өмір сүрген.
Аққорған – елдің аты, жердің аты. Өскен-өнген, мың-сан бұтағын жайған, тамырын тереңге тарқан алып бәйтерктей аталы бір рудың – «аққорғандық қожалардың» аты. Құтты қоныс, құт мекен. Баяғы заманда ата-бабалардан кейінгі ұрпаққа мирас болып келген тарих, ана құшақты ыстық қасиетті мекен. Осы аттас ауқымды үлкен төбе бар. Қасында орта ғасырлық қираған қаланың орны жатыр. Осының бауырында ата-бабалардан бермен қарай өткен ұрпақтардың бейіті орналасқан.
Бұл төбе неге «Аққорған» аталған? Өйткені бұл төбенің айналасынан төбесіне дейін ақ кебір топырақ бозарып басып жатыр. Алыстан қарағанда аппақ төбе болып ағарып көрінеді. «Аққорған» төбе әлі де биік еңселі, ат шаптырымдай кең алқап. Нақ түбінде үлкен қираған ескі қаланың орны байқалады. Көне деректерде орта ғасырлық осы қала жайлы парсы жазуларында «Акук пен Өзкенттің арасында, Сырдарияның сол жақ жағалауында» деп аталады. Салынған және құлаған жылы белгісіз. 1447 жылдары осы маңды және басқа да қалалармен бірге Аққорғанды да шығыс Дешті-қыпшақ ханы Әбілқайыр басып алады. 1581 жылы Өзкентке жорық жасап бара жатқан Абдолла-ІІ Аққорғанды басып өткен. «1582 жылы маусым айында болашақ қазақ ханы Тәуекел сұлтан Абдолла ІІ-нің ағасы Ибадулла сұлтанмен Аққорған маңындағы жайлауда кездескен» деген жазу «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ хандарының тарихы жөніндегі материалдар» (Алматы, 1969 жыл) деген кітапта кездеседі. Атамзаманнан бері осы орта ғасырлық қорғанның маңынан ел үзілмеген. Осы арада Орта жүздің қоңырат руының бірнеше аталарымен бірге аққорғандық қожалар өмір сүріп, тіршілік етіп келеді. Оның негізгі дәлелі, Аққорған қожаларының бастауы – бұрынғы ата-бабаларының сүйегі осында жатыр. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Иасауийдің туған ағасы Хазіреті Садыр Шайықтың және оның немересі Сафуаддин Шайықтың (лақап аты Қойлақы ата) сүйектері осы Аққорған аумағында жатыр. Аққорғандық қожалардың түп атасы Ысқақ баб болса, одан кейінгі ұрпақтары Садыр Шайық, Сафуаддин Шайық, одан өрбіген ұрпақтар өкілі ХVІ -ХVІІ ғасырларда ағайынды Үсен Шайық пен Қара Шайықтардың топырағы да осы Аққорған төбеден бұйырған. Үсен Шайық пен Қара шайық, Баһуаддин Шайық әулиенің балалары. Үсен Шайық ата-бабасының жолын қуып, исламдық ілімнің жоғары дәрежесіне жетіп, құдайға құлшылық етуге жан-тәнімен берілген. Ал, інісі Қара шайық діни сауаты жоғары болса да, құс салып, аң аулап саят құруды ұнатқан. Бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, құдайға құлшылық еткенімен, басқа да ибадаттарға қолы тие бермеген. Інісінің осы тірлігіне ренжіген ағасы: «Қашанғы «қу-қуыңмен» жүресің? Мұсылмандық терең ғылымға мағрифат, ақихат жолына түспейсің бе?- деп, үлкендік пікірін білдіреді. Сонда інісі Қара шайық: «Аға, сіздің «у-у- у-һіңізден», менің «қу-қуым» кем емес»,- деп, екі қолын жоғары көтеріп ,тұрып, екі саусағының арасынан аршаланы көрсеткенде, ағасы Үсен шайық: «Айналайын, жетілген екенсің» деп батасын беріп, ризашылығын білдірген екен.
Қара шайық көзі тірісінде ағасын қатты қадірлеп, құрмет тұтып өтіпті. Ол кісі «Менің мүрдемді ағам Үсен шайықпен қатар жерлеп, оған теңестірмеңдер, аяқ жағына қойыңдар»-деп, аманаттап кетіпті. Сол өсиет осы күнге дейін сақталған. Үсен шайықтың күмбезді кесенесі бірнеше ғасырлардан бері сақталып, бізге дейін жетті. 1995 жылы ұрпақтары жиналып, кесенені қайта тұрғызды. Аққорған төбе өз сырын ішіне бүккен, бір рулы елдің ата-бабалар шежіресі іспетті. Тас түйін құпияға айналған көнбіс өлі дүние түрткілей түссең, сайрап қоя беретін алтын сандық тәріздес. Бұрынғылар ұмыт бола бастапты. Ал, кейінгі бір-екі ғасырдан бергісін ел айтып еске түсіріп отырады. ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХ ғасырдың 30-жылдары өмірден өткен Бәймен қожаның (Баймұхаммед) әңгімелерін ел дәріптеп, осы кезге дейін айтады. Ол Қара шайық ұрпағына жатады. Алла тағала ол кісіге көріпкелдік, тәуіптік қасиеттермен қатар ата-бабасының әруақтары арқылы Алла тағаладан аян алатындай дәрежеге ие еткен. Осы елде өмір сүріп өткен бірқатар адамдар өздерін «Бәймен қожаның ұрпақтарымыз» деп атап жүрді. Есейіп кетіп бел ортаға келгенше бала сүймеген талай ерлі-зайыптылар Бәймен қожаға келіп, бір Алладан тілеп, жылап-еңіреп бала сұрайды екен. «Саған пәлен бала, анаусына – ұл, мынаусына – қыз» деп, аян беретін көрінеді.
Набихан Тұрсынқожаұлы,
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры