Майлықожа

Тіліме жат алайын бисмилланы

Майлықожа Сұлтанқожаұлы 90-жас

Тіліме жат алайын бисмилланы,

Ақиқат, патша, өзіңе істің бәрі.

Инаят бір өзіңнен болмаған соң,

Бендеңе жүріп-тұрмақ мүшкіл дағы.

 

Мирасқор – Пайғамбарға ғұламалар,

Жіберген жер мен көкке ұстын-дағы.

Өлеңді бес-алты ауыз мен айтайын,

Көңілін көпшіліктің хош қылғалы.

 

Тіліме жат алайын Хақтың атын,

Жөнделмес Алла демей айтқан гәпің.

«Алла» десең, артынан «Зұлжалал» деп,

Айтыңыз Пайғамбардың салауатын.

«Үмбетім, үмбетім!» деп жан тапсырған,

Кім болар екі әлемде мұнан жақын?!

Ата-ана, баласынан көрді тәуір,

Тіледі өлгенінше үмбет нәпін.

 

Медет бер тоқсан тоғыз мың машайық,

Жалынып әзіздерге тілді ашайық.

Қырық шілтен, Ғайып ерен, он екі имам,

Сіздерді он бір рахмет бір қосайық.

 

Майлы ақын:

 «Тіліме жат алайын Хақтың атын,

Жөнделмес Алла демей айтқан гәпің.

«Алла» десең, артынан «Зұлжалал» деп,

Айтыңыз Пайғамбардың салауатын» – дейді.

 Ғұламалар: «Адам баласының есепсіз сауаптарға кенеліп, Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына кенелуіне себеп болатын амалдардың бірі – Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту» – дейді.

         Қазақстанның Мүфтияты дайындаған уағыздардың бірінде: «Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді.  Салауат айту – ардақты Пайғамбарымызға  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу» – делінген.

Ия, ағайын, тым болмаса ең қысқа Салауатты айтып жүрейік.

Ол мына Салауат: «Аллохумма солли аъала Мухаммад».

 Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады», – деген (имам Муслим).

Кенже ұлым – Нұрқожа Венецияда университетте оқиды. Намаздағы достарымен күніне кемінде 100 салауат айтуға уағдаласыпты. Уәдені орындамаған жігіт ортақ қазынаға 20 евро айыппұл тастайды екен…

Данышпан, Әулие атамыз:

«Үмбетім, үмбетім!» деп жан тапсырған,

Кім болар екі әлемде мұнан жақын?!

Ата-ана, баласынан көрді тәуір,

Тіледі өлгенінше үмбет нәпін» – дейді.   Ия, Пайғамбарымыз с.а.с. біздерді – үмбетін – ата-ана, бала-шағасынан да тәуір көрді, жақсы көрді.

  Бізде Расулымыз Мұхаммед с.а.с. өз ата-ана, бала-шағамыздан да жақсы көруге міндеттелінгенбіз. 

 Әнас бин Малик (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымызға ﷺ деген сүйіспеншілік жайлы мынадай риуаят жеткізген:

 «Сендердің ешқайсысың мені бала-шағасынан, ата-анасынан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл мұсылман бола алмайсыңдар» -дейді.

Мен осы хадис туралы көп ойланатынмын. Қалай Пайғамбарымызды  с.а.с. бала-шағамнан, ата-анамнан артық көре аламын, менің сенімім әлі әлсіз екен дейтінмін…

Бірде айтулы ғұлама – Доктор Закир Найкты тыңдап отырып, «Аллаға шексіз шүкір!» дедім.

Доктор Найк: «Пайғамбарымызды с.а.с. ата-ана, бала-шағаңнан жақсы көру – Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. жақсы көрген нәрсесін жақсы көріп, жаман көрген нәрселерінен тыйылу» – деді.

Аңғарсам Расулымыз с.а.с. жақсы көру – бала-шағамызды жақсы көруден оңай екен. Біз бала-шағамызды небір қылықтарына қарамай жақсы көреміз, олар үшін «жанымызды құрбан етуге дайынбыз» деп ойлаймыз. Пайғамбарымыз с.а.с. жақсы көру – отбасымызға арнаған әрекеттеріміздің оннан бірін де талап етпейді екен.

Суфиян Саури (Алла одан разы болсын): «Пайғамбарды жақсы көру – оның жолымен (сүннетімен) жүру», – деген екен…

ҚР Мүфтияты өзінің Уағыз-насихат бөлімі мен имамдарға  Жұма намазда айтылатын уағыздарда міндетті түрде Абай сөздерін Алланың аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. хадистерімен қатар келтіріп отыруды міндеттеген.

Әттең, Мүфтият Майлықожаны білмейді немесе білгісі келмейді. Уағыздарды Майлы ақынның сөздерінен цитата келтіріп емес, оның имандылыққа тұнып тұрған шығармалары негізінде уағыздардың тұтас өзін дайындауға болар еді…

                                                        Үсен Асқаров  

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button