Ал-айтатын әділ сөзді адам қайда,
Дүние үшін ойлағаны мал мен айла.
Айтайын бұрынғының нақыл сөзін,
Қайырдан азда болса көрген пайда.
Дүние өтер бәйге аттай шауып,
Шөп шығар тақыр жерге жаңбыр жауып.
Бір адам жолаушылап келе жатып,
Бір сандық жарқыраған алды тауып.
Қуанды алтын ғой деп көрген заман,
Умтылды алайын деп соған таман.
Жарқырап жатқанан соң қолына алды,
Жоқ жерден кез болды деп маған қайдан.
Сандықты ала салып аузын ашты,
Сап-сары көрді ішінде асыл тасты.
Көп олжа болды ғой деп енді маған,
Шаттанып өзіне-өзі судай тасты.
Қуанып ол сандыққа салды қолды,
Қолына алып еді жылан болды.
Бір пәсте өсіп кетті айдаһар боп,
Таппады құтулуға қашар жолды.
Жылан айтты «сен қайдан дұшарластың»,
Жай жатқан сандық едім аузымды аштың.
Тірлік пен қозғап мені қолыңа алдың,
Құйрығын жатқан жылан өзің бастың.
Қолыңа алдың ойлап нені деді,
Муншалық әуре қылып мені деді.
Ауызды ашқаннан соң көре тұра,
Жутамын амалсыздан сені деді.
Беріпті сені Құдай маңдайыма,
Бұйырған Болғанан соң таңдайыма.
Меннен құтылам деп ойласаңыз,
Сыйғызып бұрынғыдай сал жайыма.
Бекітіп бұрынғыдай аузымды жап,
Кетемін өсе берсем менде қаулап.
Жұтудан басқа енді амалым жоқ,
Кәнеки болысатын кісіңді тап.
Қайралып шықыр-шықыр азу тісі,
Қараса көрінбейді таудай ісі.
Әлсіреп адам солай тұрғанында,
Көрінді көз ұшында отыз кісі.
Мән жайын бастан аяқ көрді байқап,
Айдаһар жолатпайды бәрін жайпап.
Оларда кідіре алмай кете барды,
Болмас-болмас дегендей басын шайқап.
Келеді қалай жұтсам саған шамам,
Бастырмай аяғыңды жалғыз қадам.
Айдаһар ақырып тұрғанында,
Кез болды және бұған бір бес адам.
Жалынды, оларға-да жылап бақты,
Барды айтып басындағы мұңын шақты.
Бір ылаж буған айла табыңдар деп,
Қарасып бір-біріне иек қақты.
Бірі айтты «бул айдаһар емес кіші,
Жыйналса бүкіл дүние келмес күші.
Бесеуміз буған ылаж не табамыз,
Біз түгіл түк қылмапты отыз кісі».
Келмейді буған ылаж қолымыздан,
Ат пен берсек алмайды тонымызды.
Буларда көп тұра алмай кете барды,
Ендеше қалмайық деп жолымыздан»
Айдаһар ақырумен жақын келді,
Өлерін анық жаяу сонда білді.
Кеттім ғой су түбіне деп тұрғанда,
Селт етіп бір жарты адам шыға келді.
Басына бір қыйын іс түскен шағы,
Тынбай тұр жылау менен тіл мен жағы.
Тал қармар суға кеткен дегендей-ақ,
Жалынды жан ұшырып буған-дағы.
Жарты адам ыңғайланып тұра қалды,
Сөзіне мұның айтқан қулақ салды.
Айдаһар айтқаныңның бәрі өтірік,
Нанбаймын мен сөзіңе,куәң кәні.
Қыспаққа бул сорлына алып тұрсың,
Қалайша жалған сөзге нанып тұрсың.
Ішінде көздей сандық жатыр-ем деп,
Жоқ жерден бұған бәле салып тұрсың.
Ынсапқа қарасайшы есің жыйып,
Өтріктен не табасың жанды қыйып.
Көрінген мына тұрған денең менен,
Жатасың сен сандыққа қалай сыйып.
Долданды айдаһарды ашу қысты,
От болып,жалын болып аспанға ұшты.
Бір ысқырып аспанда айланды-да,
Сандыққа қайтып келіп шоқ боп түсті.
Ол жарты адам жоқ жерден ақыл тапты,
Сандыққа айдаһарды сөйтіп сапты.
Айтқаныңның бәрі рас екен ғой деп,
Сандықтың тарс еткізіп аузын жапты.
Құтылдың амал қылып мынауыңнан,
Бул сөздің ақыр түбі сондай жаман.
Маңына енді қайтып жолай көрме,
Қарасаң анадайдан көрген заман.
Жүрегім менің қорқып дүрсілдейді,
Сен неткен тайсалмайтын ерсің дейді.
Керемет періштенің бірісіңбе,
Жөніңді айт жарты-ақ кісім кімсің дейді ?
Ақымақсың ақылың жоқ сенің өзің,
Осығанда жетпей тұрма әлі көзің.
Не дейсің бул айдаһар дәнеме емес,
Аузыңнан абайсызда шыққан сөзің.
Жамандық алтындай боп түсер көзге,
Қызықтың жоқтай болып сенен өзге.
Аузыңнан жаман сөзді сен шығарсаң,
Қаларсың ақырында жанжал сөзге.
Жамандық әр қашанда тілден туар,
Әр кімде ақыл болса тілді буар.
Аузыңнан жаман сөзді сен шығарсаң,
Алдыңнан айдаһар боп бір күн шығар.
Оразаң отыз күндік отыз кісің,
Бес кісің бес намазың білемісің.
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Булар мен дәнемеге келмес күшің.
Қысылды мен болмасам шыбын жаның,
Дәрменің құрып осы еді құрығаның.
Танып қой,танымасаң мен боламын,
Дүниеде қайыр берген жарты наның.
Шықпадым сараңдық пен бүтін қолдан,
Қалмас ең бүтін болсам мунша жолдан.
Бул өлеңді 2002-жылы бір өлеңдер жазылған дәптерге жазып қойған екенмін. Жақын арада бір отырыста бір кісі Майлықожаның «қайырға берген жарты нан» деген өлеңі бар еді сол еш жерде жоқ деді. Апырай мына сөзді бір жерде есіткен едім ғой деп көп ойландым. Үйге келіп өз қағаздарымды ақтарсам ескі қалың дәптерге жазған екенмін.
Ең таңқаларлығы мына дәптерде Майлықожаның «Адам Сафиулла», «Қадрге хат», «Мәдәмин төре ханымыз», «Сейтжапар төреге», «Мәделіқожаға мінажат» секілді өлеңдері 1996-жылы жазылған екен. Өзіме өзім таң қалып отырмын.
Дайындаған Сейт-Омар Саттарұлы