Алдажар хазірет Бәкенұлы мұрасынан
Мұмақан Әлі баласына жазған тариқат туралы уәзипасы

Алдажар хазірет Бәкенұлы мұрасынан
Мұмақан Әлі баласына жазған тариқат туралы уәзипасы
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Енді сізге не керек,
Күнәлардан тауба керек,
Истиғфар200 ғып зарлау керек!
Бұл дүниеден өтпей кім қалды ойлау керек,
Күнәлі іске бармау керек,
Жол азығын қамдау керек.
Қайсы сауап,қайсы күнә,
Жас емессің ойлау керек.
Күнәлі істі қайрып сал
Шықпастай ғып тұрлау керек.
Сауап істі жолға қойып Ілгерлетіп айдау керек.
Хақ жолына сәбит201 болсаң,
Қорқақ болып таймау керек.
Хақиқат жолы ауыр жол ғой
Жеңілдікке саймау керек.
Ғапілдіктен ғабидтікке,
Көшу парыз аңдау керек.
Өз ақылыңды өзің алып
Алдымен орындау керек.
Өз ақылыңды өзің алмасаң,
Оны басқа алар ма, ойлау керек.
Ғибадатқа тоймау керек
Бұл нәфісіңді зорлау керек.
Диль ба ёр, даст ба кор202, – дегендей.
Түнде қайым (намаз), күндіз сайым (ораза),
Қорқып Хақтан боздау керек,
Сонда құлсың, ей, мүрид (Мұмақан),
Бұл жұмысты орындау керек.
(Тәмам)
200 Истиғфар -ыббаР« : йадноС« :ағұд ығаднарұҚ нішү ласыМ .уарұс мірішек надаллА – )هللا رفغتسأ.бара( )һаллАрифғатсА( мыз! Иман келтірдік, күнәмізды жарылқа да от азабынан сақта» дегендер» (Али Имран:16 аят). Тасаууфта (сопылық жолында) рухани шынығуы (риязат) мен тырысуы (муджаһада) арқылы жеткен дәрежесі болады. Оны мақам дейді. Сопылыққа кірудің алғашқы мақамы – тәубе. 201 Сәбит – мықты, берік. 202 Даст ба кор, Диль ба ёр – қол жұмыспен, жүрек Құдаймен (болуы).
Айнабекке айтқаны
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Атаң болса анаңмен,
Сырттан соққан қорғаның,
Адал болса келінің,
Ардақтысы олжаның.
Ағаң болса алдыңда
Арқа сүйер тірегің,
Інің болса жанашыр
Семсер ілген білегің.
Ақылды болса ұл балаң,
Әдепті болса қыз балаң,
Өкпе, бауыр, жүрегің.
Ақылшың болса алдыңда,
Ағып жатқан бұлағың,
Дос жараның көп болса,
Көзің менен құлағың.
Жақсы болса алғаның,
Жанып тұрған шырағың.
Бұл дүниенің жұмағы,
Кең жайылу тұрағың.
Өз балаңнан кем емес,
Жақсы болса күйеуің,
Шаршағанда шалдығып,
Нағашың – бір сүйеуің.
Жақсы болса жиенің,
Бұлтындай бұйымың,
Жақсы бажа сырластай,
Жақсы құда құрдастай.
Жақсы болса қайының,
Бірге туған туыстай,
Бөлектік жоқ бөледе,
Өткізсең өмір суыспай.
Бәрінен де жасыңнан
Асырап сақтап өсірген,
Әкең менен шешең артық.
Бірақ жаман әкеден,
Жақсы болған көрші артық.
Жаман шеше кірлеген,
Жаулығыңның жаласын,
Саған әкеп жабады.
Әлдеқалай от жақса,
Қарғап сілеп бағады,
Қорлығым жоқ деп көрмеген,
Көрінгенге шағады.
Келініңнің сөккені,
Езіп ішкен умен тең,
Кекетіп берген тамағы,
Құм аралас күлмен тең.
Жаман туыс бір масыл,
Арқалаған құммен тең,
Істеген жақсылығың білінбес,
Елекке құйған сумен тең.
Жаман болса алғаның,
Көрген күнің түнмен тең.
Жаман болса өз балаң,
Көрініп жүрген жынмен тең.
(Тәмам)
Ақсирақ болысы Омардың баласы Аббас сырқаттанып
Батырқожа қажыға емделуге келгенде айтқаны
Қажеке, қорған болдың мұсылманға,
Ағаш қой сіз бір биік асылғанға.
Дерттерге әрбір түрлі дауа болып,
Барамыз сізге шауып қысылғанда.
Білінбес кереметің өзіңізге,
Сау түгіл ауру асық сөзіңізге.
Кітаптың айтқанымен фаһамласам,
Иманның әсері бар жүзіңізде.
Ғайып ерен қырық шілтен203, пірлер қолдап,
Алладан дауа болсын ініңізге!
Көз жұмбай дария кешпес жігіт адам,
Дүниеде талпынып өт, келсе шамаң.
Бір жанға дүние малы біткенменен,
О дағы бұл жалғанды қылмас тамам.
Баласы Омекеңнің атым – Аббас,
Келгенде отыз үшке кірді науқас.
Жағалтай көктен іліп сыпырғанда,
Қоярға торғай жанын жер табылмас.
Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,
Тексізден текті тумас, мақтаса да.
Баласы ителгінің қу ілмейді,
Алтыннан тұғыр қылып, сақтаса да.
Бір тамшы өзге судан зәмзәм204 артық,
Есілден бұлақ болып, ақпаса да.
Шитіден бытыра мылтық артық,
Күніне бір шүрегей атпаса да.
Судағы шабақтардан шортан артық,
Қармаққа бір шорағай қаппаса да.
Сөзінің бұлдығы жоқ кедей байғұс,
Ертеден кешке дейін қақсаса да.
Бай болсаң білінбейді бойда мінің,
Аяғың екі бірдей ақсаса да.
Адамға жақын екен науқас деген,
Сау күнде ойлаған ой ғапыл екен.
Денсаулықтан асатын байлық та жоқ,
Айтқаны бұрынғының мақұл екен.
Жақсы едік дүниеге келген кезде,
Кім жақсы кім жаманын білген кезде.
Хәліміз не болар деп зар жылаймыз,
Алланың аманатын берген кезде…
(Тәмам)
203 Ғайып ерен, қырық шілтен – мұсылмандар арасында (тасауф) сопылық ілім ықпалымен тараған түсінік бойынша, ерекше қасиеттерге қол жеткізген әулиелер. Қазақ фольклорының кейіпкерлері әдетте Құдайдан тілеп, «Ғайып ерен, қырық шілтен», «Ғаусыл-ғиас» т.б. әулие-пірлерді рухани көмекке шақырады. Мыс., «Алпамыс батыр» эпосында әулиелердің кереметі «Сол уақытта батырға, Атса, мылтық өтпеді, Шапса, қылыш кеспеді — Ғайып ерен, қырық шілтен, Қолтықтан сүйеп, демеді» деп жырланады. Бұл түсініктің түп-төркіні сопылык ілімде жатыр. Ол бойынша дүниеде әулиелер иерархиясы бар. Солар арқылы Алла тағала жер бетіне билік жүргізіп, адамзатты жетілдіруге ықпал етіп отырады. Олар рухани билікке көтеріліп, құпия заңдылықты игерген. Әулиелердің әр тобының өз қызметі, тапсырмасы болады. Ғайып еренге жататын әулиелер көбінесе өздерінің құпияларын көпшіліктен жасырын ұстайды. Ғайып ереннің негізгі сипаты және мақсаты – жанашырлық танығыш, адамдарға әрқашан көмекке келу, рухани жолға түскендерге жол сілтеп, бата беру, жолаушыға, қысылған адамға қол ұшын беру, т.б. Қыдыр (Хизр) да Ғайып еренге, оның ішіндегі қырық шілтенге (қырық абдал) жатады. Қазақта «қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар. Қыдыр – қырық шілтенді басқаратын кейіпкер болуы да мүмкін. Бұқаралық санада бұл түсінік өнделіп, көркемдік қиялға ұласып жататынына қарамастан, Ислам ойшылдары (мыс. ибн Араби) Ғайып ерен идеясын жокқа шығармаған.
204 Зәмзәм – Меккедегі қасиетті құдық. Кағбадан оңтүстік-шығысқа қарай 20 м жерде, Бани Шайба есігінің қара тасқа (Хажар ул-Асуад) қарама-қарсы орналасқан. Үсті күмбезбен көмкерілген бұл қасиетті құдықтың тереңдігі 42 м. Хадистерде Зәмзәм құдығының қасиеті туралы былайша баяндалады: Ибраhим пайғамбардың (с.ғ.с.) жұбайы Сара ұзақ уақыт бала көтермеген соң, Хажар есімді мысырлық әдемі бір күңді (жарис) күйеуіне некелеп қосады. Хажардан Исмаил пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келеді. Алайда, Сара күндесінің мұндай бақытын қызғана бастайды. Сондықтан Ибраhим пайғамбар (с.ғ.с.) Хажар мен Исмаилды (с.ғ.с.) алып, Меккеге әкеліп орналастырады. Ашығып қалмасын деп азын-аулақ құрма мен су қалдырады. Ибраhим пайғамбар (с.ғ.с.) кеткеннен кейін су таусылып, шөлдеген сәби шырылдап жылай бастаған соң, Хажар су іздеп Сафа мен Мәруә төбелері арасында жан ұшырып жүгіре береді. Сол уақытта Жәбірейіл періште қанатының ұшымен Мәруә төбесінен жерді қазып, су шығарады. Кейін жүрhүм жұрты бұл қасиетті құдықты бітеп тастайды. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) атасы Абд ал-Мутталиб түс көріп, Зәмзәм құдығының орнын тауып алады. Аббас әулетінен шыққан халиф Әбу Жафар Мансұр Зәмзәм құдығының айналасына мәрмәр тасын орнатқан. Осман әулетінен шыққан сұлтан Сүлеймен Кануни Зәмзәм құдығы айналасын 1,5 м биік мәрмәрмен қоршап, хауыз салдырды. Зәмзәм суы – қасиетті су. Қағбаға тәуап етіп барған қажылар бұл суды ішіп қана қоймай, өздерімен бірге елдеріне алып кетіп жатады. Бұл рәсім үлкен әдетке айналған.




