Білген Шайыр айтады

Қатардан артық туған аға едің

Мырзастағы жыраулар мектебін ашқан, әйгілі Нұртуған Кенжеғұлұлы ақынның ұстазы Сұлтан Рахымовпен менің атам Ералы қожаның арабша қаріптерімен жазған хаттарының аудармасы. Арал ауданы Ақшатау елді мекені. Хат 1932-35 жылдары жазылған. Ол кезде Сұлтан Рахымов қудалауда жүрген, Әкімұлы Ералы балық колхозының басқарма төрағасы болып жұмыс атқарған. Сұлтан Рахымов 1937 жылы 23 қарашада 69 жасында үштіктің қаулысымен атылып кеткен.

Сөз тыңда, Сұлтан аға сәлем хаттан,
Мүддіғам кеуілін алмақ үлкен қарттан.
Қатардан артық туған аға едің,
Халыққа атың шығып,топтан озған.
Халқыңа лауазымың болған мәшхір,
Хан құсап, келе жатқан түспей тақтан.
Жаралып дүниеге келгеннен соң,
Адамзат пайдаланбақ мәпағаттан.
Ағаға іні сәлем беретұғын,
Үлгі сол бұрынғыдан келе жатқан.
Ініңнің біреуі едім сол сықылды,
Секілді жақынырақ бөтен жақтан.
Кешегі өткен айдың аяғында,
Қайтыпсың көре алмадым, келіп сырттан.
Алдырып аңдаусызда аяғымнан,
Отырмын құтыла алмай мен ұяттан,
Жұмысы үкіметтің мұрса бермей,
Қолымды босатпады қаққан шоттан.
Көпшілік қолым тимей, назар салман,
Мен аға, босамадым халайықтан.
Мәнісін Нағыметтен естіген соң,
Деп айттым, ай, ақымақ, Құдай қаққан.
Кеуіліңді қайтқан көлдей жабырқатқан,
Қош келіп, босқа кетті дегеннен соң,
Менің де кеуілімді жабырқатқан.
Болған соң, ақылдан бос, кеуілі қош,
Қай уақытта жұмысы бітпейт ақымақтан.
Назарың төмен қарап кетті ғой деп,
Қысылып інің қатты қайбырытқан.
Сұраймын ұятымды кешіргей деп,
Өткіздік бір жұмысты надандықтан.
Хат жолдап, соның үшін қалам ұстап,
Қағазбен інің Сізді шақырытқан.
Қолыңа үшбу хатым барған сағат,
Қайтыңыз шай-су ішіп, біздің жақтан.
Алдынан келініңнің қызмет көріп,
Дұрыс қой, дастарханнан тағам татқан.
Айтысып бір-біріге рахмет,
Деп едім көріп шықсын шаңырақтан.
Ауылға аттанарсың сонан кейін,
Жеңгейге апарарсың шәй мен қанттан.
Осылай өтінішпен сәлем жазып,
Бұл інің сөз аяғын тамамдатқан.

Қожаға дұғай сәлем Пір баласы,
Кетпегей пірдің бізге пад дұғасы.
Қожаның ұсағынан сақтан деген,
Оңдырмайт бола қалса зар наласы.
Арғы атаң Әзиз, құл Сүлеймен,
Ол қожаң Қорасандық Ақ Алласы.
Бір бала сол әулетте келе қалса,
Қазақтың жүгіруші еді хан, қарасы.
Атамыз атаңызбен жаран екен,
Мүритім-деп, кеткен екен ықыласы.
Ол күнде бір біріне қәдір қандай,
Қайтпаған өлгенінше радасы.
Өсиет әкем маған айтып еді,
Қожаның мойыныңда деп, ақысы.
Туғанда ауырулы көп болыппын,
Ит тиме жас баланың қара құсы.
Бір күні көзім тұтып, көрмей қалып,
Ұқсаған сол мезгілде түннің іші.
Баласы қолындағы ауырған соң,
Болмай а ата-ананың көп қайғысы.
Сол түнде, ол қожаға ат шаптырып,
Әкімді алып келді барған кісі.
Ол келіп, бет алдыма бір дем салып,
Бұл көздің жанған екен шамшырағы.
Азырақ ұйықтап тұрып және айтыпты,
Ұзақ деп бұл баланы өмір жасы.
Сендерге бір жақсылық қыла алмадым,
Ағаңның кеуліндегі мүддіғасы.
Ол жерге себеппенен көрініп ем,
Қартыңның өз басында жоқ жұмысы.
Ағасы Қалампырдың қызын алған,
Нағымет біздің үйдің тел құдасы.
Қалампыр оған жағдай айтқан екен,
Балдардың жыртылды деп жең –жағасы.
Қолыма тауар келсе көрермін деп,
Азырақ болған екен ішарасы.
Тез барып, Нағыметтен алып кел деп,
Мені де отырғызбады үйдің іші.
Сол үшін атқа мініп барып едім,
Дүкеннің толық екен іші, тысы.
Ішіне сәлем беріп кіріп едім,
Қазақтың естіртмейді даң дамасы.
Сәкіні балықшы алып қойған екен,
Ол жайдың маған тиді бір қуысы.
Сол жерде демімді алып,көп отырдым,
Менімен еш адамның болмады ісі.
Біреуі неғып жүрсің деп айтпады,
Адамның болмаған соң құрбыласы.
Көптен соң екеуіне назар салдым,
Адамның ашылған соң шекарасы.
Бетіне Нағыметтің көп қарадым,
Ойында тұрғанды деп уағыдасы.
Жол болсын ол да менен сұрамады,
Одырдың бола берді шал жаласы.
Болады құда –құлаң, тамыр тағы,
Адамның жүргенінде кеміп пәсі.
Деген бар халыққа жаққан ханға жақпайт,
Жігітке қиын болды істің басы.
Алаңдап жан жағыма қарап тұрсам,
Мырзастан барған екен бір балықшы.
Үш қалта Іскендірден сұрап алып,
Сыймады қойынына ағаң қуанышы.
Қай мезгіл болды екен деп тысқа шықсам,
Өтіпті намаздігердің ол қазасы.
Күн бата сол арадан атқа міндім,
Бос жүріс болмаған соң,еш мазасы.
Беймезгіл мекемеде қол жаймадым,
Айтылмат Таманға да кеуіл қошы.
Ел жата өлейін деп үйге келдім,
Ауыздың қиын болды оразасы.
Адамның жақсы білет неден пәсін,
Жақсының көтер Алла мәртебесін.
Қолынан келініңнің шәйін іш деп,
Қайт депсің көріп біздің оттың басын.
Оқ жонат ата көрген деген мақал,
Сен кел деп,қарт ағаңды шакырғасын.
Кәріге қарға адым жер мұң болады,
Кеуілің ренжиді –аубармаған соң.
Еңкеңдеп ел қыдыру ұят болат,
Алпысты елу асып жасаған соң,
Ол үйге еңбектесем де жету керек,
Тәбәрік,пірдің көру босағасын.
Бір күні сүйретіліп бара қалсам,
Жұмыспен өзің үйде жоқ боласың.
Уақытың түс пе,кеш пе,біле алмадым,
Және де айтпаған соң ,күн шамасын.
Келінді өмірімде көргенім жоқ,
Сыйламайт кімде болса танымасын.
Сен кетсең от басыңа баяндап қой,
Ағаңның кемітпесін жары жасын.
Азырақ бір жеріне тоқталамын,
Жеңгейге шәй-су алып бар дегесін.
Орынсыз нәпсі залым жетелейді,
Еңбексіз пайдаланып дәндегенсін.
Адамға ақымақ деп,халық күледі,
Өзінің қисық ісін жөн дегенсін.
Аш болып ,ашып жүрсе де бар денесін.
Барсам да ,бармасам да Алла риза,
Ағаңның көкке жеткіздің сен төбесін.
Айтуға қайта-қайта неғыламын,
Тоғарат осы арадан қарт кеңесін.
Ағаның қолыма алдым бұл намасын,
Ақтарған қияли сөздің қазынасын.
Сайраған сахарада сандуғашым,
Ол неге сөз таппасын сайрағансын.
Сөз айтып арғы атамнан түрлі әңгіме,
Шын жүйрік іздеп отыр өз жолдасын.
О,дарих ол уақыт қандай әсем,
Көк тепсең жайлаушы еді көл жағасын.
Бар болса қайда жақсы қадыр тұтып,
Дос болып іздейші еді ,ел ағасын.
Салқында сарша тамыз сайран етіп,
Шалқытып сахараның ой даласын.
Салқын үй, сапырулы қымыз даяр,
Самал да, киіз, кілем жайылғасын.
Самауырын қайнаулы шәй,қазанда ет,
Күйзеліп неге керек табылғасын.
Мал сойып, үрмет қылып, қызмет көріп,
Ішіп, жеп қайтушы еді сыбағасын.
Бүгінде ол уақыттай кеуіл қайда,
Қайтейін, тапшы кеуіл тарылғасын.
Құдаға, Нағыметтей жағдай айтып,
Қалампыр айтқан болса арызасын.
Сіз мында сол туралы кеп пе едің,
Қалампыр қызметке бұйырғасын.
Ол сіздің өкпелеуің тіптен дұрыс,
Нағымет айтпаған соң арымасын.
Ойлаймын ойсыздықпен білмеген деп,
Болмаса ойламай ма қариясын.
Ұятқа бәрімізде шерік болдық,
Көп тұрып,дүкенінен құр қайтқасын.
Сол үшін өз орнына қағаз жолдап,
Ініңнің айтқан еді, жәй шамасын.
Айтыпсың күн мезгілін айтпадың деп,
Айтып ем ғой, тез келсін деп хат алғансын.
Өз жайың өзіңізге мағұлым ғой,
Қай уақытта келу керек шақырғансын.
Келінді өмірімде көрмедім деп,
Несіне ол арадан айбынасың.
Жаттық жоқ жақсыларда деген қайда,
Ол неге өз адамын танымасын.
Келінің тәуір болса жеңгедей деп,
Бұрынғы айтқан жоқ па мақаласын.
Үстіне жас адамның бару қиын,
Деп соны былайынша ой қыласың.
Дегенмен ағаң шыққан шаңырақ қой,
Әрине көру керек қой ,босағасын.
Ініңнің ордасына келгеннен соң,
Жұмыстан қайдан білдің босамасын.
Ол рас танымасын сыйламайды,
Еш пікір кеуілінде болмағансын.
Көнеден келе жатқан дуалы ер,
Келінің көрсем дейді қайынағасын.
Сіз келіп біздің үйге тізе бүксең,
Үлкен қарт берер ме дейді, патиясын.
Шөліркеп жапан түзде отырғандай,
Келіннің алақаны құр болмасын.
Сол үшін дұғаңыздан дәметеміз,
Бұл пікір шын айтылған бір сыр болсын.
Ат мініп,шапан жауып киіп қайтпасаң да,
Ініңнің ішіп жеп қайт, бар жармасын.
Келерсіз арғы күні түстен кейін,
Үшбу хат қолыңызға барғаннан соң.
Күн батып, намазшамды қарлықтырып,
Келіңіз сол шамада кеш батқансын.
Бұл күнде адам жаман байқамасаң,
Айтамын тек,өзіңе дос болғансын.
Бетке кеп ақымақтар айта салат,
Қайраты заты жұртқа тарағансын.
Досың аз бұл заманда дұшпаның көп,
Осы сыр бөтен жаққа шашылмасын.
Күтеміз келгеніңді арғы күні,
Күн кіріп, ұясына басылғасын.
Болса да, сыртта жұмыс үйде болам,
Сіз бермен қаратқанда аттың басын.
Жетуге ақшатауға ықыластанып,
Жануар мінген атың қадамдасын.
Салтанат шаттықпенен қауышқай деп,
Осы жерден інің сөзін тамамдасын.

Болат Нұрқожаев, Қызылорда Хорасан Ата көшесі
n.bolat@mail.ru

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button