Тоғызыншы күн: Бестау – Шилі – Толыбай – Жуғы – «Хан моласы» – Есей ишан – Шақшақ Жәнібек ауылы
«Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы

«Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы
Тоғызыншы күн: Бестау – Шилі – Толыбай – Жуғы – «Хан моласы» – Есей ишан – Шақшақ Жәнібек ауылы (28 шілде 2026 жыл)
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясының тоғызыншы күні Торғай өңірінің қасиетті тарихи-мәдени кеңістігін зерттеуге арналды. Бұл күнгі далалық зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты – Марал ишан Құрманұлы әулетінің Торғай даласындағы рухани мұрасын зерделеу, қазақ халқының азаттық күресіне қатысты тарихи орындарды аралау, діни-ағартушылық қызмет атқарған тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты жаңа деректер жинау, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың тарихи жадында сақталған ауызша мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу болды.
Таңғы сағат 07:00-де экспедиция мүшелері Бестау ауылында бас қосып, таңғы ас барысында алдағы маршрутты нақтылады. Күн тәртібінде әрбір тарихи нысанды фото және бейнеқұжаттау, географиялық координаттарын анықтау, тарихи ескерткіштердің қазіргі жағдайын тіркеу, жергілікті ақсақалдармен сұхбат жүргізу, ауызша тарих үлгілерін жинау және шежірелік материалдарды хатқа түсіру мәселелері қарастырылды.
Экспедиция жетекшісі әрбір тарихи нысанның ғылыми маңызын атап өтіп, жиналатын материалдардың болашақта монографиялар, ғылыми мақалалар, деректі фильмдер және тарихи-танымдық еңбектер әзірлеуде пайдаланылатынын жеткізді.
Таңғы сағат сегізде экспедиция Бестау ауылынан шығып, Торғай даласындағы көне қоныстардың бірі – Шилі ауылына бағыт алды. Жол бойында өңірдің тарихи географиясы, қазақ руларының көші-қон бағыттары, көне қоныстардың қалыптасу ерекшеліктері мен Марал ишан ұрпақтарының Торғай даласындағы қызметі талқыланды.
Шилі – Торғай даласындағы ежелгі қоныстардың бірі. Бұл өңірде көптеген тарихи тұлғалар өмір сүріп, қазақ халқының рухани және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан. Экспедиция барысында ауылдың көне қорымдары, тарихи орындары, бұрынғы қыстаулардың орындары зерттеліп, олардың орналасу картасы жасалды.
Одан әрі экспедиция Толыбай өңіріне келіп, жергілікті тұрғындардың мәліметтері негізінде көне тарихи орындарды аралады. Толыбай төңірегіндегі тарихи атаулардың шығу тегі, жер-су атауларының этимологиясы, қазақ руларының орналасуы және көш жолдары жөніндегі мәліметтер ғылыми күнделікке енгізілді.
«Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясының маңызды бағыттарының бірі Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы аумағындағы Толыбай мен Аққұм елді мекендерінің арасындағы Марал жуғысы деп аталатын тарихи орынды анықтау болды. Бұл нысан Марал ишан Құрманұлының өмірінің соңғы кезеңімен байланысты киелі орындардың бірі ретінде халық жадында сақталғанымен, бүгінгі күнге дейін ғылыми әдебиетте арнайы зерттелмеген және тарихи айналымға енгізілмеген.
Экспедиция барысында Марал жуғысының нақты орналасқан жері өңірдің көнекөз қарияларының ауызша мәліметтері негізінде анықталды. Бұл жөнінде өлке тарихын жақсы білетін Шайхы Сәтімұлы, Боранқұл Мырзабайұлы және өмір бойы осы өңірде мал шаруашылығымен айналысып, жер-су атауларының тарихын жетік меңгерген Әбет Төлеген ақсақал құнды деректер ұсынды. Кейін бұл мәліметтер Бекарыстан Боранқұлұлының көрсетуімен нақтыланып, далалық зерттеу әдістері арқылы тарихи орынның орналасқан жері дәл белгіленді.
Экспедиция мүшелері бірнеше тәуелсіз ауызша дерек көздерін өзара салыстырып, тарихи топография әдістерін пайдалана отырып, нысанның координаттарын анықтады. Нәтижесінде Марал жуғысы орнына арнайы белгітас орнатылып, оның фототіркелімі жасалып, GPS координаттары белгіленді және ғылыми күнделікке толық сипаттамасы енгізілді. Белгітас орнату жұмыстарының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы Мейрамбек Шайхыұлы болды.

Марал жуғысының анықталуы Марал ишан Құрманұлының соңғы сапарына қатысты ел жадында сақталған тарихи деректерді нақтылай түседі. Ел аузындағы мәліметтер бойынша, 1853 жылы Троицк қаласында у беріліп қайтыс болған Марал ишан көзі тірісінде: «Мені анам Фатиманың қасына жерлеңдер» деген аманат қалдырған. Осы аманатты орындау мақсатында оның денесі киізге оралып, шариғат жолымен жуылып, жаназа рәсіміне дайындалған. Дәл осы рәсім өткен орын халық арасында «Марал жуғысы» деген атаумен сақталған. Кейін мәйіт Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы анасы Фатиманың жанына жеткізіліп жерленген.
Бұл жерде ерекше назар аударатын мәселе – «жуғы» атауының ғылыми айналымда бұрын кездеспеуі. Қазақстанның тарихи әдебиеттерінде, этнографиялық еңбектерінде және тарихи топонимдерге арналған зерттеулерде «жуғы» атауы дербес жер-су атауы немесе тарихи термин ретінде осы уақытқа дейін тіркелмеген. Сондықтан Марал жуғысы қазақтың дәстүрлі жерлеу рәсіміне байланысты қалыптасқан сирек кездесетін тарихи-этнографиялық топоним ретінде бағалануға лайық.
Лингвистикалық тұрғыдан қарағанда, «жуғы» атауы қазақ тіліндегі «жуу» етістігімен сабақтас болуы ықтимал. Қазақ халқының жерлеу дәстүрінде мәйітті арулап жуу – аса маңызды діни рәсімдердің бірі. Сол себепті мәйітті жерлеуге дайындау мақсатында арнайы жуылған орын уақыт өте келе жер атауына айналып, халық жадында «жуғы» түрінде сақталған болуы мүмкін. Бұл мәселе арнайы тарихи-лингвистикалық және этнографиялық зерттеулер жүргізуді қажет етеді.
Экспедиция барысында жиналған ауызша тарихи мәліметтер Марал ишанның Торғай даласы мен қазіргі Ақтөбе облысы аумағында да кеңінен танылғанын көрсетеді. Бұл оның діни-ағартушылық қызметінің географиялық ауқымының Сыр бойы мен Қостанай өңірінен әлдеқайда кең болғанын дәлелдейді.
Марал жуғысының GPS координаттары: 50°02′01.47″N, 62°23′22.11″E (50°02′01.47″ солтүстік ендік, 62°23′22.11″ шығыс бойлық). Экспедиция барысында тарихи нысанның орналасқан жері дәл анықталып, белгітас орнатылып, ғылыми құжаттамаға енгізілді.
Марал жуғысының ғылыми тұрғыдан анықталуы бірнеше маңызды нәтижеге жол ашады. Біріншіден, қазақ халқының дәстүрлі жерлеу мәдениетіне қатысты бұрын белгісіз болып келген тарихи-этнографиялық ұғым ғылыми айналымға енгізілуде. Екіншіден, Марал ишанның өмір жолына қатысты жаңа тарихи нысан анықталып отыр. Үшіншіден, бұл орын болашақта тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде мемлекеттік қорғауға ұсынылып, картографияланып, ғылыми зерттеу мен рухани туризмнің маңызды нысандарының біріне айналуы мүмкін.
Рәсім барысында Құран оқылып, ата-баба рухына дұға бағышталды. Экспедиция мүшелері мұндай тарихи белгілердің кейінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы рөлінің ерекше екенін атап өтті.
Одан кейін экспедиция мүшелері халық арасында «Хан моласы» деген атпен белгілі тарихи орынға келді.
Бұл киелі орын қазақ халқының мемлекеттілік тарихымен, ел қорғаған батырлар мен хан-сұлтандардың тағдырымен сабақтас қасиетті мекендердің бірі болып саналады. Экспедиция барысында тарихи нысанның қазіргі жағдайы толық зерттеліп, фототүсірілімдер жүргізілді, географиялық координаттары анықталды.
Осы жерде арнайы ас беріліп, Құран оқылды. Ас барысында ел ағалары қазақ халқының бірлігі, тәуелсіздігі және тарихи жадының маңызы жөнінде тағылымды пікірлер айтты.
Экспедиция мүшелері тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына үлес қосқан бабалардың ерлігіне құрмет көрсетті.
Күннің екінші жартысында экспедиция Есей ишанның басына барып зиярат етті.
Есей ишан – Марал ишан Құрманұлының рухани мектебін жалғастырған көрнекті діни қайраткерлердің бірі. Ол Торғай өңірінде ислам құндылықтарын насихаттап, халыққа діни білім берген, көптеген шәкірт тәрбиелеген тарихи тұлға ретінде белгілі.
Марал ишан Құрманұлының сан салалы рухани мұрасы оның ұрпақтары арқылы қазақ даласының әр өңірінде жалғасын тапты. Солардың ішінде Торғай өңірінде ерекше із қалдырған тұлғалардың бірі – Есмұхамед (Есей) ишан Маралұлы. Ол әкесінің діни-ағартушылық жолын лайықты жалғастырып, халық арасында тақуалығымен, білімдарлығымен және әулиелігімен танылған. Есей ишанның өмірі мен қызметі Марал ишан әулетінің XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі рухани ықпалының айқын көрінісі болып табылады.
Есмұхамед Маралұлы жастайынан әкесі Марал ишанның тәрбиесін көріп, ислам негіздерін, Құран ілімін, хадис, фиқһ, сопылық тағылымдарын меңгерген. Ел ішінде ол «Есей ишан» деген атпен кеңінен танылды. «Есей» атауы оның кеш туған ұл болғандығына байланысты берілген деген ауызша деректер сақталған. Әулет шежіресінде Марал ишанның соңғы әйелінен Есмұхамед пен Жармұхамед дүниеге келгені айтылады. Жармұхамед жастай қайтыс болып, ұрпақ қалдырмағандықтан, әулеттің осы тармағы толықтай Есмұхамед арқылы жалғасты.
Есей ишан өмір сүрген кезең қазақ даласының саяси әрі әлеуметтік тұрғыдан күрделі дәуірімен тұспа-тұс келді. Ресей империясының отарлық саясаты күшейіп, дәстүрлі басқару жүйесі әлсіреген шақта діни қайраткерлер халықтың рухани тұтастығын сақтауда ерекше рөл атқарды. Осындай жағдайда Есей ишан тек мешіт қызметімен ғана шектелмей, ел ішіндегі дау-дамайларды шешуге араласып, жастарды білімге, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген беделді тұлға ретінде танылды.
Ел аузында сақталған деректерге қарағанда, Есей ишан науқастарға дем салып, дұға оқып, шипа берген. Оның қабыл болған дұғалары, көрегендігі мен әулиелігі туралы көптеген аңыз-әңгімелер Торғай мен Сыр өңірінде бүгінгі күнге дейін сақталған. Мұндай мәліметтер тарихи тұрғыдан қосымша архивтік және этнографиялық зерттеулерді қажет еткенімен, халық жадындағы орны оның рухани беделінің аса жоғары болғанын көрсетеді.
2026 жылғы «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы барысында Есей ишанның жерленген орны арнайы зерттелді. Оның жерленген жері қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы аумағындағы Шақшақ Жәнібек ауылынан шамамен 45 шақырым қашықтықтағы Тармақ деп аталатын тарихи жерде, Тәнкі Қарасуының арғы бетінде орналасқан. Экспедиция мүшелері қорым маңына барып, тарихи-археографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Зерттеу барысында қорымның қазіргі жағдайы фотофиксацияланды, GPS координаттары анықталды, құлпытастардың мәтіндері көшіріліп алынды және жергілікті қариялардан құнды ауызша мәліметтер жиналды. Бұл деректер экспедицияның ғылыми күнделігіне енгізіліп, кейінгі ғылыми айналымға енгізу мақсатында жүйеленді.
Есей ишанның жерленген жері халық арасында қасиетті орын ретінде құрметтеледі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда зиярат етушілер үзілген емес. Қазақ қоғамында ишандар мен әулиелердің қабірлері тек жерлеу орны ғана емес, тарихи жадының, рухани сабақтастықтың және ұлттық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қабылданады.
Есей ишанның отбасы да қазақ қоғамының рухани өмірінде маңызды орын алды. Ол Қарашаш анамен шаңырақ көтеріп, Ернияз, Бекіш және Сүлеймен атты ұл тәрбиелеп өсірді. Бұл үш ұрпақ та әртүрлі деңгейде діни-ағартушылық қызмет атқарып, Марал ишан мектебінің дәстүрін жалғастырды.
Ернияз туралы жазба деректер аз сақталғанымен, оның ұлы Қазыбек ишан (1900–1954) әулет тарихында ерекше орын алады. Қазыбек ишан алғашқы діни білімді ишандар әулетінің өз медресесінде алып, кейін бірнеше жыл ағасы Сүлеймен ишанның жанында білімін жетілдірген.
Қазыбек ишан тек діни қызметпен ғана айналыспай, кеңестік кезеңде шаруашылық басқару ісінде де еңбек еткен. Соғыс жылдарындағы аштық кезеңінде тұрмысы төмен отбасыларға, жесірлер мен жетімдерге көмектесіп, өз малын сойып халыққа үлестіргені жөнінде көптеген ауызша деректер сақталған.
Оның адамгершілік қасиеттеріне риза болған ел ішінде төмендегідей жыр жолдары туған:
Қазеке, сіз бір таусыз асқақ биік,
Бауырыңда ойнақ салған құлан, киік.
Атаның абыройының арқасында,
Кем-кетік көлеңкеңде жүр ғой сыйып.
Бұл шумақ Қазыбек ишанның тек әулет абыройын ғана емес, халыққа жасаған қайырымдылығын да айқын сипаттайды.
Бекіш ишан (1878–1917). Есей ишанның екінші ұлы Бекіш халық арасында ерекше шешендігімен және әділдігімен танылды. Ел ішінде оны «Бұлбұл ишан» деп атаған. Ол дау-дамайларды әділ шешіп, шариғат қағидаларын терең меңгерген беделді тұлға болды.
Халық жадында сақталған мәліметтердің бірінде Бекіш ишан намаз үстінде қастандықпен өлтірілгені айтылады. Бұл оқиға ел арасында үлкен қайғы туғызған және кейін аңыздық сипатқа ие болған. Аңыз бойынша, қастандық жасаған адам көп ұзамай жазасын тартып, ұрпақсыз кеткен.
Бұл мәліметтер тарихи тұрғыдан қосымша зерттеуді қажет еткенімен, Бекіш ишанның халық арасындағы беделін айқын көрсетеді.
Сүлеймен ишан Есмұхамедұлы (1887–1969). Есей ишан ұрпақтарының ішіндегі ең белгілі тұлғалардың бірі – Сүлеймен ишан. Ол XX ғасырдағы қазақ мұсылман қауымының аса беделді діни қайраткерлерінің бірі болды.
Алғашқы білімді әкесінің медресесінде алған Сүлеймен кейін Бұхарадағы әйгілі Көкілташ медресесінде оқып, Орта Азиядағы ең жоғары діни білім алған қазақтардың қатарына қосылды. Сол жерде ол атақты ақын әрі дін ғұламасы Тұрмағамбет Ізтілеуовпен бірге білім алды.
Ұстазы Орта Азия мұсылмандарының көрнекті қайраткері Бабахан ишан Сүлейменді өзінің ең қабілетті шәкірттерінің бірі санаған.
Кейін Сүлеймен ишан ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласындағы Айтбай мешітінің бас имамы қызметін атқарды. Облыстың барлық молдалары мен ишандары шариғат мәселесінде оның пікіріне жүгініп отырған. Оның діни беделі тек Қызылорда өңірімен ғана шектелмей, бүкіл Сыр бойына тарады.
Ол ислам қағидаларын кеңестік атеистік саясаттың ең қиын кезеңінде де сақтап, діни дәстүрдің үзілмеуіне зор үлес қосты.
Есей ишан әулеті XX ғасыр бойы қазақ қоғамының әртүрлі салаларында еңбек етті.
Сүлеймен ишанның ұлы Бақытжан Сүлейменұлы (1929–1993) жарты ғасырға жуық ұстаздық қызмет атқарып, мектеп директоры, кейін Қызылорда облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты директорының орынбасары болды.
Оны соңғы сапарға шығарып салғанда институт директоры: «Бақытжан менің орынбасарым ғана болған жоқ. Адамгершілігімен, сабырлылығымен, кішіпейілдігімен ұстаз ағамыздай болды. Қалай дегенде де шарапатты әулеттің тұқымы ғой», – деп жоғары баға бергені туралы естеліктер сақталған.
Қазіргі таңда Есей ишаннан тараған ұрпақтар Қазақстанның әр өңірінде өмір сүріп келеді. Олар ата-бабаларының шежіресін, рухани мұрасын сақтап, Марал ишан әулетінің тарихын зерттеу ісіне белсене қатысып жүр.
Есмұхамед (Есей) ишан Маралұлының өмір жолы қазақ даласындағы ишандар институтының тарихи қызметін жан-жақты көрсетеді. Ол әкесі Марал ишан қалыптастырған рухани мектептің заңды жалғастырушысы ретінде ислам құндылықтарын насихаттап, халықтың діни сауатын көтеруге, қоғамдық келісімді нығайтуға және ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет етті.
Есей ишаннан тараған ұрпақтар бірнеше буын бойы діни-ағартушылық дәстүрді үзбей жалғастырып, қазақ қоғамының рухани өмірінде маңызды орын алды. Әсіресе Сүлеймен ишанның Қызылорда өңіріндегі қызметі, Қазыбек ишанның қайырымдылық істері және әулеттен шыққан ұстаздар мен қоғам қайраткерлерінің еңбегі Марал ишан әулетінің ұлттық тарихтағы орнын айқындай түседі.
Жиналған материалдар болашақта Марал ишан әулетінің діни-ағартушылық қызметін кешенді түрде зерттеуге маңызды ғылыми дереккөз болмақ.
Кешке қарай экспедиция Шақшақ Жәнібек ауылына жетті.
Бұл ауыл қазақ халқының әскери тарихында ерекше орын алатын Шақшақ Жәнібек батырдың есімімен байланысты тарихи мекен болып табылады.
Экспедиция мүшелері ауылдың тарихи орындарын аралап, жергілікті өлкетанушылармен, ақсақалдармен және шежірешілермен кездесті.
Қазақ халқының XVII–XVIII ғасырлардағы азаттық күресі тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі – Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы (1693–1752). Ол Орта жүздің Арғын тайпасындағы Шақшақ руынан шыққан, мемлекет қайраткері, қолбасшы, би әрі дипломат ретінде танылды. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде ел тәуелсіздігін қорғау жолында ерекше ерлік көрсетіп, қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттілігін сақтауға зор үлес қосты.
Жәнібек батырдың өмір сүрген кезеңі қазақ қоғамы үшін аса күрделі тарихи дәуір болды. XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Қазақ хандығы жоңғар шапқыншылығының ауыр зардаптарын бастан өткерді. Осындай алмағайып кезеңде Жәнібек батыр Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Олжабай сияқты қазақтың көрнекті қайраткерлерімен бірге елді қорғау ісіне белсене қатысты.
Тарихи деректерде Шақшақ Жәнібектің тек батыр ғана емес, Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болғаны айтылады. Ол әскери жорықтарға қатысып қана қоймай, ел ішіндегі бірлік пен тәртіпті сақтауға, руаралық дауларды шешуге де араласқан. Қазақ қоғамындағы беделі өте жоғары болып, оның пікірі хан кеңесінде ескеріліп отырған.
Шақшақ Жәнібек есімі Торғай өңірінің тарихи географиясымен де тығыз байланысты. Халық аңыздарында оның Торғай даласын жоңғарлардан азат ету жолындағы жорықтары кеңінен сақталған. Соның бірі – Тосын өңіріне қатысты аңыз. Онда Торғай бойын мекендеген қалмақтарды қазақ жасақтарының жеңіп, бұл өңірді қайтадан қазақ қонысына айналдырғаны баяндалады. Ел аузындағы әңгімелерде қалмақтардың Торғайдан кетерде туған жермен қоштасып, теріс бата бергені жөніндегі сюжет халықтың тарихи жадында сақталған маңызды фольклорлық мұра болып саналады.
Торғай даласындағы көптеген тарихи нысандар мен жер-су атаулары Шақшақ Жәнібек есімімен байланысты. Бүгінгі күні Жангелдин ауданындағы Шақшақ Жәнібек ауылы батырдың тарихи мұрасын сақтап отырған маңызды елді мекендердің бірі болып табылады. Бұл өңірде оның ұрпақтарына қатысты шежірелік деректер, тарихи қорымдар және ауызша тарих үлгілері күні бүгінге дейін сақталған.
Шақшақ Жәнібек әулетінің қазақ руханиятындағы орны да ерекше. Оның ұрпақтары арасында ел басқарған билер, батырлар, би-шешендер, қоғам қайраткерлері көп шыққан. Солардың бірі – белгілі мемлекет қайраткері Мұса Шорманұлы, сондай-ақ осы әулеттен тараған Шеген би қазақ қоғамындағы беделді тұлғалардың қатарынан орын алды.
Марал ишан Құрманұлымен байланысты халық аңыздары да осы тарихи тұлғалардың өзара рухани сабақтастығын көрсетеді. Ел аузында сақталған әңгімелердің бірінде Марал ишан Шақшақ Жәнібектің ұрпағы, атақты Шеген биге арнайы келіп, өзінің әулиелік қасиетін дәлелдегені айтылады. Аңыз бойынша, Шеген би Марал ишанға: «Әулиелігің рас болса, бізге бір керемет көрсет», – дегенде, Марал ишан: «Не істеуімді қалайсыз?» – деп сұрайды. Сонда жиналған жұрт: «Қырық түйе сексеуілдің астына жатқызып өртейміз. Егер аман шықсаң, әулиелігіңе сенеміз», – дейді.
Бұл оқиға тарихи құжаттармен расталмағанымен, халықтың Марал ишанға деген ерекше құрметін және оның рухани беделінің Шақшақ Жәнібек ұрпақтары арасында да жоғары болғанын көрсететін маңызды ауызша тарихи дерек ретінде бағаланады.
«Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы барысында Шақшақ Жәнібек ауылына арнайы атбасын бұрып, өңірдің тарихи орындары зерттелді.
- Экспедиция аясында Есмұхамед (Есей) ишанның жерленген орнына зиярат жасалып, жергілікті тұрғындардан Шақшақ Жәнібек әулеті, Тосын өңірінің тарихы және Марал ишан ұрпақтарына қатысты көптеген ауызша мәліметтер жиналды. Бұл деректер ғылыми күнделікке енгізіліп, фотофиксация және географиялық координаттарын белгілеу жұмыстары жүргізілді.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, Шақшақ Жәнібек тұлғасы тек әскери тарихпен ғана шектелмейді. Ол қазақ қоғамындағы дәстүрлі билік институтының, дала дипломатиясының және ұлттық бірліктің көрнекті өкілі болды. Оның есімімен байланысты тарихи орындарды, шежірелік материалдарды және ауызша деректерді кешенді түрде зерттеу Қазақ хандығы дәуірінің саяси және рухани тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, Шақшақ Жәнібек батырдың тарихи мұрасы Марал ишан әулетінің рухани қызметімен өзара сабақтасып, XVIII–XX ғасырлар аралығындағы қазақ қоғамындағы ұлттық тұтастықты, исламдық құндылықтарды және елдік сананы сақтаған маңызды тарихи феномен ретінде бағалануы тиіс.
Кездесу барысында Торғай өңірінің тарихи тұлғалары, Керей руының тарихы, Марал ишан әулетінің Торғайдағы қызметі, көне қорымдар мен тарихи орындардың сақталуы жөнінде құнды пікірлер айтылды.
Жергілікті тұрғындар бірнеше буын бойы сақталып келген ауызша тарихи мәліметтермен бөлісіп, бұрын ғылыми әдебиеттерде жарияланбаған тың деректерді экспедиция мүшелеріне тапсырды.
Кешкі уақытта экспедиция мүшелеріне Сары атаның ұрпақтары арнайы қонақасы берді.
Дастарқан басында ел бірлігі, ата-баба аманаты, рухани мұраны сақтау және тарихи зерттеулердің маңызы жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді.
Экспедиция жетекшісі жергілікті тұрғындарға көрсеткен құрметі мен қолдауы үшін алғыс айтып, жиналған тарихи материалдардың Қазақстан тарихын жаңа деректермен толықтырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Күн қорытындысында экспедиция мүшелері тоғызыншы күннің нәтижелерін саралады. Бір күннің ішінде бірнеше тарихи-мәдени нысан толық зерттеліп, тарихи ескерткіштердің орналасу координаттары анықталды, ондаған фотосурет пен бейнематериал дайындалды, жаңа шежірелік мәліметтер мен ауызша тарихи деректер жазылып алынды.
«Бабалар жолымен» экспедициясының тоғызыншы күні Торғай өңірінің тарихи-рухани кеңістігін кешенді зерттеуге арналды. Бестау, Шилі, Толыбай, Жуғы, «Хан моласы», Есей ишан кесенесі және Шақшақ Жәнібек ауылы бағытындағы далалық зерттеулер барысында қазақ халқының тарихи жадына қатысты маңызды деректер жиналды.
Экспедиция нәтижесінде Марал ишан әулетінің Торғай өңіріндегі діни-ағартушылық қызметіне қатысты тың мәліметтер, тарихи орындардың сипаттамалары, ауызша тарих үлгілері мен шежірелік деректер ғылыми тұрғыдан тіркелді. Бұл материалдар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектерде, энциклопедиялық басылымдарда, деректі фильмдерде және оқу құралдарында пайдалануға негіз болады.Жас ғалым
Самат Жұматайұлы








