Жарық нұрдың сәулесі

Ұлылардың ұрпақтары

«…Жазбаның ІІ бөлімінде бабалардың аттарын жазған болатынмын. Онда Ибрагим Шайық Адам Атаның 66-ші ұрпағы болып есептеледі. Бұл әңгіме содан бері өрбиді. Соларға жеке-жеке тоқталайын.

Ибрахим Шайық Әзірет Әли Мұртазаның он сегізінші ұрпағы болып  есептеледі. Одан-Сәдір Шайық, одан-Данышман қожа, одан-Орын Қойлақы Мәуленайы Сайфидин, одан Маулена Захиддин Шайық.

Захиддин Шайықтан Ахмет Шайық, одан Бахуаддин одан Құтбиддин  Шайық, одан Абдолла. Абдолладан Ахмет Шайық, одан Қара Шайық, одан Бахуа-аддин Шайық туған. Бахуаддин Шайықтың 2 баласы болған. Бірінің аты Құсайын Шайық, екіншісінің аты – Қара Шайық.

Қара Шайықтың 5 баласы болған:

1.Баба Шайық,

2.Сайфиддин Шайық,

3.Захид Шайық,

4.Құл Ахмет Қожа,

5.Ахмет Шайық. Ахмет Шайықтан Шайықжан, одан Қожа Шайық. Осы  кейінгі Қожа Шайықтың үш баласы болған. 1.Қылыш қожа, 2.Батыр қожа, 3.Өзбек қожа. Қылыш қожаның бес баласы болған:Қыдырқожа, Жанқожа, Бабақожа, Құрбанқожа Әбдікәрімқожа. Батырқожадан 1.Нұрманқожа, 2.Қалқожа, 3.Қанқожа. Өзбекқожадан 1.Құлман қожа. 2.Пірман қожа.

Ибрахим ұлы Сәдір Шайық Сайрамда 1039 жылы дүниеге келген. Өйткені, Ибрахим Шайық қайтыс болғанда Сәдір 9 жаста, Ахмет 7 жаста деп көрсетіледі. Сәдір Шайық та ілімге берілген адам. Аллаға ашық болып, қылует жайда жалбарыну Әзірет Әлиден басталған. Содан бері ата жолымен келе жатқан із. Ибрахим Шайық, Мұса Шайық, Сәдір Шайықтардың да жер астында қылуеттері болған. Сәдір Шайықтың оқуы, білім алуы, ұстазы жайлы зерттеушілер де, шежірешілер де бірде-бір еңбек қалдырмаған. Сәдір Шайықтың Сайрамнан Түркістанға келуі, одан Сыр бойындағы Өзгент шахарына бас имам болуы жайлы айтылмаған. Бұл жөнінде тек халық арасында аңыз-әңгімелер ғана сақталған.

Біздің тарихшыларымыз, зерттеушілеріміз, жазушыларымыз әлі күнге дейін Қырғы-Өзгент, Сыр-Өзгент, Ақ-қорған, Мейрам Төбе қалаларын жазбай жүр. Осы қалалардан шыққан ұлы әулиелер мен батырларымыз, шешендеріміз, хандар мен бектеріміз жайлы тек аттарын ғана білеміз. Сәдір Шайық кейін Қойлақы көлінің солтүстік жағалауына қойылған. Бұл күндері бұл жер үлкен қорым, ол жерге Әділ Халиф атанған Омардың о дүниелік ұрпақтары (Қырық садақтар) жерленіп келеді. Бабаның басына ақ кірпіштен төрт бұрышты кесмене тұрғызылған. Оған басшылық жасаған Әбдікәрімұлы Исатай.

Орын Қойлақы Мәуленайы Сафи-ад-дин шежіресінде Сәдір Шайықтың екі  баласы бар деген: 1.Әбдал Мәлік. Одан Әбдал-Әли; 2. Данышман қожа, одан Мәулана Сафи-ид-дин Орын Қойлақы.

Ақсақ Темірдің қолхатында  былай делінген: «Дін тәртібін ұстаушы аса тақуа Мір Әлі Қожа Шайық Хасан Шайықтың баласы ұлы Сәдір Шайық ұрпақтарының бірі еді».

Сәдір Шайықтың «Қылуетті Шайық» деген лақап аты бар. Ол ұлы Әзірет – Қожа Ахмет Йассауидің туған бауыры (ағасы).

Мір Әлі Қожа Шайықтың  маңдайы мен жүзінде оның қасиетті ой-пікірлері мен күллі жамағат үшін жасаған дұғасының айқын ізі болған. Сол себепті оның ұлы Қожа Ахмет Йасуаидің қасиетті зиратының мутауаллилігіне тағайындалған.  Қожа Ахмет Йассауидің Садыр ад-дин Қожа Шайық деген ағасы болғанын да қолхаттан білдік. Ол да Түркістан өлкесінде тақуа және білімділігімен аты шыққан дейді. Сонда Сәдір Шайықтың басқа балалары да болған. Шежіреде Йассауи 120 жыл өмір сүргендігін айтады. 12 мың Саиид-и Муриді, 40 қылуетханасы болған. Қылуетке кірген соң 41 күні шығады екен. Ахмет Қожа Қағбаға бұлтқа мініп баратын және әр күнде өз жағасын ұстап Аллаға сиынып: «я, Алла, халық оңалды, мен де оңалдым» дейді екен.

Құл Қожа Ахмет ақыретке сапар шегетін болды. Өз орнын «туысқаным, балам» деп Маулана Сайфиддин Орын Қойлақыға берді. Ол дүниелік боларда өсиетін айтты. «Мен дүниеден өтетін болдым, біздің шығу тегіміз араб, соның ішінде Құрайыш әулетіненбіз, бабамыз Әли Мұртаза Әзірет Әлі Шам уалаятынан Түркістан уалаятына ислам ашуға келген, оның ұрпағы Ысқақ баб Қарғалықта мемлекет құрды. Адина месжит (мешітін) салды. Қарғалық елінде 10 мың үй» болды. Қай жерде дін жайлы соғыс болса иман келтіргендер аман болды, иман келтірмегендер өлтірілді. Ысқақ баб соғысқа 100 мың сарбаздарымен аттанар еді. 85 жыл патшалық қылды. Хизру Илияспен  бірге сұхбаттасты. 80 жыл суфрадарлық қылды. Бір күнде  100 қой, 10 соғым сойылатын еді. Бір күні  Ысқақ баб отырғанда Хизру Илияс келіп айтты: «Сізге зиярат қылса, бізге және пайғамбарларға зиярат қылғандай. Пайғамбарларға зиярат қылғанының сауабы болса оларға да сауабы болсын» деп еді. Тағы қайталаймын, Қарғалық Ысқаққа Әли Мұртаза жетінші атадан тұрады. Және де Ысқақ бабтың мирасындағы  жеке меншік жер-су, тоғай, шөлейт жерлермен бұлақ, көл, тау, басқа да жерлерді атап айтып жаздырған. Сайрам қаласында көптеген мешіттердің болғандығы айтылады. Менің Ұлық Атам Ысқақ баб пен Йассауи Ахмет Қожа мен аталарымыз өтті. Олар Маулана Сафиддин Орын Қойлақыға айтты: -540 жыл аралағында 12 атамыз өтті. Бұл айтылған өсиет сізге қалды, қалғанын өзің жалғастырасың», деді.

Маулана Сайфиддин Орын Қойлақы 93 жыл өмір сүрді. 53 жыл Хизр уа Илияспен сұхбатта болды. Азырақ егін ексек Хизр уа илияс дуа қылатын еді. Алладан бәрәкәт беретін еді.  Еккен егіннің өнімі асып-тасар еді, -дейді.

Маулаан Сайдиддин Орын Қойлақы Қойлақы көліне жақын жерге жерленген. Қай уақытта туғаны, қай уақытта өлгені белгісіз. Бабамыз қайтыс болғанда жергілікті халық сыпа тұрғызған екен. Кейін қар, жаңбыр суымен құлаған. Заманның ағымымен мәйіт қараусыз қалған. Болмаса ата-бабаларымыздың «Тілеулі атадан тіле,  Қойлақы Атаға түне» деген сөзі бар. Бабаның жатқан жеріне Сейіттер, Сабылттар, Қылыштылар, Қоңырат, Алтый рулары, ол дүнелік болғандардың жерлейді. Қорымның жан-жағы сыммен қораланған. Бабаға қайтадан жаңартылып силикаттан сыпа салынды. Оған Қылышты қожа Ысқақұлы Есхожаның басшылығымен Алтый руынан Төреұлы Елеусіз, Тәукебайұлы Мырзахандар көп еңбек сіңірді. Қазір арнайы шырақшысы бар, тәу етушілер үзілмейді.

Орын Қойлақының шежіреде бір баласы Захиддин Шайық қана жазылған. Оның да туған, өлген жылы, қай жерде білім алғаны, ұстаздары жайлы дерек жоқ. Тек ел аузындағы кереметтері ғана бар. Захиддин Шайықтың 3 баласын айтады. Бұрхани Сайд, Сейд Бұрхани, Ахмет Шайық. Менің ойым – Бұрхани Сайдтен – Бұрхани Шайықтар, Сейд Бұрханиден – Ибрахим Қауғанилар (қауғандықтар) тараса керек. Ахмет Шайықтан Үсен Шайық пен Қара Шайықтар тарайды. Менің бұлай дейтінім, бұл аталардың да үй саны бірдей, бір адамның ұрпағы. «Менде шежіре бар» деген алыпқашты сөзден аулақ болу керек. Білгеннің жауы – білмеген ғой. Захиддин Шайық та жетілген адам, бабаларының жолын қуып, қылуетте Аллаға құлшылық еткен. Біліміне сай «Тілеулі ата» атанған. Бұл қаламыз Мейрам қаласына бас  имам болыпты. Бұл жайлы тарихышлар түрлі-түрлі етіп жазып жүр. Біреулері жылан құртқан десе, екіншісі  Шыңғысхан, Әмір Темір, Жоңғар басқыншыларын қиратқан дейді.

Захиддин Шайық Мейрам қаласында өмір сүрген. Қазір Мейрам Төбе аталады. Мен 1947 жылы шілде айларында Манапұлы Ертай екеуміз елге келген болатынбыз. Құсайын қария әулиелерді аралатты. Бабаларымыздың басына ақ жалау байладық. Ең соңында Захиддин Шайық (Тілеулі) атаға келдік. Басында желбіреген жалауы, сыпасы, қорғаны, асханасы, құдығы, адам түнейтін жері бар еді. Бабаны өз заамдастары қадірлеп жерлегені  көрініп тұрды.

1973 жылы тамыз айында қайта келсем баяғы құрылыстың бірі де жоқ. Мазарлардың тегістеп, күріш пен жүгері егіп жіберген. Бабамды іздеп жүріп әрең таптым. Басына ескерткіш қоймақшымыз. Барлық ұрпақтарына (Қаршайықтарға) хабарлама жасадық. Баба орта есеппен 1300 жылдары өмір сүрген деген болжам бар.

Сәдір Шайықтың үш ұлы бар дедік.

  1. Әбдімәлік, одан – Әбдал Әли Бақсайыс қожалар;
  2. Данышманқожа, одан – Маулана Сайфиддин Орын Қойлақы;
  3. Хасан Шайық, одан – Мір Әліқожа.

Маулана Сайфиддин Орын Қойлақы Захиддин Шайық «Тілеулі Ата» осылардан Үсен  Шайық, Қарашайық, Оқшатайлық, Бұрхан Шайық, Ибрахим Қауғани аталары тарайды. Бес ата. Қоныстанған жері Аққорған болғандықтан, бәрі Аққорғандық қожалар деп аталады. Бұлардың бабалары Сәдір Шайықтың Сыр Өзгентке келіп орналасқаны 1200 жылдары болса керек.

Әруақты бабаларының білімділігі мен көрсеткен кереметі елге жайыла бастайды. Мұны естіген Сырдарияның  жоғарғы жағындағы бір әулие сынау үшін сумен ағысы салмағы бар, ұзындығы 6 метрдей тас жібереді. Қойлақы бамдат намазын оқып болған соң муриттеріне: – Бізге жоғарғы жақтағы ағамыздан сауға келіп тұр,-деп дарияға барған. Алып келген салмақты тасты шығарып алған  (осы күнде Орын Қойлақының қабірінің бас жағында тұр).

оған жауап ретінде Маулана Сайфиддин Орын Қойлақы қолдан сандық жасатып, оның ішіне толтырып ақ мақта салады да, мақтаның үстіне сексеуілдің шоғын салып, сандықтың аузын құлыптап, дарияның арғы жағына жібереді. Әлгі әулие сандықты ашып қараса, сексеуілдің шоғы маздап жанып тұр, мақта күймеген. Орын Қойлақының  кереметіне  риза болып, сынаушы әулие келіп кешірім сұрап, қол беріпті.

Орын Қойлақы ұлы Захиддин Шайық жайлы

Бұл баба ұлсыздарға ұл, қызсыздарға қыз берген. Басына мал сойып түнегендердің  тілегі қабыл болған. «Орын Қойлақыға түне, Тілеулі атадан тіле» деген сөз бар.

1942 жылы Бәйменқожаұлы Шалапқожа әулиелерді есегімен аралап жүреді екен. Күн ыстық болса керек, түс ауа Тілеулі Атаға келеді. Құран оқып, дуалының көлеңкесінде көлеңкелеп, көз іліндірген ол түс көреді. Түсінде «Тұр, орныңнан, Шақанбайдың Садығы мен әйелі Нарсұлудан сүйінші сұра, төрт  ұл бала бердім» дейді бабасы. Оянса үсі. Дереу есегіне мініп, төрт шақырымдай жердегі колхоздың бір қора қойын бағып отырған Садық, Нарсұлудан сүйінші сұрайды. Содан кейін екеуінен Сәді, Тәңірберген, Аллаберген, Әбдірейімдер дүниеге келген.

Үсен Шайых Сейітұлы Тасқожаның сөзі: «Мен колхоздың 700-ден астам қойын бақтым. «Есімде» қыстадым.Бір күні наурыз айында жаңбыр аралас  қар жауып, күн тұманға айналды да малдан айырылдым, өзім жарымжанмын.  Түнде малды табуға мүмкіншілік жоқ. Ит-құстың көптігіне қарамастан үйге келіп, малдарды Аллаға сосын Тілеулі Атаға тапсырдым. «Қиналғанда мен сияқты ұрпағыңа шапағат қылмайсың ба» деп жалынып-жалбарынып, бір ақ қошқар құдайым бар», дедім. Келесі күні сәскеде малымды (қойымды) таптым. Сол Тілеулі Атаның қорымының айналасында жатыр, мал түгел, ит-құстан аман, бір малды сойып, құран оқыттым.

Баба қорымының жан-жағында совхоз малшылары отырады. Түгіскеннің қара мал бақташысы Садықұл Тәңірберген екі шақырымдай, солтүстік жақтан қалың жыңғыл арасынан жарық шығып, Тілеулі Атаға келеді. Жарық екеу. Екеуі де фонар сияқты жанып, Үсен Шайық пен Қара Шайық бейіттеріне беттейді. Одан әріректегі Орын Қойлақы мен Сәдір Атаға барады. Таңға жақын өз орындарына қайтады. Мұның өзі әулие рухтарының бір-бірімен қатысып тұрғанын көрсетсе керек, бірақ ол жалпы жұртқа көріне бермейді екен. Екі адамға өздерінің ұрпақтары болған соң көрінген. Тәңірберген мен Нағызхан күні бүгінге дейін бабаларына арнап  мал сойы, құран  оқытып отырады.

Бахуаддин ұлы Үсен Шайық

Үсен Шайық Түркістан қаласында, ата қонысында туып өскен. Ілімді қасиетті, жетілген адам. Кей деректерде, Түркістанда (Шағада) қайтыс болған дейді. Қайтыс болар алдында балалары мен туыстарына: «Менің мүрдемді Сырдарияның арғы бетіндегі Ақ Қорған төбеге апарып қойыңдар, бабаларымының қастына жатпайын» деген.  Балалары мен туыстары «біз сіздің мүрдеңізді дариядан қалай алып өтеміз» дегенде Үсен Шайық: «Менің мүрдем салынған табытты ұстаған адамдар көз жұмып өтсін, Алла жол берсе дария жол берер» деген екен. Үсен Шайық көп ұзамай қайтыс болып, мүрдесін дарияға алып келгенде ағып жатқан дария жол беріп, Ақ Қорған төбеге жерленген. Үсен Шайық жөнінде: «Аққан дария жол берген» деген сөз бүгінге дейін жетіп отыр.

Үлкен кесене салынған, асхана, түнейтін там, су ішетін құдығы бар. Ниет қылып түнеген адамдардың тілегі қабыл болған. Басына көбіне перзент сұраушылар келеді екен. Бір жылдары ақ егіс пен көк егіске шегіртке қаптап, жей бастаған. Бабаның басындағы туды алып атпен егінді аралағанда, шегірткенің барлығы көтерілген, сөйтіп еккен егін аман қалған. Кереметтерін көзбен көрген халық бабаның аруағын қатты сыйлаған. Ел болған соң ұры-қары, ашу-араздары болатыны белгілі. Сонда: «Сен ақ болсаң, Үсен Шайыққа түне» деген шарт қойылады екен. Өзіне сенімсіз адам бара алмаған. Барған күнде де ақ жыланы кіргізбеген не күмбездің есігіне қыстырылып қала берген. Жәбірлеуші адам өз қылмысын осылай мойындаған.

Бахуаддин Шайықтың екінші баласы  – Қара Шайық

Негізгі кәсібі диқаншылық және құсбегі болған адам. Арал  өңірінен бастап Қаратаудың теріскейі, күнгей бетін, Түркістан, Сырдарияның арғы-бергі бетін мекендеген халықтардың арасынан шыққан құсбегілер арнайы келіп, қасқырға, түлкіге, киікке, арқарға қырғауыл-қоянға салатын құстарды сынатады екен. Олар Қаршығалық деген жердегі бөлмелері көп үйде 10-15 күннен жатып, құстарын аңға салуға жаратқан.

Бірде ағасы Үсен Шайық Қара Шайықты шақырып, ас-суларын ішіп болған соң: «Ей, ақымақ, Құдайдан бейхабарсың. Азаннан кешке дейін ит жүгіртіп, құс саласың, жер-жерден құс жинап сынасың, түнімен қу-қулап шығасың, үсті-басың садыра-садыра құстың боғы, бұл жүрісіңді қой. Менің саған жаным ашып айтып отырмын-деп ұрыса бастаған.

Інісі: «Аға, сыртқа шығайық», депті. Сыртқа шыққан соң, оң қолын көтеріп, «мына саусақтың арасына  қараңызшы» дейді. Үсен Шайық көз салса саусақ арасынан Арша көрініп тұр екен.

Кешір жетіліп қалған екенсің, шырағым меннен бір білместік өтіпті, – деп кешірім сұрапты. Сонда інісі, «Көке, сенің үуһуың менің Қуқуым» деген екен.

Үсен Шайық қайтыс болғаннан кейін ініс Қара Шайық балалары мен туыстарына: «Мен жолды ағама бердім, үлкен  күмбез салыңдар. Адамдар зияарат етсін, түнейтін орны болсын. Әруағын қадірлеңдер, құрметтеңдер. Өлгеннен кейін мені ағамның қасына, сыртқа қойыңдар. Басыма күмбез салмаңдар, үстім ашық жатсын» депті. Ағайындары айтқан өсиетін  орындап, күмбез салмаған.

Ибрахим (Оқшы Ата)

Ибрахим Сыр жағалап жүріп Шиелі мағындағы бір ауылға түнделетіп жетеді. Елдің барлығы  жатып қалған. Шеттеу бір үйдің шырағы өшпепті, рұқсат сұрап үйге кіреді. шаршап жолушылап келген бала шай ішеді де ұйықтап қалады. Таңертең жолға шықпақшы болады. Үйде кемпір мен қыз ғана бар екен. Кемпір: «Ой балам, сені бізге құдай айдап келді. Енді жібермейміз, маған бала, қызыма аға болыңыз. Осы үйдің  шаңырақ егесі бол»,-деп өтініш айтады. Ибрахим анасының өтінішін қабылдап, сол үйде қыстап шығады. Жазда бидай, арпа, тары орып, астық дайындауға көп адамен бірге  Түркістан, Шорнақ, Қарнаққа жолға шықпақ болған. Бұл жағдайдың барлығын апасы мен қарындасына айтып, 4-5 айға  рұқсат сұраған.

Анасы: «Шырағым, жалғыз қарындасыңды қайда тастап барасың, қалмақтың ханы «Көңіл көтерер» деген заң шығарып,  күніне бір қыз бен бір қой  салық салып жүр. Сол қалмақтар келгенде  мен арашасы бола алмаймын, -деп жылады.

Сонда Ибрахим: «Жылымаңыз апа, Алла Тағаладан медет, пайғамбардан шапағат болса бір есебі табылар. «Ибрахим» деп үш рет айқайлаңыз, бір кәрәмат болып қалар», деп жүріп кетеді.

Арадан бір ай өте қалмақтың шабармандары қызды алып кетеді. Сол кезде анасы үш рет «Ибрахим қайдасың, уәдеңнен шық балам»  деп жылаған. Бұл дауысты Ибрахим естігенде Аллаға сыйынып, арпаның қылтығымен атқан екен. Қалмақ ханы құлап қайтыс болады. «Бұл кімнен болды?» дегенде «Мен аттым, мен аттым» деушілер көбейген. Талас үстіне  Ибрахим келіп:

-Жүрегін көріңдер, арпаның қылтығы болса менікі, болмаса менікі емес, дейді. Мүрдені ерегіспен сойып ашып көргенде арпаның қылтығы жүректің дәл ортасына жарылып кірген екен, бірақ жарып шықпаған. «Неге олай еттіңіз?» дегенде, «Атқан оғым арпаның қылтығы, жүректі жарып өтсе өлмей қала ма деген қауіппен оқты жартылай жібергенмін» деген.

Әзірет Сұлтанның шәкірттерінің ең жасы Ибрахим екен. Ибрахимнің бұл кереметін өз аузынан есітіп:

-Сіз бүгіннен бастап Оқшы Ата аталасыз, екіншіден әулиелердің ең соңғысы Көгентүп болдыңыз»-деп Қожа Ахмет Йассауи Әзірет Сұлтан бата берген. Содан Ибрахим «Оқшы ата, Көген түп» аталып кеткен.  Бұл оқиға 1250 жылдары болса керек.

Арада қанша замандар өтті, қанша падиша, хандар, бектер өтті. Кейбіреулерінің аттары, халыққа, елге жасаған жақсылықтары, қызметтері қағазға түспей, халық арасында аңыз-әңгімелер сияқты болып кеткен. Соның бірінде  Оқшы Атаның ұрпағы Қоқан хандығының уақытында Кенжеқожа Жәдігер Бек болып келіп, ел-жұртын жинап, үлкендермен ақылдасып, халықты нұрлы-сулы жер деп Сауса көліне, одан Айсаның арығы арқылы кіші Кіржуған, үлкен Кіржуғанға су әкеліп орналастырған, бау-бақша ектірген. Қол астындағы халық бай болған. Ел арасындағы ұры-қарыларды екі реттен ескерткен, көнбегендерін көпшіліктің үкімімен дарға астырған. Осындай игілікті істерді ұрпақтары жазып қалдырған. Өкінішке орай, кешегі уақытта өртеп жіберген.

  Захиддин Шайых (Тілеулі Ата) ұлы Сайд Бұрхани – Ибрахим Қауғани

Ибрахим Шайых жөнінде де аңыз-әңгімелер ел аузында сақталған. Соның бірі – ел азаматтары жауға қарсы шайқасқа кетіп, ауылда қатын-қалаш, бала-шаға ғана қалады. Шыңырау құдықтан су шығарудың өзі қиын болып қалады. Сонда бабамыз «Бисмила» деп Аллаға сыйынап, дұға қылғанда шыңырау түбіндегі су көтеріліп, егіске жөңкіле жөнелген. Лезде ауыл сыртында кішігірім көл пайда болады. Бірнеше күннен соң елге оралған жауынгерлер ауыл сыртындағы көлді көріп, айран-асыр қалған.

Екінші бір аңызда құрғақшылққа тап болып, шарасыз күй кешкенде шөліркеген қырға кереметімен су шығарып, диірмен орнатып, елді ашаршылықтан сақтаған деседі.

Негізінен бұл аңыз шын секілді. Өйткені, Ибрахим Қауғанидің қорымы жанындағы диірмен тастары  күні бүгінге дейін сақталған.

Сондай-ақ, жеті метрлік алып ағаш болған. Біреулер оны Бұхарада, Хиуада өсетін хандардың ағашы – «хандар ағашы» дейді. Бірақ қай ағаш болғанда да, ол 1984 жылға дейін тұрыпты. Өкінішке орай, сол жылдары әулиелердің басындағы жалауды, жалау байлаған ағаштарын өртеу басталған болатын. Ибрахим  Шайыхтың басындағы жалауы мен ағашы өртеніп кетті.

Енді Ысқақ бабтан тараған (Аққорғандық) қожалардың ішінен шыққан батырлар, шешендер мен билер жайлы айтайын.

Қожа Шайыхтан  Қылыш Қожа, Батыр Қожа,  Өзбек Қожа тараған. үшеуінің әке-шешесі бір болғанымен, үшеуі үш түрлі жолда өмір сүрді. Қылышқожаның бес баласы болған: Қыдырқожа, Жанқожа, Бабақожа, Құрбанқожа, Әбдікәрім қожа. Бұлардың ішінен ел билеген адамдар көп шыққан. Атап айтқанда,  Әбдіхалықұлы Әбутәліп, Әбдіраман ұлы Абай,  Әуезұлы Атабай. Батырлар – Қалқанды Әуез, Талқанды Әуез, Төлек батыр, Жақып батыр, Әбутәліпұлы  Әнуар батыр. Сондай-ақ, Дос атты шешеншыққан. Жанқожаның Ибадулла Мақсұмы көп адамға ұстаз, пір болған. Ата пірім деп көп халық қол берген. Бүгінде неемресі Бектөре Түркістанда тұрады.

Батырқожадан Нұрманқожа, Қалқожа, Ханқожа атты үш бала болған. Бір күні үлкен Кіржуған жағасында мал бағып жүрген Батыр бабаға кездескен Қызыр Ата: «Қолыңды жай, балам, не тілегің бар? Алладан медет, Пайғамбардан шапағат болса қабыл болар» дейді.

Сонда Батыр баба: «Маған, менің ұрпағыма ілім-білім беріңіз, байлығыңыздың керегі жоқ. Ілім мен білім берсеңіз мал да, жан да, абырой-атақ та болады, баба»дейді. «Қабыл болды, балам» деп Қызыр Ата ғайып болып кеткен.

Осы Батырқожаның Нұрманқожасынан – Бәйменқожа, Иманқожа, Дилманқожда, Пұлманқожалар тараған. Бәйменқожа 1839 жылы дүниеге келіп, 1928 жылы дүниеден қайтқан. Бәйменқожаның қол берген пірі – Қаусыл Ағзам екен. Оның бізге жетпеген аңыз-әңгімелері өте көп. Жеткендері, Алланың ықтиярымен ұлсызға ұл, қызсыздарға қыз берген. Оған Қаратаудың теріскей, күнгей беті мен Сырдарияның басынан Аралға дейінгі халық лек-легімен келеді екен.

Бәйменқоаж мен Аққорғандық Бекмұқанбет (Афуз, Асан, Үсен) Аққорғандық Үсен Шайық Нарынбет, дуанақожа Айқожа ишан, Қараша Абылай, Көкен батырлар қатар өмір сүрген. Бәйменқожадан Құлманқожа, Бегінбет (Бекмұхамбет) Шалапқожа, Айжан дүниеге келген.

Бегінбет Бұхардағы Көкілташ медресесінде 10 жыл оқыған , мешіт ұстап, бала оқытқан, шәкірттері көп болған.  Олардың ұрпақтары Ерназар, Бекназар, Сайфназар, Әсетуллалар. Бұлардың заамны басқаша болғандықтан көзге көріне аламады. Ата жолын көп қиыншылпен жүріп, Сайфназар Мақсым ұстай білді. Ол көп адамға пір болды. Жасырын түрде  бала оқытты, көп адамға ұстаз болды. Ол 1975 жылы шілде айында Жаңақорған ауданы «Түгіскен» совхозында дүниеден өтті. Намазға көп адамдар жиналған. Бір ғажабы,  мәйіті үйден  шығаратын күні үйдің айналасында сары шегіртке қаптап кетті. мәйіт шыққаннан кейін барлығы көтерліп, ұшып кетті. Адам басқаннан өлген шегірткені  көрмедік.  Ең соңғы кереметі осы болды.

Бәйменқожаұлы Шалапқожаның Күнсұлу, Тұсынхожа, Шәдігүл, Құттықожа атты перзенттері болды. 1920 жылдан 1937 жылға дейін халық қуғын-сүргін, ашаршылыққа ұшырап, соның салдарынан Аққорған елді мекені де тоз-тозы шықты, адамдардың көбі  аштан қырылды. Сол уақытта да Шалапхожа әулиелерді  аралап, жасырын түрде Сәдір Ата, Орын Қойлақы Ата, Үсен Шайық, Қара Шайық, Бұрхан Шайық, Исамайыл Шайық, Сейіт Бүкіш Ата, Захиддин Шайықтың (Тілеулі Ата) бейіттерін  аралап, бейсенбі-жұма күндері  Құран оқып, май сауыттарына сар май салып шырақ жаққан. Ол сонымен қатар 1941-1945 жылдар аралығанда соғысқа кеткен азаматтардың келетін-келмейтінін аралағында болжаған. Аман-есен келетінін 10 күн бұрын үйлеріне хабарлап отырған.

Шалапқожаұлы Тұрсынхожа өз заамнына сай Жаңақорған  ауданына 10 жылдан астам бас имам болып тұрды. Шалапхожаұлы Құққықожадан Мұзаффар, Әбсаттар, Қалмахан, Нұрлан туған. Мұзаффар – Құлқожа мен Әбсаттар бабаларының шырақшысы болып қызмет етіп отыр.

Бәймен 1928 жылы қайтыс болғаннан бастап жерленгенге дейін екі кептер  бірге болған. Табытты көтергенде үстінде отырған, жерлеп болған соң ұшып кеткен деседі. Осы жылы Сайфназар Мақсұм қудаланып, Түркістан қаласындағы түрмеге қамалған. Ақылқожаұлы Жүсіпқожа Мақсұмды шығарып, орына үш ай жатқан. Мақсұм түрмеден шыққан соң Ташкент облысы, Чиназ ауданы, Тельман колхозына барып орналасты. Жүсіпхожа Ақылқожаұлы да 1929 жылы осы жерге келеді. 1934 жылы наурызда Құрбан айттың жұма намазында дүниеден өтті. Жаназасын Қылауызқожа Шәмші қары оқыды.

Жүсіпқожаның да қасиеттері көп болатын. Соның бірі – бейсенбі күні үзілген ол, келесі күнге дейін мәйіт қолымен тәспі санап жатқан, тәспі аудару тоқтағанна кейін ғана оң жаққа жатқызылған. Келесі күні жерленген. Жерленген соң басында шырақ жанып тұрған. Мұның басы-қасында болып, бәрін көзімен көрген Шәмші қары мал сойып жетісін өткеріп, Құран оқытқан екен.

Мұсахан ӘБУТӘЛІПҰЛЫНЫҢ  «Ұлылардың ұрпақтары» деген кітабынан алынды.  

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button