Білген Шайыр айтады

«Үй басы болды белсенді» Майлықожаұлы Исабек ақынның өлеңі

Біссімілла деп бастайын.
Бір Алла сөз басын.
Раһім етіп қорғай көр,
Пенденің көріп көз жасын.
Тірі пенде теріп жер,
Шашылған нәсіп-олжасын.
Өтіп жатыр не күндер,
Қайсыбірін адам болжасын?!
Атасы бақпай балаға,
Қызы бақпай анаға,
Қорғауда әркім өз басын.
Алды-алдына тозды жұрт,
Ақырын құдай оңдасын.
Құлақ салып тыңдаңыз,
Қызыл тілім сайрасын.
Отан қылған ел едік,
Кең сала екі Келесті.
Қоңыр қаздай мамырлап,
Көңіл шіркін тең өсті.
Кешегі өткен кең дәуір,
Айтқанмен қайтып келмес-ті.
Түс көргендей қиялдан
Боп барады көмескі.
Бай менен жарлы бірдей боп,
Біреуге біреу теңесті.
Еңбекшіден ұйым боп,
Құрдық совет-кеңесті.
Жаңа тәртіп ашылды.
Ескі заң болып өрескі.
Бай, құлақтар сап болып,
Батырақ, кедей тап болып,
Тегісшілдік дәуірге
Көшкеніміз емес пе?
Екі Келес жағалай,
Жер еді қандай егіске?!
Жарастықты өмірге-ай!
Бедеу аттар байланып
Қазығын шайнап кемірді-ай.
Есігінде байлардың
Езіліп жүрген кедейдің
Ендігі жүгі жеңілді-ай.
Базарда жайнап тұрған мал
Айналды нарқы тегінге-ай,
Бай-манаптар қаңғырып,
Қарыздар болды кебінге-ай,
Кедейді адам деп пе еді,
Тұрғанда түспей демінде,
Аударылып кетті алды,
Қарадария теңізге.
Социалды дәуірге
Жеткендей болдық көңілде,
Кімнің бай, кімнің кедейін,
Түрінен ешкім біле алмас.
Бай-құлақты жой деген,
Көбейіп кетті ұрандас.
Езілген кедей көп еді,
Есігінде байлардың.
Еркінше дәуір сүре алмай,
Басын тартты панаға.
Бай жүзеге шыға алмай,
Иламенен кедейдің
Кеңсесіне кіре алмай,
Ыңырсыған мал еді
Айнала адыр шымалдай.
Бір малдың басын үшеу қып,
Пайдасыз қолдан шығармай.
Енді бәрін бәс берді,
Ойнаған карта құмардай.
Жүруші еді кедейге,
Заһар шашып жыландай.
Бай тәкаппар боп еді,
Берілген зауал бұғанда-ай.
Тегісшілдік дәуірге,
Қолымыз жеткен заман-ай.
Жібек киген қыз-қатын,
Туған айдай жамалы-ай.
Қоңыр салқын тербеліп,
Қыбыладан соққан шамал-ай,
Есеңгіреп ел кетті,
Бірін-бірі таба алмай.
Есіл-дерті ауқат боп,
Абыройын жаба алмай.
Жаратқанның ісінің,
Бола ма сірә жаманы-ай?!
Осы айтқанның бәрі де,
Өтірік емес көз көрді,
Өткінші дәуір өкінішті,
Басынан елдің өткерді.
Бай-құлақты жо деген,
Жоғарыдан сөз келді.
Тәкаппар, менмен көп еді,
Жазасын міне, тез берді.
Қайырсыз малдың қастығы,
Қарсы алдынан кез келді.
Сұлулап айтқан үгітке,
Құлақ салып, ел сенді.
Қалам-қағаз көбейіп,
Етек-жеңі өлшенді.
Бай-құлақ бәрі айдалып,
Орташаны еңсерді.
Ортадан іші теңселді,
Қолтығына мес байлап,
Үй басы болды белсенді.
Белсенді мен батырақ,
Ортаңнан құрды кеңсеңді.
Бас-басына жоспар сап,
Орында дейді өлсең де.
Атаны жаулап баласы,
Апатты дауыл тұра ма?
Жылда біз жайлап ел шетін,
Желкелеп Құдай ұрар ма?
Қыршаңқы қаптап ел ішін,
Қарық болдық қотыр шұбарға.
Біреуді-біреу көре алмай,
Араласты тұманға.
Жол-көшелер бәнт болды,
Шұбырған халық – шымалға.
Құры айқайға басуда,
Ұрынып жалаң ұранға.
Желөкпелер желпілдер,
Желігіп қызыл жалауға,
Сандалма кесел болып жұрт,
Мал басы түсті тонауға.
Қолы тимей кетті ақыр,
Жыртығын да жамауға.
Жаздай істеп, аш жүріп,
Қыс болса түсті қамауға.
Қабат сөйлеп қатындар
Белсенді болып өршіді.
Қатын-бала ортада,
Бір қосты мал мен еншіңді.
Тексергін деген қай жерде
Ұят пенен ерсіңді?
Қой дейтұғын кісі жоқ,
Шығарды оңшыл, солшылды.
Аппартүншіл біреуі,
Олардан гөрі жөншіл-ді.
Күнде шығын көбейіп,
Бөлшіл-бөлшіл –бөлшілді.
Береке берсін колхозға,
Бозторғайдай төлшілді.
Құлақ деп қамау бір күнде,
Қызметкерлер мен қойшыңды.
Ақыл, естен айырылып,
Біреуге біреу соқтықты.
Нормалап ауқат үнемдеп,
Көре алмадық тоқтықты.
Үтілсірия жинатты,
Ескі-құсқы, боқтықты.
Зәлөк, нәлөк көбейіп,
Пірөсенттеме көп шыты.
Аят-ұят тіпті жоқ,
Әкесін бала жеп шықты.
Жанашыр жан қалмады,
Жер астынан жік шықты.
Бүгін бірін тындырсақ,
Даяр тұрар бірі ертеңге.
Жалт қарасақ төніп тұр,
Белсенділер желкеңде.
Сыймаса да сыйса да,
Сал к…ді керсенге.
Қайдан тапсаң онан тап,
Қаратпаңыз ертеңге.
Берсең бүгін төрт теңге.
Бүгінгіні айта бер,
Ертеңгіні еш көрме.
Белсенді айтса зәкөнін,
Бұл қалай деп тексерме.
-Жайыңа қарап жүр, дейді –
Көзіңнің еті өскен бе?
Еркекпен еркің бірдей деп,
Қатынды салды кетпенге.
Қарауыл қойды жол тосқан,
Ары-бері өткенге.
Заңның жолы осы ма,
Бар ма әлде ырғасы?
Нақұрыс, тентек еркек пен
Құтырып кетті ұрғашы.
Үлкен-кіші демейді,
Бәрі тегіс құрдасы.
Колхоз бастық біргәдір –
Белсенділер пормасы.
Қатынна енді айтайын,
Құлақ салып тыңдашы.
Әттең-ай кербез келіндер,
Бұрынғы қайда тұлғасы?!
Барады ма екен бір еркек,
Орамалыңды бұлғашы.
Еркекпенен қойса жарысқа,
Бәйге алар озып ұрғашы.
Шұқылап шөпті өлтіру –
Ертелі-кешкі еңбегі.
Көзге түсер жұмыс жоқ,
Қуырмаш бидай, қара су.
Ыстық тамақ көрмеді.
Қаны қашып теңселер
Қураған шөптей жердегі.
Қатынына сен шап деп,
Қисайып жатар ерлері.
Қатыны да тұр-тұрлап,
Жата берме сен дейді.
Ауқатыңды істеп тап,
Меніменен тең дейді.
Бәле болдың басыма,
Жүрмісің дейді өлгелі.
Сөйтіп жүріп мақтаны,
Бір күні шығар тергелі.
Тергенменен жоспардың,
Үштен бірі өнбейді.
Бай-құлақ кесір қылды деп,
Белсенділер өңдейді.
Белсенділер жөнінде,
Тағы бір болды тамаша,
Солардан басқа қалмапты
Өкімет байқап қараса,
Мүжиін депті басыңды,
Сендердің Құдай қаласа.
Өздеріңді танытқын,
Дұшпанбысың, жаумысың,
Тамырыңды ұстайын,
Аурумысың, саумысың?
Екі аяқты хайуандар,
Істеп жүрсің кім үшін?
Сендер үшін оқылық,
Өкіметтің қаулысын.
Бұл жолдастар бір кезде,
Бөрік ал десе бас алды.
Момындар жылап жалынса,
Одан сайын қасарды.
Бітірген кәне жұмысың,
Үкіметке тура емес,
Істеп жүрген бұл ісің.
Шетіңнен тегіс жебірсің,
Елден жеген ырысын.
Жылпоссың деді бояма,
Әншнейін жүрген күн үшін.
Сендерге сый деп мінеки,
Он жылдан сот жасалды.
Біреуі айғақ, екеуі
Есітіп жатыр қасамды.
Қабатына алуда,
Талай момын нашарды,
Асыра сілтеу жасап сен,
Жүрмекшісің қашанғы?
Кімге қулық қылмақсың,
Тауыпсың аңқау осалды.
Тұтқын болды көп момын,
Кетпеннен басқа көрмеген.
Ала жаздай еңбекпен
Пешенесі терлеген.
Өліп-өшіп жүрсе де,
Нормасын тура бермеген.
Еңбекшінің қақын жеп,
Кедергі қылған сен деген,
Белсенді соққан қия дау
Алдынна шықты көлденең.
Не күрделі жұмыс жоқ,
Жоғарылап өрлеген.
Керек емес қу сөзің,
Бояма қу сенбісің,
Өз пайдасын көздеген?
Мына жерге кіріп жат,
Кетерсің алдап сөзбенен.
Сойылған мал, ұрланған
Сиыр, өгіз, аттарды,
Ақша, астық, қант пен шәй,
Түрлі бұйым заттарды.
Кім жазалы соған деп,
Өкімет елді ақтады.
Істемей ішіп, жатып жеп,
Табамыз деді сатынды.
Момындарды көрсетіп,
Белсенділер мақтанды.
Кінә жұрттан емес деп,
Бізбен жүріп кеңес деп,
Басқарманың мүшесін
Составымен алып барды.
Осылайша қылмасақ.
Қырылып бұл жұрт сап болды.
Ардомға түскен адамның,
Шықпаған шыбын жаны бар.
Ауру менен кеселдің
Түр-түрімен табылар.
Есеппен есік ашылып,
Мезгілімен жабылар.
Заһар қысып қинаса,
Дүжүрнилерге жалынар.
Масаша қаңғып, ыңқылдап,
Біреуге біреу қағылар.
Көкірегін шер басып,
Әжетке шықса далаға,
Тыныс сонда жадырар.
Артынан ойлап мұңаяр,
Әркімнің бірі-бір қамы бар.
Әзіргі нәсіп-ардомнан,
Тататұғын дәмі бар.
Еңірегенде есеп жоқ
Есіркесе не қылар?
Бағып жатыр пенде ғып,
Жазықсыз қанша халықты.
Киім кірлеп, қор болып
Бекерге халық торықты.
Көрсең денең суиды
Ашыққан мен арықты.
Ұнамас көңіл ауқатты
Өлшеммен берген қалыпты.
Ісіп кеткен адамдар
Кеселге түрлі шалдықты.
Жақсылық Алла жеткеріп,
Көрсек дейді жарықты.
Қаһарына пендесін
Шынымен Құдай алыпты.
Тірідей-ақ көрсетті
Жеті дозақ-тамұқты.
Еңіреген ерлер үнемсіз
Бір бұйда нанға зарықты.
Тұлымшағы сербиген
Жұлма шапан қатындар
Қолдарын жайып жылайды.
Оларда қайбір ақыл бар?
Қандай күнге қалдық деп
Таңдайлары тақылдар.
Жазалы болса, қатынның
Қамалуға қақы бар.
Дарбазадан сығалап,
Балаларын шақырар.
«Апа, саған келдім» деп,
«Жетімсіреп өлдім» деп,
Шешесіне жақындар.
Біз есіркеп қайтеміз
Өкімет өзі мақұлдар,
Әңгіме айтса даурығып,
«Сөйлегін балам, бәсең» деп.
«Жақсылық жетсе Құдайдан,
«Шығамыз аман-есен» деп.
«Сендер үшін тұтылдық,
Қарындарың ашар деп.
Тірі болсақ барармыз
Бола берме нашар» деп.
Құшақтайды баласын
Біраз мауқын басам деп.
Біледі екен бала да
Міне «қызық» және деп,
Қатынды айдап дүжүр жүр,
Бөгет болып арада.
Қалып қойды баласы,
Жылап-сықтап далада.
Кетеді екен қуанып,
«Жолықтым» деп анама.
Қамайды ішке анасын,
Ажыратып тірідей,
Бауырынан баласын.
Жылап-сықтап шығады,
Аллаға айтып наласын.
Еңіреген көздің жасына,
Есіркеп бергей панасын.
Бағылып жатқан пенде көп
Білмейміз ағын, қарасын.
Күнде бір сөз шығады
Қайсысына нанасың?!
Көре алмаймыз Құдайдың
Жарық жапан даласын,
Бір күн таппай қаласың.
Есіркеп Алла пендесін,
«Ер қолынан құс тоймас»,
Бұл қысымға алмасын.
Пендеден пенде күнелтіп
Бола алмас қайыр сапары.
Басқаның бәрі бейбаян,
Бір Алла өзі опалы.
Біз бір мұңлық пендеміз
Көңілі қайғы, қапалы.
Әр бейнеттің түбі рахат
Мүшкілдің болған аңсаны.
Біз көрмеген Құдая,
Көп екен тіпті көрімің.
Арабаға басады
Адамның сүйреп өлігін.
Күнделікті жатамыз
Өлімнің беріп телімін.
Аз ғана ауру бергей де
Құдайым ансан өлімін.
Қараңғылық басқа орнап,
Төбеге аштық төніп тұр.
Өлмеген соң жұмыр бас,
Бәріне де көніп тұр.
Азалы ардом өтен боп,
Ажалдылар өліп тұр.
Пешенеге пендесі
Жазылғанны көріп тұр.
Егем өзі сақтағай,
Көңіліміз неге сеніп тұр?
Саламат тәнді сау қылып,
Айналайын Құдая
Ел, ағайын, қауымға
Аман-есен жолықтыр!
Бұл өлең абақтыда жазылғанмен, ел арасына тез тарады. Өктем өкімет тудырған, оның ерке баласындай болған осы бір «белсенділер», әсіресе, 1920-1960 жылдар арасында елді ойрандап, өздері сайрандап жүргендерін көзімізбен көрдік. Өздері жартылай надан, ал, олардың қатыгездігінде шек болмайтын.

Мақала 1991 жылы жазылған, Әдіһам Шілтерханов,
Шығармалары ІІ том, зерттеулер мен мақалар. Шымкент: «Ордабасы» 2007 жыл

суретті түсірген Сұлтан Сейіт

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button