Білген Шайыр айтады

Мәделі қожа

(жалғасы)

Мәделіні қуаттап ақын Майлы,

Өлеңмен айтып кеткен біраз жайды.

«Соғыста жау жағына қалқа болған»,

Деп мақтаған қыпшақтан ер Мыңбайды.

 

Қоқан қорықты ұрысты көре-көре,

Әр кілтін қорғанының бере-бере,

Иханның бір ұрысында ерлік қылды,

Баласы Кенеханның Сыздық төре.

 

Хандығы Әлімқұлдың кие болды,

Сыздықтың сол ерлігі жүйе болды.

Орыс барып Ташкенді алар жылы,

Қайтқан баққа бес-алты ай ие болды.

 

Ибратта Ферғана тарихында,

Қарғыс айтқан қолбасшы Әлімқұлға.

Байұзақты жазықсыз сатқынсың деп,

Зеңбірекпен атқанға болмай риза.

 

«Оқ тиген дейді — Ибрат, Мыңбай датқа,

Сыр бермей ат үстінде жылжып артқа,

Қылышпен талай жауды шауып тастап,

Жеткен дер, молла Әлімқұл тұрған жаққа».

 

-Ей, Әлімқұл ұлық болдың кіші едің,

Атың шықты елеусіз кісі едің.

Қырылып мұсылмандар опат болған,

Алғыс айтар сенің бұл ісіңе кім?

 

Енді іс қолдан кетті алғын біліп,

Сағаттан соң кетемін мен де жүріп.

Саған бар айтатұғын насихатым,

Егер де құлағыңа алсаң ұғып.

 

Сен енді Әмірменен Бұхар барып,

Бірлесіп соғыс жаса дайындалып.

Жеңіске енді сірә жете алмайсың,

Орыстардай алмасаң қаруланып!

 

Мыңбайға молла Әлімқұл тура қарап:

Жан шырын да, қалыпсыз қорқыңқырап.

Айтқан сөзің құлаққа қона қоймас… –

деп, жауап берген екен тілін жанап.

 

Сонда оны Мыңбай датқа қатты сөгіп:

— Қалуыңша мұсылман қанын төгіп,

Мұратыңа жете ғой қу, залым! – деп,

Демі таусылып есіл ер кетіпті өліп.

 

Мың сегіз жүз сексен сегіз міллет жылда,

Ахмет Сұлтан Смирнов кітабында,

Заманда басқыншылық жазылған бұл,

Тарихи деректерді қостым жырға.

 

Қоқандық молла Әлімқұл – лашкар басы,

Ташкендік Нармад әкім – Парманашы.

Орысқа сатылдың деп зеңбірекпен,

Атылыпты алты бірдей ел ағасы:

 

Байзақ датқа, Мүһаммед, Ниязәлі би,

Темір-пансат, Исламқұл, Әбдуәлі би-

Жүз пайсалық зеңбірек оғыменен,

Күллі көкке ұшқан дер, шашылып ми.

 

Атабек датқа Құдайқұлбек көзін байлап,

Жіберген екен «Кетпентөбеге» айдап.

Жақыпбек әмір – Бұхар қашып кетіп,

Жызаққа әкім болып тұрған жайлап.

 

«Кемі жоқ Әлімқұлдың адамқордан,

Жамандық жаза берді ісі зордан.

Өз қарасын көбейткен Байұзақты,

Әлімқұл зеңбірекпен атты қолдан».

 

Деп жырлап айтып кеткен Майлы ақын,

Мәделіге Байұзақ жегжат – жақын.

Інісі Байтеректің қызын алған,

Еркелетіп Еркеайым қойған атын.

 

Мәделі Жақыпбекпен келісе алмай,

Билікті екеу ара бөлісе алмай,

Қайтадан Сыр бойына келген екен,

Бұхардан алған жер құт қоныс болмай.

 

Жайы бар Жақыпбектен көңілі қалған,

Қолдау таппай Бұхар әмірі Мұзаффардан.

Мәделі өзінің аз қолыменен,

Жызақтан көтеріліп кетіп қалған.

 

Бұл кезде молла Әлімқұл жанталасып,

Соғысуда орыстар мен қарсыласып.

Әулие-ата, Түркістан шығып қолдан,

Піспек пен Тоқпақты орыс алған басып.

 

Ташкентке қайтып келіп Мырзахмет,

Құсбегі сайланады екінші рет.

Әлімқұл Қоқан кетті айтып оған:

«Шымкенттің қабырғасын қой деп түзеп».

 

Мырзахмет – Қанай менен Атабайға,

Мәделіні тұт дейді қоймай жайға.

Шардараға Әлімқұл қолы келгенде,

Жайы бар Мәделі еткен қашуды айла.

 

Мәделі мен Майлының айтысында,

Нағашылы-жиен әзіл тартысында:

Әлімқұл мен Жақыпбек есімдерін,

Тіліне тиек еткен алып сынға.

 

Қысқаша сол айтыстың үзіндісін,

Келтіріп сөзім жалаң болмау үшін.

Ұсынып оқырманның назарына,

Жөн көрдім талдауға оның іші-тысын.

 

Мәделі: Шардарадан мен кеттім оймен қашып,

Кепелік дарбазаны бергенде ашып.

Жақыпбектен – көмек жоқ, өзіміз – аз,

Бүл істі парық қылмайды сендей жасық.

 

Майлы: Шардарадан сен кеттің оймен қашып,

Кепелік дарбазаны бергенде ашып.

Жүсіптің жаудан қашқан жері бар ма? –

Мен жасық боп туғанда сен де жасық.

 

Мәделі: Туғаннан мен атамнан зор боп тудым,

Сен атаңнан туғаннан қор боп тудың,

Атқа мініп даладан мал таппайсың,

Етің — жасық, сүйегің — бор боп тудың.

 

Майлы: Мен не қылып атамнан қор боп тудым,

Сен не қылып атаңнан зор боп тудың?

Азғана ауыл қожаны алты шауып

Зор болмадың қожаға, сор боп тудың.

 

Мінің деп Мәделінің бетіне басқан,

Әлімқұлдың қолынан сенің қашқан.

Майлыға айтқан Мәделі әр сөздері,

Салмақты аңлағанға ауыр тастан.

 

Зер салған сияқты сөз төркініне,

Үңілген боп тереңнің ең түбіне.

«Мәделі қожа, кім өзі?..» – деп кейбіреулер,

Шимайлап үн қағазды желпінуде.

 

Бұхар, Коқан, Хиуа мен қырғыз, қазақ,

Бас қосып басқыншымен қылмақ ғаззат.

Колдау таппай еш жерден ой-қиялы,

Жан дүниесі күйзеліп тартуда азап.

 

Алты алашты айтпай-ақ бірге түбі,

Ата-ата ыдырап ру жігі.

Байұзақ-Батырбек, Досалы-Қасымбектер,

Аямай қырқысуда бірін-бірі.

 

Ат төбелі сияқты елдің бірі,

Ішінен бой тіктеуге даулар ірі.

Ата-ата, ру-ру, жүз-жүз болып,

Жүз шайысып бірікпес дейді тірі.

 

Құдиярдан күш алған Қанай датқа,

Бұл кезде кетіп қырын қарайды артқа.

Қоқандықтар – қоқаңдап, әдетімен,

Оң көзін сала қоймас біздің жаққа.

 

Деп толғанған Мәделі Ахметпен,

Тіл табысу бағытын мақұл еткен.

Жөн бе дейді Ақбұлақ-Бадамдағы,

Сулы жерден жай алып ірге тепкен.

 

 

Жоқ әлде барсам ба деп Жарсуатқа,

Дарбаза мен Қосқұдық, Қойлық жаққа.

Жұт болса жұрт жұрдай боп қалатұғын,

Шөл, Сырдан жақсы-ау дейді Ақбұлақта.

 

Ақбұлақ – ата қоныс атам алған,

Сулары Мапық ата шырын балдан

Өлгенімде мені жақын қойсаң суы,

Екі есе көп болар деп айтқан болжам.

 

Ақбұлақ пен Бадамға ғашық болып,

Дүниеден атам да өтті тасып-толып.

Бұлақтың маңайына жерленбеді,

Топырағы Хиуаның нәсіп болып.

 

Қасиетті Ордабасы, Бадам жерін,

Ойы – саз, кең жайлаулы қырат белін,

Қоныс етсе жаман болмас деп ойлайды,

Көшіп қонған Сыр менен қырдағы елім.

 

Осы оймен Мәделі елге оралып,

Бойынан Мапық ата қоныс алып.

Ордабасы маңайын жайлау етіп,

Ірге тепкен деседі жайды салып.

 

Мәделі Бұхар асып, Жызақ тауда

Жүргенде дайындалып қарсы жауға.

Жаппастың саудагері ер Шойынға,

Жағдайын баяндайды күйген дауда.

 

Ағайын алшын-жаппас қызып қаны,

Жағдайына тап болған ашып жаны.

Жігіттерін ер Шойын жібереді,

Барымталап келтір деп болса малы.

 

Ер Шойын жігіттері Сырға барып,

Жылқыдан Жаппас айтқан бөліп алып,

Мәделінің Момын атты қарындасын,

Кеткен екен деп айтар олжаланып.

 

Айқасуға жауменен Арқадағы,

Жігіт ертіп жорықтан бар хабары,

Мәделі мен Кенжехан қолды бастап,

Еліне ер Шойынның аттанады.

 

Қаратау асып Саудакентке барып,

Барма деп көрген-білген іздеу салып.

Арқаның шүйгінді кең даласынан,

Қонған ауылын ер Шойын біледі анық.

 

Мәделі қолын екі топқа бөліп,

Бір тобыңа етем деп өзім иелік.

Бір тобын Уәлиханға тапсырады,

Қарымта қайтаруға беріп ерік.

 

Жылқыдан сендер елге айда деді

Паналау біз түрамыз сайда деді.

Ер ІІІойынның қолы қуып шыққан сәтте,

Тиісеміз жоқ жерден ойда деді.

 

Сендер кете беріңдер қарамастан,

Біз соғысып бағамыз аямастан,

Қуғыншылар қол үзіп кете алмастай,

Бетпе-бет айқас болар араласқан.

 

Ер Шойынның елінің жылқысынан,

Далада жайылып жатқан бір тұсынан.

Қайырып Уалихандар айдады елге,

Тұрарда ел-жұрт енді ұйқысынан.

 

«Жау шапты, жау шапты» деп салып аттан,

Дүрліккен айқай шығып ауыл жақтан.

Ер Шойын өзім бас боп жігіттерге,

Қуамыз деді жауды жараулы атпен.

 

Бір-бірін шабысуға дайындалып,

Айқасуға ат мініп қайым халық.

Жігіттері жиылып ер Шойынның,

Аттанды қаруларын қолына алып.

 

Сияқты алып қыран атқа қонған,

Еліне ерлігімен болған қорған.

Ер Шойын сайгүлігін сайлап мініп,

Қолды бастап келуде аумай жолдан.

 

Мәделі ер Шойынды күтіп тұрған,

Тиісті бүйірінен тұтқиылдан.

Кенжехан атой салып Ақтаңкермен,

Шығуда бір қиырға бір қиырдан.

 

Талайын найзаменен қағып өтіп,

Ат жалымен бауырында ойнап тетік.

Ат үстінен аударып қарсыласын,

Талайын құлатуда қуып жетіп.

 

Риза болып Кенжехан өнеріне,

Тұрғанда аздап тамашалап көре біле.

Оңтайына жақындап кеп қалғанда,

Қара саннан ер Шойын жіберді іле.

 

Ақ найза қара санға батып кеткен,

Суырылғанда қызыл қан атып кеткен.

Жараланған Кенжехан шеттеп жүрген,

Мәделі батыр жаққа келіп жеткен.

 

Мәделі көріп іні жарақатын,

Топқа ұрады Оқжетпес қызыл атын.

Бесеуді шаншып аттан түсіреді.

Жайратып бірінен соң бірін артын.

 

Мерт болған ер ІІІойынның жалғыз ұлы,

Сол жығылған бесеудің екен бірі.

Соңына түсіп қанша ұмтылса да,

Ер Шойын ала алмайды Мәделіні.

 

Оқжетпестің құйындай құйылуына,

Сай болып Мәделінің қимылына.

Ер Шойынды маңына жуытпастан,

Тап қылады қасіретті күйге мына.

 

Алшынның аты шулы Шойын ері,

Ісі алға баспастан кетіп кері.

Бауырымдап жылаған жұртты көріп,

Түсіпті аттан еңіреп босап көңілі.

 

Мәделі қаралы елдің біліп халін,

Соңына ертіп жора-жолдастарын.

Барымтаның қайтарып қарымтасын,

Еліне келген екен айдап малын.

 

Жеңілген ер ІІІойынның жігіттері,

Жауды ала алмай кесілген үміттері,

Шойынға бірі сауал берген екен,

Көзге ұрып кеткен батыр мүлт жері:

 

– Тұрғанда оқ-найзаңыз қолыңызда,

Жас батыр келген сәтте оңыңызға,

Қара саннан түйредің не себептен,

Қақ жүректен шанышпай сорымызға?

 

Мыңнан бір әйел табар ондай ерді,

Бір өзі қалың топқа тоқтау берді.

Жігітті мен өлімге қия алмадым,

Депті мінген сол бір ат Ақтаңкерді.

 

Каншама қусам-дағы Қызылатты,

Сияқты қызыл түлкі айла тапты.

Оңтайыма ұрымтал жуымауы,

Жаныма батып қатты қалжыратты.

 

Жаралы деген осы – жауды аяған,

Айырылдым екі ортада мен баладан

деп, Шойын көзінің сығып жасын

Мерт болған жалғыз ұлын аймалаған.

 

Он жылдай ұласып бұл даудың арты,

Ұлық алдында ұқсайды болған талқы.

Бұл даудан да уаж айтып құтылған дер,

Әділетке тіреліп сөздің арты.

 

Тәтендей датқаға айтқан өлеңінде,

Зер салатын жәйіттер бар тереңінде.

Жылымшыған жанжал мен жала даудан,

Алысқан жақсы екен жау дегенінде.

 

– Дарияның гауһар жатар арнасында,

Көпестер күйме жегер арбасына.

Датқеке құлақ салып тыңдасаңыз,

Ініңнің бес-алты ауыз арзасына.

 

Көрінбес бұл күндері көзім жастан,

Датқеке не қызықтар өтті бастан.

Жалғыз інім жаралы болғаннан соң,

Бесеуін қатар шанштым аямастан-

 

деп, Қанай датқаға айтқан арызында,

Талай мән бар сөзінің маңызында:

Сияқты ізі жатқан сол даулардың,

Созылған жылымшы боп бес-он жылға.

 

– Алшынды шаптың аралап,

Жолдасың олжа үлесті…

Найзада шерің тарқаған,

Шаншыста инің сүйініп.

Жиылған жаудың адамы,

«Бауырымдап” қалды жиылып.

Орыс жұрты алған соң,

Бұл істер қалды тиылып –

деп, батырдың ерлігін суреттеген,

Майлықожа сөзін жұрт құрметтеген

Сан жыл бойы сақталып халық аузында,

Біз пақыр жинап оны тірнектеген.

 

Мәделі қоныс теуіп Ақбұлақтан,

Қолдау тапқан Шымкенттік ұлық жақтан.

Бұл уақта Орыс Ташкент, Қоқанды алып,

Кез екен Бұхар, Хиуа иек артқан.

 

Кешікпей бұларды да басып алып,

Хан менен әміріне салық салып.

Жеңілгенін мойындап келісім жасап,

Орысқа тәуелді ел болғаны анық.

 

Қазақтың кең даласын қолына алып,

Шұрайлы сулы жерге егін салып.

Қоныстана бастады мекен етіп,

Шүйгінді шабындығын орыс алып.

 

«Барымта, атыс-шабыс адыра қалып,

Болыс-сайлау, би-сайлау белең алып,

Дегендер елу басы ел теңселтіп,

Әкім тілі байланған параланып.

 

Заман келіп құйқылжып құйындаған,

Мал жанын есепке алып шиырлаған.

Алым-салық көбейіп әр жыл сайын,

Өз дәулеті өзіне бұйырмаған.

 

Күн санап қоныс тарылып қиындаған,

Айтыс-тартыс, дау-дамай тиылмаған.

Ақ бөкендей адырда желіп жүрген,

Халыққа орнағандай қиын заман».

 

Деген оймен Мәделі мініп атқа,

Келісіп ұлықпенен Шымкент жақта.

Сыр менен Қырдағы елге аттанады,

Көшірігі келу үшін Ақбұлаққа.

 

Батырға малды-байлар бермей ырық,

Үйреніп қалғанбыз дер еркін жүріп.

Сыр менен қыр жақсы деп жұтасақ та,

Батыр сөзін тастайды кейін сырып.

 

Мәделі бұл жағдайға ашуланып,

Бопсылап көшірмек боп сарбаз алып.

Мылтықты орыс тобымен Сырға тартты,

Сайрамдық сарттан екі палуан алып.

 

Жанына ілесіп батырдың жігіттері,

Апай төс кілең атан жіліктері.

Көнбесе күштеп көшіріп әкелуде,

Бәрінің көңіліндегі үміттері.

 

Сыр елі бұл жағдайдан хабарланып,

Қарсы шықпақ болады даярланып

Қашақ батыр бас болып жәрдем бер деп,

Жаманқара барады қолқа салып.

 

Ағайын-жегжат едік қатар жатқан,

Мәделі деген шықты тәңір атқан.

Ағайынды енді ол шаппақ болды,

Қол жинап орыс пенен қазақ-сарттан.

 

Құлшығаш – іргелі ел құмда жатқан,

Бір жағы – құм, бір жағы – Сырда жатқан.

Бас болып Жаманқара, Қашақ батыр,

Жер-жерден қол жинайды салып аттан.

 

Қалың қол қарсы жүрді Дарбаза асып,

Аттанды Көкшымылдық белін басып,

«Бақа” атты жазықта Монтай таяу,

Кездеседі екі жақ қарсыласып.

 

Орыстың сарбаздары шығып қырға,

Екі жақ айқасына болып риза.

Тұрады тамашалап қыр басында,

Сүзісін көргендей боп екі құлжа.

 

Не қылсын бұларды орыс әскерлері,

«Билей бер, бөліп ал да» дәстүрлері.

Соғысын түздіктердің тамашалау —

Жаңылмас жан қалтада тәспілері.

 

Өлімге қия алмай бірін-бірі,

Сойылға жығылған көп жаны сірі.

Соққыдан соғыстағы мерт болады,

Сайрамнан келген палуан сарттың бірі.

 

«Бауырымдаған» екінші палуанға,

Кездеседі ер Қашақ келіп оңға.

Ат үстінен Қашақты жұлып алып,

Тақымдап палуан басты оң мен солға.

 

Тым шағын кісі екен Қашақ батыр,

Табатын табан асты айла-ақыл,

Ашу-ыза кернеген палуанның,

Көкпарша тақымына түсіпті ақыр.

 

«Әкең – мен!» деп қамшылап атын палуан,

Менен өнер көргін деп алуан-алуан?

Айқайлап топты аралап жургенінде,

Қашақ батыр қанжармен қарнын жарған.

 

 

Палуан аттан құлайды бөріше ұлып,

Қашақ атқа алады қарғып мініп.

«Мінеки, әкең-Қашақ – мен болам!» деп,

Айқайлап басады атқа қамшы ұрып.

 

Бір шеттен қайрат жасап Жаманқара,

Зікірге қылыш ұрады жақын бара.

Семсері шорт сынады белге тиген,

Зікір палуан бергенде шалқалана.

 

Япырмай, мына қожа не дейді деп,

Тұрғанда жасақтары көбейді кеп.

«Көптен қоян құтылмас» дегендей-ақ,

Талайлары байланды көгенге кегі.

 

Түскенде темір көген Мәделіге,

Зүнін жақын сыбайлас жатқан бірге,

Ботадай боздап дауысы шыққан екен:

«Осыма деп, күніміз сенген сізге!»

 

«Үніңді өшір, депті, итше ұлымай,

Пендесін сақтар өзі патша-құдай!

Ағайын ғой өлімге қия қоймас,

«Тілеген жаңбыр басқа еңбек» дер осындай»

 

Орыстар арашалап алған дейді,

Кепіл боп Зүнін үш жыл қалған дейді.

Ақбұлаққа көші-қон тоқтатылып,

Мәделі туысы тек барған дейді.

 

Ағайынды – жеңе алмады бетті көрер,

Қатынды – жеңе алмады етті көрер:

Қожалар екі палуан құнын төлеп,

«Жеңіліске Мәделі жетті» – дер ел.

 

Осы екен Мәделі бір сүрінген жер,

Өзіне-өзі жау боп бүлінген ел,

Іргелі ел бола алмай ой мен қырда,

Мәз болып мал бағумен жүрінген ел.

 

Жылдар өтіп барады замандар да,

Бұлбұл болып сайрайды жаман қарға.

Кей есек тұлпармын дер бағы жанған,

Әттең-ай амал бар ма, амал бар ма?

 

Туысым – бөлек, туғаным – бұл жерде аз,

«Тақсыр-тақсыр» дегенде боп жүрдік мәз.

Басыма қиыншылық іс түскенде,

Қасымнан табылмады көңілі саз.

 

Деп айтқан сөзі ұқсар осы тұста,

Қалдырған соңғы ұрпаққа етіп нұсқа.

Ақынның әділетті жақтайтұғын,

Лұғатты сөздері көп ұзын-қысқа:

 

«Есті болсаң – еліңнің қорғанысың»,

Деп айтқан Мәделінің толғанысын,

Өмірдің өзегінен суыртпақтап,

Дүниеден»опырмалы» алғаны шын.

 

Бір жан жоқ болыстыққа талас емес,

Көңілі бір-бірінен аласа емес.

Сөзі екен Мәделінің Аппазға айтқан,

Болыстыққа таласарда беріп кеңес.

 

«Көңілі ояу көкірегінде болса егер көз»,

Мәделі айтып кеткен лұғатты сөз.

Дәл бүгінде қуатын жоймағанын,

Оқығандар пайымдап аңлайды тез.

 

Келеді даналардың сөзі көсем,

Жұртты баурып алатын тілмен шешен.

Мәделі қазақ тілін шұбарламай,

Артық болмас жазғаннан тұңғыш десем.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button