Пазыл ишан
Құлболды ишанның үш ұлының кенжесі Пазыл ишан өз заманында ел ішінде өте беделді, үлкен ғұлама діндар санатында аталған кісі. Шешесі – найман руының қызы, есімі Тыныштық.
Пазыл ишан Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында өмір сүріп, сүйегі әкесінің жанына қойылған. Бұқардағы Мир-Араб медресесін бітіріп елге оралған соң ислам дінін, шариғат шарттарын уағыздап. Сонымен қатар емшілікпен де айналысқан. Ұрпағы жоқ мүсәпірлерге Алла-тағаладан бала тілеп, әруақ қонып қысылған жандарды оқып жазатын болған. Жалпы, Пазыл ишанға түрлі жақсы қасиеттер жеті жасында қонған, нағыз көреген болған деп айтылады. Сол себепті ол дүниеден өткен соң ел ішінде оны әулие санап кетіп оның басына әлі күнге дейін адамдар зиярат жасап келеді.
Бүгінгі күнге жеткен аңыз-әңгімелердің бірінде оны жас кезінде дұшпандары мойнына диірменнің домалақ тасын байлап суға батырып кетіп қалады. Сөйтсе ол бір уақытта көлдің бетіне қайта шығып, әлгі диірменның тасын қалтқы қылып жүзіп кете берген екен деп баяндалады.
Тағы бір әңгімеде оның атақты Абай ақынның ғашық болған қызы Тоғжанға қалай үйленгені баяндалады. Жалпы, Тоғжанның кіммен отау құрып, қай жерде қайтыс болғаны, тіпті моласының қайда тұрғаны жайлы бірлі-екілі қарама-қайшы деректер бар. Қалай болғанда, ел аузында сақталған ескі сөз болуы себепті Пазыл ишанға жар болған Тоғжан жайлы да әңгімені осында келтіре кетсек артық болмас. Ал анығын кейін тарихшылар біліп алар. Сонымен осы әңгімеге қысқаша тоқтап өтелік.
Тарихымыздан Арқа жақтың қазақтары Пайғамбар әулетіне ерекше ілтипатпен қарағаны баршаға мәлім. Бұған дәлел ретінде Құнанбай қажының Түркістаннан Мұхтар Әуезовтың аталарын арнайы шақыртып алғанын айтса, соның өзі жетіп жатыр. Сол секілді кезінде Пазыл ишанды атақты Шоң бидің ұрпағы болып келетін Самұрат (кейбір деректерде Салмұрат) деген өзі би, өзі шалқыған бай кісі де төңірегіндегі жұрттың сауатын ашуға, бала оқытуға шақырып әкетіп, жаңа қоныста барлық жағдайын жасап береді. Біраз жыл сол жақта халыққа қызмет етіп, көптің ықыласына ие болған соң, Пазыл ишан өзінің мақсатына жеткен соң туған еліне оралмақ болып Самұратқа осы ойын айтады. Би біздің елде қалсаңызшы деп біраз өтінгенім, ишан көнбей ұзақ жолға қамдануға кірісе бастайды. Сонда Самұрат би:
– Олай болса бізден рұқсат сізге. Өзіңізге дән ризамыз. Бірақ, сонда бір соңғы ұсынымыз бар, соны орындайсыз ба? – деп сұрайды.
– Орындаймын, ал айтыңыз би-еке, – дейді.
– Ендеше мен сіздің алдыңызға құр мал салып, дүние артып жібергім жоқ еді. Ойымда үйлендіріп, біздің жаққа жиі алаңдап жүретін күйеу етсем деп едім, – деп айтады Самұрат.
Тура бір өзіде осы бір ұсынысты іштей күткендей Пазыл ишан да сол жерде ағынан жарылып, өзінің көңілі бидің Тоғжан деген сұлу қызына түскенін жасырмастан, соны беруін өтінеді. Самұрат би сөзге келмей келісімін береді, бірақ, сонда да болса ишанды тағы сынап көрмек оймен өзінің шартын қояды. Сөйтіп келесі күні бір отаудың ішіне он екі қыз кіргізіп, үлде мен бүлдеге орап әдемі киіндіріп, киіз үйдің ішінде тері қаратып қатарынан отырғызып қояды да:
– Қожеке! Ал енді осы отырған тотылардың ішінен Тоғжанды тапсаңыз, жасауымен қосып ертең-ақ шығарып саламын, – дейді.
Пазыл ишан он екі қызды жағалай бір өтіп шығады да, ойланбастан бірден Тоғжан сұлуды білегінен ұстап әкесіне жетектеп апарады. Бұл кереметті көргендер таң-тамаша қалады, бірақ Самұрат бидің ағайындары оның шешіміне келіспей, «сен не есіңнен адастың ба, қайдағы бір қаңғыбас сартқа қызыңды беріп» деп қарсы шығады. Сол кезде Самұрат би:
– Қыз менікі, берсем Тоғжанды нәзірге бердім, Ақыретте иманымды жеңілдетер, – деп оларды тыңдамастан сүйікті қызын Пазыл ишанға қосып, жасауын тоғыз түйеге артып шығарып салады.
Тоғжаннан Пазыл ишан бірнеше перзент көргенімен барлығы кішкентай кезінде шетінеп қалып, тек Абзалхан деген ұлы 21 жасында Бұқар жақтан ілім-білім игеріп келген соң тіл-көзден қайтыс болып кеткен.
Пазыл ишан қайтыс болған соң Тоғжан оның бәйбішесінен туған балаларын бауырына басып, олардың өсіп-жетілуіне барын салады. Бірде ағайын арасында үлкен дау шығып қалады да, ушығып бара жатқан соң Тоғжан Перовский (Ақмешіт, Қызылорда) қаласына барып орыс ұлығының алдына барып орысша сөйлеп даушы дұрыс шешіп келеді. Содан кейін барып жұрт оның орысша жақсы білетінін, оқып-жаза алатынынан хабардар болыпты дейді. Тоғжан апаға қатысты мынадай бір әңгіме сақталған:
Қожа-молдаларды халық жауы санатына қосып айдап, қамап, қырып салған 1930-шы жылдары Пазыл ишанның Икрам атты ұлы абақтыға түсіп, көп ұзамай атылып кетеді. Көп кешікпей сол өңірде көкпар болады. Теке тақымына қысып алып кеткен балуан бұрыннан қалыптасқан салтқа сай олжасын Пазыл ишанның ауласына әкелім тастап кетеді. Бұдан хабардар болған раис (колхоз басшысы, председатель) бірден атына қонып шауып келіп «бұл не сұмдық, халық жауының үйіне көкпар тастағаны не иттік?!» деп көкпарды қайтарыңдар деп талап етеді. Бұл сөзін Пазыл ишанның ұрпақтары құлағына алмай отыра береді. Сонда Тоғжан өзі барып текені раистің алдына өңгеріп беріп, қайта үйге кіріп кетеді. Мәз болған раис атының басын бұрып масайрап қайтып кетеді. Содан бір уақытта ескі қорымның жанынан өтіп бара жатқанында иығындағы мылтығы өзінен-өзі атылып кетіп атының аяғын жаралайды. Ат артқы аяқтарына тік тұрып, орғып кеткенінде раис жерге домалап түсіп аяғы сынып, жатып қалады. Сол мезет өзінің не ағаттық істегенін түсінген ол сабасына түсіп «Иа, Алла! Уа, Құлболды, Пазыл әулиелер, кешіре гөріңдер, жаздым, жаңылдым!» деп бетін құбылаға бұрып жалбарына бастайды. Сол уақиғадан кейін раис Пазыл ишанның ұрпақтарына шүйліккенін кілт тиып, қолынан келгенінше жәрдем беріп жүреді.
Тоғжан 1859 жылы туылып жүзге қараған шағында, 1958 жылы қайтыс болған.
Пазыл ишан ұрпақтарының ішінде Әбдіхалық ерекше білімді болған дейді. Қажылық парызын орында қайтар жолда Қара теңізбен жүзіп келе жатқанында кеме үстінде қайтыс болады. Оны теңізшілер салтына сай кебінге орап суға тастап жібереді. Бірақ, мүрде батып келмей кеменің соңына қалқып жүзіп отырады. Мұны байқаған сапарластары оның тегін адам болмағанын түсініп кеме егесін көндіріп Әбдіхалықты жағаға шығарып жерлейді. Елге оралған соң сол адамдардың бірі Пазыл әулетіне барып Әбдіхалықтың қалай бақилық болғанын, қолындағы Әзіреті Әли ұрпақтарының шежіресі мен басқа заттарды жанына қойып көмгендерін айтып береді. Құлболды ишанның әулеті елді жинап, ас беріп, Әбдіхалық қажыға құран шығартады. Содан соң Сейітқазы мен Сейітнесіп деген екі азаматты ағаларының жатқан жеріне барып, бетіне туған жердің бір уыс топырағын салып, басына белгі қойып, сол маңдағы елді жиып құдайы тамақ беріп, Меккеден алып келе жатқан көмілген шежіре мен заттарын алып келуге жұмсайды. Бірнеше айдан кейін Сейітқазы мен Сейітнесіп барлық тапсырыстарды абыроймен орындап елге оралады. Олар алып келген шежіре сырты жұп-жұқа матамен қапталған көгілдір жібекке алтын жалатылған әріптермен жазылған насаб-нама болып шығады. Қазіргі күні бұл шежіре Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.
Жоғарыда аты аталған, қызыл қырғын кезінде атылып кеткен Икрам қожаға қатысты бір сирек мәлімет сақталған. 1937 жылы үкімет қожа-молда, ишандарды тап жауы деп жариялап қыспаққа ала бастағанда бір бәленің боларын сезгеіндей ол атасы Құлболды мен әкесі Пазыл ишандардың кітаптарын көрсетпей ескі қорымға апарып, көзден тасалау жерге тыға бастайды. Ең соңғыларын апарып келген түні оның өзін тұтқындап алып кеткен екен.
1990 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих-археология және этнография институтының ғылыми қызметкері Пернеәлі Қаратаевтың бастамасымен арнайы экспедиция ұйымдастырылып, бірнеше ғалым іссапармен Қызылорда облысына барып Сырдария ауданы, Жамбыл совхозы орталығынан екі шақырым жердегі Құлболды ишанның мазарын бетке алып келеді. Оларға ишанның алтыншы ұрпағы Қамардин Рүстемов жол көрсетіп, бабаларынан қалған бір сандық кітаптың жатқан жерін тауып береді. Бір өкініштісі, араб, парсы әріптерімен жазылған кітаптардың біразының мұқабалары, бірталай беттері желге жыртылып, күннің көзі желініп, ылғалданып тозып кеткен екен. Кітаптардың дені Бұқар, Ташкент, Қазан қалаларында басылған діни кітаптар мен қисса-дастандар болғанымен, арасында бірнеше тарихи құжат бар болып шығады. Солардың бірінде 1864 жылы сол төңіректегі ауылдарға шабуыл жасаған Қоқан бектерінің 300 атты әскеріне қарсы шайқаста асқан ерлік көрсеткен қожа Ибраһим Құлтанаевқа қылыш сыйға берілгені жөнінде Самара-Орынбор генерал-губернаторының қол қойған куәлігі екен де, екіншісі 3 түрлі мөр басылған 20 шақты адам қол қойған арап әріптерімен жазылған бір маңызды құжат болып шығыпты («Сырдария» газеті /нөмері белгісіз/ және «Алматы ақшамы», 1990 жыл, 4 желтоқсан).
Сөз соңына Пазыл ишан туралы сақталған тағы бір әңгімені беріп кетсек артық болмас.
Бір кісі тірісінде бір пендеге пайдасы тимеген, жұртқа тек жаманшылық жасап, бар істегені ұрлық-қарлық, арбау-алдау секілді әрекеттер, кедей-кепшікке бар көрсеткені зорлық-зомбылық, тонап-қанаумен жасаумен байып қайтыс болады. Оның мүрдесін ауқатты ұл-қыздары әкеміздің күнәлері жеңілдер деп Құлболды ишанның дәл жанына қояды. Пазыл ишан дүниеден озған күні Қостанай жақта жасайтын Қара дуана деген бір кісінің түсіне кіріп «Сен маған кел, қасымда біреу маза бермей жатыр, соның сүйегін шығарып таста» дейді.
Содан Қара дуана Сыр бойына келіп Құлболды ишанның мазарына барып әлгі ұры кісінің көрін қазып, сүйектерін қапқа салып арқалап алып, алыс жаққа апарып көміп тастайды. Соны істеп демалып жатса оған тағы да Пазыл ишан «Сүйегі тиген топырақты да аласта» деген аян береді.
Қара дуана күндіз қазып үйіп, түнгі салқынмен алыс жерге тасып біткен жаны жай тауып, еліне қайтып кетеді. Сол жұмыстарды атқарып жатқанында Пазыл ишанның келіні Жәмила оған тіл қатып, бірнеме сұрауға бата алмапты. Тек ол үйден шығып кеткен соң артынан ілесіп шықса, Қара дуана жерден көтеріліп желдей есіп кете барыпты дейді.
Дайындаған Ералы Оспанұлы