Алтай ишан
Жиырмасыншы ғасырдың басына дейін бұрынғы Қазалы уезінде (Сыр бойында) ондаған мешіттер жұмыс істеген. Олардың көбісін салдырған және оқу ордасына айналдырған ишандар еді. Ишандар елде беделді рухани көсем болуымен қатар, халыққа діни білім берген. Сыр ишандарының ішіндегі өте ұлағатты-лауазымдылардың бірі – халифа Алтай ишан. Ол 1856 жылы қазіргі Қазалы ауданы Үрмаш Түктібаев ауылында туып, өмірінің 25-30 жылын Қарақалпақстанда оқумен өткізген. Кейін туған жеріне қайта оралып, Айтбай деген елді мекенде мешіт салып, өмірлік орын тепкен. Алтай ишан ел аузында ғұлама әулие атанған. Оның негізінде – ишанның Әзірет (хазірет) атанған ұстазынан алған терең білімділігі, шатырхат,ишан, халифа сияқты алған атақтары бар. Тағы да тірлігінде өте қарапайым өмір кешіп, Сыр бойында Қарақұм Әзіретінің діни мұрасын жалғастырушы ретінде қызмет етуі де жатқан болар.
Мына мәлімет Қарлыбаев Мақсаттың «Медресе в Каракалпакский ХІХ-начала ХХ веков) және автордың өзімен тікелей тілдесу арқылы алынды. «ХІХ ғасырдың басында Қарақалпақстанда екі діни орталық ашылған «Тас» және «Қарақұм» медреселері. Қарақұм медресесінің іргесін Құтылы Хожа ишан қалаған. Оның ұрпақтары ишанның мұрағатын ХХ ғасырдың басына дейін жалғастырып, медресені үлкен діни орталыққа айналдырған.
Медресе өте көлемді, мешіт пен өте бай кітапханасы болған. Құтылы Хожадан бес баласы өрбіген. Бәрі ишан атанған. Алтай ишан – оның тұңғыш баласы Сражаддин ишанда оқып, тәлім-тәрбие алып, үздік шәкірті атанған. Медресені бітіріп, сонда ғылыми мұқадарис-ғалым ретінде қызмет атқарғаннан кейін, Әзіреттен шатырхат алып, ишан атағы беріледі. Кейін, еліне келіп мешіт салдырып, бала оқытады. Уақыт өте келе Әзіретке қайта оралып, сол діни орталықта үш жыл қызмет істейді. Қызметіне риза болған Сражаддин Алтайға халифа деген дәреже беріп, қолына мөр тапсырып, туған жеріне барып халифалық-өкілеттік қызметті орындауға жолдайды. Алтай ишанның мөрінде мынадай жазу бар: «Халифа Алтай ибн Абдоллах.1323» Осы жерде айта кететін бір жай мөрдің көшірмесін тасқа ойып түсіріп, Алтай ишан қорымының басына 2002 жылы ескерткіш қойылды.Ишан еліне қайтқанда Қарақалпақстаннан мың қаралы кітап әкеліп, өзінің мешітінен кітапхана ашқан. Кітапханасында араб тілінде шыққан туындылардан басқа шағатай (ескі түркі) тілінде жазылған кітаптар және өзінің қолжазбалары сақталған.
Халифа Алтай ишан Қарақұмдағы Әзіреттің жіберген орынбасары ретінде, елде атқарған кейбір қызметтеріне тоқтайық. (Мұзарттың айтуы бойынша): Ишанның мешіті Сырбойындағы атақты, абзал мешіттердің бірі болған. Бұл мешітке Қыр елінің (Шалқар-Ырғыз) балалары келіп оқыған. Көптеген молдалар осы мешітке білімдерін жағастырып, жетілдіріп, ишаннан айқын (ахунд-ұстаз) деген атақ алып, өз жерінде мешіттер салдырып, бала оқытқан.
Олардың ішінен Атанияз ақын, қаракесек Алғазы ақын, Үсен Жарас ақын, Көбек Нияз ақын, төртқара Мәмбетәлі ақын білім алып, өсіп шыққан. Бұлардың ішінде Алғазы Алтай ишанның мәзіні-муаззині, азаншысы әрі өмірлік шырақшысы болған. Ишанның мешіті ислам ғылымын талдаудың, суфизмді (Орта Азиядағы ғылыми ағым) уағыздаудың және шариғат заңынан туған пікір-таластарын шешудің орталығы болған.
Бұрындары Сыр ишандары Қарақұмдағы Әзіретке барып «Қол тапсырып» тұрады екен. Осыған байланысты Орымбет ишанның баласы Бейімбет мақсымның маған 1939 жылы айтқан әңгімесі әлі есімде. Ол кезде мен оның Пақырадинмен бірге оқушы едім. «Сен білесің бе атаңның кім екенін» деді де, «сырдың ишандары Әзіретке кезекті барғанында, ол енді маған келмей-ақ қойыңдар, өздеріңдегі халифа Алтайға барыңдар» депті. Бұлай айтуы – Алтай ишан менің ол жақтағы ізбасарым дегені екен. Сол кезден бастап оған басқа ишандар келе бастаған.
Бір мысал «Мұзарттың айуы бойынша: Сыр бойының ишандары мен Қырдың ишандары арасында айтыс туады. Мәселе шешілмейді. Себебі мынада: «Өліктің жаназасы кезінде Сырдың ишандары сойылған малдың етін жейді. Ал Қырдың ишандары жемейді екен. шариғат жағынан бір шешімге келе алмайды. Сонда біреулері бұл мәселені шешу үшін Алтай ишанға жүгінейік депті. Екі жақтың өкілдері Алтай ишанға келіп пікір-таластың мән-жайын білдіреді. Сонда, Алтай ишан: «Төрелік айтуға мен сіздерден білімді емеспін, бәріңде ишансыңдар. Бірақ осы сұраққа Әзіреттің айтқан жауабын айтайын» депті. Ол «мен дүниеден қайтқаннан кейін бір жұмаға дейін майды ағызыңдар» депті. Олай дегені малдарыңды соя беріңдер дегені болса керек. Осы кездесуден кейін Қырдың ишандары жаназаға сойылған малдың етін жейтін болыпты. Міне, осындай жағдайда халифа мәселені шешіп, мөрімен бекітеді екен.
Әулиенің қасиеттері туралы көп мысалдар бар. Ишан келетін қонақтарды күні бұрын біліп отырған. Өзіне қызмет етеін келініне: «балаларға айт, ертең қонақтар келеді, соған дайындалсын» дейді екен. Айтқандары-айтқандай тура келіп отырған. Ишанның кіші немересі (Балымша Ідиева) 1957 жылы бірнеше күн толғатып босана алмапты. Сонда бір ағайындарда жасырын сақталған атамыздың аса таяғын әкеліп, немере-қызының жанына қойғаннан кейін, көп ұзамай бала шыр етіп дүниеге келіпті.
Мешіттің болашағын сезгендей, ишан өзінің көзі тірі кезінде (1923-1924ж) мектепті жауып, оқып жатқан шәкірттерін таратып, мешіттің тағдырын өзінің ізбасары Алғазы ақынға тапсырып, 1927 жылы өмірден озады.
Әулие, ғұлама деген атақтарды, мақтау сөздерді ишан тірі кезінде ешкімге айқызбаған. Ол өте қарапайым тіршілік кешкен, өзі туралы асырып айтқанды жақтырмаған. Оның әулиелік қасиеті өзі қайтыс болғаннан кейін таныла бастаған. Оған мысал ретінде келіні мен Мұзарттың айуы бойынша Алтай ишанды жерлеуге бүкіл Сыр бойының ишандары келген. Жиналған халықтың көптігінен табытты көтерушілер жүре алмаған. Сондықтан билер халықты мешіттен қорымға дейін (400м) қарама-қарсы екі сапқа тұрғызған. Табытты көтерушілер екі саптың ортасымен жүргенде саптағылар табытқа қолын тигізіп қалған. Айта кетері, Ишан дүниеден қайтар алдында басына мұнара, сахна т.б салмаңдар деп өсиет етіпті. Сондықтан басына белгі салынбаған. Тек қана көпшіліктің ұйғаруы бойынша, оның қабірінің жанына екі бөлмелі зиратхана тұрғызылған. Содан бастап, ұжымдастыруға дейін (1931-1932) ишанның басына зиярат етушілер толастамаған. Ишанның өмірлік шырақшысы Нияз ақынды мен 1948 жылы Алматыға оқуға жүрерде, атамның басына барғанда көрдім. Ол кісінің сол кезде елсіз, сусыз, қу далада бір өзі жеркепеде, Ишанның рухы үшін қалған өмірін сол жерде өткізгені таңғаларлық емес пе?!
Ишанның киелілігінен бірер сөз. 1931-1932 жылдары ұжымдасу кезінде, елдің белсенділері ишанның мешітін бұзып, ішіндегі заттарды тонаған. Ондағы кілем-киіздері мен жайнамаз тағы басқаларын өзіміздің ауылдың бес адамы талаған еді. Олардың аты-жөні белгілі. Бұларға бүкіл халық қарғыстарын жаудырған. Солардың бесеуі де біріне кейін бірі түрлі ауруға ұшырап (алапес, мешел болған, жынұрып кеткен) қысқа мерзімде ұрпақсыз қорлықпен өлген.
Төлеген Елемесовтің 1980 жылдары көргені мен айтқаны бойынша бір тракторшы Алтай ишанның мешітінің қабырғасын қалаған кірпішін алып, тракторына тиеп алып қайтпақшы болғанда көлігі от алмапты. Оны жүргізе алмай, келесі күні тиісті мамандарға көрсетеді. Олар да трактордың «көнбегеніне» көзі жеткеннен кейін, тек қана бөлшектеп алып, қаңқасын қалдырып кетуге мәжбүр болған.
Алтай ишан сияқты халықты білімге, мәдениетке шақырған және елдің рухани ұйытқысы атанған ишандар Сыр бойында көп болған. Халыққа қызмет етіп, ел жадынан өшпеген. Олар өз заманының бекзат зиялылары.
Смағұл ӘНИЯТОВ, Алтай ишанның немересі