Бақсайыс қожа
Бақсайыс қожа Дешті қыпшақ даласына ислам дінін тарату үшін келген қожалардың Ысқақ бабтың ұрпағы. Бақсайыс қожа 14-15 ғасырда өмір сүрген. Бақсайыстың шыққан тегі Араб халифатының төртінші халифі – Әзірет Әліге барып тіреледі. Бақсайыстың кесенесі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Байкенже елді мекенінен 10 шақырым жерде орналасқан. Бақсайыс қожа 12 атаға бөлінеді. Бақсайыс деген – бабамыздың лақап аты, азан шақырып қойған аты – Сейіт Камалиддин шайық. Өзбек ханның тұсында Бақсайыс Дешті қыпшақ даласының бас имамы болып сайланған. Бақсайыс қожа сопылық ілімнің аса көрнекті өкілдерінің бірі. Хақназар ханның тұсында қол бастап жекпе-жек сайысқа көп түсіп мерейі үстем шыққан. Сайыста басына бақ қонған адам болғандықтан Бақсайыс атанған. Бақсайыс қожа ақсақ Темірдің кеңесшісі, уәзірі, әулиелі пірі болған. Бақсайыс қожаның ұрпақтарының негізгі көпшілігі оңтүстік Қазақстан облысында тұрып жатыр. Себебі Ысқақ бабтың мекені және Бақсайыс әулетінің байырғы отаны осы облыстың Шаян елді мекенінде болған. Қызылорда облысында, Өзбекстанда, Самарқанның маңында біраз Бақсайыс ағайындар бар. Ақтөбе өңірінде де Бақсайыс қожалар бар. Ақтөбе облысындағы Қарабұтақ – Қостанай жолында Қарабұтақтан 33 км жерде Ырғыз өзеніне құятын Бақсайыс атындағы өзен бар. Өзеннің бойында Аралтөбе (бұрынғы атауы Қызылжұлдыз совхозы) деген елді мекен бар. Аралтөбеден 5 км жерде биік төбенің басында Бақсайыс қожаның жерленген жері бар. Аңыз бойынша Бақсайыс бабамыз сол жерден өтіп бара жатып қатты ауырып дүниеден өткен екен. Қасындағы жолсеріктері бабамызды жерлеп сол жерге аялдап түнейді. Жолаушылар таң атып тұрған кезінде қабірдің ашылып қалғанын көріп таң қалады. Олар не істерін білмей тұрғанда бабамыз аян береді. «Алаңдамаңдар мені түнде қарабурам келіп елге алып кетті» – депті. Кейінірек төбенің басына сол жердің діндар ишаны «әулиенің жерленген қасиетті жері» – деп тастан қалап үлкен мешіт салдырған екен. Сондай-ақ Бақсайыстың бір ұрпағы Сарғалдақ қожа атындағы өзен Шыңғыстауда Қоңыр әулиенің маңында болса, баласы Жәмші қожаның атында да өзен бар. Демек Бақсайыс қожаның ұрпақтары Қазақстанның барлық аймақтарында бар. Тағы бір аңызда Қорасан қожаның бір әулие ұрпағы таң намазын Меккеге барып оқып келеді екен. Оны білген Бақсайыс бауырына «мені де ала кетіңіз» – деп өтінеді. «Мақұл ертең есіктің алдына түйемен келемін артымда мінгес, бірақ мен аш деп айтқанша көзіңді ашпайсың» – дейді. Бір кезде Бақсайыс қожа қайда келе жатыр екенмін деп көзін ашқанда түйеден сырғып жоғарғыдан бір үлкен қалаға түсіпті. Сол елдің қазынасына ұры түсіп, соны іздеп жатыр екен. Бақсайысты ұстап патшаға алып барады. Мән жайды білгесін патша «егер пірің қуатты болса көрейік қайтарда не істерін» – деп, үлкен ағашқа байлап қояды. Қорасан қожа ағашты түбімен қопарып жұлып алып кетеді. Ағаштың тамырынан топырақтары әр жерге шашылып қалады. Сонда бауыры Бақсайыс қожаға «бекер болды көзіңді ашпа деп едім, қанша бейнетке қалдың осы шашылған топырақ сияқты ұрпақтарың әр жерге кететін болды» – деген екен.
Жинақтаған Орынбасар қожа.