Құлжан Әулиенің кереметтері
«Шашанбай деген болыс Бұхараға барып мешіт ұстауға, бала оқытуға қажет молда сұрапты. Сонда ұстазы бір жас жігітті көрсеткенде Шашанбай: «Мынау жас бала ғой, басқасын берсең қайтеді» десе керек. Ұстаз: «Рахатты түбі осы баладан көресіңдер» депті.
Шашанбай баланы алып келе жатқаңда алдарынан киік қашады. Шашанбай: «Қожаны әулие, әулие дейді. Әулиелігіңді көрейін, ана қашып бара жатқан ақ бөкенді тоқтатшы» дейді.
-Мен оны тоқтатуын тоқтатамын. Әулиелік қасиет қашып, жеті атаға дейін қонбайтын болады,- дейді бала.
-Одан қайта қолымнан келмейді десейші,-дейді болыс кекеп.Үлкен кісі қолқалап болмаған соң Құлжан қожа киікті дұға оқып тоқтатады. Бұлар барса киіктің емшегінен сүт ағып тұрыпты. Шашанбай аяп кетіп, босатуын сұраған екен.
***
Құлжан бабамыз мешіт ұстап, бала оқытып, елге әулиелігімен аты шығыпты. Көріпкелдік қасиетіне тәнті болғасын балаға «Үйрек», «Қарабидайық», «Сұлы», «Мұрат» деген шұрайлы жерлерді береді.Қырық үй қожа сол жерде тұрыпты.
Құлжекеңнің адам айтса нанғысыз істері көп-ақ. 1960 жылдары Ілияс деген кісіден төмендегі әңгімелерді естіп едім. Ол аталарынан естіген екен.
«Менің балам болмады. Содан әйелім екеуміз «Үйректегі» Маман қожаның басына түнеп, бала тіледік. Түсімде аян берді. «Екі ұл берем, біреуінің атын – Айтуар, екіншісінің атын – Күнтуар қой» деді. Айтқандай-ақ екі бала туылды. Сол екі бала қазір Байқадам шаруашылығында тұрады…» деген-ді.
* * *
«Болыс Шашанбайдың Рахмет деген баласы қатал, кедейлерге жайсыз болыпты. Оның қысымына шыдай алмаған кедей қауым өлтірмекші болып, жолын аңдиды. Бұл хабарды Рахметте естіп,таң алдында жолға шығады. Аңдып жүргендер «Рахмет өтіп кетті»деген хабарды естісімен жарау аттарымен қуа жөнеледі. Бір-екіқара Рахметке жетуге таянады. Әбден жаны қысылған ол: «Уа,Құлжан бабам, өзің жебей көр!» деп сыйынады. Сол-ақ екен атының шабысы үдей түсіпті. «Осыдан аман-сау құтылсам, астымдағы тұлпарымды сыйға тартармын-ау!» деп ойлайды.
Қуғыншыларға жеткізбей кеткен ол елге келген соң «Мен сыйынғаннан дейсің бе, құтылып кеткенім атымның жүйріктігінен болар…» деп ойлайды.
Сонда да бір құнанды жетегіне алып, Құлжанға келіпті. Сонда көріпкел. «Әй, Рахмет, сенің құлындаған даусыңды естіп атыңның шылбырынан тартқан жоқпын ба? Қарашы, мінеки» деп, иығын көрсетіпті. Құлжекеңнің иығынан қан шығып тұр екен… Мұны көрген Рахмет: «Мынау тұлпар да сенікі» деп астындағы атын да түсіп беріп кетіпті.
* * *
Құлжекең бірде үш қойды матап, алдына салып айдап келе жатса керек. Сөйтсе, бір аш қасқыр қойларды қуа жөнеліпті. Намазын оқып болып орнынан тұрған ол: «Обал болды-ау, обал болды-ау!» деген екен. Қойды айдап келе жатқан серігінің зәресі ұшып «енді не істейміз, қойдан айрылып қалдық қой» деп, шыр-пыры шығыпты. Әулие жаңағы сөзін қайталапты. Келесі қырға шыққанда қасқырдың қойларға қарап жан-жағына алақтап тұрғанын көріпті. Барса, қасқырдың аузы қарысып қалған екен.
* * *
Ол кез жаугершілік заман ғой. Шашанбай ауылының жылқысын ұрылар айдап кетеді. Жұрт шулап қожаға келеді. Құлжан кітабын парақтап оқып отырып: «Жылқы ауылға келе жатыр, жауша қарсы алмаңдар, бұл көрші ауылдың жігіттері екен. Бір ту биені сойып, қонағасын беріп аттандырыңдар» депті. «Е, Қожеке, ондай күн туа қалса сіздің айтқандарыңызды істейміз» деседі көпшілік.
Келесі күні қалың жылқы шұрқырасып ауылға құлайды. Ұрылар аттанарында: «Жылқыны айдап бара жатқанында орта жолда қалың тұман болып, осы ауылға екі рет оралдық. Үшіншіде екі жолбарыс жолда жатып алды…» депті.
* * *
Алатаудың биік сілемдерімен келе жатқанда бір түйе таудан құлауға шақ қалады. Кірешілер «Уа, Құлжа баба қолдай көр» деп шулап қоя беріпті. Түйе құламай, қайта орнына келеді. Ауылға келгесін болған жайды әулиеге айтыпты. Сонда Құлжан:-«Сендердің дауыстарыңды естіп, кеудеммен тіреген жоқпын ба,қараңдаршы» деп кеудесін көрсетіпті. Кеудесіне түйе табанының ізі түсіп қалған екен… депті.
Еренғайып ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
(Құрбан Смағұлының жазған шежіресінен алынды)