Неге Қожа Ахмет Иасауи Түркістанды таңдады?
Қожа Ахмет қазіргі Сайрамда ол кезде «Мадинат ал Байда» дүниеге келді. Сайрам ислам топырағына жататын рибат функциясын атқаратын гарнизон болатын. Рибат деген исламның шекара аймағын білдіреді. Қожа Ахмет Түркістанға ол кезде Иасы жеріне дін ислам тарату үшін арнайы тапсырмамен келген. Оған сопылық танымдағы «суфра тұтмақ» деген термин дәлел. Аңызда да бұл аймақта, Құл Қож Ахмет Иасауимен қайшылықта болған «Саур» халқы туралы айтылады. Ол кезеңде Саур (мүмкін Сауран) халқы исламға әлі кірмеген отырықшы ел болатын. Иасауи осы жерде өзінің уағыз-насихатын жүргізіп, «ислам аша» келген. Насабнама деректерінде «Ислам аша» тіркесі бұл дін тарату механизмі ретінде танылады.
Тарихи және геополитикалық жағынан Иасы сол кездің өзінде өте маңызды кеңістік болатын. Сырдың бойы, Қаратау етегі, жазық, саудаға да, егістікке де, экономикалық жағынан өте ыңғайлы қоныс. Тарихи деректерде, Иасы исламнан бұрынғы көшпелі түркі тайпаларының Сыр бойында тоғысатын орталығы, тарсалар мен зороастрлар иелігіндегі сауда кешені болатын.
Неге туған жері Сайрамда емес, Түркістанда жерленді?
Иасы халқы Қожа Ахмет Иасауи ілімін мойындап, исламды қабылдады. Бұл туралы аңыздық санада жақсы келтірілген. Иасауи ислам дінін жаюда саяси билікпен де, халықпен да ортақ тіл тапты. Оны барша түркі тайпалары өздерінің ұстазы, пірі ретінде мойындады.
Ол туралы «Сұлтан ул арифин», «Шайхул машайых», «Хазрат Сұлтан», деген лақаптар кеңінен тараған. Ол кемел адам ретінде танылып, әулилік мақамын мойындатқан, тарихи тұлға ретінде, Иасыда жерленді. Оның туған жерінде емес, Иасыда жерленуінде діни қағида бар. Ол Пайғамбарымыздың хадисінде көрсетілген: «ал анбиау йудфинуна хайсума йамутун». «Елшілер қай жерде өлсе, сол жерде жерленеді». Осы хадис негізінде Хз. Мұхаммад пайғамбар да Меккеде емес, Мадинада жерленген. Оған талас тартыстар болды. Бірақ жоғарыдағы аманат қағида негізінде Құрайыштықтар пайғамбарды Мадинада жерленуіне көнді. Түркі халқы үшін «Екінші Ахмед яғни пайғамбардан кейінгі екінші Мұхаммед» Қожа Ахмет пірдің кейіннен «Иасауи» лақабымен танылуында осы ақиқат жатыр. Иасауи де атақты әулеттен шыққан болатын. Атасы да, анасы да Сайрамда жерленген еді. Бірақ діни қағида бойынша осы Иасы қаласы оның мәңгі мекеніне айналды.
Неге Ақсақ Темір Түркістанға ҚА Иасауиге кесене соққызды?
Иасауидің өмірден қайтқан уақыты белгілі. 1166 жыл екендігі Кашифидің «Рашахатында» бар. Жерленген жеріне кесене орнатылғаны тарихи деректер растайды. Бұл туралы Йаздидің «Зафарнамасында» кездеседі. Ал енді Әмір Темірдің Иасауиге жаңадан қайта кесене салдыруы, ол өзінің «Піри Түркстанға» көрсеткен құрметі деп қабылдау керек. Орыс ориенталистері Әмір Темір бұл кесенені көшпелі түрік тайпаларын өз ықпалына алу үшін салдырды деген тұжырым айтады. Бірақ Йаздидің айтуына қарағанда, Әмір Темір өзі сопылық тариқат мектебінің өкілі ретінде Иасауиге деген «махаббаты мен фана фи шшайх» принципі негізінде салдырған. Бұған қосарымыз, расында «Ұлы жеңістер мен жахандық биліктің» иесі, әлем әміршісі атағына лайық, өз иелігінде орын алған әулиеге жарасатын кесене қайта тұрғызуды қолға алып, өзі архитектуралық жобасын әзірлетіп, оған Убайдулла Садрды басына жауапты етіп тағайындауынан пірге қызметі мен құрметін көруге болады.
Неге қазақ жақсылары осында жерленуін қалады және жерленді?
Иасауидің жерленген жері сопылық таным бойынша «астана» ретінде қабылданады. Бұл түсінік яғни «аситан-е саадат» парсы тілінде сөздік мағынасында есік, дәліз, табалдырық дегенге саяды. Ал терминология бойынша «ақиқатқа ашылған қақпа» ретінде қасиетті, киелі саналған. Қожа Ахмет Иасауи қасына жерлену қазақ діни танымында адамның о дүниедегі орнын да кепілдікке алу ретінде қаралған. Яғни Иасауидің шарапатынан үміт етілген. Міне, қазақтың игі жақсылары Иасауидің «астанасы» мен «шарапатына» сенген, бұл жер киелі мекен саналған. Мұндай таным барлық түркі халықтарын тән. Жалпы түркі ислам өркениетінде кез келген қаланың артында осындай «аситане» мен «шапағат» иесі бір әулие жатқаны мәлім. Қазақ игі жақсыларының кесене маңына, Иасауи қасына жерленуінде діни қағида жатыр. Астана негізінен осы Иасауи ілімінің басты терминологиясы болатын. Бұл сөз кейіннен тілімізде, «саяси орталық», «бас қала» деген мағына ие болды.
Неге адамдар инстиктивно Түркістанға Әзірет Сұлтанға келеді?
Себебі бұл жер киелі мекен, қасиетті жер. Зиярат орны. Ал зиярат жасау діни қағида. Ол қағиданың мәнінде діни сенім, діни таным, діни сана және діни тәжірибе жатыр.
Досай Кенжетай