Ясауи мұрасы

Иасауи мұрасынан: Жаңа жәдігер табылды

Әр нәрсенің бір қайыры бар. Карантин кезінде күйбің тірліктен қол босап, біраз жинақталған қолжазбаларды қопарып қарап шығып, құнды дүниелерді тапқан сияқтымын. Зерттеу салам сопылық болғасын сол тақырып оң жамбасыма жақын келіп тұрады ғой. Ел ішінде судың пірі – Сұлтан Үпі, желдің пірі – Мір-Хайдар, жаңбырдың пірі – Борық ата, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Сексек ата деп бірқатар Қожа Ахмет Иасауи баба тариқатының өкілдерін пір тұтады. Олар жайлы мәліметіміз аз болғандықтан көбіміз бұларды мифтік тұлғалар деп қабылдайтынымыз бар. Бірақ, бұлардың көбі ХІІІ-ХVI ғғ. аралықтарында өмір сүрген, кереметтері ел аузында әпсана болып, образдары жұрт жадында пір болып қалыптасқан тарихи тұлғалар. Бірқатарынан жазба мұра да қалған.
Көп қолжазба арасынан тапқан мұрам (зерттелмеген тың шығарма десе болады) – желдің пірі деп ел құрметтеген Мір-Хайдар ибн Иадгар шейхтың шығармасы. XVIII ғасырдың қолжазбасындағы кіріспесінде бұл рисала Қожа Ахмет Иасауи ұрпағынан әл-Хайдар, бірде Мір-Хайдар ибн Иадгар шейх шығармасы (مؤلفه اين رساله) деп көрсетілген. Яғни, Қожа Ахмет Иасауидің жақындарынан өрген болса керек («Насаб-нама» авторы Орын Қойлақи сияқты). Қолжазбада шығарманың нақты аты көрсетілмеген. Десе де, менің мәтіннен пайымдауымша шығарма аты – «Башарат ал-‘арифин» («Құдайды таныған ‘арифтердің қуанышы»). Бірнеше бабтан тұратын сопылық этика туралы дидактикалық шығарма парсы тілінде 13 ғ. жазылса керек. Олай деп әзірге бір ғана мәліметпен шамалап отырмын: Қашқария (Өзбекстан) жақта орналасқан Мір-Хайдардың ХІІІ–ХVI ғғ. сейіт қожалардың жүргізген ұзақ жылғы құрылысымен көтерілген кесенесі.
Мір-Хайдардың шәкірттері көп болғаны, оларды жергілікті халық «Мір-Хайдарилар» деп атағаны парсы тілді жазба деректерден мәлім. Жалпы, Иасауи өкілдерінің шәкірттері мен ұрпақтарын ірі пірлірінің атымен байланысты Кусам Ата-и, Мир-Кулали, Сейіт Ата-и, Ата-и (Исмағил ата шәкірттері) деп атау бұрыннан орныққан. Олардың діни қызметтері ортағасырларда жоғары бағаланған. Сібір хандығының соңғы билеушісі Көшім хан Сібірде билік құрған жылдары (1563 – 1598) аттай қалап Ата-и мен Мір-Хайдари шәкірттерін Хорасаннан Сібірге (Епанчин юртына) алдырған. Ол жайлы татар зерттеушісі А. Бустановтың Alfrid K. Bustanov еңбектерінен (Рассказ о Исхак Бабе и наследие святых семейств в Западной Сибири: Предварительное обсуждение) оқуға болады.
Иасауи сопы өкілдерінің жазба мұралары там-тұмдап әр жерде табылып жатыр, шүкір. Алда бүгінге жетпей қалған шығарма деп саналған иасауилік шығарма – «Танбих ад-даллинді» қалай тапқаным жайлы жазармын. Әзірге барым осы. Иасауи өкілдерінің мұрасын зерттеушілері табылып жатса, көмекке әзірмін.

PS! Бұл толық зерттеліп, ашықталған дүние емес, шығарма атын, авторын әлі де ғылыми нақтылау үшін толық мәтін оқылуы, талдануы керек. Бұл зерттеушілердің қаперіне салған құлаққағыс қана.

Omer Tuiakbai 

Фб-парақшасынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button