Жазғанын әркім көрмек пешенеге,
Жолығар талай қызық есен ерге.
«Сенімен бірге жолдас боламын» деп,
Сұм жалған уәде еткен нешелерге.
Көңіліміз раушан боп көтерілер,
Жақсылар өздеріңдей келсе бірге.
Әр пенде дүниеге бір-бір келіп,
Кетеді күні бітсе бір күні өліп.
Жатады өлгеннен соң не жақсылар,
Астында қара жердің ділгірленіп.
Дүние бір ескі жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге мал, бас құралмаған.
Қанша жан дүниеден кеткен өтіп,
Бәрі де опа қылып тұра алмаған!
Көңілі адамзаттың гүл емес пе,
Сөйлейтін алуан түрлі тіл емес пе.
Сөйлейін алдарыңда тамашалап,
Ғанибет тірлікте бұл емес пе!
Жолдарын ақындықтың еткен нұсқа,
Жайылар ақыннан сөз бөтен нұсқа.
«Қорғаймын тірі жанды» деген екен,
Береді өзі нәсіп ұшқан құсқа.
Жүзеді суда балық ауа бармай,
Іште бала жатады қорек алмай.
Дүниеге келгеннен соң бір өлім хақ,
Барады кімнен өмір артта қалмай.
Жақсыға Алла өзі нәсіп бермек,
Жақсының халық қалаған соңына ермек.
Мысалы, бұл дүние – көшпе керуен,
Бұрыннан келе жатқан кетпек, келмек.
Кісі жоқ, сыр алдырмас мақтанса да,
Қақпанға қасқыр түсер сақтанса да.
Алтын көрсе періште жолдан шыққан,
Дүние алмас кісі жоқ, ақтанса да!
Адамның тыныш жүрген бәрі момын,
Парық қылмас сақы адамдар бары-жоғын.
Ақылды, парасатты кей адамдар
Айтпай-ай түсінеді істің жөнін.
Сіздермен бір мүсипат кез келіппіз,
Болған соң ақындықта жүрген жолым.