Ілімге толса көкірек
Ілімге толса көкірек,
Ашылар көзі сананың.
Құлақ салсаң, жақсылар,
Азырақ сөзді жазамын.
Көрейін, мен де, толғанып,
Келгенінше шаманың.
Дүбірге қызған жүйріктей,
Қызып тұр әзір табаным.
Айтқан сөзің бармайды,
Көңіліне наданның,
Аспан, жердей парқы бар,
Деп айтады адамның.
Халық ішін аралап,
Өнерді өлшеп шамалап,
Ұлғайса деймін қадамым.
Аман болса ағайын,
Үлкен-кіші жамайым,
Бәріңнің жақсы аманың.
Өзіме келген тіл бағы,
Өнері емес бабаның.
Жігіттің көркі – өнері,
Жақсылардан шыққан сөз,
Алтын да гауһар бедерлі.
Осы күнде халқымда,
Тілдің болдым шебері.
Мәлім болып жалпыға,
Етпекке кеңес келелі.
Азырақ сөйлеп берелі.
Бақ пен дәулет тең келсе,
Адамның толар кемелі.
Кімдерге бұғау салмаған
Дүниенің асау белеңі?
Біреу үйде отырып,
От басында жош ұрып,
Біреу жаһан кезеді,
Нақлиқатты тымсал қып,
Төмендегі аз терме
Майлы ақынның сөзі еді.
Мәлім болған халыққа,
Өтірік емес анық та,
Өнер алды – тіл еді,
Сарттан өткен Науайы,
Тілдің гауһар гүлі еді.
Парсыда өткен Фердауси,
Заманында дүр елі.
Не жүйрік келіп дүниеге,
Аяқтарын тіреді.
Қарсыласқан хандарға,
Үзеңгісін шіреді.
Бәрі де өтті дүниеден
Адам бар ма оларды,
Есіткенде күймеген?!
Нұсқа қып айтсам кейінге
Ақынның солар пірі еді.
Қай қазақтан ақын боп,
Өткендерден ірі еді?
Талайы өткен ақын боп,
Дүниеге жақын боп,
Қалт-құлт етіп өзгесі,
Байлардан басқа жүр еді.
Майлы ақынның өзіне,
Ибарат берер сөзіне,
Тірі болса осылар,
Болар еді-ау тірегі.
Осы кезде халқым да,
Сөз тастайын артына,
Менен басқа кім еді?
Өңкей жақсы қосылса,
Бітіреді кеңесті.
Өңкей жаман қосылса,
Шығарады егесті.
Мәмілемен іс бітер,
Бас қосып қалса көп есті.
Жақсының жолы – жарық күн,
Жаманның жолы – көмескі.
Жаман сөйлер лепіріп,
Орамалын желпініп,
Соза түсіп өңешті.
Мақтағанмен жарамас,
Пайымы аз кем есті.
Тентек бір-ақ аттайды,
Белес пенен дөңесті.
Жаман сөйлер, халықтан
Бастағы мінін жасырып.
Жақсы сөйлер, халыққа,
Қызметін асырып.
Бағы қалың жігіттер,
Ешкімге бармас бас ұрып.
Халық ісіне, жақсылар,
Тоқталып қалма тартылып.
Бей қайраттың белгісі,
Таласта жер кез келсе,
«Сөйле, – деп, – енді!» сөз берсе,
Жалт-жұлт қарап тұрады,
Берекесін қашырып.
Сабыр – ақыл серігі,
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Іздегені тамағы.
Әрекет етіп бәрі де,
Ырызғы ауқат табады.
Дәулет кетіп біреуден,
Біреуге жаңа қонады.
Нала болар біреулер,
Біреулер ырза болады.
Бағы келген жігіттің
Көңілі соғып жоғары.
Жамандықтан қалды ол,
«Өзіне, – дейді, – обалы».
Жамандардың белгісі,
Сарыала қаздай саңғиды,
Паналаған қоғаны.
Есерліктің белгісі,
Өтірік-өсек, аяңды
Іркілместен соғады.
Қасам ішіп, ант ұрып,
Тіліне алар тобаны.
Бағың барда, жігіттер,
Тоқталып, сірә, іркілме.
Жұрт қарасын қызығып,
«Бәрекелде!» деп шіркінге.
Арзымас іске еліріп,
Бос салынба күлкіге,
Бір күні өтер өмірің,
Қараңғыда қалып көңілің,
Дүние ұқсар түлкіге.
Ажал жүр сенің соңыңда,
Қойшы қойды баққандай.
Шап ете түсер бір күні
Аяғыңа қақпандай.
Жаратыпты бір Құдай,
Аспан мен жер, күн мен ай,
Орман, тоғай, тау мен тас,
Бірі биік, бірі сай,
Сан қара мал жисаң да,
Пайдасы жоқ бақырдай.
Парасатты ер жігіт
Ақылмен әр іс біледі.
«Мен істедім бәрін, – деп,
Өзгеден артық әлім», – деп
Ие боп тентек жүреді.
Ақылсыздың белгісі,
Орынсыз жерде күледі.
Талап, білім, еңбексіз,
Қалайша тірлік жеңбексіз?
Бос күлкіге салынып,
Қара терге малынып,
Жақсы болған кім еді?
Елге келген салмақты
Жақсы жүрер көтеріп.
Табытын қағып, шай ішіп,
Тентек жүрер жөтеліп.
«Жаман, жақсы әр іске
Қалады,– дейді,– еті өліп».
Көпті көрген ер жігіт
Көсем болар төселіп.
Жаманның басы бойрадай,
Жерде жатқан төселіп.
Азырақ, халқым, тыңдаңыз,
Бәһәнә мұны қылмаңыз.
Бір әңгіме етелік,
Елге келген жұмысқа
Жақсы жүрер қайысып.
Жаман жүрер майысып,
Гуілдесіп тентектер,
Бұл жұмыспен ісі жоқ,
Өзінің қылар күші жоқ,
Отырады шай ішіп.
Жолын тапсаң орын көп,
Білмейді соның жолын көп.
Табалайды бір-бірін
«Қойшы ісін соның,– деп,
Қай жерде оңып жүр еді
Қай тірлігі оның?» – деп.
Бақ келсе бір күн, жақындар:
«Сізге жақын мен едім,
Берші маған қолың» деп.
Жақсы сөйлер шешіліп,
Бастағы мінін жасырмай.
Кішіпейіл, әдепті
Басынан сөзді асырмай.
Адырайған есуас
Дүбірлеп сөйлер тасырлай,
Болымсыздың қылығы
Адамға жоқ жұғымы.
Қашатұғын қашырдай,
Ессіздіктің белгісі,
«Екі,– дер,– сөзді айтпаймын».
Қайсарлықтың белгісі,
«Бетімнен,– дейді,– қайтпаймын».
Бұл сияқты баланы,
Болар деп халық адамы,
Қалайша енді мақтаймын?
Тура сөзді айтам деп,
Көбісіне жақпаймын.
Елде жүрген жақсы көп,
Халықты жегіш лыпылдап.
Жай халыққа сөз бермес,
Аузы-басы жыпылдап.
Жақсыны көрсе табалар,
Сауысқанша шықылдап,
Алдар жерге келгенде,
Жан салмайды сыпылдап.
Бір парасы тым салақ,
Шаруаға сыпылдап.
Түзге шықсаң сырдаң боп,
«Мен, белгілі мырзаң» деп,
Үйінде қалар қыпылдап.
Өсекшілдің белгісі,
Сөйлесе сөзді шым-шымдап.
Сұлу тұрар керіліп,
Кербез тұрар қылтыңдап.
Тақыстардың мінезі,
Жақтырмас сөзді қыртаңдап.
Насихатты сөзімнен,
Кез келгенде өзімнен,
Қалса деймін бір тыңдап.
Жаман-жақсы әр істі,
Пейілінен адам табады.
Парасатты ер жігіт
Жақсыдан ғибарат алады.
Ерінбей бейнет еткеннің
«Еңбегі, – дейді, – жанады».
Жақсы болып өседі,
Осылай қазақ деседі,
Тойға барса баланы,
Алымдарға оқытып,
Көңіліне білім тоқытып,
Көрсетпейді қаланы.
Думан қызық, көкпар боп,
Бақталасып барлығы
Съезге атын салады.
Бір-біріне жалғайды
Қара түһмет жаланы.
Күші жеңген басым боп,
«Әлі келген алсын» деп,
Бір жағы шаршап қалады.
Өздерінше билеп жүр,
Адыра қалған даланы.
Насихат сөзді айтқанмен
Көңіліне қалай алады.
«Ақын маған келер, – деп,
Жырын айтып берер, – деп,
Ақысын халық төлер» – деп,
Отырады үйінде
Би-болыстар жаңағы.
Сонда да мейлі сөйлейін,
Кішірдім бақтан демейін,
Халықтың болсын хабары.
Бұрынғы айтқан нақылда,
Қонатын сөз көп ақылға,
«Алуан-алуан жүйрік бар,
Әліне қарай шабады».
Бұлбұлдай болып мен-дағы,
Сөйлейін өз халқыма,
Тұрсам осы қалпымда,
Болмасам да, болсам да,
Әзірше аса бағалы.
Ерінбей қожаң сөйлесін,
Опасыз мына жалғаннан
Кеткенше тайып табаны!