Бір суреттің сыры

Сыйласып, сырласып өткенге не жетсін

    Әзірет Әлі, Мұхаммед – Ханафия, Әбді-жәлил баб (Хорасан –Ата), Ибрахим сопы, оның ұлы Исмаил Атаның бел балалары Ысқақ-Ата мен Абдулла-Ата ұрпақтары, соның ішінде  мәді қажыдан тарайтын дуана қожа деп аталатын әулеттің шежіресі жарық көрді. Шежіренің жинақталып, баспадан  кітап болып жарық көруіне басшы болған  «Мәді (Маһди) Дуана қожа» мәдени-рухани орталығының жиналыс мүшелерінің атынан Жұмабай Омарұлымен сөйлесіп жаңа туынды туралы сұрап білген едік.

-Қажы Мәді-Диуана қожа әулетінің алғашқы шежіресі 2005 жылы шықты. Ол Қожжан әулиенің Заман қожасының Қарақожасынан өсіп-өнген Сайыпназар ахунның шөбересі Әбдіқайымұлы Абдулатиф (Ләтіш) ағаның ұзақ жылдар бойы жиған-терген еңбегі негізінде баспа бетін көрді. Ләтіш аға өмірден кеткеннен кейін, қалған төрт ата шежіресінің «Мәді қожа» қоғамдық қорының Президенті Омар Әзқожаев ағамыздың басшылығымен Әби Мұхамеджанов кітап болып шығуына көп еңбек сіңірген. Бұл шежіре  Баба ұрпақтарының барлығын түгел қамтыды деп кесіп айта алмаймыз. Оған дәлел – Қазақстанның түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Кереку, Екібастұз, Ұлытау, Жезқазған, Ақтау, Жетісай өңірлерінен, РФ Омбы облысынан, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан Баба ұрпақтарының хабарласып, өздері жайлы мәліметтерін ендігі толықтырылып басылатын шежіреге қосуды сұраған өтініштері. Демек, шежіреміздің алғашқы жарық көрген нұсқасы өз дегеніне жетті – туысқандарға қозғау салды, қандарын қоздырды, сезімдерін оятты.

Бүгінгі шежіре Абдулатиф Абдухайымұлының соңынан ерген інісі, Диуана қожа әулетінің шежіресін Ләтіш ағаның жатқа айтып отыруымен жазған және кейін толықтырған Нұрпейісов Көшенбай Игенбайұлына аманатталған. Аға аманатына берік Көшекең екінші шығарғалы отырған ататек шежіресін дайындауда белсенділік танытты. Еліміздің барлық өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден келген Қожжан баба ұрпақтарының барлық деректері мен мәліметтері осы кісінің қолынан өтті.

Әруаққа құрмет, ұрпаққа қызмет етуде Қылыш атаның шежіресін Әли Досықұлы, Пірзада атаның шежіресін Райымбек Нұғманұлы, Бақмұхаммед (Шайхы азиз) ата шежіресін Балтақожа қажы Жаппарұлдары сапалы әрі мазмұнды етіп шығару мақсатында уақытпен санаспай, ұрпақ тәрбиесіне негіз болатын, өмірлік тағылым алатын мұра үшін зор үлестерін қосты.

-Шежіре жинау барысында насабнаманы негізге алынды ғой. Қолдарыңыздағы насабнаманың  қысқаша тарихына тоқталсаңыз.

-Ә. Әбсеметовтің бастауымен Оңтүстік Қазақстан облысы Төрткүл елді-мекенінде тұратын Оқас (Сәдуақас) атаның үйінде сақтаулы тұрған, 3,7 метрлік көне парсы тілінде жазылған орама шежіресі Түркістанда тәржімаланып енгізіліп, Абуғаппар Мұстафаевтың ұйымдастыруымен жарық көрген болатынды. Осы жерде айта кететін бір мәселе – Оқас атадан жеткен  жәдігер Оңтүстіктен, Арқадан келген шежірелердің барлығы осы шежіремен сәйкес келеді екен. Бүгіндері арабтың құрайыш тайпасынан бастау алатын бұл шежіре – Дуана қожа әулеті шежіресінің негізгі түп нұсқасы болып табылады.

Жалаңаяқ Әздерге қатысты 2004 жылы белгілі шығыстанушы ғалым Әшірбек Муминов Ташкент облысында тұратын Сабыр қожа деген жалаңаяқ қожаның қолында сақтаулы шежірені тауып жан-жақты зерттеп үлкен мақала жазған. Бұл 1826 жылмен белгіленген көнерген насаб-намада Жалаңаяқ Әздердің ата-бабалары мен кейбір ұрпақтарының аттары да келтірілген екен.

Соңғы дерек көзін, орайы келген соң алғысымызды білдіре кетейік, Тұрмақан атаның қызы Ләззаттан туған Ғалым деген жиеніміз жеткізіп берді. Несін жасырайық, өзінен тарайтын ұрпақтарының тарапынан ата-бабаларымыздың шығу тегіне ешқайсысы қызығушылық танытпаған себепті, көнекөз қария осы жиен немересіне нағашы жұртының шежіресін аманаттап кеткен екен. Ата аманатын сақтап қалған Ғалым жиенімізге мың да бір алғысымызды айтып, отбасына амандық тілейміз.

Ата тегімізді білу, түгендеу, тарату – әулет парызы. Ата текті білу ар мен қанның таза болу үшін де қажет. Тегін білгеннің түсінігі зор, адамгершілік, мейрім шапағаты мол, туыстық, бауырмалдық сезімдері жоғары болады. «Аталы адам азбайды», «Жеті атасын білген ер жеті жұттың қамын жер» деген мақал жас ұрпақты жігерлендіріп тұрғандай.

Еліміз егемендік алғалы дүниеге көптеген шежірелерМәді қожа белгісін салу барысында белсенділік танытып, кейінгі буынға үлкендік жол көрсеткен Әзқожаев Омар, Әбенов Хамит, Пейісов Мылтықбай, Әбдіқайымов Әбділәтиф, Мұхамеджанов Әби, Мұстафаев Жұмабай, Сардарбеков Шаған, Әшірбеков Серікбай, Абдуллаев Әбдікәрім, Омаров Орынбасар, Құрманғожаев Жанділдә тәрізді марқұм ағаларымыздың еңбектерін әрдайым ризашылығымызды білдіре отырып еске аламыз. Омар ағамыз өмірден озғаннан соң 2015 жылдың қаңтар айына дейін «Мәді қожа» қоғамдық қорының Президенті болып, (одан кейін Құрметті президенті болды) Мылтықбай ағамыз көп жұмыстар атқарды. Ең негізгісі – елдің, ағайынның басын біріктіру жұмыстарын жақсы жолға қоя білді.

Алладан медет тілеп, елдің ынтымағымен бірлігін нығайту мақсатында, ұрпақ тәрбиесін ұлықтап жүрген Мәді – Дуана қожа белгісін салу барысында демеушілік жасаған Бейбіжамал Мәлікқызына ағайындардың алғысы зор.

Баба ұрпақтары Қожжан, Қылыш, Пірзада аталардың мәңгілік мекен тапқан киелі орынды және Мәді қожа белгісі салынған жерді абаттандыру бағытында «Ордабасы» корпорациясында кызмет ететін баба ұрпақтары мен кәсіпкер Таңқыбайұлы Төлебайдың қайырымды істері көпке үлгі болуда.

Осы шежірені толықтыруға қажетті материалдарды жинақтауға ағайындарды жұмылдыруға ат салысып, мәдени-рухани орталық жұмысына белсене араласып жүрген Құдайбергенов Қазыбай, Есенғараев Әли, Махамбетов Сұлтанбек, Шоқатев Райымбек, Көшеков Кеңес, Жаппаров Балтақожа, Сейдалиев Бижан, Кенбаев Мырзағали, Нұрпейсов Көшенбай, Шағыров Қабдеш, Құдайбергенов Нұрмағамбет, Нұрмағамбетов Алмасбек ағаларымызға да рахметіміз мол.

Алғашқы шежірені негізге ала отырып, Қазақстанның барлық өңірлерімен бірге кезінде ата-бабасы жансақтау мақсатында шет ел ауып кеткен қандастарымызбен байланыс орнатып, қатарымызды көбейте түстік. Шежірені жинақтау барысында белсенділік танытқан шымкенттік Әбсаттар, Бектемір, Бағдат, Мұхтар, Ералы, жетісайлық Әлайдар, Абдулла, қарағандылық Жармұхаммед, ақмолалық Ауданбай, Әбікен, Бисенбай, Дәурен, ұлытаулық Рахат, Мереке, атыраулық Рафхад, шолаққорғандық Тастыбай Ахат, қазығұрттық Нұрлан, түлкібастық Өмірзақ, Ерболат, жанарқалық Нәби бауырларымызға қара шаңырақта ғұмыр кешіп жатқан қызылордалық ағайындардың атынан алғыс жаудырамыз.

Мәді – Дуана қожа мәдени рухани орталығының заманауи үлгідегі комплексін салу мақсатындағы ұйымдастырылып жатқан жұмыстарға демеушілік жасап, белсенділік көрсетіп жүрген баба ұрпақтары Махамбетов

Асқар Аралбайұлының, Ерназар Қайрат Шаршыбекұлының, Мажитов Нұрпейіс Әмірұлының, Көшеков Нұрлан Кеңесұлының еңбектерін атап айтқан орынды.

«Мәді (Маһди) – Дуана қожа мәдени-рухани орталығы» бүгінгі таңда екі жобаменен жұмыс жасауда.

Біріншісі: Мылтықбай ағаның арманы болған Мәді қожаның белгісі  тұрған жерді абаттандыру еді. Көзі тірісінде мыңнан астам алма көшеттері егілді, қазіргі таңда алды жеміс бере бастады. Зиарат етушілерге қызмет ететін мәдени-рухани орталықтың құрылыс жобасы дайындалып, жұмыстары басталуда.

Екіншісі: «Ақын, жыршы, термеші қожалар» көп томдығын дайындап, ұрпақ тәрбиесіне мұра етіп ұсыну еді. Бұл жұмыстар да жалғасын табуда. Көпшілікке ұсынылып отырған осы шежіреде Баба ұрпақтарын толық қамтыды деп кесіп айта алмаймыз. Сондай-ақ, адам аттарының қате берілуі, реттілігі ауысып кетуі, т.б. кемшіліктер кездесіп жатса кешіріммен қарауларыңызды өтінеміз.

Сөз соңында, шежіреде жазылған мына тәмсілді айта кетейін.

Бір жолы Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сахабалары «Өмір мен өлімнің арасы қандай?» деп сұрапты. Сонда ол: «Өрмекшінің торындай ғана» деп жауап беріп, өзінің Меккеден Мәдинаға жаяу қашып келе жатқанында басынан өткерген бір оқиғаны баяндап береді. Сол жолы оның артынан қуған салт атты жаулары өкшелеп жетіп қалайын деген кезінде, алдынан түйе жетектеген бір бәдәуин шыға келген екен.

Амалы қалмаған, әбден шаршаған Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) одан көмек сұрайды. Бәдәуин «Анау жартастардың арасында кішкене үңгір бар, соған тығыл, ал мен оларға сені басқа бір жаққа кетті деп айтамын» дейді. Пайғамбар оның ақылымен үңгірге тығылады. Ә дегенше жаулары да шауып жетіп, бәдәуиннен бір ұрыны қуып келеміз, көргенің жоқ па деп сұраса, ол оларға басқа қарай қолын сілтеп, солай қарай қашып кетті дегенді айтады. Салт аттылар іле-шала соның көрсеткен жағына шаба жөнелейін десе, біреуі «Анау жерде бір үңгір бар еді, соны қарап келейін, мүмкін сонда тығылған шығар» атын қамшылап үңгірдің алдына жетіп барады. Келсе, үңгірге кіретін қуысына өрмекші торын құрып қойған екен. Сонда қуғыншы ойлайды «егер Мұхаммед мұнда кірсе, торды міндетті түрде жұлып өтер еді» деп. Сосын тез серіктеріне оралып, бәдәуиннің меңзеген жағына қарай бәрі шауып кете барады. Солай Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жәндіктің тынымсыз әрекетінен аман қалған.

Құрметті замандастар! Өрмекшінің торы торып тұрған бұл жалған дүниеде сыйласып, сырласып өткенге не жетсін, аман болайық.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button