Тәкен Әлімқұлов екеуміз бір шаруамен Мұхаңдікіне бардық. Мұхаң көңілді отыр екен. Батар күннің қызғылт сәулесі терезеден сызыла түсіп, үйдің ішін айқын да емес, күңгірт те емес, қиялдағыдай мұнарлы бір сәулеге бөлеп тастаған. Екеуміздің де өлең жазатынымызды білетін Мұхаң бұл жолы әңгіменің бетін бірыңғай поэзия өлкесіне бұрды. Француз, ағылшын, неміс, испан поэзияларының өлеңдік формаларын, метрикалық өлшемдерін, ритмикалық заңдарын, строфикалық құрылыстарын, лексикалық жүйелерін, көркемдік құралдарының арсеналын ағытты.
– Ақын шығармасында өмірлік шындық, даналық дәлдік, бай қиял, өткір жанр, айқын бояу, азаматтық асқақ әуен, адам санасының шарқ ұрар шырқау биігі жатқаны жөн. Оның қоғамдық даусы зор, эпикалық қарымы мол, лирикалық сыры мен мұңы мөлдір болғаны дұрыс. Ақын барынша әділ, барынша шыншыл, барынша батыл болсын. Жұрттың осы күнге дейін Абай өлеңіне жүгінетіні де сондықтан. Бальзак: «Әдеби шыншылдық – фактілер мен характерлерді іріктеп алуда және оларды әркім-ақ көре сала шынайы екен деп есептерліктей бейнелеуде депті», – деді сөзінің соңында Мұхаң.
Мұхаң үйінен сол кеште дәріс алған шәкірттердей байып шықтық.
Көп үзілістен кейін 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті қайтадан шықты. Мұхаң редакциялық алқаның мүшесі болды.
Газеттің алғашқы нөмірі кешігіңкіреп шықты. Оның үстіне асығыстық салдарынан кейбір кемістіктер де кетті. Алғашқы нөмір шығысымен-ақ, Мұхаң редакцияға жетіп келіп, қызметкерлермен әңгімелесіп, кеңес құрды.
– Газет жақсы шыққан. Жұрт өзін сағынып қалыпты, киоскілерде таласа алып жатыр. Бірақ, кейбір мақалалардың тақырыптары көштей ұзақ, ащы ішектей шұбалған, – деп ескерту жасады. – Газет бетінде елдің көңілінде жүрген көкейкесті ойларды көтеру керек. Әйтеуір әрбір санында газетке өзекті бір мәселе өң беріп тұру қажет, – деп ақыл айтты.
Мұхаң кейін газет көтерген ауыл мәдениеті, ана тілі туралы мақалаларды құптап:
– Бәлі, өте орынды. Осындай мәселелерді тек философиялық астарын аша, әлеуметгік мән-мазмұнын тереңдете, ғылыми деңгейге жеткізе көтеру керек, – деді.
Мұхаң кейде газет бетінен әлсіз, нәрсіз мақала көріп қалса, дереу телефон соғатын:
– Бәлі, мына мақаланың несін басып, паш етіп отырсыңдар. Бәрі белгілі жай, өзіндік айтары жоқ, жаттанды бірдеңелерді, әдебиет кітаптарының алғашқы беттерінде жазылған әліппені қайталайды. Бос сөз. Онысына қарамай, білгішсініп, көзге түсуге құмарлығын қайтерсің. Сендер жұрттың алдарыңа апарып тастағандарына мәз болуды қойыңдар, ұйымдастыру керек, шығармашылық тапқырлық керек, ерінбей еңбектенген абзал, – дейтін.
Бірде газетте Мұхаңның «Абай жолының» шет елдер басып шығарған кітабының мұқабаларының суреттері басылды. Ертеңгілік редакцияның телефоны сылдыр ете түсті:
– Мына кітаптардың бір-бір данасы біздің үйде тұр. Мұны сендерге көрсету менің ойыма да келмепті. Сендердің естеріңе қалай келді. Міне, мұны журналистік жүйріктік деп атайды, – деп балаша қуанды.
Мен, тегі, данышпандық пен балалық екеуі бір туысқан ба деп қалдым.
Газет бетінде кейде өлең көбірек басылып кетсе, Мұхаң кездескенде:
– Өткен нөмірлеріңде өлең көп екен. Өлең деген теңіздің тұңғиық түбіндегі ақық тас. Поэзия – өмір өзегі, тіршіліктің сәулеті, күннің сәулесі, орманның жапырағы, құстың қанаты, адамның рухани қуаты, бүкіл дүниенің сыртқа шыққан дем алысы. Сендер өлеңді сұрыптап, бүгінгі поэзияға бағыт-бағдар сілтейтін мықтыларын ғана басыңдар, – деп ақыл айтатын.
Көп кешікпей Мұхаң газет бетіне өзінің қазіргі поэзия туралы ойларын ортаға салған үлкен мақаласын жазды. Мұхаң редакциялық алқа мәжілістерінде сөйлегенде жұрт бір желпініп рахаттанып, бір үлкен мектептен өткендей болатын. Оның сөздері теңіздің тасқыны секілді бірін-бірі үстемелеп, бірін-бірі баспалдақтатып, биікке көтеріп алып кететін. Мұхаң ауызынан ағытылған эпитет, метафоралар кейде көкке бойлаған көп қабатты үйлерді көз алдыңа алып келетін.
Мұхаң газетке шыққан Абай туралы мақалаларға қатал қарайтын еді.
– Абайдың әрбір өлеңі жайында философиялық трактаттар жазылуы керек. Бізде Абай сөздігі жасалмаған. Абай өлеңіңде подтекст – астар бар. Абай өлеңінде биік аспан бар, жазық жер бар. Бірде ол аспанға көтеріліп биік ұшады, бірде ол жер бауырлап салмақты оймен ауыр жылжиды. Абай өлеңдеріне абайлап бармаса болмайды, – дейтін.
Редакциялық алқаның бір мәжілісінде Мұхаң газет бетінде көркемөнер мәселесі парасатты көтерілмей келе жатқанын сөз етіп:
– Дыбыстардың музыкалық құдіреті, мүсіндік тұлғалардың символикалық сыры, сәулелердің сиқырлы бояуы, актерлік шеберліктің құпиясы, режиссерлік шешімнің қырлары жөнінде жиі жазыңдар, – деп шешен тілмен шерте жөнелді.
Мен Мұхаңмен самолетте де, кемеде де, поезда да кездестім.
Мұхаң жол үстінде өте көңілді жүретін. Сапарлас бола қалсақ, біз оны аға тұтып, оған інідей еркелейтінбіз. Кейде құрдастай әзілдесіп, қалжың сөздер айтсақ:
– Жоқ, мұның сөкеттігі жоқ, бәлі, осылай ойындағысын ірікпей, жалтақтамай еркін айтпаса, ұялыстың ырқына көнсе, ақын бола ма, – деп күлер еді.
1961 жылдың апрелінде бізге Қызылордаға, Мұхаңа Шымкентке жол түсті. Бір поезда отырдық. Келесі күні поезд Шымкентке жақындағанда Мұхаңның купесіне келдік. Мұхаң әйнектен далаға қарап ойға шомып отыр екен. Бізді көріп:
– Иә, келдіңдер ме, отырыңдар, иә, келгендерің жақсы болған, отырыңдар, – деді.
Біз отырдық.
– Жазғы дала хикмет. Әне, бір киіз үйлер дөңгеленіп қалып барады. Киіз үйлер даланың бір сәні секілді ме, қалай, – деп Мұхаң жымия күлді.
– Мұха, «Үлкеннен дәметпеген Құдайдан дәметпейді» деген бұрынғының сөзі бар. Біз сізден дәмете келдік, – дедім мен жалы биік жақсы ағаға еркелік наз білдіріп.
– Ой, бар болғыр, оныңды мана кіріп келісімен айтпайсың ба, әй, Қуандық, сен осындайға оңтайлы едің, өзің ұйымдастыр, – деп Мұхаң қалтасынан төрт жүз сомды суырып тастады.
– Жоқ, Мұха, ұят болар, – деп біз күмілжіп едік, ол:
– «Ағаның үйі – ақ жайлау» – деген, ешқандай ұяты жоқ, о не дегендерің, бәлі, өздерің қызық екенсіңдер ғой, – деп тойтарып тастады.
Мұхаң еңбексүйгіш жанкешті жазушы еді. Қайтыс болатынынан бір айдай бұрын Мұхаң Алматыда ауруханада жатты. Демалыс күні бір топ жазушы Мұхаңның көңілін сұрай бардық. Мұхаң сыртта, бақтың ішінде отыр екен. Бізді көріп көңілденіп кетті.
– Жанға бататын сырқат жоқ, оңаша бөлмеде «Өскен өркенді» өңдеу үстіндемін. Бірінші кітабын қайта редакциялап болуға жақынмын. Жазушы сарыла отырып, әр сөзді аударып, төңкеріп қарап, ауыр жүк артып, ұзақ жолға аттандырардай жабдықтамаса болмайды ғой, – деді де, қолын маған қарай нұсқап: – Мына ақындардікі рахат. Шабыт желі келгенде кең жайлаудай жазылып жүре береді, французда: «Ақындар өз табанын өзі соратын аюға ұқсас» деген мақал бар, – деп күлімсіреді.
Мұхаңның жай сөзі де, зілсіз әзілі де адамды өз еркіне бағындырып, осылай баурап алып кететін.
Содан бір-екі күн өткеннен кейін Мұхаңмен ақын Жұмағалиды жерлеу үстінде кездестім. Мұхаңның жүзі күреңітіп қоңыр тартып кетіпті. Көзіне қарасам, мөлтілдеп жас тамып тұр.
Қабыр басынан қайтарда Мұхаң мені машинасына мінгізіп алды. Мен содан бір күн бұрын шашымды ұстарамен тақырлатып алғызып тастаған едім, Мұхаң менің басымдағы бір таңбаны байқап қалып:
– Сен өзің жасыңда тентек болған шығарсың. Басыңда тарап жатқан талай іздер бар-ау, сірә. Осы қалпыңда саған шиделі шекпен кигізіп, беліңді қыл шылбырмен сықай буып, түйе палуан деп дөңнің үстіне отырғызса, Құдай біледі бар ғой, қазақ, қырғыздан сенімен күресуте батылы барып ешкім шыға қоймас еді, – деп күлді.
Содан кейін біраз үндемей отырды да:
– Ертең Мәскеуге ұшамын: жеңіл бір операция жасатамын. Сосын Семейге барып демаламын. Бірге барасың ба? – деді.
– Сіз шақырсаңыз, бармағанда ше?!
Мен мұны соңғы кездесуім деп ойлағаным жоқ. Ол сол кеткеннен оралмады. Өмірден дүниені барлаған, оймен толғаған, ыстық жүректі, нұрлы ақылды, дария ойлы, дана Мұхтар кетті.
Суретте солдан оңға қарай: М.Әуезов, ұлы Ернар, В.Н.Әуезова, қызы Ләйла.
Әзірлеген Құлтілеу Мұқаш