Сыр-сұхбат

Баб Ата басында болғанда

25.11.2015

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Жартытөбе елді мекенінің Баба ата ауылына тамыздың соңғы жұмасында жол түсті. Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын осы күндері Түркістан жеріне «ислам аша» келген Ысқақ бабтың аруағына арнап ас беріледі екен. Биылғы шараны Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылының аққорғандық қожалары өткізбекші. Шежіреші Сейіт-Омар Саттарұлы ағамыз бастаған құрметті қонақтарды ас иелері жылы қарсы алды. Есен-саулық біліскен соң, Ысқақ бабтың кесенесіне барып құран бағыштады. Еңселі кесене үш бөліктен тұрады екен, төріндегі сағанада – Бабтың қабірі, оның сол жағында тағы бір шағын бөлмесі, кіре берісіндегі кең жай – құбылалымешіті екен. Кесененің қасында 23 құжыралы медресесі бар.Көненің көзі қос ескерткіш те «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жөндеуден өткен, мемлекет қорғауына алыпты. Кешкісін медресенің бір бөлмесінде жайланып отырған ақсақалдар әңгімені әріден өрбітті. «Әлемге ислам нұрын шашқан Мұхаммед (с.ә.у.) төрт Ұлық халифасының соңғысы, Ислам жолындағы жихатта «Исламның қылышы» атағын алған, ислам іліміне кіретін дарбаза Баб ул-Баб дәрежесін иеленген, Хазреті Әли Мұртаза ибн Әбу Талибтің жетінші ұрпағы – Ысқақ Баб. Түркістан әлеміне «ислам аша» келген орасан зор еңбегі үшін Орта Азиядағы түркі қауымы Исқақ ат-Түрк деген құрметті атты иеленген» деген мәліметтерді Сейіт-омар Саттарұлы ақсақалдың аузынан естідік.Ысқақ баб пен Абд ул-Жалил бабтар Түркістанға «ислам аша» келгендердің алғашқы толқыны емес. Исламды осында тұрақтандыруға келген соңғы толқын» деп тұжырымдама жасаған шежіреші, ойын әрі қарай өрбітті:«Абд ар-Рахман баб, Исқақ баб, Абд ул-Жалил бабтардың Орта Азияға бастап келген қолдарының ішінде бес адам ғана туба-табин бар еді. Бұл Алла расулының көзін көргенді көрген, яғни үшінші буын, ал Баб бұл – төртінші буын. Ислам діні төрт шартпен жүзеге асады. Ең бірінші негіз деп Құран Алланың кәләмін алады. Екінші негіз – Алланың расулының сүннаты, үшінші, «ижмо» ғалымдардың ортақ пікіріге келіп шығарған пәтуасы. Төртінші ақылға қияс, яғни алдыңғы үш жолға залал келмейтіндей етіп ақылмен істелген амал. Исқақ баб Түркістанға келгенде бұл ел исламнан хабардар, ел арасында ұстанған, тұтынған адамдар бар еді. Бірақ тиянақты, тұрақты түрде ислам жамағаты болмауы мүмкін. Себебі, біздің қолымыздағы дерек көздерінде «Түркістанда, Сарай Омда Исқақ баб бірінші болып Әдина (жұма) мешітін салды. 3500 алтын қаражат жұмсады» деп ашық айтады. Исқақ баб бастап келген жорыққа дейін бұл маңда жамағат мешіті тек Самарқандта ғана болды. Мешіт болмаған соң жамағат та болмады. Демек, бірінші ислам жамағатын Орта Азия мен Түркістанға  тұрақтандырып жолғақойған осы үш ағайынды- Абд ар-Рахман баб, Исқақ баб, Абд ул-Жалил баб». Шежіреде үш бабтың Мысырдан шыққан уақытын «хижраттың 100-ші жылы еді» деді. «Ислам қабылдамағандарды жойып, Баб Қарғалықта бейбітшілік орнатты. Ысқақ Баб 120 жыл өмір сүрді. 30 жылы соғыспен өтіп, 100 мәрте қасиетті жорыққа шыққан. Жалғыз өзі үш мың батырға тойтарыс беретін. Найзасының темірінің салмағы 10 батпан еді, сойылының салмағы – 24 батпан еді. Ысқақ бабпен 90 жыл сұхбатта болған Қызыр-Ильяс: «Сізге зиярат жасаса, бізге және барлық пайғамбарларға зиярат жасағандай болсын» деп бата бергені жайында насапнамада айтылыпты.

Қазақ халқы қашаннан қастерлеп келген әулиенің басында осындай мәліметтерге қанықтық. Кесененің кіре берісіндегі мешіттің төріне көнеден жеткен жәдігер – насапнаманың көшірмесі қойылыпты. Бұл Ысқақ баб қатысындағы барлық сауалдарға жауап беретін тарихи құжат.Оны жақында табылған Өзбекстанның Жизақ қаласында тұратын бақсайыс қожа әулетінде сақталған, Ысқақ Бабтың тікелей шежіресі-насапнама куәлік етеді. Жанында оның растығын дәлелдейтін құжат тұр. Айта кету керек, бұл Баб мұрасын зерттеушілердің үлкен ізденісінің жемісі. Бұдан кейінгі баба мұрасына бойлағандарға бағыт болатын маңызды дерек көзі. Шежіреде көрсетілгендей, ХІІ ғасырда өмір сүрген Сүлеймен Бақырғани (Хаким ата) «Ысқақ баба ұрығы, Шайқы Ибрагим құлыны, Машайықтың ұлығы, Шайқым Ахмет Йассауи» деп ұлықтаған Қожа Ахмет Йассауи – Бабтың он үшінші ұрпағы екен. Шайхтың өз ұлы қайтыс болғаны тарихтан белгілі. Ал Қожа Ахметтің ағасы Сәдір шайхтан – Қожа Махмуд Данышманд– Әбд ал-Әли- Камаладдин шайх (Бақшайыш баба) Исқақ бабтың ұрпағы.Ол туралы белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Бақшайыш бабаны Дешті қыпшақтың бас имамы болып сайланды деп жазған екен. (Қазақ ұлттық энциклопедиясын қараңыз).

Садр шайхтың немересі Сафи ад-Дин Орын Қойлақы араб тіліндегі насапнаманы алғаш рет түркі тіліне аударған. Қожалар шежіресінің алтын діңгегі осы насапнамаға қысқаша шолу жасасақ, бірінші бөлігінде қожалар шежіресі, Оңтүстік Қазақстан мен Сырдың төменгі ағысына дейінгі аралықтағы ІХ-ХІІІ ғасырларда билік жүргізген қарахандықтар туралы деректер. Оңтүстік Қазақстанға исламның келуі, таралуы туралы және софылық ағымның пайда болуы, оның өзге софылық ағымдардан өзгешелігін көрсететін деректерден тұрады. Қазіргі қазақ жерінің оңтүстігін мекендейтін қожалардың үш әулетінің шежіресінде диуана қожа, аққорғандық қожалар және хорасан қожаларды Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, төртінші халифа Әли ибн Талибтің  (661қайтыс болған) Мұхаммед ибн әл-Ханафия (700 ж қайтыс болған) атты баласынан таратады. Ысқақ Баб жетінші ұрпағы болып саналады.

Асқа арнайы келген Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек Ысқақ Баб мұрасын алғаш рет тарихи айналымға салуға мұрындық болған ғалымдардың бірі. Кезінде Мұзаффар Шалапов, Мұхамеддин Сайыпназар ағаларымыздың жәрдемші болып, қолда жатқан қаншама қолжазбаларды табуға септігін тигізгенін айтты. «Жалпы, халықтың тарихи жадын қалпына келтірмейінше біз ешқашанда өзіміздің кім екенімізді тани алмаймыз. Өкінішке орай, осыған дейін басқа жұрттар, қытай, парсы, итальян-византиялық кезбелер біз жайында не десе де басымызды шұлғып келдік. Оның өзін орыс ғалымдары қорытып, «тарихыңыз сол» деп бізге таңды. Өкініштісі, өзге жұрт бізді осы деректер арқылы таниды, өзімізді де сол арқылы ғана танитын қалдеміз. Баб туралы деректер шетелдік жазбаларда жоқтың қасы. Тек,орта ғасырлық Ибн ад-Диннің «Антихрист» деген еңбегінде «Ысқақ ат-Түрік Мұхаммед –Ханафиядан, Зейнелабадиннен, Яхия ибн Зайттың баласы шығар деген сөз» бар. Басқа мәліметтер қолымызда 70 нұсқасы бар насапнамада жазылған. Мұндай дерек көздері Павлодардан, Саратов пен Астраханьда тұратын ағайындардан табылып жатыр. Бұл дегеніміз, қожалар әулетінің исламды насихаттау барысында  қазақ даласын түгел қамтығанын көрсетеді. Әлі де сан деректер сандықтың түбінде жатыр. Қазір қолда бар дүниелерді еш қауіпсіз жариялайтын күн келді. Сол ескіден қалған жәдігерлерді зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізіп, өзімізді танитын  уақыт жетті. Сонда ғана қасиетті бабалардың рухы өшпейді, иманы өлмейді. Ол сенім атадан-балаға беріледі, сөйтіп, мәңгілік болып қаламыз. Болмаса, бөтеннің бодауында, күштінің жетегінде кетеміз. Жетекке ерсек, жер бетінен де жоғаламыз. Өзін танымаған адам жеріне де, еліне де ие бола алмайды.Түбі бір түркінің адамзат өркениетінде орын алып, бүгінгі күні «мен-қазақпын», «мен-өзбекпін», «мен-түрікпенмін» деуінің негізінде Ысқақ Бабтың ислам аша келген қызметі, оның он біріншіұрпағы – Яссауидің ілімі жатыр» деп ғалым өз сөзін қортындылады.

Сөздің ретінде айта кетейік, ғалым «халық жадында осы күнге дейін сақталған әулиелер туралы сансыз аңыздар мен киелі тарихтарда айтылатын оқиғаларға қарамастан-әулиелердің түркі халықтарынының тарихындағы атқарған рөлі осы күнге дейін тарих ғылымында арнайы қарастырылған емес» деп айтудан жалыққан емес. Бүкіл түркі жұртына рухани жолбасшы болған йасауийа тариқатының қазақ қоғамындағы қызметі мен орнын жан-жақты талдаған «Йасауи жолы және қазақ қоғамы» еңбегінде рухани үдерістердің дерек көзіндей әулиелі жерлерді төрт топқа бөліп санамалай келіп, ҮІІІ-Х ғасырларда ислам дінінің алғашқы келу кезеңімен байланысты әулиелі жерлерді атайды. «Ол әулиелі жерлер еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік шығысында орын тепкен. Олардың қатарында Әулие Бабахан (Қарахан), Айша бибі, Бабаджа Хатун, Исқақ Баб, Абд ал-Азиз Баб, Хорасан ата, т.б. әулиелі жерлерді қосуға болады. Бұлар түркілер арасына ислам дінін алғаш әкелген тарихи тұлғалар аттарымен тікелей байланысты» деп жазады.

Астанадан келген философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай баба мұрасы хақында жаңа көзқарас білдірді. Ол осындай бас қосулардың және халықтың аз да болса бір тобының белсенділігі біздің тарихи санамыз бен тарихи танымызды зерттеуге ықпал ететінін айтты. Әулиге зиярат ету арқылы тарихи санамызды, діни жадымызды жаңғыртамыз деген ғалым,Ысқақ Бабты қожа әулеті деп,тар шеңберде қарауға болмайтынын білдірді. «Ондай жағдайда Бабты қазақтан алыстатып аламыз. Оны түркі жұртына ислам дінін таратушы ең алғашқы тұлғалардың бірі ретінде ұлықтап, рулық деңгейде емес, ұлттық тұрғыда дәріптеуіміз керек. Қазақ халқының руханияты ислам дінімен тығыз байланысты болғандықтан ірі тарихи тұлғалардыңмұрасын зерделеп, лайықтыбағасын беру арқылы өз рухымызды шыңдайтын боламыз. Кеңестікдәуірде төл тарихымызды жазатын кезеңде насапнама, шежіре, аңыз-әпсананы арқау етуге тиым салынды. Оның мақсаты рухани сананы өзгертіп, рухани арнаның басында тұрған қожалар институтын жою болды. Жойды да, бүкіл дін ағартушыларын жіпке тізіп қазақтың сар даласынан жер аударып жіберді. Бұл дегеніміз түркі топырағында отырған қазақтың мемлекеттігін жою, мәдени санасын, құндылықтарын жою, ұлттық мазмұнынан ажыратып, орыстандыру арқылы яғни, құдайсыз кеңестік адам жасау болды.Ел егемендігін алғаннан кейін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы университет ашылды. Мекемтас Мырзахметов, Зікірия Жандарбек, Әшірбек Момынов сияқты ғалымдар шежірелерді жинап, оның қазақтың тарихына тікелей қатысы барын дәлелдей алдық. Түркіге ислам нұрын шашқан Исламды Құл Қожа Ахмет Яссауидің еңбектеріне дейінгі бес ғасырлық тарих та, Түркі исламы өркениетінің бір үзігі осы қасиетті жердің астында жатыр.Осы жүздесу арқылы келешекте зерттелетін ислам тарихының кірпішін қалап отырмыз деп ойлаймыз» деді.

Осы жиында «Қожа түзелсе, қазақ түзеледі» деген сөз айтылды. Исі қазақтың болмыс-бітімімен ұштасып жатқан түркілік ислам дәстүрі жаратылысымызға жат мәдениеттің шылауында шырмалып келе жатқаны белгілі. Бұл ретте ислам аша келгендердің бүгінгі ұрпақтарының жауапкершілігіеселене түссе керек.

«Әсілі араб, ұрқы түркі» қожалар жергілікті халықпен біте қайнап бірге өстік. Қазақтың үш жүзінің баласының барша руларының «қазақ» деген шаңыраққа қақы қандай болса, қазақ қожаларының қақысы дәл сондай. Олай дейтінім, бабаларымыз түркі жеріне «ислам аша» келгенде қазақ өз алдына хандық құрып шықпаған еді. Олар исламды насихаттады, осы жерде қалып қойды, Алланың алдында алған міндетін адал атқарып шықты. Оның белгісі мынау 13 ғасырдан бері бір кірпіші қисаймай тұрған Бабаның кесенесі, осыдан бері осы әулеттің осы жерде өсіп-өнуі, осы жердегі халықтың исламды ұстауы – осы мақсаттыңорындалды деген сөз. Заман сіздерге оңынан келгенде, аталар ісіне лайық болып, бабаларымыздың жолын сыйлауымыз қажет. Қожа баласының қадірін кетіретін істерден аулақ болыңыздар, деп Сейітомар аға жиналған жұртқа ой тастады.-Алланың разылығы үшін,қасиетті бабаларымыздың рухы үшін олардың салған жолына адалдық ретінде өз жөнімізді біліп, өз жолымызды түсінуіміз керек, өзгеге өнеге бола білу керек».

Осы ауданда он жылдай әкім болған Созақбай Әбдіқұлов Ысқақ бабкесенесін сақтап, осындай дәрежеге жеткізген халыққа рахметін айтты. Әулиелі жердің айналасына шарапаты мол. Зиярат етушілердің аяғы басылмайтыны да сондықтан болса керек. Білетіндердің айтуынша, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов осы өңірге 1959-61 жылдары келген екен. Бір сапарында ел басшыларынан астық қоймаға айналдырған кесенені босатып қоюды өтінген екен. Содан бері кезінде тіпті, қаракөл елтірісін соятын цех та болған баба кесенесін тазартып, шаруа жайға айналдыруын тоқтатқан. Ел тәуелсіздігін алып, өз мұрасына ие бола бастағанда азаматтар бас көтеріп үлкен ас беріп, жанындағы медресені жөндеуден өтікізіп, зиярат етушілерге жай салып, шырақшысын қойып халық игілігіне береді. Бір қызығы П әрпіндей салынған медресенің бір жартысын бұзып кезінде кесегін тасып кеткен екен. Кесененің де маңдайшасынан бастап бұза бастаған үш адамның табан астынан келген қазасынан кейін ешкімнің жүрегі дауламапты. Ысқақ бабтың кесенесінің қайта салынуы жайында Зікірия Жандарбек мына аңызды еске түсірді. Жоңғарлар шапқыншылығы кезінде кесенені жермен-жексен етіп қиратыпты. Одан кейін заман түзеліп ел есін жинағанда алдымен бабаның кесенесінің орнын іздейді. Сонда ауылдың бір қариясы «Бабтың қабыланы бар. Таң азанымен аңдып, қабылан қайдан шықса сол жерді белгілеңдер» дейді. Аңдыған жұрт қабылан шыққан жерді барлап көрсе жер астынан бабаның мүрдесі қойылған қылуеттің (сағана) үстінен түсіпті. Сөйтіп, сол жерге еңселі кесене тұрғызған екен деседі.

Соңғы кезде облыс басшылары да іскер азаматтар да Баб кесенесінің халық игілігіне айналдыруға көп қамқорлық көрсетіпті. Жол тартып, көпірді қалпына келтіріп, мектеп, медициналық пунк тағы басқа халыққа қажетті нысандарды жаңғыртқан. Алдағы уақытта инфрақұрылымды жетілдіре түсіп, туризмнің кластеріне енгізіп, рухани туризм ретінде жандандыруды көздеп отырған жайы бар. Созақбай аға осы жөнінде қайталап айтып, кесене айналасын абаттандыру, келген қонақтар үшін жайлы жәй салу мәселесін алға қойды. Асқа жиналған қонақтардың арасында қол ұшын береміз деп сайланып келген азаматтар да жоқ емес екен. Олар да жиында шығып сөйлеп жоспарларын айтты. Құдай қаласа, бұл өңір туризм үшін де тартымды жерге айналатын түрі бар. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Бабаларымыздың алып келген ислам діниқұндылықтары бүгінгі мәдениетіміздің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көріп отырмыз. Осы салтымызды сақтап, зиярат етудің әдебі мен дәстүрін жаңғырутымыз керек. Жасыратын жоқ, Созақ ауданында әулиелер жатқан қасиетті орындар аз емес. Тек насихаты аз. Көпшілік жұрт біле бермейді. Рас, бабалар дінді түркі жеріне алып келді, ол қалай жүзеге асты, оларға зәулім кесене салып, ұлықтауының себебі неде, бүгінгі ұрпақтарының келбеті қандай? Мұның бәрі зерттеуге сұранып тұрған тарихтың беймәлім тұстары.Ислам араб өркениетімен түркі өркениеті бетпе-бет келгенде түркі тайпалары бірауыздан ислам дінін қабылдады. Одан түркі тайпалары ұтылған жоқ рухани дамудың жаңа белесіне өтті. Дін аша келген тарихи тұлға ретінде қазақтыңтарихи жадында қалған Ысқақ Бабқа халықтың құрметі үзілмеуінің бір дәлелін, ұрпақтары ас беріп келелі кеңестерінен көреміз» деді Созақбай Әбдіқұлов.

Бабаның басында «өліге дұға, тіріге сәлем» еткен жиынға ел көп жиналды.Әсіресе, бабаның асын өткізуді міндетіне алған аққорғандық қожалардың ықыласы да ілтипаты да ерекше. Бабаның басына келгендерге қызмет етіп, тік тұрды. Бұл да халықтың өнегесі, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан сыйластықтың бір көрінісі. Шындап келгенде, Алланың хаһ дінін алып келген бабаларымызға құрметі. Қазақ қашанда өлі аруағын сыйлаған, ат шаптырып, ас беріп жатқан жалғыз біздің бауырларымыз емес. Алайда, Баба ауылында өткен шараның рухани астары ерекше. Исі қазақтың ислам бастауларына ден қоюына, он үш ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ислам дінінің кең өрістеп, өзіміздің салт-дәстүрімізден асып кетпей Алланы тануға ден қойған бетбұрыстың басы. Жетпіс жылғы құдайсыз кезеңнің кесірінен жастарымыз жан-жағына алаңдап, өзгенің сүрлеуіне түсіп кетіп жатқанда ел алдында жүрген ақсақалдардың, шежіреші-ғалымдарымыздың Ысқақ бабтың басында жиылып, елге ой салар әңгіме айтып, сұхбаттасқаны да бабалардың қалауымен болып жатқандай. Өткендердің ізі қалған қасиетті топырақта талай заманның сынағынан өтіп, бір кірпіші қисаймай бүгінге жетіп, ертеңгі ұрпақтың да көзайымы болып, зиярат етіп келетіндердің аяғы басылмайтын орын – бабалар кесенесі өткеннің де келер заманның да түркі жұрты қара шаңырағымұрагерлерінің иман қалқаны болып қала бермек.

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button