Ясауи мұрасы

Рисала дар адаби тариқат

  Мейірімді Рақымды Алланың атымен бастаймын

Бұл Қожа Ахмет Ясаудің рисаласы

Құтб ут-тариқат1, бурхан ул-хақиқат2, Әзірет Қожа Ахмет Ясауи рахматуллахи ғалайхи3 өзінің  рисаласында, Алла Тағаланың қалауымен, тариқат жолының ізденушілерінің жүрек көзінің ашылуына пайдалы болады деген үмітпен, бірнеше сөз айтып қалдырған.

Бірінші бап: тарихаттың ахкамы4  туралы

Ей, дәуріш біліп қой! Тарихатты ңахкамы алтау. Бірінші – мағрифат5 , екінші – сахауат6, үшінші – сыдық7, төртінші – яқин8, бесінші – тәуекел, алтыншы – тәфәккур9.

Екінші бап: тариқаттың арканы (негіздері) туралы

Ей, дәуріш біліп қой! Тариқаттың арканы алтау. Бірінші- ғылым, екінші –хилым 10, үшінші –  сабырлылық, төртінші – риза11  бесінші – ыхылас, алтыншы –құрб12.

***

1 Тариқаттың (Пайғамбар жолының) темірқазығы 

2 Ақиқаттың дәлелі

3 Алла ол кісілерге рахым етсін

4 Үкімдері

5 Таным

6 Жомарттық

7 Шыншылдық, туралық

8 Айқындық

9 Пікір ету, ойлану

10 Салмақтылық, сабырлылық

11 Риза болу, көну

12 Жақын болу

Үшінші бап: тариқаттың міндеттері туралы

Ей, дәуріш біліп қой! Тариқаттың  міндеттері  алтау. Бірінші – дидар талап болу, екінші – шауқ1, үшінші – хауф2, төртінші – рижа3, бесінші – зікір4, алтыншы – пікір.

***

1 Аллаға қауышу сағынышы

2 Алла тағаланың ашу-қаһарынан әрдайым қорқып жүру

3 Алла Тағаланың рахметінен әрдайым үміттеніп жүру

4 Алла Тағаланы үздіксіз еске алып жүру

Төртінші бап: тариқаттың сүннеттері туралы

Ей, дәуріш біліп қой! Бірінші – намазды жамағатпен оқу, екінші – сахарда тұру,  үшінші –  әрдайым  бойын таза ұстау,  төртінші –  дәретпен жүру, бесінші –  Алла Тағаланың зікірін құрметпен  айту,  алтыншы – әмбие-әулилерге,  мұсылмандардың патшасына, ата-анасына, рухани ұстаздары мен  мұғалімдеріне, ұрпағына арнап бес уақыт намазда дұға жасау.

Бесінші бап: тарихаттың мустахабтары туралы

Ей, дәуріш біліп қой! Тарихаттың мустахабтары алтау. Бірінші – қонақты көркем мінезбен күтіп алу,  екінші – қонаққа тағам ұсыну, үшінші  – өз үйінде қонақпен сұхбаттасуды ғанибет санау, төртінші – қонақты көңілді түрде шығарып салу, бесінші – қонақтың қажеттілігін кетіру, алтыншы – иман келтірген құлға көмектесіп жүру.

Алтыншы бап: тариқаттың әдептері туралы

Ей, дәуріш біліп қой! Тариқаттың әдебі алтау. Бірінші – рухани ұстаздың алдында әдеппен шөкелеп отыру, екінші – өзін басқалардан төмен санау, үшінші – өзінен озық кісілердің алдында сөйлемеу, бесінші – рухани ұстаздың рұқсатынсыз әңгіме айтпау, алтыншы – рухани ұстазды, мұғалімді, тағы осы сияқты кісілерді шын жүректен сыйлау. Олардың рұқсатымен жүріп-тұру. Оларға, ата-аналарынан бұрын қызмет қылуға тырысу. Бәйіт: Енді өз тәсіліңмен жоспарлама, Рухани ұстазың  рұқсат етпеген істі.

Жетінші бап: рухани ұстаздардың шәкірт қабылдауы туралы

Әзірет Қожа Ахмет Ясауи Алла Тағала  ол кісінің ғазиз  рухын киелі етсін, айтады: Мүрит1 қабылдау үшін мүршит кемелдікке жеткен адам болу керек. Шәкірт қабылдайтын кезде, ең әуелі мүриттің нәпсісінің сипаттарынан, қорлықтары мен қаралықтарынан, жүрегіндегі сырдан хабары болуы керек. Сол дәрежедегі  ұстаз ғана  шәкірт қабылдауға хақысы бар, тіпті  ондай ұстаз қошеметтеуге әбден лайықты. Егер Алла Тағаланың фарыздарынан3, Әзірет Расулдың саллалаху ғалайхи уа салламның сүннетерінен хабарсыз болса, ондай шайх дүниеде қорланады, құриды, ертең қиямет күнінде Алла Тағаланың алдында,  Әзірет Пайғамбардың саллалаху ғалайхи уа  салламның

алдында барша мазхаб пен халық ғалымдарының алдында, барша әулие-әмбиелер, тариқат жолындағылардың алдында ұятқа қалады. Бұл жаман істен Алла бізді сақтасын.

Және хұтбу тариқат уа бурхану хақиқат Әзірет Қожа Ахмет Ясауи қаддассалаху сирраху былай дейді: шайхқа мүрит болу деген, әуелі ол шайх қырық төрт мақамнан хабары болу керек. Егер  бұл мақамдардан хабары болмаса, жиырма екі мақамнан хабары болу керек.

***

1 Өз ерігін нақты мүршитке (тура жолды көрсетуші ұстазға) тапсырған шәкірт

2  Бағыт көрсетуші, жолбасшы, тура жолды көрсетуші ұстаз

3 Бұйрықтарынан

Егер ол дәуріштік мақамдардан хабары болмаса, міндетті түрде сегіз мақамнан хабары болсын. Және осы сегіз мақамнан сегіз әріп шығады. Әріптер мынадай: Бірінші «әліп», екінші «бе», үшінші «те», төртінші «син», бесінші «сад», алтыншы «фе», жетінші «қап», сегізінші «ре». Біліп қой! Әліп әрпі түп-түзу, дәуріш «әліп» сияқты тура, түзу болу керек, екінші «бе», «башарат» деген сөз, яғни, әрқашан жақсы хабар күту керек, үшінші «те» дүниені тәрік ету керек, төртінші «син», «сайр уа сулукта1» болу керек, жетінші «қаф», қанағатшыл болу керек, сегізінші «ре» дәуріш әрқашан «риязатта3» болу керек.

Алла Тағала өзінің хақ кәләмінда былай деп хабарлайды: «…Алла олардан разы, олар да Алладан разы…»4. Міне, осындай  ұстаз шәкірт қабылдауға, тапсырма (аса таяқ) беруге, мүриттің халін тексеріп тұруға болады, ондай  кісіге шәкірт болған дұрыс. Егер бұл сегіз дәуріштік мақамнан хабары болмаса ұстаздық қылғаны дұрыс болмайды.Егер ұстаздық қылам десе мәңгілік азапқа душар болады.

Махабат туралы

Біздің Шайх Алла Тағала ол кісінің рухын киелі қылсын, былай деді: «Ей, Дәуріш! Жалғаншы, махабатты көре алмайды. Махабатты Құдай Тағала жаратқанда  оған, ей махабат ұлы ғаршыға орналасып ал деді, ол тұрмады. Күрсіге орнық деді, махабат ол жерге де тұрмады. Сонда әуез келді: «Ей, махабат! Махамдарға неге жайғаспадың» деді. Махабат жалынып, жалбарынып, уа он сегіз мың ғаламның Жаратушысы, Тәрбиешісі! Ол мақамдарға орнығу үшін мақсат керек, талибқа матлуб1 ғашыққа мағшуқ2 , Зылиқаға Жүсіп, Хадишаға Мұхаммед саллаллахц ғалайхи уа саллам, мүридке пір, муршид, дәурішке қожайын керек. Алла Тағаланың сөзі  бар: «… оларды Алла жақсы көреді, олар Алланы жақсы көреді3…»

Бап: ышық туралы

Біздің Шайх, Алла Тағала ол кісінің рухын киелі қылсын, былай дейді: ышық дегеніміз – бір хәлден екінші  хәлге кезігу. Ғашық адам сол, бір рет «Алла» деп, шақпақ сияқты шауқ4 отымен жалындап жанса. Оған ыхылас беттеп, мағрифат5  шамы жанады, махабат шырағы жалындайды. Дәуріш сол кезде көбелек сияқты ұшып, жайнамаздың үстінде, рухани әлемде мінәжат етеді. Мұндай шайхты Қожа Ахмет Ясауи рахматуллахи алайхи айтады: кімде кім дүниелік және ахиреттік уардадан (гүл суынан) бір кесе ішсе, яғни досының қолынан бір ұрттам махабат ыдысымен өз еңбекттеніп ішсе, ол міндетті түрде мәләмәт болады яғни, сөгіс естиді.

Бап: ал-мағрифат яғни таным туралы

Жүректің тірілуі Алла Тағаламен болады. Ей, дәуріш біліп қой! Ғашық болған адамның көкірегінде тұрғнада ышық опаны6 көбейтпейді, жапаны7 азайтпайды.

***

1 Ізденушіге іздеу керек болған нәрсе

2 Ғашыққа сүйікті

3 Құран Кәрім: 5 сүре 54 аят

4 Сағыныш. көңілдің сүйіктісімен  кездесуге деген құштарлығы, сағынышы

5 Таным

6 Сүйеу демеу, арқасын алу

7 түрлі қиындықтар, бәлекет

 Махабаттан, оған  зауық1 келеді, ол зауық сүйіктімен кездесу, оның алдында әрқашан  бәсекелес ақыл тұрады.

Ей, дәуріш! Пейіш – Алла Тағаладан ихсан2, мен карам3 талап етушілер үшін. Таным момындардың жүрегінің емі, дидар талап етушілерге дәрі, аурудың шипасы болады.

Дәуріштің екі көзінен жас тоқтамайды, Алланың  рахметі  көзбен келеді, дәуріштің жүрегі әрқашан қорқынышта болу керек, хауф яғни қорқу жүрекпен болады. Дәуріштің жаны биіктеу керек, өйткені биіктікке рухпен  жетуге болады. Дәуріштің тәні тәубеде болу керек,  өйткені тән әрқашан тәубада болғаны дұрыс. Дәуріштің екі қолы жақсылық жасаумен болсын, өйткені жақсылық екі қолмен болады. Дәуріштің екі аяғы тағатта болсын, өйткені  тағат аяқпен болады. Дәуріштің екі  құлағы тыңдауда болсын, өйткені тыңдау екі құлақпен болады. Дәуріштің тілі зікірде болу керек, өйткені зікір тілмен болады.  Дос әрқашан сүйіктісімен кездесуді қалайды.

Ей, дәуріш! Пенденің төрт нәрсесі төрт нәрсеге бекітілген. Пенденің тілі әрдайым зікір етуге, пенденің жүрегі Алланың махабатымен толуға, екі көзінен жас ағызып кездесуді  сұрап жүру, пендеің сөзі әрқашан тәубе болу керек. Алла Тағаланың сөзі: «Ей, иман келтіргендер! Шын көңілден тәубе етіп Аллаға қайтыңдар…5».

***

1 Рухани ләззат

2 Жақсылыұ

3 Жомарттық

4 Құран Кәрім: 66 сүре, 8 аят

 Мағрифат туралы

Әзірет Қожа Ахмет Ясауи рахматуллахи алайхи айтады: ей, дәуріш, біліп қой! Мағрифат дегеніміз қорған, махабат дегеніміз патша, ақыл уәзір. Тілдің жолы зікір, жүректің кені пікір, сол кезде сыр ашылады. Ізденушінің құлағы үкімде болып,  жаны махабат дариясына батып кету керек. Пақырлар махабатқа батты.

Біл, ей, ізденуші дәуріш! Алла Тағала пейіште  ну-орман, ағаштар жаратқан, дәуріштердің жүрегінің ішіне мағрифат ағашын жаратқан, жүректі ңүйін ыхыластан жаратақан, жүректі ңжемісін иғтиқадтан1 жаратқан, жүректердің жапрақтарын тасдиқтан2 жаратқан, ақылды оған жақындатып қойған.

Ей, ізденуші дәуріш біліп қой! Ол ағаштың тәні – иман, бұтақтары хикмет болады. Пейіштің ішіне Алла Тағала төрт арық жаратқан: біреуі – сүттен,  бір арық балдан, тағы біреуі шарабан тахурдан, және біреуі – судан.

Дәуріштің жүрегінде ғибадаттың төрт дариясы бар. Бірі тәуекел дариясы, екіншісі тәфәккур дариясы, тағы біреуі тауаазу даряиы, біреуі зікір даряисы.

Қайсы бір ғашық, шыншыл, Алла Тағаланы ңдидарын ізденуші дәуріш осы дариялардың жағасына келсе,  шауқ шарабын ішсе,  шариғат төсегіне отырса,  тариқат жастығына жастанса, мағрифат  гүлін иіскесе, махабат тандырында жанып, күйсе, дос тарпынан ол дәурішке мына хабар жететіні хақ: «тәубе етіп Раббысына қарай қайтатындар, оған  ғибадат жасаушылар, оны көп мадақтағандар,  тоқтатпай оны іздеушілер, оған иілгендер, ол үшін сәжде етендер, жақсылыққа шақырғандар, жамандықтардан қайтарғнадар, Алла Тағала қойған шекті бұзбай күзетіп жүргендер, міне осындай момындарға  сүйінші хабарлар болсын3».

***

1 Негізгі сенім, түйінді ой, түйілген шындық

2 Растау, мойынсұну

3 Құран Кәрім: 9 сүре, 112 аят

 

Және Алла Тағала былай деп үн қатқандай болады: «ей, жанқиярлық танытқан дәуріш, ей, жанып күйіп жүрген,  жүрегніде түгі барлар, сендердің жандарың  маған құрбан, өйткені: «айт рух менің әмірім1 » сендердің жүректерің менің назарым түсетін жер,  және  жүректеріңнің ішінде бір тақ жасадым. Ол тақтың үсітнде менің ұлық есімім жазылған, сендер одан бейхабарсыңдар. Мен назар салатын жер  момындардың, дәуріштердің жүрегі. Күнеге мың рет рахмет назарыммен олардың жүректеріне қараймын.

Біліп қой! Оның тағы иман болады, патшасы ақыл, оның уәзірі таным мен жүреткердің жері махабат мақамы. Сол жерде кәлима тайиба деген ағаш өскен, ол: лә илләһа иллаллаһ мухаммад расулуллах, яғни бір Алладан басқа  тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі. Хақ субханаху уа Тағала хабар береді: «Алла Тағаланың, көркем және тура сөз үшін қандай мысал бергенін көрмейсіңдер ме? Ол сөз тамыры мықты, бұтақтары көкке ұласқан ағашқа ұқсайды2».

Бап: дәуріштік туралы

Шайх Қожа Ахмет Ясауи Алла Тағала ол кісінің сырын киелі қылсын, айтады: Дәуріш болудың  ақиқаты мынау, дәуріштің жүрегі әрдайым зікірде, оның иғтиқады жүректе, жүрегінің қуанышы мешіттің ішінде  намаз оқуда болу керек, ол әрқашан қорқынышта болуға тиіс. Көп Құран оқып, күндіз ораза ұстағаны абзал. Ол Пайғамбардың  ғалайхис саламның сөзі бар: «Ораза мен үшін, ақысын да өзім беремін». Әзірет Қожа Ахмет Ясауи Алла Тағала ол кіснің  сырын киелі етсін айтады: дәуріш сол адам болады, егер бір момын оның басына аяғын қойса, ол пікір теңізіне шомып, халыққа оны жаряиламаса. Ей, ғашық дәуріш! Біілп қой, тариқат жолы ізденуші дәурішті тәфәккурге жеткізеді, тәфәккур хауфқа жеткізеді. Хауф рижаға жеткзеді, рижа екі көзден жас ағызуға жеткізеді. Көп жылау хидаятқа 1 жеткізеді. Хидаят тауфиққа 2  жеткізеді. Тауфиқ тағатқа3 жеткізеді. Тағат зікірге  махабатқа жеткізеді.  Махабат Алла Тағаланың ризалығына жеткізеді. Алла Тағала Құран Кәрімде хабар берген: «Кейбір жүздер ол күні бақытты, жалтырайды. Раббысына қарап тұрғанда4» Ең дұрысын Алла Тағала біледі. Назым:

Пейіш аналардың ризалығында,

Аналардың аяғының астында.

Алла Тағаланың ризалығын тілесең,

Аналар риза болатын істі жаса.

Әзірет Қожа Ахмет Ясауи қаддасаллаху сиррах ул азиз уал икрамның рисаласы аяқталады.

 

1 Құран Кәрімнің 17 сүресі, 85 аятында «айт, рух менің раббымның әмірімен болады» деген

2 Құран Кәрім 24 сүре, 84 аят

1 Бағыт-бағдар көрсету

2 Алла Тағала тарапынан берілетін   арнайы жәрдем

3 Бағынушылық, мойынсұну

4 Құран Кәрім 75 сүре, 22-23 аяттар

 

Аударған Сейфулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ 2012 жыл

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button