Рабғұзи

Қисса миғраж саллұллаһү-ғалайһи-уәссәләм

ПАЙҒАМБАРДЫҢ КӨККЕ ШЫҒУЫ

(Миғраж – көкке көтерілуі)

Расулұлла ғ.с. айтады: Бір кеште жатыр едім, біреу келіп оятты. Көзімді ашсам, Жебірейіл досым екен. Ол: «Ей, Расулұлла! Бұл күн ұйқы күні емес. Хақтағала сәлем айтып, қасына шақырды. Достым Мұхаммедпен сырым бар. Менің ғажайып-ғаламатымды көрсін. Көңілі ашылып, қайғысы басылсын», – деді. Сонда Расулұлла «Мен бұл қызметіңе әзірмін», – дейді.

Расулұлла ғ.с. айтады: Тұрдым, дәрет алдым, тысқа шықтым. Жебірейіл ғ.с. пырақ келтірді. Көрдім. Қашардан кішірек, есектен үлкенірек. Жүзі адам ұқсас, көздері үлкен, құлақтары жіңішке. Маңдайы жарқыраған нұрлы, тәні қызыл жаһүт. Қызыл маржаннан, басы саф жұпардан. Құлағы ақ інжуден. Інжу мен алтын араласқан жүгенім жүгенделген екен. Жебірейіл ғ.с. пырақты ұстап: «Әй, Әбутәлиб жетімі! Бұл кеш сенің кешің», – деді. Содан кейін пыраққа мініп аттандым.

Жебірейіл ғ.с. жолдасым пырақтың көзі қайда түссе, аяғын сол жерге басты.

Байтүл-мақдиске жеттім. Жолда оң жағымнан бір дауыс естідім. «Әй, Мұхаммед! Онда барма!» – деді. Екінші сол жағымнан және бір дауыс шықты. «Әй, Мұхаммед, онда барма!» – деді. Екеуін де тыңдамадым. Мұнан соң киінген бір қатын көрініп, қолын созып: «Әй, Мұхаммед, сөзімді тыңда. Онда барма. Жол ол жерде емес», – деді. Оған да құлақ аспадым. Содан кейін Ақса мешітіне кірдім.

Барлық пайғамбарлар жаны жолықты. Жебірейіл ғ.с. айтты: «Әй, достым Мұхаммед! Имам бол, намаз оқы. Намаз уақыты келді. Имам болмақ сізге тиіс», – деді. Екі рікғат намаз оқылды. Барша пайғамбарлар жаны ұйыды. Намаз тәмәм болғанда бір адам тұрды. Ол: «Алла мені мақұлықтар қатарына қойды. Періштелерді маған сәжде қылдырды. Қатыным Хауаны арамнан сақтандырушы қылды. Бір жұмақтан орын берді. Дұшпаным шайтанды рахматымен қуып, аластатты», – деді.

Мен мұның Адам ғ.с. екенін білдім.

Мұнан кейін тағы бір адам тұрды. Ол: «Мені пітнәдән (ең үлкен күнә) құтылушы етіп ұстады. Қауымымды 1000 жыл иманға үгіттедім. 50 жыл кем еді (Нұһ пайғамбар 1050 жасқа келген). Күндіз-түні иманға үгіттедім. Бірақ үгітім жүрмеді, олар иманнан қашты. Алла тағалаға иланбады. Мен айттым: «Әй, Раббым! Мына жұртты бір апатқа ұшыратпаса болмас». Алла тағала дұғамды қабыл етіп, қауымға алапат әкелді», – деді. Бұл Нұһ пайғамбар екенін білдім.

Мұнан соң және бір адам тұрды. Ол: «Барша һамдү алла тағала мақсат етіп, мені өзіне дос етті. Қатынымды баладан тыйды. Бала таппайтын қылды», – деді. Бұл Ібраһим пайғамбар екенін білдім.

Тағы бір адам тұрды. Ол: «Алла менімен сөйлесті. 9 ғажап ғаламат берді. Қатты тастан су шығарды. Қауымымды перғауынның әлегінен сақтады», – деді. Бұл Мұса пайғамбар екенін білдім.

Тағы бір адам тұрды. Қызыл жүзді, қара шашты, көк көзді еді. Ол: «Алла маған зәбір кітабын берді. Темірді мен үшін жұмсақ етті. Таулар мен құстарды бағынышты етті. Үкім қылу үшін шынжыр берді. Дұшпаным – Жалүдты әлек қылды», – деді. Бұл Дөуіт пайғамбар еді.

Тағы бір адам тұрды. Орта бойлы, кең маңдайлы, ыстық судан шыққан сияқты. Ол: «Менің дұғамнан соқырлар мен алапестер шипа көрді. Алланың әмірімен өліктерді тірілттім», – деді. Бұл Ғайса пайғамбар еді.

Пайғамбарлармен танысқаннан кейін, мен өзімді таныстырдым. Адамдарға иман келтіргенімді, мешіт салдырғанымды, һәм иман келтіру жолындағы мәшрүктермен болған қақтығыстарды айттым. Адамдардың иманға кіріп, құран оқығанын, Алла тағалаға шек келтірмейтінін жеткіздім. Сонда пайғамбарлар: «Сенің жасаған жақсылығың бізден көп ілгері екен», – деді.

Мұнан соң екі кесе пайда болды. Сонда Жебірейіл ғ.с. айтты: «Бұл екеуінің бірін ішесің», – деді. Көрдім, бірінші кеседе қамар (ішімдік), екінші кеседе сүт еді. Мен сүт іштім. Сонда Жебірейіл ғ.с. айтты: «Дұрыс істеді. Үмбетің ислам дінінің иесі болар. Егер қамарды ішкенде, бар үмбетің өзіңе қастық жасап, азғындықта болар еді. Алла тағала үмбетіңнен рахметін айырмас», – деді.

Пайғамбар ғ.с. айтты: «Жебірейіл ғ.с. қолымнан ұстап, Байтүл-мақдистің сахарасы, яғни мүбәрәк тастың жанына алып барып: «Әй, Смағұл! Басқышты қой», – деп айқайлады. Сол сәтте, басқыш пайда болды. Аяғы сахарада жоғарғы жағы көкке жеткен екен. Басқыштың бір бағанасы қызыл жаһұттан, екінші бағанасы жасыл зүбәржаттан, інжулермен әсемделген. Басқыштың жүз сатысы бар екен. Бірі күмістен, бірі алтыннан, бірі жәһұттен, зүбәржаттан, жұпардан, ғабнәрдән жасалған.

Содан кейін Жебірейіл ғ.с: «Есік аш, Әй, Смағұл!» – деді.

Смағұл есімді періште есік ашты, кірдік. Сол заманда Адам ғ.с. сияқты біреу көрінді. «Бұл кім?» – деп Расулұлла Жебірейіл ғ.с.-нан сұрайды. Жәбірейіл ғ.с: «Бұл атаң Адам ғ.с», – дейді.

Мен сәлем бердім, сәлемімді алды.

«Әй, пайғамбар!» – деді біреу, сол кезде Адам ғ.с.-нің оң жағынан бір есік, сол жағынан бір есік көрдім. Адам ғ.с. оң жағындағы есікке қарап, шаттанып күледі, сол жағындағы есікке қарап қайғырып жылайды.

Жебірейіл ғ.с.-нан сұрадым: «Бұл не ишара?»

Жебірейіл ғ.с. айтты: «Оң жағындағы жұмақ есігі, сол жағындағы тамұқ есігі. Біріне қарай, үмбеттері үшін қуанса, біріне қарай, үмбеттері үшін жылайды», – деді.

Пайғамбар ғ.с. айтады: «Мұнан кейін көктегі 500 жылдық жолмен жүріп, екінші қат көкке жеттік».

Жебірейіл ғ.с: «Иә, Жәржәйіл, есік аш!» – деді.

Жәржәйіл: «Сенен басқа кім бар?» – деді.

Жебірейіл ғ.с: «Ақыр заман пайғамбары Мұхаммед бар», – деді.

Сонда Жәржейіл: «Хош келдіңіз», – деп есік ашты.

Бір орындық үстінде екі әдемі жігітті көрдім. Орындықтары қызыл жаһұт, өздері қызыл жүзді.

Мен Жебірейіл ғ.с.-нан сұрадым: «Бұлар кімдер?»– деп. Ол: «Бұлар Ғайса мен Яһия ғ.с», – деді. Барып сәлем бердім. Сәлемімді қабыл алды.

Одан 3-ші қат көкке жеттік.

Жебірейіл ғ.с. есік қақты. «Кім ол?» – деп сұраған дауысқа: «Мұхаммед ғ.с. бар», – деді. «Мархабат», – деп есік ашылды. Кірдік. Бір көркем нұрлы жігіт көрдім. Жаңа туған айға ұқсас. «Әй, Жебірейіл, бұл кім?» – дедім. Ол: «Жүсіп», – деді. Барып сәлем бердім. Ол өте әдемі сәлем қайтарды.

Одан соң 4-ші қат көкке көтерілдік. Жебірейіл ғ.с. есік қақты. «Бұл кім?» – дегенде, «Мұхаммед», – деді. Есік ашылды. Кірдік. 30 жастардағы бір адам екен. «Әй, Жебірейіл, бұл кім?» – дедім. «Ыдырыс пайғамбар», – деді. Жақын барып, сәлем бердім. Сәлемімді алды. «Әй, Қандасым! Алла тағала сенің орныңды жоғары қылыпты. Менен бұрын жұмаққа кірдің», – дегенде, Ыдырыс айтты: «Әй, Алланың досы! Мен жұмаққа кірмедім, бірақ жұмаққа жақын бір бақшаданмын. Бұл жұмаққа бірінші Мұхаммед үмбеттерінен бұрын ешкім кірмес», – деді.

Мұнан соң бесінші қат көкке кірдік. 30 жастағы бір адам Хақтағаланың үкімін әңгіме қылды. «Әй, Жебірейіл, бұл кім?» – деп сұрадым. Ол: «һарун», – деді. һарун ғ.с. маған сәлем берді. Мәрхәбәт деп дұға қылды.

Одан алтыншы қат көкке кірдік. Бір адам қызыл жүзді, үстін жүн басқан. Екі қабат көйлек кисе де, түгі көйлегінен шығар. Ол кісі Бәни Ісраил.

Осы пайғамбар Хақтағалаға менен құрметтірек болар деп: «Әй, Жебірейіл, бұл кім?» – дедім. Жебірейіл: «Ғұмранұлы Мұса», – деді. Мен сәлем бердім.

Одан кейін Мұса жылады. «Не үшін жылайсың?» – деп сұрадым. Мұса айтты: «Бір ер баланы Алла тағала менен соң пайғамбар қылды. Менің үмбетімнен гөрі оның үмбеті жұмаққа көбірек кірер», – деді.

Мұнан соң 7-ші қат көкке кірдік. 7-қат көкте бір халық көрдім. Егер Хақтағала көзіме қуат бермесе, оларға қарауға тағатым болмас. Олармен сөйлесуге рұқсат берілмеді. Сондықтан олар: «Алла тағала сені тірі қылсын. Мәрхәбәт, хош келдіңіз», – деді. Онан соң өзіме ұқсас бір қарт кісіні көрдім. Жасыл зубәржәт төсекке арқасын сүйеп отырған. «Әй, Жебірейіл, бұл кім?» – дедім.

Ол: «Атаң Ібраһим», – деді. Сәлем бердім. Ол: «Мархаббатты пайғамбар, үмбетіңе менен сәлем айт», – деді.

Жебірейіл ғ.с. «Әй, Мұхаммед, алдымен сен жүр. Сен Алла тағалаға менен гөрі жақынсың һәм құрметтісің», – деді. Содан кейін алтыннан тоқылған пердеге жеттік. Бір періште: «Кім?» – деп сұрады. Жебірейіл ғ.с: «Мұхаммед», – деп жауап берді.

Періште: «Аллаһу әкбар!» – деп қолын шығарып көзді ашып-жұмғанша інжу пердеге ертіп әкелді. «Әй, Жебірейіл!» – дегенімде, Жебірейіл алтын перде жанынан: «Мұнан әрі маған жол жоқ», – деп жауап берді. Сондықтан інжу перде жақтан бір періште: «Кім бар?» – деді. Сол кезде алтын перде: «Бұл Мұхаммед», – деді. Содан соң інжу пердеден қолын шығарып, көзді ашып-жұмғанша 3-ші пердеден соңғы пердеге шейін жүрді. Әрбір перде арасы 500 жылдық жол еді. Содан кейін қарсы алдымда күн сияқты жарық нұрлы төсек, көзім шағылысты. Әмір келді. Жетпіс мың пердеден өттім. Ғарыштан бір тамшы тамып тіліме түсті. Ешқашан ондай ләззатты нәрсені татпаған едім. Содан кейін Хақтағала алғашқы көргендерімнің һәм соңғыларының ғылымын маған бағынышты қылды.

Тілім Хақтағаланың хикмәті һәм құдіретімен ашылды.

Хақтағала: «Әй, Мұхаммед! Мен сені өзіме дос қылдым. Ібраһимді халилім қылдым. (Халилім – Алланың досы). Сенімен, Мұсамен сөйлестім. Сенің үмбетіңді ерекше жараттым.

Әй, Мұхаммед! Әй, хабибім! Шүкіршілік етуден жалықпа», – деді.

Миғраж кешінде пайғамбар ғ.с. ғарыштың үстіне шығып, оң жағына қарады. Алла тағаланы көрді. Сол жағына қарады, тағы да Алла тағаланы көрді. Алдына қарады, алдында тұрды. Артына қарағанда Алла тағаланы және көрді. Басын көтеріп, көкке қарады. Алла тағаланы көрді. Сонда Алла тағала айтты: «Әй, Мұхаммед! Сен менің құлдарыма Расул елшімсің. Егер мұнда тұрсаң елшілік қыла алмассың. Жер жүзіндегі бар құлдарыма менің үкімдерімді жеткіз. Намаз оқи бастағанда соған осы мәртебені берермін», – деді. Яғни менің көзімнің нұры намазда деген сөз еді. Сол уақытты аяғымның асты қозғалып, мені бір жоғары, бір төмен жүргізіп, Сидретүл мүнтәһәрға түсірді. Сол арада Жебірейілді көрдім. Ол: «Ей, Мұхаммед! Алла тағала ешбір пайғамбарға, ешбір періштеге бермеген сыйлықты саған берді. Жер һәм көк иесі жетпеген орынға сені жеткізді. Алла тағаланың саған берген кереметтеріне шүкір қыл», – деді.

Сонан кейін жұмаққа бардық. Алла тағаланың айтуымен жұмақтың әр орындарын көрдім».

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Суретті түсірген  Сұлтан Сейіт

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған