Майлықожа

Мейман күтудің қасиеті

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Сарт, тәжік сауда сату сөзге жатық,

Қайыры кем мал көбейтбек көздеп жатып.

Әулиелер өзбектен көп өтіпті,

Мейман күтпек қайырға өзбек артық.

 

Сарт халқының қайыры аз қонағына,

Пұлсыз қонақ жоламас қорғанына.

Өзбекке көп сауапты қойған Алла,

Қайыры көп, өзін тастар мейманына.

 

Көп әулие, көп бүзірік өзбекте өткен,

Мейман күтпек көп сауап сөз боп кеткен.

Мейман күтпек қасиеті көл-дариядай,

Өзбек халқтың асылына кез боп төккен.

Сарт мейманға сауданың шырайы үшін,

Өзбек мейман пайлайды Құдай үшін.

Қалыс мейман хақына дұға қылса,

Алла тағала кешіргей күнәлі ісін.

 

Әулиелер әдеті бәрі сақы,

Алла үшін берілмек мейман хақы.

Аталары әулие өткендіктен,

Мейманға абадшылық өзбек халқы.

 

Құдай үшін өзбек халқы мейманға құл,

Мейманға қонба деуге көп келмес  тіл.

Өзбек халқының ішінде жүр жалпы өмірің,

Жақсы өтеді жанына салмай бір пұл.

 

Сарт пенен тәжік сауданы саздық қылар,

Дүниесі көп мейманға маздық қылар.

Сарт- тәжіктің ішінде жүріп-тұрсаң,

Жүз тілла алсаң, бір жылға аздық қылар

 

Әулиелер асылы Өзбек болар,

Меймандар өзбек ауылын көздеп барар.

Құдай үшін мейманды сыйлағандар,

Құдайдың рахметіне кез боп қалар.

 

Мейман халық сала келер берекетті,

Кетерде айдап қуар бәлекетті.

Алла сүйген құлына мейман барар,

Мейманға теріс сөйлеме келекетпе.

 

Мейман ауған үйіне береке ауар,

Мейманмен ұрысқанға бәле жауар.

Нақабылдың ақыретте бақты ашылмас,

Озған біткен дүние мал жанға зауал.

 

Пайғамбарым өтіпті айтып кепті,

Мейман күткен өзбекте қасиет көпті.

Ешандардың салынған мешітінен

Мейман күткен киіз үй абзал депті.

 

Өзбектер келе жатқан өрнек ізбен,

Береке орнар қисапсыз жаз бен күзден.

Жуып, шайып мейманын өзбек сыйлар

Батпақ кешіп барса да балтыр тізеден.

 

Сарт-тәжік ашналығы дейді сөзбен,

Мейман күтпек сауаптан салақ безген.

«Мұнафықтық шәкуа айтып айып қылар,

Көзі көзден айырылса жүзі жүзген.

 

Сарт көзіңді көргенде жылпылдайды,

Көзің тайса түлкідей  бұлтылдайды.

Өтірік ықлас қылады ашынасына,

Алланың қыспағынан құтылмайды.

 

Сарт- тәжіктің көңілі кір келеді,

Бахилдықтан бәлеге тіркеледі.

Бейуақытта  өзбектен мейман барса,

Ұрып, сөгіп иығына итереді.

 

Өзбек халықтың көңілінде нұр болады,

Ішкен асы мейманмен бір болады.

Аз тамағы бар болса мейман жейді,

Құдай үшін өз үйі құр қалады

 

Өзбек халықта көп болар сақы кәрім,

Өзі жемей мейманға берер бәрін.

Сақы менен кәрімдер ақыретте

Тоқтаусыз боп көрер шын Хақ дидарын.

 

Сақылық, кәрімдіктің мінез салқын,

Өзбек халыққа  фазыл ғып берген Тәңірім.

Сүресін тәпсір қылған ғұламадан,

Бұл сөзден шек келтірмес көңіліне әр кім.

 

Моллалар, ғұламалар айтар сөз қып,

Ақыретте сақылықтан, кәрім озық.

Кәрімдер ішпей жемей қайыр қылар,

Алла тағала оздырғай оны тез қып.

 

Сақылардың рахмет көп ісінде,

Өзі ішіп қайыр етер кісіге де.

Керім менен сақыны жарылқасын,

Бейіштің кіреді тез есігінен.

 

Сарт-тәжіктен көп шығар бахил-лайым,

Бахил халқы білмейді қайыр жайын.

Бахил халқы өзі жер қайыр қылмас,

Қанша тақуа болса да азап дайын.

 

Лауымдар ішпес-жемес, көргені тоқ,

Мал бітсе бейнеті көп, рахаты жоқ.

Тіріде де азаптан арылмайды,

Өлгенде жатар жайы жаһанам шоқ.

 

Сарт- тәжік қайырға аз, асқа наһан,

Арман қылар қайыр үшін кетккен хақын.

Қалыс мейман, жат қонса қайыры көп,

Сақы , Кәрім салтына өзбек жақын.

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу