Майлықожа

Пайғамбарлардың орнында ғұламалар тұрған дер

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Пайғамбарлардың орнында,

Ғұламалар тұрған дер.

Ғұламалардың рухы

Шомылып шыққан нұрдан дер.

Арабы аят нұрға орнап,

Ғазиздігі мұнан дер.

Арабы дұға Аллаға

Қабыл болар жылдам дер.

Дүйсенбінің түнінде,

Дүниеге келер күнінде

Алланың досты ән-Хазірет,

Жаһаннан озып туған дер.

Айуан тамдар жапырылып,

Дариялар тасып арқырап,

Меккеге шалқып сапырылып,

Барлығы тағзым қылған дер.

Жеті тозақ жабылып,

Сегіз пейіш ашылып,

Хор қыздары жиылып,

Рахмет жауып тұрған дер.

Өңкей темір қанаттар,

Қабатталып киіліп,

Қалған саңлау мұнан дер.

Ащы сулар тұщы боп,

Бейсағат күндер сағат боп,

Жаһанның жүзін жуған дер.

Қыямет күнде рахатта,

Үмбеттер болса бұған ел.

Хақ момынның белгісі,

Халалдан малды жиған дер,

Арамнан өзін тыйған дер.

Рахман атлы я Алла,

Әр пендеңе иман бер.

Жаһанды Құдай жаратқан,

Жалғыз сен патша серікіз.

Біз күнәһар пендеміз,

Бейшара, нашар, еріксіз.

Ауқатсыз қойсаң – халіз құл,

Өмірсіз қойсаң – өлікпіз.

Топырақ, су, от пен жел,

Төрт нәсілден өніппіз.

Бір атаның белінен,

Бір ананың қарнынан

Адамзат халқы болыппыз.

Жалғыз дәннің еккені

Айдалаға толыппыз.

Қоныс жетпей таласып,

Әр ықылымға қоныппыз.

Ыстық, салқын өткізіп,

Суық күнге тоңыппыз.

Жаз жіберсең жалтырап,

Қыс жіберсең қалтырап,

Тайғақ кешу, тар көпір

Дүниенің жүзі қалпырақ.

Қатерлі, тайғақ қияда,

Қалтырап, қорқып тұрыппыз.

Арабы тілде Алланың

Бір сипатын Қайум дер.

Қайум аттың мағынасы

Бір атаса Алла деп,

Он мәртебе дағайындар.

Алланың үш мың үш атын,

Үш жайда қылған тайун дер.

Мың бір аты жоғары

Ғарыш ағлада заһер дер.

Мың бір атын біледі

Бұл жайдағы қалың ел.

Мың бір аты үстінде

Жаһанамның мәлім дер.

Алланың үш мың үш атын

Атайды молла, ғалымдар.

Естіген сөзді айтса да:

«Ептеген ғой шайыр» дер.

Әр қажетті жеткізген,

Алла сақы, кәрім зор.

Кәрім сақы, я Алла,

Қажетімнің бәрін бер.

Көшіп кетер дүние,

Көлеңке сипат пәни дер.

Айналайын Зұлжалал,

Өзіңнен басқа жақын жоқ.

Екі жаһан сенікі,

Еш мақұлықтың хақы жоқ.

Қожайын жақсы көрмесе,

Қойшының пайда нарқы жоқ.

Ашты-тоқты өтеді,

Бұл дүниенің парқы жоқ.

Балық құйрық баянсыз,

Замананың арты жоқ.

Он сегіз мың ғаламның

Біз білмеген халқы көп.

Әр істі өзің қыласың

Құдіретің күшті Құдайсың.

Ақылын білген жақсылар

Өз халіне жыласын.

Қорқып болдым қуанышым,

Жылап жетті жұбанышым.

Сенбеймін дүниеге

Өзіңсің ием инаншым.

Топыраққа дене қосылар

Аманат тұрған бұ жан сен.

Ақылын халықтар алдырар

Түрленіп дүние тұрғансын.

Алланың болар қалауы

Пендеі не іс қыла алсын.

Зәһеріне қарайды

Батинын қайдан біле алсын.

Қараңғылық тұманға,

Қалып ем қатер күмәнға.

Тірі жанға өлім бар,

Ажал қатер бұ жанға.

Піл Сираттан өткенше,

Ғылымың барлар қуан ба.

Басыма мүшкіл түскен соң,

Ойландым пайда-зиянға.

«Қажыға бармай кеттім, – деп,

Алпыс жыл жүріп неттім», – деп,

Талай ой түсті қиялға.

Тайдырмады қияда,

Шыбын жан қалды ұяда.

Панайыңда біз ғаріп,

Хамад сана дұғада.

Екінші өмір жеткізсе,

Пендесі күмән қыла ма?

Моллалар айтар төрт ғазиз,

Аман жүр дейді дүнияда.

Ідіріс атлы пайғамбар,

Бұл дүниеге келісті.

Ідіріс дер анда көктегі

Мәләйік тамам періште.

Ідіріс мағына модәріс

Хазірет Ідіріс деу іске.

Әмірінен зәре шықпады

Бұйыра Алла не іске.

Ажалдан аяп қоймады

Денеден жанын бұ іске.

Халауы болды Ідірістің

Тірідей барды бейіске.

Бұзбаған әмірін досты еді,

Аяды мехнат өліске.

 

Хазірет Ілияс пайғамбар

Алланың әмірін бұзбады.

Түрленіп тұрған дүниенің

Түсіне зәре қызбады.

Сәждеден басын айырмай,

Намазын күн-түн үзбеді.

Түн ұйқыдан түңіліп,

Тіке тұрып мызғыды.

Жат етті Ілияс Алланы

Тағаттан шаршап танбады.

Айтқанын Алла қылар мас,

Бұзбаған әмірін пендені.

Таусылды бір күн Ілиястың

Өмірінің қалғаны.

Хазірет Әзірейіл

Келіпті жанын алғалы.

Қамығып Ілияс пайғамбар

Көзінің жасы парлады.

Ойындағы сөз еді:

«Күн-түн намаз әдетім,

Жетті ажал сағатым.

Бұл дүние ақырет,

Иесіз қалады, – дейді, – тағатым».

Бей тағат болып Ілияс

Көзінен парлап шықты жас.

Әзірейіл айтты: «Әй, Ілияс,

Халықтарға ажал бұл мұрас.

Естуші едім әй, Ілияс,

Алланың сені досты, – деп,

Періштелер мақтаған:

«Пайғамбар Ілияс осы» деп,

Ақыретке бармаққа,

Аңласам, көңілің хошы жоқ.

Пәни жайды ұнайсың.

Аллаға жаның қимайсың.

Ашуым келді я, Ілияс,

Осынша неге жыларсың.

Ақырет деген шын дүние,

Бақиды қуаныш қылмайсың».

Ілияс айтты: «Жылаймын,

Тағатымды қимаймын.

Намазым қалар оқылмай,

Кеткен соң өзім бұл жайдан».

Ашуына мінді Әзірейіл,

Жанын алмақ ыңғаймен.

«Аулақ тұр» деп Ілиястан,

Жарлық келді Құдайдан.

«Тағатын қимас ол, – дейді,

Жылаған көңілі сол, – дейді.

Ілияспен ісің болмасын,

Басқа ісіңмен бол, – дейді.

Достымның әмірін бұзбаймын,

Жіберген өмірім мол!» – дейді.

Алладан жарлық келген соң,

Әзірейіл тұра жөнеді.

«Хазірет Ілиясқа,

Жіберген өмірім мол», – дейді.

Жүрер жайы теңізде

Дариялардың көлебі.

Қарны ашса шығып тауларға,

Жасыл шөп, – дейді, – қорегі».

Жаратты ғазиз Исаны,

Жарылқағанның нышаны.

Несараның халқына,

Насихат айтып жұмсады.

Құшақтап келіп Інжілді,

Несараны халыққа білдірді.

Қайта-қайта сөз айтып,

Қызметін Хақтың тындырды.

Кәпірлер дінге кірмеді,

Құданы бірі білмеді.

Кәпірлер қамаса сасқанда,

Исаға еңбек асқанда,

Періштелерді жіберіп,

Шығарды Алла аспанға.

Бас-аяғын айтқанда,

Кетеді ұзақ дастанға.

Хазіреті хазіреттің

Қызметін Алла қалады.

Әмірімен жүрген пенденің

Айтқан тілін алады.

Шыққан-кірген әр демін,

Тәсбихпенен санады.

Ажалдан берді амандық,

Су берді әбілхаяттан,

Ілімін хазіреттің

Артықша қылып жаратқан.

Сонан бермен келеді,

Жаһанды кезіп хаятпен.

Қазынашы қылды Қызырды,

Қыдырар жапан түзін-ай.

Бір жолыққан адамдар

Өмірінше көрер үзірді-ай.

Ажал көрмей төрт ғазиз

Аман жүр жаһан жүзінде-ай.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button