Mінбер

«Генеологические грамоты и саркальные семейства ХIХ-ХХ веков Насаб-наме и группы хаджей, связанных с саркальными сказаниями об Исхак бабе»

Кiтаптың мақсат-бағдары ХIХ-ХХ ғасырлардағы Орта Азия мұсылман әлемiндегi айтулы, беделдi тұлғалардың өзара пiкiр алысулары мен деректердi сын көзден өткiзу. Құрастырушы Анке фон Кюгельген. Швейцариядағы ғылыми зерттеу қоры қостап, Индиана (АҚШ) ғылыми зерттеу институты қолдаған. Құрастыруға Әшiрбек Момынов, Анке фон Кюгельген, Дэвин Ди Уис, Микаэль Кэмпер қатысқан. Кiтап негiзiнен ХIII-ХV-XVI ғасырларда жазылған Насабнамалардан тұрады. Дәлiрек айтқанда, сол көне жазбалар және олардың ХIХ-ХХ ғасырларда жасалған көшiрмелерi. Барлығы кейiнгi жылдары (2000 — 2002 ж.ж.) жеке адамдардың қолдарында сақталып қалған деректер. Осы екiншi томға солардың 24-i iрiктелiп алынған. Қолжазбалар, мөрлер және ауызша айтылған шежiрелердiң жазбалары. Кiтаптың кiрiспе тарауын американдық зерттеушi Девин Ди Уис жазған. Ағылшын мәтiнiнде берiлген оның көлемi екi баспа табақтан асады. Мұнан соң тағы өз алдына алғысөз бар. Мұны Анке фон Кюгельген және Микаэль Кэмпер сынды исламды зерттеп жүрген немiс пен ағылшын жазған. Сондай-ақ, кiтапта өзiмiздiң байырғы зерттеушiлерiмiз Әшiрбек Момынов пен Зiкiрия Жандарбек жазған мақалалар да бар. Бұл – орыс тiлiнде. Мұнда соңғы жылдары арнайы ұйымдастырылған экспедицияда жинап алынған «Насабнамалар» мен рисалалардан бұл кiтапқа iрiктелiп алынып, орысшаға аударылып басылып отыр. Әр топта бiрнеше нұсқадағы жазбалар бар.

  1. Уасият наме Мауләна Сафи-ад-Дин Орун Қойлақы; II. «Тарихнама» (Қаялық редакциясы); III. «Насабнама («Арқұқ» редакциясы);IV. Таржұман насабнама (Ташкент); V. Насабнама Қараспани; VI. Аб «Генеологические грамоты и сакральные семейства ХIХ-ХХ веков Насаб-наме и группы хаджей, связанных с сакральными сказаниями об Исхак бабе».д-әл-Әзиз ибн Катта Қожа.

Осы жазбалардың барлығы дерлiк Әзiретi Әлi Муртазидан, Мұхаммед Ханафиядан тарайтын ұрпақтың шежiресi. Олардың 12-сi Өзбекстан азаматтарының қолынан алынған. Бұл насабнамалардың iшiнде бiзге етене таныстары да бар. Ғылыми айналымға қосылғанына 20 жылдан астам уақыт болған Мауләна Сафи-ад-Дин Орун Қойлақының насабнамасы өзiнiң көнелiгi және жазылуы жөнiнен ешқандай күмән келтiрмейдi деп санауға болады. З.Жандарбектiң тiкелей еңбегi арқылы жарық көрген бұл жазба «Ясауитану» iлiмiнде үлкен рөл атқарады.

Кезiнде осы еңбектiң жарық көруiне сүйене отырып, осы жолдардың авторы Түркiстанның 1500 жылдығы қарсаңында (1999 жылы) «Ысқақ баб» атты шағын зерттеу еңбегiн көпшiлiк назарына ұсынған болатын. Сол кездегi жасалған тұжырымдар мен қорытындылар жаңадан жарық көрiп, халықаралық сипат алған «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии» кiтабындағы деректермен одан әрi дәлелдене түсетiнiне тағы көзiмiз жетiп отыр.

Бiз сол еңбегiмiзде «Насабнамалар» мен «Рисалалардың» (рисала — арабша қолжазба) түрлi нұсқалары әр кезеңде жаңарып, өзгерiстерге ұшырап отырғанын жазған болатынбыз. Бұл өзгерiстер елдегi саяси-экономикалық, әлеуметтiк ахуалдардың өзгеруiне тiкелей байланысты болған. Ең алдымен және маңыздысы – қожалар әулетiнiң бедел-деңгейi, дәрежесi, олардың Пайғамбар ұрпағына жақындығы қаншалықты екендiгi баса көрсетiлсе, екiншiден, сол қожалар әулетiнiң ықпал ету аймақтары, халыққа иелiк ету, уағыз тарату шекаралары анықталған. Одан соң оларға қарасты жер-су аумағы белгiленiп берiлген. Ең соңында олардың құқықтарын қорғау мәселелерi ескерiлген. Бұл мәселелер тiкелей айтылмаса да шежiренi тарқату барысында аталық ықпалы күштi (Пассионарлар) олардың ұрпақтарына да мирас екендiгi ұғындырылған. Персонификация арқылы заңды құқықтық нормалар патшалардың, хандардың мөрiмен бекiтiлген. «Насабнамаларды» жаңартып жазу үстiнде әр жолы шежiрелерге жаңа есiмдер қосылып, жаңа аталықтардың аты аталып отырылады. Бұл қожалар әулетiнiң өз iшiнде бәсекелестiк болуымен бiрге, бұрын жiберiлген (бәлкiм әдейi айтылмай кеткен) кемшiлiктер өңделiндi деп есептелiнген.Кiтапты құрастырушылар Насабнамаларды жинап, бастырып, орысша тәржiме жасағанымен, сол жазбалардың мәнiн ашу, ондағы кей жағдайларға талдау жасауды мақсат етпеген. Сондықтан мәтiндер түрлi өзгерiстерге ұшырап, сыры ашылмай жатады. Ондай жәйттердi толық түсiну үшiн қосымша кiтаптарды кiлт ретiнде пайдалану керек. Жалпы көпшiлiкке көне дүниеден хабар жеткiзетiн осындай кiтаптардың көбiрек жарық көруi руханият әлемiндегi айтулы оқиғалардың бiрi демекпiз. Өкiнiштiсi сол, кiтап өте аз данамен шыққан. Кiтапханаларда, сатылымда жоқ. Сол үшiн көпшiлiк хабардар болсын деп осы библиографиялық-таныстыру мақаланы ұсындық.

 

Дулат ТҰРАНТЕГI

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button