Қисса Адам ғалайһи-уәссәләм
Адам әуелі топырақтан жаратылған. Құдіреттің өмірімен жерден көкке шығып, жұмаққа кірген. «Бұл ағашқа жақын болма» деген әмір естіп, бидай дәнін жеуден тыйылған.
Хауа атты көркем әйел Ібіліс малғұнның азғыруына душар болып, жұмақ жемістерінен айырылып, қараңғы дүниеге енген. «Біз өз нәпсіміздің құлы болдық. Күнәмізді кеш», – деп үш жүз жыл жылаған.
«Адам Раббысына жақын болды. Киім киген періштелер сәжде қылып, Адамға құрмет көрсетті. Адамға барлық нәрселердің есімін білу, ғылымды меңгеру қасиеті берілді. Бұл – Адам ғалайһи-уәссәләм еді».
Періштелер Адамға ғалайһи-уәссәләмді жұмаққа көтеріп барды. Түрлі миуалар жеп, әсем бақтарда қыдырып, асыл киімдер киінді. Тұлпар мінді. Бірақ тағдырға не істесін, тыйым салынған бидай дәнін жеп, сегіз сарай жұмақтан шығып қалды.
Адам ғалайһи-уәссәләмді жаратудан бұрын Алла тағала Жебірейіл ғалайһи-уәссәләмға: «Бар! Жер бетінен бір уыс топырақ әкел!» – деп бұйырды.
Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм жер бетінен топырақ алмақ болғанда, Жер: «Алла атымен ант етемін. Менен топырақ алма!» депті. Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм антты құрметтеп, топырақ алмады.
Мұнан кейін Алла тағала Исрафил ғалайһи-уәссәләмді жіберді. Жер оған да ант берді. Ол да топырақ ала алмады. Мұнан соң Алла тағала Мекайіл ғалайһи-уәссәләмді жіберді. Жер оған да рұқсат бермеді. Мұнан соң Әзірейіл ғалайһи-уәссәләмді жіберді. Жер оған да ант берді. Бірақ Әзірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Сенің антыңнан Алланың әмірі артық», – деп, батыс пен шығыстан бір уыс топырақ алып, Алланың ғұзырына барған.
Сонда Алла тағала: «Жер саған ант айтпады ма?» – деп сұрады. Әзірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Айтты. Бірақ сіздің әміріңізді бәрінен артық көрдім», – дейді. Сонда Алла тағала: «Жерге құрмет көрсетпепсің. Түбі адамдардың жанын алатын сен боларсың», – деді. Бұған Әзірейіл қатты қайғырып, зарланды; «Иә, Раббым! Адам арасында жақсы ниеттілер де бар. Мені олардың жанын алушы етпе, ғафу ет», – дейді. Хақтағала Әзірейілге: «Адамдармен бірге түрлі аурулар жаратамын. Сондықтан ажалын сенен көрмес», – деп жұбатады.
Әзірейіл ғалайһи-уәссәләмнің жерден алған топырағы түрлі түсте еді. Ақ, сары, жасыл, қара. Адамзаттың түрлі сипатта болуы осы себепті. Әзірейіл ғалайһи-уәссәләм ол топырақты Мекке мен Тайыф арасына қойды. Хақтағала оның үстіне қырық күн жаңбыр жауғызды. Отыз тоғыз күн жауған жаңбыр қайғы дариясынан, бір күнгі жаңбыр шаттық дариясынан еді. Адамзаттың қайғысы шаттығынан көбірек болуының сыры сонда.
Алла тағала сол топырақты құдіретімен қырық күн илеп, бейне жасады. Басын Тайыф тарапына, аяғын Мекке тарапына қаратты. Бұл бейне бір уыс қара балшық еді. Мұнан соң Алла тағала ол балшықты құдіретімен кептірді.
Алла тағала періштелерге: «Жер жүзінде Халифа жаратамын», – деп айтқан заманда-ақ бар мақұлық: «Алла тағала Халифаны менен жаратар», – деп өздерін көркемдеп, қуанды. Тек Жер ғана: «Мен аяқ астында жатқан зағып, мақұлықпын. Қуанар ешбір ісім жоқ»,– деп налыпты. Алла тағаланың адамзатты топырақтан жаратуы сол себепті. Осы уақытта жетпіс мың періште мен Ібіліс келіп, Адам ғалайһи-уәссәләмнің бейнесін көреді. Қолымен шертіп көріп, ішінің қуыс екенін білді. «Азғыруға жеңіл екен. Егер Алла тағала сіздерден мұны артық жаратса не істер едіңіз?» – деді. Сонда періштелер: «Алланың үкіміне разымыз» – деп жауап береді. Ал Ібіліс: «Егер Алла тағала Адамды менен артық етіп жаратса қарсы болармын», – деді.
Ібіліс сол заматта-ақ кәпір болған. Адам ғалайһи-уәссәләм жеті күн бойы жаратылған орнында тұрды. Хақтағаланың құдіретімен қызыл алтыннан, інжу тастардан безендірілген тақты Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм жетпіс мың періштемен Адам ғалайһи-уәссәләмға алып келді. Олар Адам ғалайһи-уәссәләмға жұмақ киімін кигізіп, саусағына жүзік салып, басына құрмет тәжін қойып, тақ үстіне отырғызды.
Адам ғалайһи-уәссәләм жымиып күлсе, күн нұрындай мейірлі шуақ төгілетін. Періштелер Адам ғалайһи-уәссәләмнің сұлулығын көріп, қайран қалып, Алла тағала берген тақты адамға қадір тұтты.
Алла тағаланың әмірімен періштелер тақты желкелерімен көтеріп, Адам ғалайһи-уәссәләмді тамаша жерлермен серуендетіп, өздері Адам ғалайһи-уәссәләмнің соңынан жүруші еді. Адам ғалайһи-уәссәләм Алла тағалаға: «Не себепті періштелер менің соңымнан жүреді. Қатарымда неге жүрмейді?» – деп сұрағанда, Хақтағала: «Арқаңда менің досым Мұхаммед Мұстафаның нұры бар. Сол нұрды құрмет етіп, періштелер соңынан жүреді», – дейді. Адам ғалайһи-уәссәләм мінәжәт етіп: «Иә, Раббым! Ол нұрды мен көре алатындай жерге орнатсаң, көңілім шат болар еді» – дейді. Сонда Алла тағала ол нұрды Адам ғалайһи-уәссәләмнің шәһәдәт бергендігі үшін иман бармағына көшірді. Мұнан соң Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Енді арқамда нұр қалды ма?» – деп сұрайды. Хақтағала: «Төрт сақабаның нұры қалды», – деген. Адам ол нұрдың да бармақтарына көшуін тіледі. Бұл тілегі де қабыл болды. Әбубәкір – Сыдықтың нұры ортаңғы саусағына, хазірет Ғұмар нұры үшінші саусағына, хазіреті Ғұсман нұры шынашағына, хазіреті Ғали нұры бас бармағына көшті.
Адам ғалайһи-уәссәләм бармағына көз салғанда әр уақытта нұрының артқанын көруші еді. Нұр бидай жеген күнге дейін Адам ғалайһи-уәссәләм бармағында болып, бидайды аузына салған сәттен бастап арқасына қайта көшті.
Адам ғалайһи-уәссәләмді періштелер көкпен алып жүріп жұмаққа әкелетін. Адам ғалайһи-уәссәләм жұмақ бақтарында серуендеп, жүзім, інжір, құрма жемістерін жейтін. Бірде жалғыздықтан зерігіп, өз жынысынан бөтен әлдебір затқа ынтықты. Осыдан кейін әлсіреп, көзіне ұйқы тығылды. Сол уақытта Алла тағала Адам ғалайһи-уәссәләмнің сол жақ қабырғасының жоғарғы жағынан Хауаны жаратты. Адам ғалайһи-уәссәләм Хауаның өзінен жаратылғанын сезіп, ұйқыдан оянып, көзін ашты. Хауаны көріп, оның асқан сұлулығына көңілі толды.
Хауаның дауысы жіңішке, көздері қара, жүз тұлым болып өрілген шашы бар еді. Хақтағала сұлулықты жүз түрлі етіп жаратса, соның тоқсан тоғыз сұлулығын Хауаға берген екен.
Адам ғалайһи-уәссәләм Хауаға қолын созып: «Жақында», – деді. Сол сәтте Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Ей, Адам! Хауаға қол созба!» – дегенде, Адам ғалайһи-уәссәләм: «Хауа мен үшін жаратылған», – дейді. Сонда Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Әрине, сен үшін жаратылғаны рас. Бірақ некесіз қол созу дұрыс емес. Хауаны Алла тағаладан жұптылыққа сұра», – деді. Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Хауаны маған жұп қыл», – деп рұқсат сұрайды. Сүбхана уатағала ықыласымен неке құтбасын оқыды.
Құтпа Адам ғалайһи-уәссәләм
Сөйтіп, Адам ғалайһи-уәссәләм мен Хауа ана жұмақ ішінде түрлі жемістерді қорек етіп, өмір сүрді. Бір ғажабы, Адам қайда жүрсе де әлгі Алла тыйым салған ағаш алдында тұрады. Бірде Адам ғалайһи-уәссәләмнан періштелер: «Сен не себепті Адам атандың?» – деп сұрайды. Сонда Адам ғалайһи-уәссәләм: «Жер бетінен жаралғаным үшін!» – деп жауап береді. Періштелер Хауа анаға: «Сен неліктен Хауа атандың?» – деп сұрағанда, Хауа ана. «Тіріден жаралғаным үшін», – дейді.
Адам ғалайһи-уәссәләм топырақтан жаратылды. Топырақ тұрған сайын тазарар. Сондықтан да ер кісілер қартайған сайын көріктенер.
Хауа ана Адам ғалайһи-уәссәләмнан жаратылды, сондықтан қатындар қартайса көріксізденер.
Алла тағаладан: «Ей, адам! Сені құдіретіммен жараттым. Барша заттың есімін білдіріп, жалғыз жүрмеуің үшін жұбың Хауаны жараттым. Екеуің де жұмақтасың. Енді менің аманатымды сақта», – деген хабар келеді. Сонда Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Аманатың не нәрсе, айт», – дейді. Алла тағала: «Жұмақтағы түрлі жемісімнен жеңіз, сусын ішіңіз. Тек қана бір ағаш бар, сол ағашқа Хауа да, сен де жақын барма. Дұшпаныңның сөзін тыңдама», – деген.
Егер Адам мен Хауа осы антты орындағанда, жұмақтан шығып қалмас еді.
Адам ғалайһи-уәссәләм мен Хауа ана жұмақта тұрып жатқан кезде, Ібіліс Хақтағаланың маңайынан аластатылған еді. Мұнан соң Ібіліс күншілдік қылып, Адам ғалайһи-уәссәләмға қастық жасауға көшті. Ол әр түрлі айла білетін. Хақтағаланың Адам ғалайһи-уәссәләмға ағаштан тыйым салуын естіп, шат болып, азғыруға асықты. Жерден көкке ұшып, жұмаққа кірудің жолын іздеді.
Ібіліс малғұн 300 жыл бойы жұмақ табалдырығын аңдып, жұмақтан бір мақұлық ұшып шықса, айла жасап көруді көздеді.
Бір күні жұмақтан Тауыс атты құс ұшып шықты. Ібіліс сонда: «Ей, сұлу құс, сен кімсің?» – дейді. Тауыс: «Сенің өзің кім боласың?» – дейді. Ібіліс: «Аллаға жақын періштенің бірімін. Мақсатым – жұмаққа кіру. Хақтағаланың достарына берген жемістерін көргім келеді. Сен мені жұмаққа кіргізуге жәрдемдессең, мен саған ғажап бір іс үйретемін. Сол арқылы сен қартаймассың, ауру болмассың, мәңгі жұмақта қаларсың», – деді.
Тауыс Ібілістің антына алданды. Мұнан соң Тауыс:
«Сені жұмаққа енгізуге күшім жетпейді. Жылан есімді жолдасым бар, бәлкім соның күші жетер», – деді.
Тауыс жыланға барып: «Ей, қандасым, сүйінші! Бізге бір мүхәпәр періште келді. Үш сөз үйретемін, мәңгі жұмақта қаларсыз, қартаймассыз дейді», – деді. Жылан асығып жұмақтан шықты. Ібілістің азғыруына жылан да алданды. Онан соң жылан: «Мен сені кіргізер едім, бірақ сақшы Рәзуан жібермес. Сені қалай алып кіремін?» – дегенде, Ібіліс: «Аузыңды аш! Сол арқылы жұмаққа кіремін», – деді. Жылан аузын ашып, Ібіліс жыланның аузына жасырынды. Жыланның аузын ашып, Ібілістің бар екенін сақшылар сезіп қумақ болғанда Хақтағаладан әмір келді: «Қумаңыз, менің бір сырым, һәм хикметім бар», – деді.
Ібіліс жылап-еңіреп жұмақтағы Адам ғалайһи-уәссәләм мен Хауа ананың жанына келді. Адам ғалайһи-уәссәләм Ібілістен: «Неге жылайсың?» – деп сұрайды. Ібіліс: «Сіз үшін қиналып, жылаймын. Теңдесі жоқ сұлусыз, сізден басқа көрікті ешкім жоқ. Соған қарамастан бір күні сіз де өлесіз» – дегенде, адам ғалайһи-уәссәләм: «Өлім деген не нәрсе?» – деп сұрайды. Ібіліс: «Көзіңіз көрмей, қолыңыз ешнәрсе ұстай алмай, кеудеңізден жаныңыз шығар», – дегенде, адам ғалайһи-уәссәләм қатты қайғырған еді, бірақ Ібіліс сөзін қабылдамады.
Мұнан соң Ібіліс Хауа ананың жанына келіп, зар еңіреп жылай бастады. Хауа ана: «Неге жылайсыз?» – деді. Ібіліс: «Сіздің қайғыңызға жылаймын. Сізді Хақтағала неге бидай жеуден тыйғанын білесіз бе?» – деп сұрады. Хауа ана: «Иә, неге тыйым салды?» – деді. Сонда Ібіліс. «Бидай жесеңіз, жұмақта мәңгі қалып, өлмейтін едіңіз. Мен сізге осыны уағыз-насихат қыламын», – деп азғырды.
Хауа ана Ібілісті танымады. Бұл сөзді жылан айтып тұр екен деп түсініп, көңіліне ұялатты. Хауа сол сәтте он адым жерді аттап, бидай ағашы жанына келді. Бидай ағашының бір талын сындырып алып, Адам ғалайһи-уәссәләмға келді: «Әй, Адам! Бұл ағаштың жемісі соншалық ләззәтті, ғажап екен. Мен жедім, сен де же» – деді. Адам ғалайһи-уәссәләм Алла тағаланың аманатын ұмытып кетіп, бір дәнді аузына салып шайнайды. Жұта бергенде ғана Алла тағаланың әмірі есіне түсіп, өңешін ұстай алды. Бидай дәні не жұтылмады, не сыртқа шықпады. Ол өңешінде түйін болып, қатып қалды. Сол себептен де ерлердің кеңірдегінде түйін мирас болып қалды. Әйелдерде ол түйін жоқ.
Бұл оқиғадан кейін Адамның басынан тәж кетіп, үстінен киімдері алынды.
Хауа ана ағашты себепсіз сындырғанда, сол ағаштан қан ағыпты. Осы себепті қан әйелдерге мирас болып қалды.
Ібіліс малғұн Адам ғалайһи-уәссәләмді жұмақтан шығаруға себепші болғаны үшін, лағнет атанып, қияметтегі орны тамұқ болды.
Мұнан соң Адам ғалайһи-уәссәләм мен Хауа ана нендей зор құрметтен айырылып, мехнатқа түсті. Хауа ана бидай ағашына аяғымен барып, аузымен жеп, қолын созып бұтағын сындырғаны себепті, әйелдердің қан ауруымен ауруы үш күннен он күнге созылады. Он күнге созылу себебі, Хауа ана бидайға жеткенше он адым аттап күнәға батқан еді. Сондықтан себеп болды, себепсіз нәрсе жоқ.
Адам ғалайһи-уәссәләм жұмақтан шығарылған соң, Хауа ананы жүз жыл бойы көре алмай, айырылып қалды. Адам ғалайһи-уәсселәм мен шайтан арасында дұшпандық күшейе түсті.
Хақтағала Хауаға: «Қайдасың?» – деді. Сонда ол қайғылы дауыспен: «Иә, Раббым, мақұлықтар сіздің атыңыздан жалған сөйлер деп ойламап едім», – деді. Хақтағала – «Ей, Хауа! Сені жұмақтан шығарғанда 15 түрлі пәлемен айыптадым. Әуелі, күнәнің ең үлкендігінен қыздарыңа да қияметке дейін қан мирас болады. Екінші, тоғыз ай бала көтерсін. Үшінші, бала тапқанда өлімнің ащы дәмін татсын. Төртінші, әдеп мехнатын шексін. Бесінші, еркі ерлердің еркінде болсын. Алтыншы, ақылы кем болсын. Жетінші, мұра да кем болсын. Сегізінші, куәлік те кем болсын. Тоғызыншы, талақ қылу ерлердің қолында болсын. Оныншы, діні де кем болсын. Он бірінші, исламда мақұрым болсын. Он екінші, жұма жәмиғат намазынан мақұрым болсын. Он үшінші, пайғамбарлықтан мақұрым болсын. Он төртінші, патшалықтан мақұрым болсын. Он бесінші, соғыс қылудан қалсын және ұзақ сапар әйелге харам болсын».
Мұнан соң Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм Тауыстың айдарынан ұстап, жұмақтан шығарды. Тауыстың 600 қана-ты бар еді, періштелер бар қанатын сыпырып алып, екі қанат қалдырды. Аяқтары күнәға жүргені үшін кияфәтқа ұтылды.
Жыланның төрт түйе аяғы бар еді. Бүкіл денесі жасыл зүбәржаттан күндей жарқырап, шағылысып тұратын. Тістері інжу-көктен тізілген, құрсағы – қызыл гүл, тілі жұпар, басы – қызыл жақұт еді. Аузына шайтан кіргізгені үшін тіс түбінде у пайда болды. Алла тағала берген құдіреттің бәрінен жұрдай болып, жұмақтан шықты. Жыланға Хақтағаладан өмір келді. Онда, «Ей, Жылан! Сен күнәға себеп болдың. Сондықтан бұдан былайғы жейтін тамағың жер топырағы болсын!» – делінді.
Хақтағаладан хабар келіп: «Ей, Адам! Мен сені жер жүзінде тұратын Халифа болдырмақ үшін жараттым», – дегенде, Адам ғалайһи-уәссәләм Алла тағаланың мақсатын түсінді. Сол сағатта жұмақтан шықты.
Адам ғалайһи-уәссәләм: «Тәубәм қабыл болып, келешекте жұмаққа кірермін», – деп ойлағанда, Алла тағаладан хабар жетті.
«Ей, Адам! Сені топырақтан жаратып, иман мен ғалымдық беріп, бейнеңді барша мақұлықтардан көркем еттім. Періштелеріме көтертіп, саған сәжде қылдырдым. Шайтан сізге дұшпан сөзіне еріп, ағашқа жақын келмеңіз деп, жұмақтан шыққанда тіршілігіңіздің машақаты көп болар деп ескерттім. Бірақ сен сол әмірді ұмытып, бидайды не үшін жедің?» Сонда Хақтағаладан Адам ғалайһи-уәссәләм: «Ол үкімді қылған кім, ол қазаны кім жаратты?» – деп сұрайды. Алла тағаладан хабар келіп: «Ол үкімді мен жараттым. Айтылған аманатты неге орындамадың?» – деді. Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Сенің үкімін – менің тағдырым. Мені жарылқай гөр», – деді. Алла тағаладан: «Жарылқадым, сенен кейін балаларыңның да күнәларына кешірім қылып, маған сыйынса, оларды да жарылқадым. Мен сені жер жүзіне халифа болдырмақ үшін жараттым», – деген хабар жетті.
Адам ғалайһи-уәссәләм мен Хауа ана інжір ағашының жапырағымен денелерін жауып, жұмақтан шықты. Адам Үндістанға түсті. Ібіліс Басараға (Басра), жылан Асфаханаға (Исфахан), Тауыс Мінә тауына, Хауа ана Жүді (Джидда) тауына түсті. Баршасының халі жаман болды. Адам ғалайһи-уәссәләм түскен жерінде қайғырып көп жылады. Оның көз жасының ащы дәмінен жемістер пайда болды. Ал Хауа ананың көз жасы тамған жерде Ғұт ағашы, пайдалы өсімдіктер өсіп, ауруларға ем болды.
Ібіліс Адам ғалайһи-уәссәләмға дұшпандық жасап, тағы да құстарға қышқырып дауыс салып: «Сіздерге дұшпан Адам келіп, жер жүзіне түсті. Сондықтан сіздер де жиылып, оларға қарсы шығып, өлтіріңдер», – деді. Сонда Адам ғалайһи-уәссаләмнің басына Сыржа деген құс келіп қонып, Адам ғалайһи-уәссәләмға қастық жасады. Құс пен құрттың жиылып келуінен Адам ғалайһи-уәссәләм қорықты.
Алла тағаладан хабар келді: «Ей, Адам! Бұлардың біреуін шақырып, басын сипа!» Адам ғалайһи-уәссәләм екі құсты шақырып, басын сипады. Адам ғалайһи-уәссәләмға жылқы бойұсынып, сыйынып, басқа мақұлықтарды қуа бастады. Сол күннен бері жылқы малы Адам ұрпағына шапағатты болып, басқа жануарларға дұшпан болды. Хақтағаладан хабар келді: «Ей, Адам! Тәубаңның қабыл болуын тілесең, Меккеге бар». Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Меккеге барар едім, жолды білмеймін ғой», – дейді. Сонда Алла тағала қара қарғаны жол басшы етіп, соңынан Адам ғалайһи-уәссәләм ілеседі.
Пайғамбар ғалайһи-уәссәләм Адамға: «Алты түрлі жануарды өлтірмеңіз. Бірінші, қара қарғаны бағалаңыз. Адам ғалайһи-уәссәләмға жол көрсеткен еді. Екінші, құмырсқаны бағалаңыз. Сүлеймен ғалайһи-уәссәләмға насихат қылған еді. Үшінші, қарлығашты құрметтеңіз. Нұһ ғалайһи-уәссәләмның кемесін тышқан тесіп, сол тесікті жылан бітеп жатып, Нұһтан дүниедегі ең тәтті етті сұрайды. Шыбын: «Адам етінен басқа тәтті ет жоқ», – деп айтпақ болғанда, қарлығаш шыбынның тілін тістеп, жұлып алады. Яғни Адам балаларын жыланға ырыздық болудан құтқарып, ыждаһат қылғаны үшін. Төртінші, Әтәт құсы. Сүлейменге елші болғаны үшін. Бесінші, су бақасы. Намруд отына су сепкені үшін. Алтыншы, бал арасы. Балы адамға шипа болғаны үшін».
Хақтағала: «Ей, Адам» Періштелер ғарышқа тәуәп қылған, сен де соған тәуәп қыл. Дұғаңды қабыл алып, күнәңді кешіремін», – деген. Адам ғалайһи-уәссәләм ғибадатқа мақұл болып, тәуәп қылған. Хақтағала Адам ғалайһи-уәссәләмның жерге түскеннен кейін жүз жыл жылап, Хақтағаладан күнәсі үшін ұялып, үш жүз жыл көкке қарай алмады. Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Ей, Адам» Неге сонша жылайсың?» – деп сұрады. Адам ғалайһи-уәссәләм Жебірейіл ғалайһи-уәссәләмның даусын естіп, одан әрі жылап қайғырады. Көз жасының суынан кеме жүзетіндей болды. Адам мен Хауа қырық жыл су да, тамақ та ішпеді. Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм Хақтағала әмірімен келіп, Адамның хал-ахуалын сұрады. Адам түсі өзгеріп, аштықтың әсер еткенін көріп, Хақтағалаға жеткізеді. Хақтағала хазіреті екі жұп қой, екі жұп сиыр, екі жұп түйе жібереді. Олар көбейе бастаған кезде, бірін бауыздады. Қойдың жүнінен Хауа анаға көйлек жасады. Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм Хауа анаға жүн иіртті. Адам ғалайһи-уәссәләм киініп, ыстық пен суықтан құтылады. Енді аштық әсер етті. Адам ғалайһи-уәссәләм: «Неден тоярмын. Терімнің ішінде ұсақ құмырсқалар жүгіріп жүрген сияқты», – дегенде, Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм айтты: «Бұны қарын ашу дейді. Демек, сенің қарның ашқан. Оның дәруін, иншалла, мен айтармын», – деді де, Адам ғалайһи-уәссәләмнің жанынан ғайып болды.
Жұмақтан бірі – қызыл, екіншісі – қара екі өгіз келтірді. Қапшықпен үш бүртік бидай әкелді. Әр бидайдың ауырлығы жүз мың сегіз жүз дәрһам еді. Әр дәрһам бір мысқал болғанда бір бүртік бидайдың ауырлығы жиырма пұттан артық.
Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Екі бүртік бидайды өзің ек те, біреуін Хауаға бер, ол да ексін», – деді. Өгіздерді жер жыртуға жегіп, соқаға үйретті. Бұрын жұмақта мәшәқатсыз өмір сүрген өгіздер соқаға жалқауланып, көздерінен жас тамды. Адам өгіздердің арқасынан бір-екі мәрте соқты. Сонда өгіздер тілге келіп: «Бізді не үшін соқты?» – деді. Адам айтты: «Сөзімді тыңдамағаның үшін». Өгіз: «Сөз тыңдамағанды соғу керек пе?» – деді. Шарасыз өгіз: «Ей, Адам» Сөз тыңдамағанды соғу тиіс болса, сен бұдан әрі де азаптан арылмассың», – деді. Адам ғалайһи-уәссәләм бұл сөздің мағынасын түсініп, ұзақ жылады.
Өгіздер ашығып, жер жыртумен жүрді. Адамның еккен бидайы егін болып шығып. Хауаның егіні арпа болды.
Адам ғалайһи-уәссәләм: «Иә, Раббым! Менің егінім бидай болып, Хауа егіні неге арпа болды?» – деп сұрады. Хақтағала: «Хауа алғаш шайтан сөзіне азғаны себепті» – деді.
Адам ғалайһи-уәссәләм еккен бидайын тартып, ұнға айналдырғанда Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Ұнды қамыр етіп, пісір» – деді. «Әй, Адам! Саған Хақтағаланың өмірі бар. Күннің екі үлесі өтіп, бір үлесі қалды. Сен сабыр етіп, күн батқанша ораза ұстасаң, Хақтағала саған үш жақсылыққа уәде бермек. Біріншіден, саған разы болмақ. Екіншіден, күнәңді кешіріп, жарылқамақ. Үшіншіден, жұмақтан орын бұйыртпақ», – деп, Алла тағаланың әмірін естіртті.
Жебірейіл ғалайһи-уәссалам тағы: «Сен һәм барша балаларың қияметке барғанша Ораза ұстауға тиіссіңдер», – деді. Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм Адам ғалайһи-уәссәләмнің жейтін нанын рұқсат етіп, Хауа анаға тиесілі үлесін берді. Ердің әйелге әкелетін үлесі сол заманнан қалған.
Адам ғалайһи-уәссәләм тамақтан кейін, құрсағындағы тынышсыздықтың тыйылғанын сезді. Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм Адамның қолына күрек беріп: «Жерді қазып, су шығар», – деді. Адам ғалайһи-уәссәләм жерді қазып су шығарған соң, Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Су іш!» – деді. Адам ғалайһи-уәссәләм су ішкен сәтте құрсағындағы және бір тынышсыздық тыйылды.
Мұнан соң Адам ғалайһи-уәссәләмнан: «Бұл тыныштық қалай қойды?» дегенде, Жебірейіл ғалайһи-уәссәләм: «Мен білмеймін», – деді.
Хақтағала бір періште жіберіп, Адам ғалайһи-уәссәләмнің бұтын сипатты, сол кезде Адам ғ.с.-нан жел шықты. Адам ғ.с: «Бұл не?» – деді. Сонда Жебірейіл ғ.с: «Бұл күнәңнан», – деп жауап береді. Адам ғ.с. мұндай жаман иістің шыққанына қайғырып, жетпіс жыл жылады. Адам ғ.с.ның бойы көкке жететіндіктен, періштелердің тепсихтарын тыңдап, үнемі жылайтын еді. Періштелер адамның көп жылауына жаны ашып, Хақтағалаға зарлық етеді. Сонан кейін Жебірейіл ғ.с. Алла тағаланың әмірімен қолын Адамның басына қойды. Адам ғ.с. алпыс аршынға дейін қысқарды.
Жебірейіл ғ.с. Адамға қажының ғибадатын үйретті. Адам ғ.с. қажыны тәмәм қылып, Арафат тауына шықты. Хауа көп жылғы машақатты бастан өткізіп, Адам ғ.с-ді Арафат тауынан көреді. Бұл кезде Хауа мен Адам бірін-бірі танымай қалған еді. Жебірейіл ғ.с. Адамға Хауаны мағлұм етті. Неше жүз жылғы қайғы-қасірет шаттыққа ұласты. Екеуі бірге Мінәға келгенде, періштелер: «Ей, Адам! Енді не тілейсің?», – деп сұрағанда, Адам ғ.с. «Құдайдың рақыметін һәм жарылқауын тілеймін», – деді. Бұл жер сол үшін Мінә деп аталды.
Мінә Адам мен Хауаны қауыштырып, Алла тағала жарылқап, міннәт қылды. Адам ғ.с. Хақтағаланың рұқсатымен Мінәда Хауаны қойнына алды. Сол үшін Мінә аталды.
Адам ғ.с. Үндіден Меккеге жаяу қырық мәрте қажылық қылды. Хауа ананы шаттықпен Үндіге алып барып, сонда ғұмыр кешті. Адам ғ.с. Хауа анаға мүжәмғат етіп (қосылып) Хауа ана құрсақ көтерді.
Бір күні Ібіліс малғұн Хауа анаға келіп: «Құрсағыңда не бар екенін білемісің?» – деп сұрады. Хауа ана: «Білмеймін», – деді. Ібіліс: «Ол бір хайуан, яғни ит табасың. Ал оның қай жеріңнен шығарын білемісің?» – деді. Сонда Хауа ана Ібілісті танымай қатты қорқып, бұл сөзді Адам ғ.с.-ға айтты. Екеуі бұл сөзді естіп қайғыға түсті.
Тағы бір күн Ібіліс малғұн Хауа анаға келіп: «Мен өте жақсы, құрметті кісімін. Алла тағаланың қадірлісімін. Құрсағыңдағы нәрсенің аман шығуын көк иесінен тілеп, аман шыққаннан кейін менің есімімді қос. Мен дұға қыламын», – деді. Сонда Хауа ана: «Сенің атың кім?» – дейді. Ібіліс: «Харыс – деп жауап беріп, Сен туғаннан кейін бұның атын Ғабділ-Харыс деп қой», – дейді.
Хауа ана бұл сөзді қабыл көріп, босанғанда баланың атын Ғабділ-Харыс деп қойды. Сол сағатта Хақтағала бұл есімді қош көрмеді. Оның есімі Ғабдолла болмақ еді. Олай болмай, Ғабділ-Харыс аталып, Алла тағала шайтанға лағнет айтты.
Хауа ананың неше құрсақ көтергенін ғұламалар әр түрлі болжаммен айтқан. Бірі жиырма құрсақ десе, екінші бірі қырық құрсақ, жетпіс құрсақ көтерген дейді. Әр құрсақтан егіз бала туып, бірі – ұл, бірі – қыз болған деседі.
Қабыл нәсілі отыз жеті мың, Әбіл нәсілі қырық жеті мың болған.
Аударған Роза Мұқанова, жазушы, драматург.